көк
сөзімен
байланыстырылуы
түркілердің
мифтік
танымына
сай
антрополингвистикалық негізде анықталғанын көреміз.
Үшіншіден, проф. Қ.Жұбановтың зерттеулеріндегі күй ұғымының
кешенді сипатын көрсететін оның әлеуметтік қызметі: діни, дәрігерлік
метеорология, астрономия, аңшылық т.б. салаларындағы қолданысы. Осы
қызметті іске асырушы адамдар мен музыкалық құралдарды талдаулары да
этномәдени контексте құрылған. Мысалы, бақсы, қобыз, сыбызғы т.б.
атаулардың мәні тек музыка құралы емес, ерекше магиялық, киелі, космос
ретінде, яғни мәдениетаралық коммуникацияның нәтижесі емес, этнос
болмысымен біте қайнасып, табиғи қалыптасқан төл мәдениет түрі деп
анықталған.
Осы арада проф. Қ.Жұбановтың «жыр-толғаулар, эпостар әңгімелеп,
күйлеп (қою жазумен берген – Ж.Манкеева) айтылған болу керек» (8, 286)
деген пікіріне сүйеніп, негізінен ауызша тараған қазақ әдеби мұралардың
сақталуының бір құралы, формасы ретінде де күй өнерінің қызметін
бағалауға болар. Осы шағын мақалада ғалым ұлт мәдениетін танытатын кең
де, терең арна ретінде күй өнерін көрсетіп, оны әрі қарай зерттеуді
болашаққа аманат еткен. Проф. Қ.Жұбановтың осы ой-арманын белгілі
ғалым, этнограф, мәдениеттанушы А.Сейдімбек өзінің «Күй-шежіре»
монографиясында және басқа да зерттеулерінде жалғастырып, күйлердің
шығу негізін аңыз-әңгімелерімен сабақтастырып, қазақ халқының мәдени-
рухани әлеміндегі төлтума бітімі, дара да ерекше құбылыс ретінде дәлелдеді
(107).
Профессор Қ.Жұбановтың тіл туралы еңбектерін оқи отырып, қандай
да бір тілдік құбылысқа арналған зерттеулерінде тіл деңгейлерінің мәселелері
«қабаттасып» жататындығын аңғарсақ, күй өнеріне арналған мақаласының
өзінде де музыка аспаптарының аттарын – домбыра, қобыз, сыбызғы –
тарихи-лингвистикалық әрі этимологиялық тұрғыдан талдауы ғалымның ой-
өрісінің, таным-білімінің тереңдігін, көптеген тілдерді меңгергендігін анық
көрсетеді. Ол атауларды туыстас түркі тілдері материалдарымен салыстырып
қана қоймай, туысы бөлек тілдер материалдарымен типологиялық тұрғыдан
салғастыра зерттеуі ғалымның терең білімге иелігін аңғартады.
«Домбыра» сөзін талдау барысында: «Оны кейбіреулердің араптың
«тамбур» дегенінен алынған дейді. Араптар өзінің «тамбур» деген сөзін
244
парсыдан келген деп есеп қылады. Парсы жұрты бұл сөзді ежелгі үнді
жұртынан алынды деп есептейді. Ежелгі үнді тілінде ондай сөз
болмағандықтан, тіл мамандары мұны парсыдан алынған дейді. Парсы
тілінде де мұндай сөз жоқ. Мұны парсыдан алынды деп ойлайтыны парсыда
«дәнбә» деген сөз бар. Бұл – «құйрық» деген сөз. «Бәрә» деген – «қозы» деген
сөз. Сол екеуі қосылып, «дәнбабаре» деген болуы керек. Бұл «қозы құйрық»
деген сөз болу керек. Домбыраның шанағы (түбі) қозының құйрығына ұқсас
болғандықтан, осылай аталды деп есептеледі» (8, 282). Ғалым бұл
түсіндірмені құптамай, оны халықтық этимологияға тән деп қарайды.
Автор: «Біздің қарауымызша, орыстың «домбырасы», қазақтың
домбырасы», араптың «тамбуры», бенгал елінің «тамыры», гректің
«тамирі» – бәрі бір нәрсе. Мұның бәрі де – ерте кезде музыканың иесі,
мұрасы болған бір ұғымның аты. Сол «тамыр», «дамыр» сөзінен, бір
жағынан, «тәмир», екінші жағынан, «йамыз» сөздері бошақтап шыққан
болуы керек. Сонымен «домбыра» сөзі бір елден ауып келген сөз емес. Бұл
инструмент те бір елден ауып, жылысып келген емес. Еуразия елдерінің
бәріне де тегіс тараған, соның бәрінде де музыка иесі болып саналған, бір
тотемнің аты болуы керек», – деген аталы пікірге тоқтайды. Қобыз туралы:
«Қобыз атауы татарда, башқұртта «қобыз» аталады. Олардың «қобыз»
дейтіні – темірден жасаған, атқамыт сияқты бір жағын ауызға салып
қойып, үнін аузымен ретке келтіріп отыратын бір нәрсені атайды.
Қырғыздарда «қомус» деп біздің домбыра тәрізді, бұдан айырмашылығы
тек пернесі жоқ бір инструментті атайды. Қобыз деген инструмент
украина елінде бар. Олар мұны «кобза» дейді. Оны ескі оқымыстылар
Күншығыстан келген, түрік, монғол елінен үйреніп алған деп есептейді. Бұл
пікірдің қате екенін көреміз. «Қобыз» сөзінің «қ» дыбысы түсіп қалғанда «о»
ның орнына «а» дыбысын қолданғанда «абыз» болады. Қазақта ескі кездегі
амандарды «абыз» деп атаған «а» дыбыс «и» дыбысына айналған уақытта
«иомыз» болар еді. Шуаш тілінде бақсы, сиқыршы ертеде «иомыз» деп
аталды. Академик Марр бұл сөзді ескі гректің легендарлы ақыны Гомер
сөзінің бір тарауы деп біледі. Музыка – дыбыс өнері. Ол дыбысты ерте
кезде алдымен осылай еңбек магиі ретінде қолданылғандықтан, бүкіл
дыбысқа байланысты ұғымдар, бері келе сөзге, тілге байланысты ұғымдар,
сол магиялы еңбек деген ұғыммен байланысып жатады», – деп түйіндейді
автор (8, 281). Ғалым осы атаулармен қатар күй, сыбызғы, жыр, ән сияқты
музыкалық терминдерді де талдап, мән-мағынасын айқындаған.
Ғалым «сыбызғы» атауының негізгі түбірі болатын «сыбыз» сөзі ұяң
дыбысқа аяқталып тұрғанын, мұндағы ұяң «з» дыбысын қатаң «с» дыбысына
айналдырғанда, «сыбыс» деген сөз болатынын, ал «сыбыс» қазақ тілінде
дыбыс деген ұғымдағы сөз дей отырып, сыбызғы атты инструменттің
қамыстан, қурайдан жасалу себебі қамыс та алғашқы кезде осы сөзбен
аталған дегенді айтады.
Ертеде қазақ өмірінде «қамыс» деген сөздің екінші аты – сыбыс
болғанын, бірақ көп жерде бұл сөздің ұмыт болып, сақталмағанын ескерте
245
отырып, «сыбыз» деген сөздің, біріншіден, дыбыс, екіншіден, сол дыбысты
шығаратын құралдың аты, үшіншіден, сол құрал болатын заттың аты о баста
«қамыс» болған деп топшылайды ғалым.
«Қамыс» сөзіндегі «а» дыбысын «о» дыбысына айналдырсақ,
қырғызша «қомыс», біздің «қобыз» болып шығады деген ой тұспалы өте
ұтымды да шындыққа бейім айтылған.
«Тіліміздегі «күй» деп аталатын сөздің шағатай, ұйғыр тілдерінде,
анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «й»
дыбысының бірқатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түрікпен,
әзірбайжан, анатоль тілдерінде «к» «г»-ге айналады. Қазақша бай-ла-мақ
деген сөз оларша: бағламақ болады. Қазақша «тимек» деген сөз оларша
«текмек» болады. Сондықтан «күй» деген сөз оларша «көк» болуы – табиғи
нәрсе. Махмуд Қашғаридың «Дивани Луғат» деген ХІ ғасырдан қалған
кітабында «ол көкләнәр» деген сөз «ол ән салып тұр» деп берілген. Соған
қарағанда, қазақтың «күй» деген сөзі ол кезде «көк» түрінде болып, ән-күй
мағынасында қолданылғандығы көрінеді», – деген ғалым пікірі шындыққа
тән деп бағалаймыз.
Профессор «бақсы» сөзіне қатысты «Стамбол университетiнiң әдебиет-
тарих профессоры Гюперли-заденің бұл сөз «әуелде бақсы формасында едi,
берi келе, араб, иран, ұйғырларда «әншi» түрiне айналып кеттi» деген пікірін,
Париждағы ұйғыр-қытай сөздiгiндегі «оқытушымақ», Паве де Куртейль
сөздiгiндегі «парысша бiлмейтiн соттың песiрi» деген аудармаларын
келтіреді, түрiк жазушысы Сүлеймен Әпендi сөздiгiнде бұл сөзді Вамбери
«әншi, ақын, музыкант, бақсы», ал Березин «Хан жарлықтары» деген
кiтабында «бақсы» сөзiнiң түрлi заманда, түрлi орында, түрлi мағынада,
ноғайлыларда «музыкант», «көркемөнершi», Қырым хандығында «хатшы»
мағынасында қолданылғанын, осы күнгi түрiкпендерде де музыкантты
«бақшы» дейтінін айтады. Автор қазақтағы «ауруды бағу» дегендегi «бақ»
түбiрi, осы «бақсы» сөзiмен түбiрлес болуы керек» деген уәж келтіреді.
