СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Көркемдікті көздеген көреген көз
(Қ.Жұбановтың әдебиет, өнер саласындағы еңбектері жайында)
1. Қ.Жұбановтың«Абай – қазақ әдебиетінің классигі»атты мақаласы
хақында
Профессор Қ.Жұбановты зиялы қауым болсын, жалпы көпшілік болсын
негізінен тіл білімінің негізін қалаушы лингвист ғалымдардың бірі ретінде
танитындығы ақиқат. Алайда тілдің деңгейлік салаларын бір-бірінен жеке-
бөлек алып қарастырып қана қоймай, оларды тұтастық ретінде зерделеген
білімпаз тілмен бірген ұлттың негізгі белгілері болып табылатын әдебиет,
мәдениет, өнер салаларында да алғашқылардың бірі болып қалам тартқан.
Мысалы, өткен ғасырдың 30-жылдарында Абай шығармашылығын әр алуан
талқыға салып, оны байшыл, кертартпа ақын, феодализм жаршысы деп
сілікпелеп жатқан заманда «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы 11-
12 нөмірлерінде Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген
мақаласы жарияланады. Бұл сол замандағы саяси жағдайда үлкен батылдық
болатын әрі қазақ әдебиетіндегі абайтанудың бастауы ретінде мойындалады.
Бұл еңбек толық аяқталмаса да, абайтану саласындағы ерекше туынды
деп бағалауға әбден лайық. «Абай жолы» романымен әлемге танылған
Мұхтар Әуезовтің өзі: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше
шебер жазатын адам еді», – дейді де: «Оның 1934 жылы Абай қайтыс
болғанына 30 жыл толуына арналған мерекеде жасалған баяндамасы (кейін
мақала түрінде жарияланған) – қазақ филологиясының, әдебиеттану
ғылымының алтын қорына қосылатын бағалы еңбек. Абайдың өлең
құрылысындағы ерекшеліктерді, автордың новаторлығын және халық тілін
пайдаланудағы шеберлігін алғаш көрсетушілердің бірі де осы Құдайберген
болды», – (2, 359) деген салмақты пікірін уәж ретінде ұсынады.
227
Мақаланың жазылу тарихы туралы жазушы-драматург Шахмет
Құсайынов кезінде мынадай естелік айтқан: «Мен ол кезде «Әдебиет
майданы» журналының жауапты хатшысы болатынмын. 1934 жылы
Құдайберген ағаға Абайдың қайтыс болуының 30 жылдығына орай мақала
жазуға тапсырыс бердік. Әне-міне дегенше уақыт өте берді, ал мақала болса
әлі жоқ. Күте-күте, тіпті журналдың соңғы екі санын біріктіруге тура келді.
Содан соң редактор маған: «Бар да, мақаланы біткенінше алып кел», – деді.
Мен келгенде Құдекең 30 беттен аса парақты жазып тастапты. Бірақ, әзір
бітіретін түрі көрінбейді, әлі сілтеп отыр. Мен жағдайдың тығыздығынайтып,
қолжазбаның біткен жерін сұрап алдым да, соңына «аяғы бар», – деп белгі
соғып, ағамыздың «анау-мынау», – деп айтуына келтірмей, зытып отырдым.
Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген атақты мақала осылай жарық
көрді».
Бұл еңбек Абай жайындағы бұрынғы-соңғы пайымдауларды түбегейлі
қорыта келіп, оның қоғамдағы орны мен әдеби тілімізді жасаудағы атқарған
рөлін дәл көрсетіп бергендігімен, тақырыбы етіп ұсынған «Абай – классик»
деген тезисін жан-жақты дәлелдегенімен құнды.
Абайтануға сүбелі үлес қосқан Мекемтас Мырзахметовке сүйенсек: «...
ақын мұрасы жөнінде қалам тербеп, пікір білдірген қаламгерлердің жалпы
саны мыңнан асып, Абайтану саласында жазылған ірілі-ұсақты еңбектер
саны төрт мыңға жетеді» (104).
Қойшығара Салғараұлы ақын мұрасын зерттеушілерді үш топқа бөледі.
«Біріншісі – Абайды өз жұртына дұрыс түсіндіріп, таныстыруға бағытталған
насихаттық мақсаттағы мақалалар. Екіншісі – Кеңес өкіметінің алғашқы
жылдарындағы, сол кезең рухына сай, Абайдың қай таптың ақыны екені
жөніндегі айтыстан туған дүниелер. Үшіншісі – Абайды танып білуге
бағытталған зерттеушілер, ғылыми негіздегі талдауға құрылған мақалалар».