Проф. Қ.Жұбанов қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы
жайындағы очеркті жазу барысында яфеттік үйірме мүшелері болып
табылатын көптеген ғалымдардың зерттеулеріне негіз болған мынадай
қағидаларға сүйенеді: а) тілдік фактілерді қоғам тарихымен және тіл
субъектілерімен тікелей байланыста қарастыру; ә) белгілі мәдениеттерді
бірін-бірінен жоғары қою не төмен санаудан бас тарту (үндіеуропалық
танымға қайшы); б) тілдерді кең ауқымда салыстырып-салғастыра қарастыру.
Сондықтан аталмыш мақаланы қазақ өнері жайлы маңдай алды ғылыми
зерттеу ретінде бағалай отырып, тіл мен тарихты, тарих пен өнерді, өнер мен
мәдениетті, мәдениет пен дүниетанымды ұштастыра қарастырған әмбебап
шығармашылықтың нәтижесі деп бағалауға болады.
246
Қараңғыға «Ай» туғызған қаламгер
2
(Қ.Жұбановтың публицистикалық шығармалары жайында)
Қ.Жұбанов қазақ тіл біліміндегі, әдебиет, өнер саласындағы ғылыми
мұраларымен тұңғыш профессор атанғандығы, қоғамдық қызметтерімен
нағыз қайраткер дәрежесіне көтерілгендігі Алла тағала берген тума дарыны
мен ұлтын шексіз сүйген патриоттығынан деп санаймыз. Қоғамдағы
келеңсіздіктерге тұсау салу, халқының тұрмыс-тірлігін жақсарту,
сауаттандыру т.б. мәселелерді мақсат етіп қойған Құдайберген Қуанұлы бұл
ісін жалғастырудың тәсілін іздеп, бұл жолды публицистикадан табады.
Публицист тарапынан өрілген ұлттың қамын жеген, ел болашағына
алаңдаған терең ойлары дәл бүгінгі кезеңге арналғандай әсер қалдырады.
Оның көптеген туындылары сол кезеңнің шындық шежіресі, өмірлік айнасы
болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қалың көпшілікке жол сілтеген,
ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосып, болашаққа бағыт берген қоғамдық
ойдың өлшеміндей болды.
1920 жылдардың бас кезінде Ақтөбе қаласында шығып тұрған «Кедей»
атты уездік газетте қызмет істеген Опа Алпановтың айтуына қарағанда,
«1922 жылдары инспекторлық қызметте жүргенде Құдайберген редакцияға
жиі келіп, газетте көтерілген кейбір келелі мәселелерге сүйсініп, мақтау
айтып, өзі де түрлі тақырыптардан газетке мақалалар жазып тұрады. Әсіресе
оқу-тәрбие жұмыстары жайлы көбірек жазатын болады. Сонымен бірге ол
сол кездегі көкейтесті мәселелерге: қазақ кедейлерінің тұрмысына, ауылдағы
ескі діни ғұрыптарға, әйел теңдігіне арналған түрлі әңгіме, өлең, пьеса,
сықақтар жазып тұрады» (108).
Қ.Жұбанов қазақ баспасөзі тарихына отызыншы жылдардағы ел
көлеміндегі аса беделді басылымдардың бірі – «Ауыл мұғалімі» журналының
бас редакторы ретінде де енеді. 1937 жылдың 10 қарашасында Халық ағарту
комиссарының орынбасары Аюпов қол қойған №1674 бұйрық дүниеге келді.
Онда редакциялық алқаның мүшесі Қ.Жұбановтың «Ауыл мұғалімі»
журналы бас редакторы міндетін қосып атқаруға тағайындалғандығы туралы
айтылады. Бір өкініштісі, бас редакторлық қызметі тым қысқа болды. Бірақ
бас редакторлыққа тағайындалуының өзі оның еңбегін жоғары бағалағандық
деп тану қажет.
Публицистиканың табиғатын терең түсіне білетіндігін баспа бетінде
жарық көрген шығармалары арқылы аңғартқан ғалымды нағыз публицист
деуге толық негіз бар. Қ.Жұбанов публицистикасының өзіндік ерекшеліктері
ретінде оның білгірлікпен жазылған ғылыми-көпшілік, танымдық таңдау
сипатында екендігін, қазақ тілінің фонетикасы, грамматикасы, жалпы тіл
білімінің
кейбір
мәселелері,
қазақ
жазуы,
орфографиясы
мен
терминологиясы, қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуы мен тарихы
пайымдалатындығын, өнертану мәселесі де терең қамтылатындығын, көп
2
К.Кенжебаев пен Ә.Оралбайдың «Құдайберген Жұбанов» атты (2000) еңбегі негізінде дайындаған – кіші
ғылыми қызметкер А.Барменқұлова.
247
ретте филолог-шығыстанушы публицист тұрғысынан танылатындығын, жаңа
оқиғалар мен құбылыстарды тап басып барлайтындығын, ойын дәлдеп,
оқырманын иландыра білетіндігін, өмір шындығын рухани-практикалық
пішінде игере алғандығын, алғыр ойшылдығын, талдауға деген тереңдігін,
образды айшықтаушылық қарымын, өзінің ойы мен сезінгендерін өткір етіп
жеткізу шеберлігін атауға болады. Кезінде қоғамдық-әлеуметтік пікірді
қалыптастыруға зор үлес қосқан, ғасыр айрығында да өзектілігін сақтап
қалған қайраткер Құдайберген Жұбановтың публицистикасынан оның
өзіндік қолтаңбасы аңғарылады.
Қ.Жұбанов публицистикасының өзекті болатын себебі: ол ғылыми
негізделген,
оқырманға
барынша
жатық,
көпшілікке
ұғынықты
публицистикалық дәстүрдің негізін қалады. Оның қай туындысын да бей-жай
оқу мүмкін емес.
Құдайберген Жұбанов баспа бетін көрген тырнақалды туындысын
кейін қазақтың белгілі жазушысы болған Жиенғали Тілепбергеновпен
бірлесіп жазған «Өнегелі мұғалім» деп аталған мақала «Қазақ» газетінің 1915
жылғы 19 ақпандағы 103-нөмірінде жарық көрді. «Жиенғали, Құдайберген»
деп қол қойылған аталмыш жарияланымда ауыл мұғалімі Әбділлә
Беркіновтің «пікірі түзу, зерек» екендігі жайында айтылады. Авторлар сол
кездегі ауыл мектебінің жағдайынан хабардар етеді: «Бірсыпыра балалар
бұрын оқығандықтан екі-үш бөлім қылып, жеткенінше қазақша,
жетпегеніне ноғайша кітаптарды қолданып жатыр. Баста жадид деп
жақтырмаған адамдар осы күні дұрыстығына түсіне бастапты». Өз
кезінде олар ауыл мектебінің ұстазы Әбділлә Беркіновтің жұрт алдындағы
беделін де көрсетуді ұмытпаған: «Бұл мұғалім... ескіше оқыса да пікірі түзу,
зерек көрінеді». Шынында да, ол кезде ауылдағы сауат ашу ең әуелі
жекелеген Ә.Беркінов сияқты ұстаздардың ерік-жігеріне тәуелді еді.
Алғашқы жарияланымның өзінде әжептәуір мәні бар әлеуметтік мәселені
қаузаған қос автордың кейін қазақ баспасөзінде тұғырлы тұлғаларға айналуы
заңдылық екендігі сөзсіз (5).
Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың шығармашылық жолының
басталуы қазақ даласындағы ірі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. ХХ
ғасырдың басында қазақ жерінде ерекше қоғамдық саяси ахуал қалыптасты.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан және Қазан
төңкерістері, Алаш қозғалысы мен азамат соғысы айтарлықтай ықпалын
тигізді. Ол осындай қат-қабат кезеңдерде алдыңғы қатарға публицистика
шығады.
Қ.Жұбановтың публицистикалық шығармашылығы орыс мектебінде
оқыған шағында шығарған қолжазба газеттерден бастау алады. Жалпы
қолжазба журнал шығару дәстүрі Қазан төңкерісінен сәл бұрын басталады.
Газет-журнал сияқты баспасөз құралдары онша кеңінен таралмаған, кітап
бастыру ісі өркендемеген қазақ даласында жастар өздерінің рухани үнін
сыртқа, көпшілікке тарату қажеттілігін сезінеді. Сөйтіп бұл ойды іске
асыратын шараның бірі ретінде қолжазба журналдар шығаруды қолға алады.
248
Осындай журналдар Орынбор, Орал, Уфа т.б. қалалардағы медреседе оқып
жүрген жастардың органы болады. Сондай журналдың қатарына 1916 жылы
шығарыла бастаған «Көсем», 1920-жылдарда белгілі жазушы Жиенғали
Тілепбергеновпен (1895-1933) бірге шығарып тұрған «Садақ» атты қолжазба,
Күйік (Елек) қаласында Құдайберген оқып жүрген кезде жазылып тұрған
«Тез» деген символикалық аты бар «журнал» жатады.
Журналдың атын «Тез» деп қойғандағы мақсаты – бұрыннан, ескіден
келе жатқан ескіліктің қалдықтарын тезге сап түзету, надандықтан арылып,
ағартушылық бағыт ұстану, мәдениетті жұрттардың өнегесіне қанығу.
Аталмыш журналда Қ.Жұбановтың «Ит әулие» деген шығармасы
жарияланған. Бұл жарияланымда ауылда жүрген кезде-ақ ескінің
қалдықтарын, «дүмше молдаларды» мазақ етіп, қысқа өлеңдер жазатын ол
Күйікқалада өзінің қаламының ұшталғандығын байқатты. Қолжазба
журналға өзі редакторлық жасап, онда сол кезеңнің әлеуметтік маңызды
мәселелері қамтылуына елден ерекше атсалысты.
1920 жылы Темір қаласында уездік Халық ағарту бөлімінде қызмет
істеп жүргенде Қ.Жұбанов «Ай» деген атпен қолжазба журнал шығарады.
Уездік халық ағарту бөліміндегі жұмысы рухани талғамына сай келетін
болған соң ол өзінің білім дәрежесін көтерумен ғана шектелмей,
шығармашылық ізденіске де ден қойды. Темір қаласы жастарының басын
қосып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Ескі мен жаңаның күресін
бейнелейтін скетчтер мен шағын пьесаларды өзі бас болып жазып, оларды
сахналайды. «Ай» уездік халық ағарту бөлімінің жанынан шығып тұрды.
Журналдың беташары ретінде «Ай» деген өлең жазды. Мұнда
публицистикалық сарын басым:
«Көп заманнан көкте жүздің жылысып,
Тудың-баттың, жүрдің ақырын ығысып.
Ақ кіреуке – әсем көрік, дөңгелек,
Келбетіңе қызығып дүние тым ыстық...
Сұлуларды мақтаса жұрт «айдай» дер,
-Болар ма еді, нағыз айдай, бай-бай дер,
-Арыстан да айға ұмтылып, мерт болған,
Оған жету қайда бізге, ойбай, дер.
Жарық қылдың, сиқырладың жер жүзін,
Сен сұлудан айырмады ел көзін.
Бір қараңғы түкпірге әкеп, туғыздым,
Ал, нұрландыр, ал, қызықтыр, кербезім!»
Академик І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев «Көрнекті ғалым» деген
мақаласында аталмыш туынды туралы былай деп атап көрсеткен:
«Құдайберген бұл өлеңінде халықты нұрландыруға, көпшіліктің көңілін
айдай ашып, жаңа дүниенің іргесін қалауға шақырған... Мұндағы айтып
отырған «қараңғы түкпір» өзі қызмет істеп жүрген Ақтөбенің бір уезі ғана
249
емес, қазақтың кең сахарасы еді... Осыған «айды әкеп туғыздым» деген
жолдарда қандай кесек жігер, күш-қуат жатыр. Бұл қазақ халқының жалынды
ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?! – деген жолдарымен үндеседі» (23).
Сұлулықтың, көріктіліктің символындай көрінетін «Ай» сөзінің
журнал атына бекерге таңдалмағаны белгілі. Өлең жолдары да осыны
түсіндіруге арналған. Ғалым-публицист айдың туып-бататын тылсым
тірлігінен үлкен мән-мағына оқығандай. Өзгелерді де осы жөнінде толғануға
шақырады. Көп заманнан бері көкте жылысып жүзген айдың енді жарық
қылғанын қалайды. «Қараңғы түкпірге әкеп туғыздым», – деп мақтаныш
етеді. Темір уезін нұрландыратын, қызықтыратын кербез «Айды»
жұртшылық жылы қабылдады. Оқырмандар қызыға оқитын басылымға
айналды.
Қ.Жұбановтың жетекшілігімен шыққан «Ай» журналында негізінен
мәдени-ағарту тақырыбына жазылған материалдар жарияланды. Публицистің
інісі, қазақтың белгілі композиторы, өнертанушы Ахмет Жұбановтың
айтуына
қарағанда,
аталмыш
журналда
М.Горькийдің,
В.Короленконың, М.Лермонтовтың туындылары қазақ тіліне аударылып,
жұртшылыққа ұсынылған. М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз
туралы
жыр»,
«Хан
мен
ұлы»
атты
белгілі
шығармалары,
В.Короленконың шындықпен суарылған әңгімелері, М.Лермонтовтың
өлеңдері қазақ даласына «Ай» журналы арқылы тарады. Әсіресе, бұқараның
сауатын ашуға, мәдениетін көтеруге бағышталған жарияланымдар
жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Бұл кезең – орталықтан шалғай жатқан
ауылдарда «саужой» мектептерін жаппай ашып, қалың көпшіліктің
сауатсыздығын жою үшін мұғалім кадрларын іріктеп, пайдалануға ерекше
көңіл бөліне бастаған. Мұның екіжақты пайдасы болды. Халық ағарту ісіне
белсенді араласуы болашақ ғалым-публицистің өз білімін жетілдіруіне,
рухани ой-өрісінің өсуіне мейлінше қолайлы жағдай жасады. Әлеуметтік
мәні зор мәселелер «Ай» журналының бетінде тұрақты орын алды. Аса өткір
жазылған мақалаларына осы кезден бастап «Қараша бала», «Шекті» деген
бүркеншік есімдерді пайдаланды.
Қолжазба журнал дәстүрін ұстанып, қаламының қарымдылығын
көрсетіп машықтанбаса, онда «Кедей», «Еңбекші қазақ» газеттеріндегі бірден
жұрттың назарын аударған жарияланымдары жарық көруі екіталай еді.
І.Кеңесбаев «Ай» журналы туралы: «...көздегені – халықтың көзін ашып,
көңілін ояту сияқты асыл іс»,– деп тұжырым жасайды (17, 8-33).
«Тез» және «Ай» қолжазба журналдарын шығарған қазақ шәкірттерінің
өздерінің алдына қойған мақсаттарының ірілігі, арман-тілегінің асқақтығы
қайран қалдырады. Әсіресе, Қ.Жұбановтың ұйымдастыру ісіне айрықша ынта
250
қойғанын айтпасқа болмайды. Демек, әлеумет ісіне осыншама жан-тәнімен
беріліп, қиюын таба білу – оның бойындағы қайрат-жігерді ғана емес, ел
үшін соққан үлкен жүректі, алғыр сананы көрсеткендей. Жұртшылық ісі үшін
барын салып жүрген адамдардың алдына қойған мақсатқа жетуден басқа
мұңы, басқа арманы жоқтай тынымсыз қимылдайтыны тағы бар. Сондай
жандардың ынта-жігерімен осындай игі дүние-мүлік кейінгіге мұра болып
қалған және қала да бермек. Оған нақты дәлел – қолжазба журналдар.
Қолжазба журналы дәстүрін жаңғыртушылардың ұстанған бағыты
ағартушы-демократтық көзқарас екенін атаған жөн. Бұл енді оларды
шығарушылардың әлеумет ісіне әбден берілгендігіне байланысты. Шамасы,
олардың мақсаты қайтсек елді өнерлі елдің қатарына қосамыз, халыққа қалай
қызмет көрсетеміз деген үлкен арман-тілектен туындаған болса керек. Әрине,
журналдардың кезекті нөмірін шығару, оларды қажетті материалдармен
қамтамасыз ету, қолға іліккенді сол күйі жариялай салмай, неғұрлым
ғибраттысын, маңыздысын жұртқа ұсыну, іріктеу, авторларын шамдандырып
алмай ынталандыру сергектікті қажет етті.
Сондай-ақ
Қ.Жұбановтың
1924
жылы
Ж.Тілепбергеновтің
ұйымдастыруымен Темірдегі драма үйірмесінің мүшелері «Қызғалдақ»
қолжазба журналын шығарғандығы К.Кенжебаев пен Ә.Оралбай келтірген
деректерден белгілі болып отыр (5).
Қ.Жұбанов шығарған қолжазба журналдар, біріншіден, бұрын газетке
сөз жаза алмай, жазса да сөздері басылмай, тауы шағылып жүрген
шәкірттердің қолын қаламға машықтандырды. Екіншіден, бүткіл қазақтың,
өзі тұрған өңірдегі адамдардың айыптарын көрсетіп, міндерін бетіне басып,
жамандықтардан бездіріп, жақсылықты көрсетіп қызықтырды. Үшіншіден,
ауызда жүрген халықтың көркем сөзін жинау жүзеге асты. Төртіншіден,
әлем әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыруға мүмкіндік туды. Осының
көрінісіндей орыс әдебиетінің классиктері қолжазба журналдар беттерінен
тұрақты орын алды. Бесіншіден, ауылдардағы әлеуметтік өзгерістер хақында
бұған үмітпен қарағандар қалам тербеді.
Сол кездегі мыңдаған зерделі жасты нағыз ұлттық мүдде туының
астына жинай білген «Қазақ» атты басылымға Қ.Жұбанов та белсенді автор
ретінде қатысқаны белгілі. Иә, «Қазақ» газеті қаққан тәуелсіздік
қоңырауының сарыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, азаттықты аңсаған
азаматтар рухын шыңдаумен болды.
«Қазақ» газетіне де автор ретінде атсалысқан Қ.Жұбановтың «Қараша
бала», «Шекті», «Қ.Ж», «Құдайберген» деген бүркеншік есімдермен
(мұрағаттанушы Б.Байғалиевтің 1988 жылғы 22 наурыздағы анықтамасы
бойынша) жазған жарияланымдары аталған басылымның ғана емес, «Алаш»
газетінің де оқырмандарын елең еткізді.
Халық ағарту майданында еңбек еткен публицистің «еңбекші
қазақтағы» білім берудің өзекті проблемаларын көтерген жарияланымдары
да қоғамдық пікірге елеулі ықпалын тигізді. Публицистің 20-30 жылдардағы
жарияланымдары сол кездің өткір проблемалары саналатын әйел теңдігі,
251
ұлттық театрды қалыптастыру, ел кедейлерінің жаңа өмірге бейімделуі, қазақ
емлесінің қандай болуы керектігі жайлы мәселелерді көтерді.