Зерттеушінің бұл пікірімен әбден келісуге болады. Біздің айтпағымыз –
Құдайберген Жұбановтың аталмыш туындысы үш топқа да қойылатын
талаптың үдесінен шығады. Абайтануда үзілді-кесілді «классик» деген атау
берген, әрі насихаттық сипаты басым, әрі «байшыл» деген айдардан
арашалап алуғасөздің небір сүлейін жұмсаған, сондай-ақ ғылыми жағынан
мұхиттай терең жазылған бұл еңбекті Абайтанудың қарлығашы деп
бағалаған лайық.
Сондықтан да болар, сыншы Сағат Әшімбаев «Шындыққа
сүйіспеншілік» кітабында: «... Абай тағылымына тағзым етуді өзінің
азаматтық борышына санауға тиіс санаткерлердің қай-қайсысы да бұл
мақаланы айналып өтуі мүмкін емес дер едік», – деп ерекше
сүйіспеншілікпен жазады.
Аталмыш еңбегін Құдайберген Қуанұлы былай бастайды: «Қазақ
әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай
ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып
тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол
өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың
228
әдебиеттегі үздіктігі». Бұл баға Абайды кім деп, Абай шығармашылығын
қалай деп тану үшін қазақ қоғамында, үлкен толқу туған кезде, жаңа қоғам өз
байлықтарын қалай бағалаудың әлі белгілі бір жүйесін қалыптастыра
қоймаған, сол үшін пікір күресі жүріп жатқан кезде жазылған. Тарихи
жауапты кездерде ғылыми талдау ғылымикөрегендікпен ұштасуы қажет
болады, сонда ғана ұлттық мүдде өзінің қолдауын табады, әділ бағасын
алады. Өткір ойлы ғалым Абай мен Абай өскен ортаны, Абай поэзиясын
бүкіл батыс пен шығыс тарихында белгілі ойшылдармен салыстыра келіп,
«Абай – жағдайының жағдайсыздығы тудырған, басып тұрған қараңғылық
ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсықта
келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам», – деп бағалайды.
Ғалымның Абай поэзиясының лирикалық сипатын талдауына
таңданбасқа шараңыз жоқ. Қараңыз: «...Абайда шағатайдың іші болып,
сырты болмауы немесе сырты болып тұрып, іші болмауы мүмкін емес.
Ондай диссонансты Абай гармониясы көтермейді». Кейінгі зерттеушілердің
көбі қазіргі әдебиеттің өзінде мұндай талдаудың сирек кездесетінін
мойындайды. Талдауларына тәнті бола отырып, Қ.Жұбановтың Орта Азия,
Шығыс халықтарының әлемге әйгілі ақын, жазушыларының туындыларынан
хабарының мол болғанын аңғарамыз. Олардың тіл ұстартудағы тақылетін
түбегейлі талдай келе, аталмыш ақындардың бірде-бірінің сол замандағы
шағатай әдебиеті мен әдеби тілінің ықпалынан құтыла алмағанын ашып
айтады. «Абайды көрші елдердегі замандастары, бастастарымен
салыстырғанда, мырза Фаталиден басқа ешкім де шендесе алмай шығады, –
деп жазады Құдайберген Қуанұлы, – Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін,
ақындық күшін алғанда Абай бәрінен де озып шығады. Өйткені, ол кезде
таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен
шығарған ол елдерде адам болған жоқ». Қ.Жұбанов әзірбайжан әдебиетінің
классигі Мырза Фатали Ахундовтың шығыс мәдениеті мен ескі халық
надандығының әр түріне де қарсы күш жұмсағанын, артына өлмес мұралар
қалдырғанын көрсете келіп, оның әзірбайжан тілінде аса көп жазбағанын
ескертеді. Ал, Абай болса, шағатай әдебиеті әсерінен де, шағатай әдеби тілі
дәстүрінен де арылып, өз шығармаларын сап күмістей таза халықтың әдеби
тілінде жазғанын, ал жазғандарын классикалық әдебиет деңгейіне жеткізе
білгенін баса айтады. Шағатай әдебиетіндегі мистицизм, диуаналық лирика
Абайда атымен жоқ екенін саралаған Қ.Жұбанов оның Науаиден де ерекше
тұратынын таниды.