Ғалымның публицистикалық шығармашылығын кезеңдерге бөліп
қарастыру публицист қолтаңбасының өзіндік ерекшеліктерін терең түйсінуге
мүмкіндік береді. Публицистің шығармашылық деңгейінің қалыптасу кезеңі
1915-1928 жылдарды қамтиды. Сол кезеңдегі туындыларынан ұлт қамын
өзек еткені, елдің болашағына алаңдаған терең ойларының ұшқындары
айқын аңғарылады. Екінші кезең 1929-1933 жылдар аралығын қамтиды, онда
әлеуметтік маңызы ерекше мәселелерден бастап, ғылыми публицистикаға бет
бұрғаны байқалады. Соңғы 1934-1937 жылдар аралығын қамтитын кезең
публицистің шығармашылық әлеуетінің едәуір өскендігін байқатады.
Қ.Жұбанов публицист ретінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ
зиялыларының алдында тұрған шешімін таппаған мәселелерді батыл
көтеруге атсалысты. Көшелі ой-танымдарды зерделейтін ғылыми
публицистикаға зәрулік сезілген тұста «Буын жігін қалай табуға болады?»
атты еңбегін жариялады. Қазақ тілі грамматикасы мәселелерін ғылыми-
көпшілік тұрғыдан түсіндіруге зор үлес қосты. Танымдық тағылымы мол,
терең талдау сипатында жазылған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты
еңбегі ұлттық публицистикадағы соны үрдістің бастауы ретінде бағалауға
лайық. Түркі әдебиеті тілінің танымы жөніндегі публицистикалық
ой-толғамдары да жаңаша серпінмен жазылуымен ерекшеленеді.
Қ.Жұбанов публицистикасының стильдік ерекшеліктерінің бірі –
полимикалық үрдісті терең меңгергендігі. Полимика – тарихи үдерістің
маңызды шарттарының бірі. Сондықтан да болар біз уақыт өткен сайын
пікірталас мәдениетін меңгеру өзекті мәселеге айналып келеді. Ұзақ сонарға
салып ақылгөйсіну – полимикалық үрдіске жат. Ұзақ сөйлемдер
оқырмандарды жалықтырады және де ой санасына әсер етпейді.
Публицистикада бұл бірден көзге шалынады, кері әсерін тигізеді. Демек,
полимикалық үрдісті ұстанатын публицист түсінікті әрі барынша нақты,
ықшам әрі батыл жазып, істің мәнісін жалпылама сөздерден арылуға
тырысады.
Қ.Жұбанов та өзіндік пайымдауларымен әділ, білікті сарапшы ретінде
көрінеді. Оның көзқарас ерекшелігі, бір қарағанда қарапайым көрінетін ой-
тұжырымдарының өзгешелігі байқалып тұрады. Публицистің полимикалық
үрдісті аса мәдениеттілігімен, мәселеге терең талдау жасаумен, өткірлігімен,
нақтылығымен, көзқарас өзгешелігімен танылады.
Публицистің
полемикалық
үрдіс
үлгісін
жоғары
деңгейде
меңгергенінің айқын көрінісі – «Еңбекші қазақта» жарық көрген «Қазақстан
ағарту жұмыскерлерінің кәсіп ұйымы мүшелерінің бірінші тобына» атты
ұсыныс сипатында жазылған материалы. «Қ.Ж.» деген бүркеншік атпен
жазған үн қосу материалында публицист ағарту қызметкерлері кәсіп
ұйымының қоғам өміріндегі рөлін білгірлікпен айқындай алған. Ұйымның
жұмысын жүргізу барысында Қазақстанның ерекшелігін ескергенді жөн
санайды: «...ұйым жұмысын негізгі елдің тұрмысына сәйкестіріп,
252
жұртшылық ұйымдарының мақсаттарымен байланыстырып құруға тура
келеді».
Қ. Жұбанов публицистикасының өзектілігі іргелі де ғылыми танымның
көпшілікке
ұғынықты
тілмен
жеткізілуінен
көрінеді.
Қ.Жұбанов
публицистикасының тағы бір өзіндік ерекшелігі ретінде шығармаларының
ғылыми-көпшілік, танымдық талдау сипатында екенін, қазақ тілінің
фонетикасы, грамматикасы, жалпы тіл білімінің мәселелері, қазақ жазуы,
емлесі мен терминологиясы, қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуы мен
тарихы пайымдалатынын, өнертану мәселесі де терең қамтылатынын,
филолог-шығыстанушы тұрғысынан танылатынын, жаңа оқиғалар мен
құбылыстарды дөп басып барлайтынын, ойын дәлдеп, оқырманын иландыра
білетінін, өмір шындығын рухани-практикалық пішінде игере алғанын, алғыр
ойшылдығын, талдауға деген тереңдігін, образды-айшықтаушылық қарымын,
өзінің ойы мен сезінгендерін өткір етіп жеткізу шеберлігін атауға болады.
Қандай мәселені көтерсе де Қ.Жұбанов өзінің терең энциклопедиялық білім
деңгейін
таныта
отырып,
әлеуметтік-экономикалық
және
рухани
проблемаларды жан-жақты талдауға ден қойды. Сонымен қатар екі тілде –
қазақ және орыс тілдерінде де төгілте жазғанын атап өту қажет. Ғалым-
публицистің
аса
бай
шығармашылық
мұрасын
зерттеу
ұлттық
публицистикамыздың өрісін кеңейтетіні даусыз.
Ғалым-публицистің
ұлттың
қамын
күйттеген,
қазақ
елінің
бостандығына алаңдаған терең ойларының ұшқындары өткен ғасырдың 20-
жылдары қазақ басылымдарының беттерінде жарияланған мақалаларынан
айқын аңғарылады. Сол кездегі қазақ зиялыларын толғандырған басты
мәселелер – отаршылдық бұғаудан құтылу, тәуелсіз мемлекет құру,
халықтың санасын ояту болды. Қазақтың шұрайлы жерлерін Ресей өз меншігі
етіп жариялап, орыс переселендерін күшпен қоныстандыра бастаған уақытта
қазақтарға кәдімгідей қатер төнді. Патшалық Ресейдің озбыр саясатын қалай
әшкерелеуге де негіз болғандай еді. Елге, жерге жаны ашыған зиялылар өз
ойын іркіп қалмады. «Қазақ» газетінде «Тілшілерден» деген айдармен
берілген «Темір уезінен» атты мақаланың авторы өзін «Шекті» деп
көрсеткен (109, 314).
«Темір уезінен» мақаласының арқауы – жер мәселесі. Сол кездегі ең
күйіп тұрған, өзекті мәселелердің бірі. «1909-1910 жылдарда біздің Темір
уезінің Темір-Орқаш болысының 8 ауылына 2 участка мұжық орнады, – деп
жазады аталмыш жарияланымында, –Жер кескенде екі ауылнайдың
ортасында болған Қаракөл деген үлкен көл қазақ жерінде қалады». Қазақтар
мен орыстардың арасындағы дау осы жерден басталады. Орыс жерінің шегі
Қаракөлдің шет жағасымен жүргеніне қарамастан, мұжықтар қонысын көлдің
жағасына салып, келесі жылы-ақ шөмелелеп қойған қазақтардың шөбін
тасып ала бастайды. Мұны автор былайша баяндайды: «Бермеймін дейтін
қазақта әл жоқ. Ақыр аяғында қызығып, «қазан түбінде шеміршек қалды»
деп, қазаққа қимай арыз беріп өзіне қаратады». Қазақтармен айырбасқа
келіседі: орыстар Қаракөлдің бір десятинасына басқа жерден төрт десятина
253
жер бермек болып, маңайынан бірқатар жер қосып, 877 десятина жерді
кестіріп алады. Орыстардың қазақтарды алдап соққаны жайында автор
ашына жазады: «1912 жылы күздікүні производитель работы келіп жерді
белгілеп, бір жетіден соң землемер 877 десятина жерді қазаққа өлшеп
береді. Қаракөлдей төрт есе беремін дегені қайда десе, білмеймін дейді».
Осыдан келіп, қазақ өз жерінде өзі өгей күй кешті демеске шараң жоқ.
Шаруаға қолайлы, шалғынды жерінен айрылған қазақтың теперішін көз
алдыңа келтіреді. Мұның өзі қазақтың көрген құқайының соңы емес екен.
Бұдан кейін жағдай тіпті мүшкілдене түседі.
Автор қазақтың басынан кешірген ауыр жағдайын жеріне жеткізе
көрсетеді: «Сорлы қазақ көкіректе сайрап тұр, тілді құдай байлап тұр
дегендей, тіліне түсініп, ойына келгенін де айта алмай, көзі жасаурап қала
берді». Сірә, бұдан артық қорлықты көзге елестету қиын болар. Қазақ
өмірінің өзегінен айрылып күйзелді. Жас қалам иесі шеберлігінің арқасында
артық-әлеміш сөздерсіз де қазақтың сорлап қалғандығын дәл ұрымтал
тұстан, шынайылықпен көрсету мүмкін болды. Қалам сілтесі тіпті өзгеше.
Сөздің қадірін білетіні соншалық, артық-ауыс ештеңе байқалмайды.
Мақаланың түйіні де елең еткізерлік: «Онан бері біраз жыл болды. Бұл істі
қуған адам жоқ. Бірін-бірі қаралағанда бәрі законшы, адвокат болса да,
мұнда ешнәрсе білмеді... Біздің тәуір атымызды алып, жаман мәстегін
берді. Үстеуін бермеді, мұны зорлық дейміз. Осыны запросқа бергіміз келеді.
Керекті дәлелін бізден сұрап білсе екен».
Аталмыш басылымдағы публицистің «заметкасына» кеңінен тоқталған
зерттеуші А.Мектепов: ««Қазақ» газетіне ен даланың түкпір-түкпірінен
майданға аттанған жұмысшылар санын жергілікті тілшілер күн сайын
жеткізіп отырды», – деп жазады (110). Шағын хабарға өзек болған жайт –
1916 жылғы дүрбелең, бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың күшпен
қатыстырылуы. Аталмыш жарияланымның құнды тұсы – оқырмандарға
қазақ жерінде болып жатқан оқиғалар жөнінде мол мағлұмат береді. Ресей
патшасының озбырлығы да өз кезегінде бізге асыл мұра болып жетіп отыр.
Зиялылардың мінберіне айналған «Қазақ» газетінің айрықша назар
аударып, жүйелі түрде көтерген мәселелерінің бірі – қазақ елінің әкімшілік
және сот құрылысы. «Қазаққа дұшпандық» деген мақаласында публицист
Темір қаласындағы жергілікті сот ісінің көп жағдайда қазақтың қамын
күйттемейтінін нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді (111). Мақалада
соттағы жөнсіздіктердің әлі де қаймана қазақтың халінің мүшкіл болуына
әсер-ықпалын жеріне жеткізіп айтылған. Автор бұған жұртшылықтың
назарын аударған жөн деп санайды.
Алғашқы жарияланымдарынан бастап болашақ ғалым-публицистің
үнемі қамтыған тақырыптарының бірі – оқу-ағарту ісінің жай-күйі.
«Емтихан» деген ортақ тақырыппен Ақтөбе, Павлодар уездерімен қатар
Темірдегі жағдай да егжей-тегжейлі талданды (112). Уездегі оқу ісін
ұйымдастырудың деңгейі, оқыту барысындағы кемшін тұстар аталмыш
жарияланымда жан-жақты қамтылды.
254
Ғалым-публицистің ұлт айнасына айналған «Қазақ» газетінде жарық
көрген жарияланымдарында күнделікті күйбең тірлік емес, ел өміріндегі
елеулі оқиғалар, зәру мәселелер көтерілді. Қазақ елінің бір өлкесі болып
табылатын Темір уезінен жазылған жарияланымдардың қай-қайсысы да
оқырманды бей-жай қалдырмады. Аталмыш жарияланымдарда сол кездегі
өмір шындығы өрілгені өз алдына, сондай-ақ қалың көпшілікке етене жақын
мәселелер көрініс тапты. «Қазақ» газетінің алқасы да оны автор ретінде
назардан тыс қалдырмаған. «Қашаған» деген бүркеншік атпен жазылған
материалда бір топ ел азаматтарымен қатар Қ.Жұбанов жайында тың дерек
беріледі (113).
Қ.Жұбановтың «Алаштың» бетіндегі алғашқы туындысы – «Қараша
бала» деген лақап атпен жарық көрген «Наурыз құтты болсын» атты өлеңі.
Бес шумақтан тұратын өлең өршілдікке үндеуімен, намыстың найзағайын
жануымен құнды. Наурыздың өміршең мереке екенін автор сол кездің өзінде
тап басып танығаны сүйсіндіреді. Бабалар ұмытпағанды бізге ұмытып не
көрініпті деген ойды ашық білдірген. «Неше түрлі от-аранға тұтылмай»,
«замананың не құқына жұтылмай» жеткен Наурыздың мәнін жеткізе білген
өлең жолдарынан публицистикалық пафосты аңғаруға болады. «Алаш»
газетінде жарияланған публицист туындыларының ең шоқтығы биігі –
«Аянышты хал» деген фельетоны (114). Фельетонда елдегі күйзелген
тіршілік, халықтың ілдебайлаған тұрмысы сатира тілімен бейнеленген.
Халықтың жоқ-жітік тіршілігі өткір тілмен сыналған. Сүреңсіз көріністердің
себеп-салдары барынша әжуаланған, мысқылмен жеткізілген. Өзі куәсі
болған жайттарды неғұрлым шыншылдықпен беруге тырысқан жас қалам
иесінің зор талабына тәнті боласың. «Алаш» газетінің ғұмыры қысқа
болмағанда, аталмыш басылымда талай туындылары жарияланатыны күмән
тудырмайды.
Қаламгер Қ.Жұбановтың «Қазақ» және «Алаш» газеттеріндегі
жарияланымдарынан ғасырлар бойы халқымыздың көкірегінен өшпеген
азаттық рухының лебі сезіледі. Сол кезеңдегі қалыптасқан ахуал тұрғысынан
бағаласақ, отарлық езгідегі елде, отарлаушылардың көз алдында, жария түрде
тәуелсіздік
идеясын
насихаттауға
атсалысқанымен
ерекшеленеді.
Тақырыптық жағынан алғанда ең алдымен сол кездегі өзекті мәселелердің
бірі – жерге қатысты жарияланымымен көзге түсті. Шаруаға қолайлы,
шүйгінді жерінен айрылып қалған қазақтың басындағы мұңды тап басып
танып, публицист парасаты тұрғысынан көрсете білді. Әлеуметке қажетті
мәселені тануға деген елгезектігі сол кезден бастап қалыптасса керек.
«Қазақ» газеті ұлт баспасөзінің тарихында жер мәселесін кеңінен көрсетіп,
кезең ерекшелігін ұғынып, өз орнын ойып алса, бұған басқалармен бірге
айтулы үлес қосуы да публицистің зерделілігін аңғартады.
Публицист қаламына іліккен тағы бір тақырып – 1916 жылғы
дүрбелеңге, бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардан адам алудың жайы.
Қараңғылықтың қамытынан құтыла алмаған ел қазақтарының қасында
болуды парызы санап, өздері сұранып, әскерге аттанған молдалар мен ауыл
255
мұғалімдерінің тірлігіне ден қойып, бағалы ақпаратқа қанық боласың. Оң
жамбасына келетін оқу-ағарту ісінің жай-күйі де назардан тыс қалмаған.
Сондай-ақ қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысына қатысты ой-пікірлері
де оқырман ықыласына бөленгені айқын. Балғын қаламы әлі төселе қоймаса
да, қазақтың саяси өміріне қатысты маңызды мақалалар беріп тұрған,
көкейкесті мәселелер бойынша ұйымдастырылған пікірталастарға қатысқан,
сөйтіп, сол кездегі қоғамдық-саяси ойды бір арнаға бағыттауға атсалысқан.
Қ.Жұбановтың өзекті ойды жеріне жеткізіп айта білу шеберлігі
жанрлық жағынан алғанда негізінен «заметка» жазуға машықтануынан
байқалады. Сондай-ақ тұңғыш фельетоны да балаң публицистің қаламының
желісі әуел бастан өзіндік стилі аңғарылғанына дәлел бола алады. Қазақтың
зиялылары авторлары болып саналатын басылымдарға шалғай аймақтан жас
қалам иесінің де қатысып тұрғаны оның болашақтағы бағыт-бағдарын
айқындады. Алғашқы жарияланымдарынан да кесек ойлардың ұшқыны
байқалды. Бұл кезең өзіне тән ізденіс иірімдерімен құнды.
Білім арқылы қоғамдық дамуға жол ашуды, өз халқын озық мәдениетке
жеткізуді алдына мақсат етіп қойған Абай, Шоқан, Ыбырай негізін салған
ағартушылық-демократтық бағыт публицисті жастайынан баураған. Ол өзі
тұратын өңірде болып жатқан жаңалықтарды, оқу-ағарту мәселелеріне
қатысты ой-пікірлерін губерниялық «Кедей», республикалық «Еңбекшіл
қазақ» (кейін «Еңбекші қазақ») газеттеріне тынбай жазып тұрды.
Қ.Жұбановтың «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Темір уезінің
оқушылар тобы» атты мақаласы жұртты жаңалығымен баурап алады.
Аталмыш жарияланымда Темір уезіндегі оқу-ағарту ісінің жай-күйі жаңаша
сипатта баяндалды. Бір уездегі шаруалар жайын сөз ете отырып, автор ел
деңгейіндегі мәселелерге назар аударды. Сауатсыздыққа қарсы күрестің
нақты сипаты болмаса, тиісті нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін
ашық қозғады. «Коммуна мектептері жетіжылдық болсын» атты
мақаласында да автор өзекті мәселені көтереді. Оның ойынша, мектептердегі
оқу мерзімінің қатаң сақталуы айрықша маңызға ие (115).
Бұдан әрі публицист бірте-бірте ауқымды мәселелерді қамтуға бет
бұрады. Мұның нақты көрінісі – «Аулақтан оқыту» атты мақаласы (116).
«Дистанционное обучение» дегенді «аулақтан оқыту» деп алып, мұның
мәнісін қалың көпшілікке түсінікті, ұғынықты тілмен жеткізеді. Аталмыш
жарияланымдағы «Кеңселерде қазақтандыру шабан жүріп отыр. Себебі,
кеңсе ісін жүргізе білетін қазақ аз», – деген жолдар әлі күнге дейін маңызын
жойған жоқ десе болғандай. Публицист сынап қана қоймайды, мұның себеп-
салдарын айқындаудан да енжар қалмайды: «Кооператив көбейіп келе
жатыр. Көбісінің есеп-қисабы шатақ. Себебі, қазақтан есепші (бухгалтер)
аз, ел арасында ауру көп, бірқатар пункттерге фельдшер табылмай отыр,
табылғанының білімі тайыз. Мектеп көбейіп келеді, бірақ оқытушы
жетпей жатыр. Бар оқытушыларымыз лекер ғана. Сот, милиция
қызметкерлеріміз де тиісті мамандық білімін алғандар емес, барымен базар
қылып, лаждап жүргендер, айта берсек, толып жатыр. Бәрі де аз, бәрі де
256
кеміс. Қазіргі екпінді жұмыс – осы жоқты табу, бардың «жыртығын»
жамау – білімін толықтыру». Автор бұл мақалада қай саланың да
мамандардың жетіспеушілігінен ақсап жатқанын боямасыз көрсеткен.