Ғалым Абайдың шағатай дәуірінде жазылған елеулі өлеңдерін талдай
келе, оның «бір аяғы шағатайда тұрса да, бір аяғы шетке аттауға таянған
кезі» екенін дәл байқайды. Шынында әуелгі жастық жалын сарынында
жазылған екі-үш өлеңінде ғана шағатай әдебиетінің ықпалын танығандай
боламыз. Ал бұдан кейінгі өлеңдерінің бәрі де – Қ.Жұбановтың
дәлелдеуіндей, асқан шеберлікпен шеңдесіп жататын дүниелер.
Осы орайда Қ.Жұбановтың шағатай әдебиетінің дәстүрлі мазмұны мен
түрін бақайшағына дейін шаға талдап, Абайдың одан ерекшелігін жеріне
229
жеткізе дәлелдейді: «1) шағатай әдебиетінің негізгі бағыты – мистицизм;
Абайда бұл жоқ; 2)шағатай әдебиеті тілі араб-парсымен шұбарланған
шұбар тіл; Абайда бұл – машықтау үшін болмаса, ұшырамайды. 3) шағатай
әдебиетінде өлең өлшеуі – араб-парсының ғаруз өлшеуі; Абай мұны ерте
тастаған. 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузын
сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып ала
жүрген болар еді. Абайдың қылуасында олармен әдеби оты ерелі жанатын
халық жоқ. Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын емес,
белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып одан шығып, тастап
кеткен ақын».
Қазақтың жаңа жазба әдеби тілін жақсартудағы Абайдың тірек еткені –
халықтың сан ғасырлар бойындағы сұрыптап, жетілдіріп келе жатқан халық
тілі екенін Қ.Жұбанов дөп таниды. Ол ұлы ақынның әдебиет тіліндегі халық
үлгісінің басы артық нәрселерден арылтумен бірге қисынсыз араб-парсы
сөздерін аластап, қазақ тілінің бар байлығын сұрыптап, әдеби тіліміздің
іргесін қалаудағы ерен еңбегін айтады. Профессор кезінде ескерілмей жүрген
тағы бір ерекшелікті еске алады. Ол – Абайдың аударма арқылы көркем
аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін
жасауы.
Қ.Жұбанов
Өзбекстан,
Түркіменстан,
Тәжікстан,
Қырғызстан,
Қарақалпақ елдерінің әдебиетіне үңіле келіп, «ХІХ ғасыр бойына аталған
елдерде Абай шыққан биікке көтерілген ақын-жазушы болған жоқ», – дейді.
Ғалымның күншығыс ақындарынан алдымен ауызға алатыны – түрікменнің
Мақтымкүлиі. Оның өзгелерге қарағанда, «аз да болса, халық әдебиетінің
үлгісіне жуыса жүргендігін» атайды. Бұл ретте ғалымның мына түйіндеуіне
назар аударуға тура келеді: «...тозған мұсылман күншығысының мәдени
қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып,
әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде
жеріне қарай жетелеген ақын-жазушы ол кезде, Орта Азия былай тұрсын,
Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел – Түркияда да кем болған». Әрі
қарай ғалым Абайдың қазақтың өлең үлгілерін жаңартып, әдеби тілді
жетілдірудегі рөлін башқұрттың Шайқызада Бабичінен, татардың Маржаниі
мен Насириінен жоғары бағалайды. Осының өзінен-ақ профессордың
эрудициясының қаншалықты тереңге сілтейтіні байқалады. Тіпті неміс
прозасының негізін қалаған. М.Лютердің «Жаңа өсиетті» аударғанын тілге
сіңірген еңбек ретінде бағалаған Энгельс шығармаларын шола отырып,
Абайдың аударғаны Құран емес, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Гете, Крылов
туындылары екенін, оның «бейнелі ақын ол кезде қазақты ғана емес, көрші
елдерде де болып жарымағанын» тәптіштейді. «Қан сонарда бүркітші
шығады аңға» жазылғанда татардың жаңашыл ақыны Абдолла Тоқайдың әлі
дүниеге келмегенін де еске ала кетеді.