Аулақтан оқыту мәселесінің өзекті жайттары қамтылған мақаланың сол
кезеңдегі мәні ерекше болғаны белгілі. Бұл жарияланым публицистің
парасатты пайымдаулары мен талдау тереңдігін айқын аңғартты. Бұған қол
жеткізу үшін жоғары дәрежедегі біліктілік, сарабдалдық қажет еді. Автордың
мұны меңгергені сезіледі.
Тағы бір елеулі мақаласы «Сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектеп»
деп аталады (117). Мұнда автор өзінің отандастарының тезірек сауатсыздық
қамытынан құтылуын армандайтынын жайып салады. Осыған бағытталған
нақты шаралардың бірі ретінде сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектепті
көбірек ашудың қажеттігіне көңіл бөледі. «Халық ағарту ағысында төңкеріс
толқыны» атты мақаласы да халықтың сауатын ашу мәселесіне арналған.
Мәселені бұрынғыдан да терең қарастыруға деген ұмтылыс байқалады.
«Кедейдегі» публицист мақалаларының өзгешеліктері бірден көзге түседі.
Стильдік айшықтылығымен, сөз қадірін терең түсінетінімен қоса, ойдың
айқын айтылуы, зәру мәселені жеріне жеткізіп көтере білу машығы
жарияланымдардың әлеуметтік әсерін арттыра түседі. Әсіресе, халық ағарту
мәселесіне келгенде публицистің тың пайымдаулары оқырманды баурап
алады. «Басшылық күшейтілмек» деген айдармен оқырманға жол тартқан
«Мұғалімдер, зер сал, губатком, жәрдем ет» деген мақаласы бір қарағанда
науқандық сипаттағы туынды тәрізді көрінгенімен, қазақтың ұлттық мектебі
туралы ой толғамдарының өзектілігімен ерекшеленеді (118).
«Қазақ ұлт мектебі – 5 жасар бала, – деп жазады Жұбанов-публицист
– Қазақ қатыны бала тәрбиелеуге қандай кеміс болса, бұл жас бала ұлт
мектебінің тәрбиелеуші шешесі – қазақ мұғалімі де сондай шорқақ».
Публицист мұның себебін былайша жіліктеп, ашып көрсетеді: «Қазақ
қатынының кемістігі тұлғасының қазақтығынан болмай, надандығынан
болғаны секілді, қазақ мұғалімдерінің шорқақтығы да дөрекілігінен, көбісінің
шалағайлығынан емес, білімі кемістігінен». Публицист бірнеше мәселеге
ерекше назар аударады. Оның ең бастысы – оқу бөлімі
«қызметкерлерініңбалаңдығы» деп біледі. Ал, екіншісі, публицистің сөзімен
айтқанда, «бюджеттің жарлылығы». Нарықтық экономика тұсында күнде
әңгімеленетін мәселе қаржыға тірелетіндігін сол кезде-ақ айқын сезініп, бұл
мәселені барынша өткір қоюға тырысқан. «Мектепті гүлдендіруге», «керек-
жарағын толықтыруға», «мұғалімдерді еңбекақыдан мұңсыз етуге»
қаржының жетіспейтіні туралы ашына жазады. Тіпті «оқу-білім шығынына»
да, «инспекторлардың жүріс-тұрысы расқотына» да қаржының бөлінбеуі
қынжылтады. Публицистің «Мектептердің бәрін бірдей инспектор аралап,
нұсқау беру мүмкін болмады», – деген түйіні назар аударарлық. Сол кезеңде
де қысқарту мәселесі өткір қойылғаны мына жолдардан аңғарылады: «23-
жылдан бастап халық ағарту бөлімінде уездерде – бір-бірден, «құдай
оңдағанда» екі-екіден инспекторлар қалды. Бұлар мектеп аралауға да, кеңес
257
жұмысын басқаруға да жеткіліксіз болып, жұмыс көңілдегідей бола
алмады». Бұл – үшінші себебі. Публицистің мұғалімдердің зер салуын,
губаткомның жәрдем етуін тілейтін маңызды мәселелер жөніндегі ой-
толғамдарының кезеңдік мәні зор болғанына, мұнда көтерілген кейбір
мәселелердің уақыт өте келе зәрулігін жоймағанына көз жеткіземіз.
Публицистің халық ағарту мәселесін көтерген материалдары жанрлық
жағынан да алуан түрлілігімен танылды. Кезінде «Еңбекші қазақта»
жарияланған «Түпсіз астау, құдай және Ақтөбенің ілім-мәдениет орындары»
деген фельетонын оқырмандар жылы қабылдады (119). Мұнда Ақтөбедегі
ағарту мекемелерінің жұмысы ақсап жатқаны сыналған. Оның «Еңбекші
қазақтағы» өнімді шығармашылығы газеттің мазмұнының жақсарып, ықпал-
беделі өсе түскен кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл кезде газет әдеттегі
оқырмандарына сыртқы хабарларды үйіп тастау дағдысынан арылып,
шаруашылық мәселелеріне, ел жайына, халық ағартудың жай-күйіне мән
бере бастаған. Ен далада еңіреп жатқан қазақ кедейлерінің жоғын жоқтап,
солармен
байланысын
нығайтуға,
сырласуға,
оларға
қамқорлық,
жолбасшылық көрсетуге ойысты. Осыған орай, ел хабаршыларының,
тілшілердің тұрақты тобы қалыптасты. Құдайберген Жұбанов солардың бірі
болатын. Газетті алдырушылардың саны 8 мыңға жетті. Саяси-әлеуметтік,
күрделі де келелі мәселелерді жазуға кірісті. Халықтың оған деген ынта-
ықыласы арта түсті. Газет басқа мәселелермен қатар сауат ашуды қатаң күн
тәртібіне қойды. Сауатсыздықты жою ісінің нашар жүргізіліп жатқанын
үнемі ескертіп отырды. Кейбіреулер жақтаған «үлкендерді оқытқанмен түк
шықпайды» деген кертартпа пікірлерге соққы берді. Ересектер мектебін
көптеп ашуға, оларды үймен, отын-су, жарықпен қамтамасыз етуге шақырды.
Мектепке кіре алмаған ересектерді оқыту үшін курстар ашуды, оларды
бітіргендерге қарайып қалмауы үшін газет-журналдар оқытуды ұсынды.
Сауатсыздықтың мешеулік екенін дәлелдейтін материалдарға көбірек орын
берді. Өнер-білімнің мәнін ашатын жарияланымдар молынан ұшыраса
бастады. Міне, осы игі науқанның белсенді қатысушыларының бірі ретінде
газеттегі жарияланымдары арқылы ғалым-публицист жұртшылыққа
танылды.
Жоғарыда аталған мақалаларға талдау жасай келе, Қ.Жұбановтың
халық ағарту тақырыбына жазылған публицистикалық жарияланымдарының
бірнеше өзіндік ерекшеліктерін танимыз.
Біріншіден, қандай проблеманы көтерсе де қалың көпшілікке неғұрлым
түсінікті, ұғынықты тілмен баяндауға тырысады. Бұдан кейін, оның
оқырмандары жарияланымын асыға күткен публицист ретінде танылғанына
еш таңдануға болмайды.
Екіншіден, сол кезеңнің халық ағарту саласындағы өзекті мәселелерін
кеңінен қамтиды. Публицист көтерген өзекті мәселелер ретінде
дистанциялық оқыту, кеңселерді қазақтандыру, халықтың сауатын ашудың
нақты шаруалары, қазақ мұғалімдерінің беделі, халық ағартуға бөлінетін
бюджеттің
«жарлылығы»
(публицист
қолданған
сөз),
мектеп
258
инспекторларының қам-қаракеті, губерниялық деңгейдегі мектепті көбейтуге
оқытушылардың жетіспеуі, көпшілік жұмыскер мен қара шаруаның оқудан
қағажу қалғаны, жаңа (латын) алфавитіне көшудің проблемалары және
басқаларын атау керек.
Үшіншіден, әрбір тұжырым барынша егжей-тегжейлі дәлелденеді.
Дәлелдеудің себептері мұқият келтіріледі. Тек анықталған, көзбен көрген,
жақсы білетін фактілерін ғана тізбелейді.
Төртіншіден, халық ағарту тақырыбына арналған жарияланымдар
жанрлық жағынан кең ауқымды келеді. «Округтік жаңа әліппе комитетінде»
толыққанды заметка жанрында жазылса, «Оқу жайындағы мұңды осы бастан
айту керек» жарияланымы – проблемалық мақаланың айқын үлгісі. «Еңбек
мектебінің он жылы» есеп жанрында жазылған. Ал «Мұғалімдер, зер сал,
губатком, жәрдем ет» мақаласы зерттеу сипатындағы жарияланымға жатады.
Аталмыш жарияланымда ұлттық мектептің қадау-қадау мәселелері бүге-
шігесіне дейін талданған. «Түпсіз астау, құдай және Ақтөбенің ілім-мәдениет
орындары» фельетоны осы жанрдың талаптарына толық жауап береді. Өзекті
тақырыпқа қалам тербеген тұстарында жанрлық ізденіске де мән бергенін
аңғаруға
болады.
Істің
барысынан
хабардар
ететін
ақпаратты
жарияланымдардан бастап, байсалды, назар аударарлық пікір ұсынған
мақалаларды да кездестіреміз. Тіпті фельетон жанрына да ден қойып,
маңызды мәселені сатираның объектісіне айналдыруы да публицистің
диапазонының кең екенін аңғартады.
Бесіншіден, халық ағарту тақырыбына жазылған публицистикалық
туындыларынан ғылыми публицистикаға бет бұра бастағаны сезіледі.
Мәселенің қойылысы, бұған қатысты жағдайларды тереңнен қарастыруы,
ғылыми біліктілігі аңғарылатын тұстардың көзге шалынатыны публицистің
ғылыми пайымдауларға бейімін байқатады. Мақалаларының ғылыми жүгі
басым тұстары осы бағыттағы алғышарттарға негіз болғандай.
20-30-жылдарда
Құдайберген
Жұбановтың
публицистикалық
қызметінің аясы кеңіді. «Кедей» газетін былай қойғанда «Еңбекшіл қазақ»
(кейін «Еңбекші қазақ») газетіне де белсене атсалысты. «Тілші» газетінде де
мақаласы жарияланды. Мерзімді басылымдарда қызмет істемесе де,
мақалалары үздіксіз жарияланып тұрды.
«Еңбекші қазақ» газеті көтерген сол кездегі толғақты мәселелердің бірі
– «қалың малды» жоюға бағытталған күрес болатын. Өйткені, қоғамдық-
әлеуметтік мәні зор мәселе дұрыс шешімін таппайынша, ілгері басудың
мүмкін еместігі айқын еді. Газет бетінде қалың малға тыйым салынғаны,
қалың мал бергендер заң жүзінде жазаланатыны басты тақырыптардың біріне
айналды. Әйел теңдігі жолындағы күреске газет бас болып араласып, белсене
атсалысты, қыруар іс тындырды. Қазақ әйелдерінің теңдік алғандығы заң
жүзінде жарияланса да, әр жерде кездесіп қалатын сан алуан ауытқуларды,
ескілік сарқыншақтарын газет үнемі сынап отырды. Әйелдер шын теңдік
алуы үшін оқуы керек, сауатын ашуы керек деген ұран тастады.
259
Мұндай нағыз көкейкесті де маңызды мәселені дер кезінде көтерген
мақалалардың бірі – публицистің аталмыш басылымдағы «Әйел теңдігі
туралы» жарияланымы (120). Автордың бұл мақаласында көтерген негізгі
мәселесі – әйел-ананың басына азаттық, теңдік беру. Қазақ өміріндегі
әйелдердің теңдікке ұмтылуын автор құптарлық қадам деп бағалайды. Әйел
теңдігі мәселесіне үлкен әлеуметтік, ғылыми-философиялық тұрғыдан
қараудың қажеттігін алға тартады. Көлемі шағын мақалада былай делінеді:
«Жалпы қазақ әйелдерінің теңдік алып, тепкіден құтылуы жалпы әйелдердің
сауаты ашылуына байланысты. Қашан қазақ әйелінің сауатсыздығы
жойылса, сол күннен бастап теңдікке қолы жетеді. Соның үшін әйел
теңдігін жақтайтын орындарға қазақ азаматтары жоғарғы орындардан
оқуға кісі жібергенде, қазақ әйелдерінен оқуға еркектермен бірдей кісі
жіберуге тырысулары керек. Губернияда, орталықта ашылған әйелдер
курсына бару туралы әйелдерге түсінік беріп, үгіт-насихат тарату керек».
1926
жылы
Ақтөбе
қаласында
Құдайберген
Жұбановтың
режиссерлығымен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. Осы
оқиғадан кейін «Еңбекші қазақ» газетінде оның елеулі публицистикалық
туындыларының бірі – «Біз де ұлт театрына қарай маңдайладық» деген
сыни-библиографиялық мақаласы жарияланды. Публицистикалық мақаланың
негізгі желісі – желтоқсан айының аяқ шенінде Ақтөбе қаласындағы қазақ
қызметкерлерінің жиналып, бас қосып, қазақ сахнасын құралдауды қажет деп
санап, қиындықтарға қарамастан, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойып, мәдени
өмірге тың жаңалық әкелуі.
Мақалада қомақты ойлар айтылған. Автор шенеуніктердің қаракетсіз
отырғанын батыл сынайды: «Бұған қаржы жинау үшін губерниялық ішкі
сауда бөлімі басындағы жолдастардың өздеріне керек сахна түгел
болғаннан болса керек, мұндай игі іске маңдайлаған уақытта бір суыртпақ
жіп те болса ырым қыла алмады». Публицистің айтуынан жұрттың өнерге
деген ықыласының жоғары деңгейде болғаны сондай,ойынға келген
адамдардың театр үйіне сыймай, көбіне билет жетпей қалғанынан хабардар
боламыз. Өнер өлкесіне бет бұрғандардың сахнаға әр беруге бар күшін
салғанын аңғару қиын емес. «Тек ыңғайсыздық – баяғы қақсай беретін киіз
үй декорациясында болды, – дейді автор білгірлікпен, – Шым-шилі, бау-
басқұрлы ақ боз үйдің орнына шоқиған қараша үй тігілді». Аталмыш
мақалада сахна декорациясы ретінде киіз үй проблемасы жан-жақты сөз
болады. «Қызылорда өзінің жасатқан үйінің моделін жіберсе, тәуір болар
еді», – дейді автор. Публицист мақаланың нүктесін: «Өстіп біз де ұлт
театрына қарай маңдайлап келеміз», – деген сөйлеммен қояды. Бұл жерде
публицистің соны көзқарасына тәнті болмасқа лажың қалмайды. Өйткені,
«ұлт театрына қарай маңдайлау» мәселесі әлі күнге дейін өзекті
мәселелердің бірінен саналады.
Араға бірнеше жылдар салып, дәл осы тақырыпқа «Первый серьезный
успех казахского драматического театра» (Қазақ драма театрының алғашқы
күрделі жеңісі) атты мақала жазуы да оның жүйелілікті қатаң ұстанғандығын
260
айқын аңғартады. Бұл жолы қаламгер М.Әуезовтің «Түнгі сарын»
пьесасының қойылымы туралы қалам тербейді. «Түнгі сарын» – 1916 жылғы
Қазақстандағы ең үлкен көтерілістің шынайы бейнесін суреттеп берген пьеса.
Публицистің көтерілістің тарихи маңызына берген бағасы назар аударарлық:
«1916 жылғы көтеріліс әр жерден тиіп-қашып, тұтанып басылған
кездейсоқ көтеріліс емес, бүкіл қазақ елін тұтас көтерген ұлы қозғалыс
болды». «Ұлы қозғалыс» жайындағы қойылымды іштерінде көтеріліске
қатысқандары, өз көздерімен көргендері бар Бүкілқазақстандық ІХ сьездің
делегаттары тамашалаған. Солардың арасында Қ.Жұбанов та болды.
Спектакль барысында кемшіліктер байқалып тұрғанымен, келешекте
театрдың осы ұжымының өзі-ақ жетілдіруге мүмкіншіліктері бар екені
көрініп тұр. Театр негізінен пьесаны меңгерген, оның алдында тұрған
мақсатты да түсінген, автордың ой-түйінін іске асыра білген. Бұл – театр
ұжымының өз жұмысына тыңғылықты қарағанының белгісі. ««Түнгі сарын»
пьесасы арқылы театр өзінің творчестволық бағытын анық бекітіп отыр».
Бұл – публицистің кең қамтып, фактілерді жинақтауға көңіл бөлгендігін
байқатады. Мақаланың басты құндылығы – «Түнгі сарынның» көзге түсіп
тұрған кемшіліктеріне қарамастан, театрдың бағытын айқындайтындығына
тоқтала келіп, «алдыңғы қатарлы театрлардың қатарына жету үшін көп
қиындықты жеңуі қажет» екендігін арнайы атап көрсеткендігі.
Қалың көпшілікке баспасөздің қадір-қасиеті туралы мол мағлұмат
беретін материалдардың бірі – публицистің «Газет – көпке ортақ» атты
мақаласы. Мұнда автор газет тақырыбын тереңнен қозғап, ондағы көтерілетін
мәселелердің оқырман назарын аударуының жай-күйіне тоқталады. Көптің
көкейінде жүрген мәселелерді көрсете білген газет қана оқырманға жол
табатынын атап көрсетеді. Қай газеттің де оқырманымен күшті екеніне баса
назар аударады.
Публицистің қаламгерлік қарымын байқататын елеулі туындыларының
бірі – «Таңжарықтың қуанышы» атты әңгімесі. Әңгіменің деректік негізі
басым екенін аңғару қиын емес. Шұғылалы өмірге қолы жеткен кедей
Таңжарықтың қуанышы көркемдік тұрғыда бейнеленген.
«Кедей» газетінде жарияланған «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір»
памфлеті кезінде оқырмандардың жата-жастана оқитын көзқуаныш
туындысына айналды (121). Памфлеттің басты кейіпкері – ел кедейі
Құрмантай. Оның жасы қырықтың қырқасынан асқанша көрген азабын айтып
тауысу да қиын. Ең алдымен, басты кейіпкер – Құрмантайдың «төрт
қызығын», «мың бейнетін», «жарық өмірді» күтер, аңсар арманын автор
жетік біледі. Публицист кең көсіліп, ой тастап, пікір қозғайды.
Құрмантайдың қылықтарын автор былай санамалайды: «Қарақожалақ тары
көжені тоя ішіп алып, тырнақтай түйіншектегі темекінің ірігіне сақарды
молырақ қосып, оны алақанға салып, сулап, қос бармақпен пашұр-пұшыр
басып уқалап, тіл астына салып жібергендегі мардамсыған күйі», «... бұл
өмірде ұйқыдан тәтті де тәттілік бар ме екен!», «... қызыл шоққа қып-
қызыл боп қызған тасты саптыаяққа толтыра сауған ешкінің қою сүтіне
261
салып жіберіп, «қор-р-р» еткізгендегі мұрныңа бу аралас кірген көңірсі иісін,
оны ішкендегі дәмін сағына «қандай еді?» – деп аңсайды». Бұл памфлетте,
жоғарыда келтіргеніміздей, іліп алар, тұзы татитын сөз, пікірлер баршылық.