Ол Абайды «жағдайының жағдайсыздығы тудырған» жан ретінде танып,
оны өз ортасының Дантесі деп бағалайды. Сөйте тұра, Дантенің ескінің соңы,
жаңаның алды екенін, ал «Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар; ол
230
– соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты» деп біледі.
«Еленбеген ерекшелік» дегенде Қ.Жұбанов осыларға мән беруді көздеген
тәрізді.
Абайдың
ақындығын
философиялық
тұрғыдан
пайымдаған
Құдайберген Қуанұлының пікірлері сонылығымен баурап алды. Мәселен, ол
былайша толғанады: «Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны
шалағайлыққа жібермеген. Абай – ойшыл ақын. Сондықтан да Абай өлеңінің
мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады».
Абайдың ақындығын кең спектрде қарастырғандығына мына пікір дәлел бола
алады: «Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің
өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі – бәрі бірге қосылып та,
жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері
бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сиярлық
қана болып қоймайды; бірі олай, бірі бұлай да кетпейді; солардың
әрқайсысы, үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты,
өздері бір-бір күй болып тұрады».
Қ.Жұбановтың Абайдың шығармашылық өнерін терең түсінгендігі
соншама, әрбір өлең табиғатын нағыз ақындарша талдап беретініне сүйсініп
отырасыз. «Берілген көңілдің шабытына, көтеріңкі, бәсеңдігіне қарай,
түрленіп, грамматикалық формалары бірде есім, бірде етістік болса, өлең
өлшеуі, ырғағы бірде шұбалаң, бірде жүрдек болып келеді. Сөйтіп, Абай
өлеңінің мазмұны өзіне лайық түрге орана келсе, түрі де бойына шақ
мазмұнын жамылып келеді. Түр мен мазмұны тек жарасып отырмайды,
«бір-біріне ауысып, бірінен біріне құйылып отырады», – деген тұжырымға
қапысыз сенесіз.
Проф. Қ.Жұбанов Абайдың өсу, қалыптасу жолын қадағалай қаузап,
саралай келеді де, қазақ өлеңдерін артық-ауыс дүниелерден, жұртты
жалықтырар арзан ақиқаттан арылтқанын дәлелдейді.
13 жасында Науаи, Сағди, Фердоусиге елеңдеген Абай біртіндеп Хафиз,
Сағдиларды сүзіп өтіп, Байрон мен Гетеге құлаш ұрады, сосын Нысанбай,
Бұхарларды игеріп, Пушкинмен, Лермонтовпен сырласады. Міне – Жұбанов
таныған Абайдың өсу, машықтану жолы. Бұл – Абайдың «қазақтың өзге
жұрттан сөзі ұзын» екенін таныған тұсы. Ақын жүректі лингвист Абай
өлеңдерінің астарлы ой арқалап, терең тебіреніске бөлейтін сипатын ерекше
зердемен танып, оның тіл қолданыстағы қабілет қарымын талдайды.
«Өткен өмір арбасының дөңгелегімен қоса айналып дөңгеленген ескі
тозған сөз үлгісін тастап, Абай «тіл ұстартып, өнер шашпақ» болады.
Басы артық бір сөз де өлең ішінде тұрмауын, өлеңнің «теп-тегіс жұмыр
келсін айналасы» деген шарттарды қояды Абай. Осындай қатаң шарт, ауыр
сынның арқасында Абайдың сөздері, Ілияс айтқандай, «қиюынан қыл
өтпейтін» нағыз болып, мағынаға салынып келеді. Сондықтан оны ағызып
оқып, сыдыртып өте шықсаң, ішкі мәніне жетпей қаламын деп кідіріп,
салмақты, ақынның кестелеген айшықтары, қошқар мүйіздерімен оралып
өтуге тура келеді. Абай айтар сөзінің бәрін айтып, орнын тақырлап
231
кетпейді, оқушыға да шығарғыштық сыбаға қалдырып кетеді». Шынында
да, «Абайдың өлеңге қойған осы шарттары – күні бүгінге шейін құнын
жоғалтпаған артықшылықтарының бірі». Абай өлеңдерін осылайша
тереңнен толғап, тебірене талдау үшін де адамға ақындық қасиет, тілдік
түйсік керек екенін аңғарамыз. Қ.Жұбановтың сол аласапыран, алақұйын
кереғар пікір өрбітіп, Абайды сан тартысқа салып жатқан заманда тиянақты
да табанды дәлел дәйектемелермен «әдебиеттегі артық жүктерден
тазартқанын» саралағаны – көрегендік.
Қ.Жұбанов өз зерттеуінде Абай туындыларына тірек болған қайнар көзін
іздейді. Қайнар көзі халық әдебиетінде екенін көреді. Бұл – Құдайберген
Жұбанов енгізген терминдік қолданыс. Бұл жерде сыншы Сағат
Әшімбаевтың айтқанына алып-қосарымыз жоқ. «Ауыз әдебиетінің» орнына
«халық әдебиеті» деп қолдансақ та, артық болмас еді. Құдайберген
Жұбановтың: «Халық әдебиеті – халықпен құрдас, бірге жасасып келе
жатқан кәрі нәрсе... Жаңа шығармасы сол ескі тамырға көктеп еседі...
Қазақтың халық әдебиеті де сахна әдебиеті болатын, көпшіліктің
тындауына бейімделген шығарма болатын», – дегені әбден егжей-тегжейлі
зерттеп барып айтылған сөз екендігіне дау жоқ. Ол халық әдебиетіндегі басы
артық, қыстырма сөздердің үш түрлі пайдасын тізбелейді: 1) тыңдаушыға
демалыс болады; 2) миға гимнастика болады; 3) негізгі тақырыпты жақсы,
жанды түрде түсінуге себеп болады.
Осындай қисындармен Абай әлеміне тереңдей келе, профессор оның
қазақтың жазба әдебиетінің атасы екенін қапысыз дәлелдеуге кіріседі. Тағы
да өзіне жүгінбеске лажымыз жоқ. «Абай біздің жазба әдебиетіміздің атасы
болғанда, өлеңнің, қара сөздердің тек қағазға жазғандығымен ғана емес,
жазба әдебиет пен ауыз әдебиетінің оcы айырмашылығын ашқандығымен
атасы болады. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше
мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңісіп болған ескі ауыз әдебиет
дағдысынан құтқарған адам – Абай. Ескі ауыз әдебиетіндегі артық
қыстырмалардан алғаш тазартқан – Абай. Абай ескінің шұбалаң
қыстырмасын икемді бейнеге (образға) айналдырды». Ол Абай өлеңдерінің
үнемі суретті, бейнелі келетінін, мағына мен көркемдік талабының
қисындасып жататынын анықтайды. Мұндай шеберлікке Абайдың ең
алдымен қазақтың өзіне ежелден мағлұм суреттерді сөйлету арқылы
жететінін пайымдайды. Керекке қазақтың ертегісін де, мақалын да, дінін де,
салт-дәстүрін де жарататынын көреді. Осының бәріне жан бітіреді, сөйлетеді,
қозғалысқа айналатынын баяндайды.
Кезінде профессор Қ.Жұбановтың осы зерттеуіне сыншы М.Қаратаевтың
берген мынадай бағасы бар екен. «Абайды өз заманындағы түркі тілдес
әдебиет өкілдерінің маңдай алды болды деген тезисті жанын сала дәлелдеген
жас профессор критерий етіп қазақ ақынының орыс әдебиеті туғызған озат
үлгілерді жіті де зерделі игергендігін алға тартады, қазақтың таза әдеби тілін
жасағандығын уәж етеді. Мұның өзі кезінде данышпан Абайдың
жаңашылдығын терең түсінген нағыз жаңашыл, ақиқат ғылыми көзқарас
232
болып табылады. Мұндай көзқарас тек Абайтану жөнінде ғана емес,
әдебиеттану ғылымының алдында тұрған дәстүр және жаңашылдық дейтін
проблеманың кілтін ашты» (105).
Абайдың образ қолданудағы өзгешелігі туралы алғаш таратып айтқан
да Құдайберген Қуанұлы: «... әуелі – анық таныс бейне алады; екінші –
образы ескі өлі қалыбында қалмай, жанданып кетеді, өйткені, үшінші, – ескі
образды өсіріп, жаңартып, жалғап әкетеді. Оның ескі, таныс образ алуы
тек таныс жағымен тартып, жуықтатып алып, келгеннен кейін басқа
жаққа бұрып жіберейін деген сияқты».
Ғалым ақын тіліне, сөзіне әсер етер қоғамдық, жеке психологиялық,
халықтық, этнотанымдық себептерге нақты лингвистикалық, әдеби
талдаулармен үңілді. Ақын тұлғасының қалыптасуына әсер еткен, оның
жадында сақталған халықтық қордың танымдық маңызы мен білім арқылы
жиналған тәжірибесін салыстырылу негізінде автор оның жеке тұлғалық
болмысын, психологиялық әлемін сомдауға тырысты (106, 32-34).
Құдайберген Жұбанов көзқарасының ғажап кеңдігін, ой-пікірінің
керемет құндылығын мынадан аңғаруға болады: «Ойдағы сыншылдық,
жалпы бағыттағы жаңашылдықты істе көрсете алу, онда да әдеби
формада – ырғақпен ұйқасымда, бейнемен сөздікте көрсете алу – бұл ол
сыншылдықтың тамыры терең бойлап кеткенінен келеді. Абайдың тұла
бойын түгел алып кеткен осындай өз ортасына наразылық бар. Абай сол
заманды, сол ортаны соя сынаған адам. Абайдың әдебиеттегі
сыншылдығының түп тамыры осында жатыр. Сондықтан Абайдың заманы
деген не еді? Абай оның несін сынайды! – соны қарайық».
Құдайберген Қуанұлы Абайды ескі мәдениет мұрасын дұрыс пайдалана
білген ақын ретінде көрсете отырып, оның тындырған нақты істерін былайша
санамалап көрсетеді:
1. Абай шағатай әдебиетінің үлгісімен өлең жазып та көрген, бірақ
ішінде қалмай, сыртына шығып, соны жол іздеген.
2. Абай қазақтың халық әдебиетінің айдын жолымен жүріп кетуге
шамасы келе тұра, оны өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке
шыққан.
3. Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдапұстап, қазақ
әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен
батысқа жетелеген.
4. Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің
мазмұндылығы, көркемдігі, бояуы өзгеру керек деп табады. Бұл үшін:
а) өлеңдегі «басы артық» сөздерді шығарып, өлең сөзінің мәнділігін
арттырады;
б) көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне
құрастырады, бұрынғы мақал, мәтел, халықсенімі секілділердің қатып,
құрысып қалған суреттерін қанды жүрдек кейіпке айналдырады;
в) қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер, жаңа
ұйқасымдар, жаңа ритмдер туғызады;
233
г) әдебиет тіліндегі шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін
де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол
ашып, жазба әдебиет тіліміздің іргесін қалайды;
д) көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан аударып,
әдеби аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың
үлгісін іспен береді;
ж) мақалдардың жарамсызы көп екенін ашып көрсетіп, өзі де бірнеше
мақал шығарады;
з) қазақ музыкасына да жаңалық өндірудің талабыністейді.
Қ.Жұбанов ұлы ақынның шығармашылығын мұқият зерделей келе,
ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қазақ әдебиетінің көші «Абайдың арқасында
Европаның классикалық әдебиетінің қалыбына түседі» деген танымға
негізделген ой қорытындысына келеді.
Ақын Мұзафар Әлімбаевтың аталмыш еңбек жөніндегі пікіріне қайта
айналып соқсақ, ол былай деп толғанады: «Көреген көздің көркемдікті айна-
қатесіз тануы, сонау отызыншы жылдар басындағы ой-толғаныстар осы
бүгін, қазір жазылғандай».
Ғалым М.Мырзахметов ғалымның аталмыш мақаласын зерттей
отырып: «Қ.Жұбановтың ұлы ақын мұрасын терең сезініп танудан туған
кейбір ой тұжырымдары дәл бүгінге дейін айтарлықтай ғылымдық мәнге ие,
тіпті абайтану саласындағы болашақта жүргізіле берер, іздену жұмыстарына
бағыт-бағдар берер, зерттеу нысаны ретінде ұстанар өзекті ойларға да
ұласады», – (104) деген пікір келтіреді.
Расында да, Қ.Жұбанов пікірлерінің батылдығы мен байсалдылығы,
тереңдігі мен ірілігі таң қалдырады. Және де өз замандастарының арасынан
Абайды жете түсініп, жете зерттеп барып қорытқан «Абай – классик ақын»
деген сөзіне сөзсіз сенесіз. Бір өкініштісі бұл мақаланың бітпей қалғандығы.
Тек жалғасы бар деген сөз ғана сыбағамызда...
Достарыңызбен бөлісу: |