Қоғамның қуыршағына айналған ауыл кедейінің басындағы күй – тегеурінді
зілдің нақты көрінісі.
Қ.Жұбанов публицистикасындағы елеулі із қалдырған, кезеңдік
туындысы ретінде бағалануға лайық «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір»
памфлеті әкелген тақырыптық және жанрлық, стильдік жаңалықтарды
сараласақ, өзгешелігі айқын білінеді. Алдымен автор өзі көтерген болмыстың
терең мәнін, зиянды сырын аңғара білген. Қоғамның жекелеген мүшелерінің
санасындағы, тәртібіндегі ескінің қалдықтары әлеуметтік-саяси деңгейге
дейін жеткізіле суреттелген. Оқырмандар тарапынан суреттелген оқиғаға
деген ашу-ыза, өшпенділік, қарсы күреске құштарлық сезімін оятады.
Шығармашылық кемелдікке бет бұрған публицист сол кезеңде шығып
тұрған «Қазақ», «Алаш», «Еңбекші қазақ», «Кедей», «Тілші» газеттерінде
үздіксіз жарияланымдарымен көрініп, өзінің публицистикалық қалам
қайратын шыңдай түсті. Сол кездегі қазақ саяси өмірі мен қоғамдық ойының
белсенді өкілдерінің ұлттық басылым төңірегіне тоғысуы кездейсоқ жағдай
емес еді, оларды бірлесе қимылдауға, қосылып іс-әрекет жасауға итермелеген
ғасыр басындағы қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси ахуал, елдің ауыр халі
болғанына көзіміз енді жетіп отыр. Аталмыш басылымдар сол кезеңнің
шындық шежіресі, өмірлік айнасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар
қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосқан,
болашаққа бағыт-бағдар берген қоғамдық ойдың өлшемі еді.
Публицистің ойлы мақалаларына ғылыми-танымдық қуаттың молдығы
тән. Өзіндік стильдік ерекшеліктер де қалыптасқаны байқалады. Мысалы,
ойды ашық айту, сөйлемдерінің оқырманға ұғынықты етіп құрылуы, пікірін
неғұрлым негіздеп, дәлелдеу тән болып келеді. Ғылыми жүгі ауыр
жарияланымның өзінде көтеріңкі публицистикалық сарын басым.
Қаламгердің ғылыми публицистикасы жайында айтқанда, бұл туралы
М.Әуезовтің пікірін келтіруді жөн санаймыз: «Оның журналистік,
публицистік қабілеті, әдебиет, мәдениет қазыналарын терең білетіндігі,
ғылымның көптеген салаларына байланысты өрісі кең білімі өзінің
мамандығы болып кеткен тіл білімімен астасып, жігі білінбей ұштасып
жататын-ды» (2).
Ғалым-публицист ғылыми ой-пікірлердің қалың көпшіліктің жылы
қабылдануына айрықша көңіл бөлді. Қаламгер ғылыми публицистикаға бет
бұрғандықтан да «Қазақ тілінің ғылыми курсы» жөнінде лекция оқығанда
бұл бағыттан айнымайды. «Политехникалық мектеп» журналында
жарияланған «Қазақ тілі фонетикасының» «Бет ашарын» публицистикалық
ой-толғам түрінде жазды. Қазақ тілін зерттеудің сол кездегі жағдайында:
«Қазақ тілі осы уаққа шейін жүйелі түрде тексеріліп, ғылым тезіне
түспеген тіл», – деп дәл анықтама берді. Объективті тұрғыдан қарастырып,
қазақ тілін зерттегендердің ешқайсысын да ұмыт қалдырмай атап өтеді. Отар
262
елдің тілін тексерген миссионерлерді, күншығысшыл оқымыстыларды,
қазақтың ескі оқығандарын, берідегі жастарды – бәрін де санамалайды.
Публицистің топшылауынша, «қазақ тілін зерттеу жұмысы ғылым жолына
салынбаған, ғылым сатысына көтерілмеген, « кустаршылдықтан»,
домбалдап соғудан құтыла алмай келе жатыр. Алдарыңызға тартылып
отырған «лекциялар» осы жолға тамшыдай да болса пайдасы тимес пе екен
деген бір тәжірибе ғана. Оның үстіне мұның шын зерттеу түрінде болмай,
студенттерге оқылған лекциялар болуы, қалың мұғалімге түсінікті қылу
үшін жеңілдетілген кескін алуы керек болды...».
Жоғарыдағы ойлардан Қ.Жұбановтың ғылыми публицистикасының
қалың көпшілікті баурап алуының сырын ұққандай боламыз. Өйткені, ғалым-
публицистің аталмыш еңбекті дайындағанда ұстанған басты принципі, өз
сөзімен айтқанда, оның «қалың мұғалімге түсінікті қылу үшін жеңілдетілген
кескін алуы» керектігі. Біздің аталмыш ғылыми еңбектен публицистикалық
пайымдауларды
мол
кезіктіретініміз
де
осы.
Оның
ғылыми
публицистикасының күші де осында. Ғылыми публицистиканың қажетті
шарттары ретінде оның нақты ғылыми деңгейге сәйкестігі, өзектілігі,
ақпараттық-деректік қуаты, фактілерге қойылатын қатаң талабы, талдау
тереңдігі, тұжырымдардың әбден негізделуі, әдеби-көркемдік сапасы
аталады. Біз талдаған қос еңбек қай жағынан алсақ та, осы шарттарға толық
жауап береді. Осыдан кейін оның қазақ ғылыми публицистикасының тұнық
бастауында тұрғаны жөнінде айтуға болады.
Қаламгер еңбектерінің басты ерекшеліктерінің бірі – тілінің
жатықтығы, өзекті мәселені бұқараға ғылыми-көпшілік тұрғыдан түсінікті
жазуы
Қ.Жұбановты
қазақ
ғылыми
публицистикасының
негізін
қалаушылардың бірі деп тануға негіз болды. Біріншіден, ғалым-публицистің
қаламгерлік қарымының басты ерекшелігі ретінде ғылыми негізделгендігі,
оқырманға барынша жатықтығы, көпшілікке ұғынықтылығы саналады.
Екіншіден, ғалым жарияланымдарының ғылыми тереңдігін баса көрсетуге
болады. Үшіншіден, публицист ойының батылдығы, таным-түйсігінің
кеңдігі, ой-өрісінің ғаламдық сипатта танылуы. Төртіншіден, қазақ тілінің
фонетикасы, грамматикасы, жалпы тіл білімінің кейбір мәселелері, қазақ
жазуы, орфографиясы мен терминологиясы, қазақтың ұлттық әдеби тілінің
дамуы мен тарихы ғылыми-көпшілік, танымдық тұрғыдан білгірлікпен
жазылуы. Бесіншіден, «Буын жігін қалай табуға болады?», «Абай – қазақ
әдебиетінің классигі» атты еңбектерін ғылыми публицистиканың озық үлгісі
ретінде қарастыруға болады. Қысқасы, публицистиканың ғылыми көсемсөз
сияқты таңсық та өзіндік ерекшеліктері мол саласының бастауында
тұрғандығы ғалымның қаламгерлік шеберлігінің нақты дәлелі болып
табылады.
Қ.Жұбанов публицистикасы оқырманның заман талабына сай, өткір
тақырыптарға құштарлығын қамтамасыз еткендігімен ерекшеленеді. Оның
публицистикалық туындыларында терең де жан-жақты ойлар ерекше орын
алады. Сондықтан да публицистикалық туындыларының құндылығы туралы
263
сөз бола қалса, алдымен оның мазмұндылығы ойға оралады. Әдетте
публицист өз туындысының мазмұнында өзінің ой-пікірлерін қорытады,
белгілі бір анықтаманы алға тартады, байқап-көргендерін баяндайды,
фактілер мен дәлелдерді келтіре отырып, ой-пікірін сипаттайды, ұсыныстар
жасайды, талап қояды, тілек білдіреді, үндеу тастайды, кеңестер береді.
Публицист ойы батылдығының тағы бір дәлелі мынадай топшылауынан
байқалады: «Ел – елдің ілгері басып, жұрт қатарына қосылуы мен озат
шығуының адам тарихы бұрын бір-ақ жолын білуші еді. Ол
қазақтыңмақалымен айтқанда, «біреу өлмей, біреу күн көрмейді» жолы.
Өйткені, бір елдің ырысы екінші елдің сорына байланысты еді... Бұл жөнінде
ескі замандағы «тұрпайы» дәуірдің «тағылықтарынан» ХІХ ғасырдағы
«көргенді» елдердің адамшылығы өзге болған емес. Жалғыз-ақ айырма сол –
мәймөңкеге шорқақ, кәрі заман елдері қылығын қымтамай, ашып айтатын
еді, бүгіндегілер бүркеншікті сүйеді» (122). Мұның өзі құбылыстардың,
оқиғалардың, фактілердің себептері мен салдарын талдағанда қиялдың,
түйсінудің рөлін жоққа шығаруға болмайтындығын көрсетеді.
Қ.Жұбановтың публицист ретіндегі шеберлігін қарастырғанда, ең
алдымен байқалатыны – тақырып қоюға жауапты қарайтындығы, сол кездің
өзінде жазған материалына жақсы тақырып табуды өнер деп санағаны, бір
тақырыпты екіншісіне ұқсатпауға тырысатындығы. Қарымды публицист
қойған тақырыптардың ең басты ерекшеліктері – ұстамдылығы, жылылығы,
халыққа
түсінікті
болуы,
қарапайымдылығы.
Терең
ғылыми
публицистикалық мақаласының тақырыбы да қарапайым екендігі
сүйсіндіреді. Публицистің тақырып қоюдағы даралығының тағы бір қыры –
қысқа қайыруға ұмтылатындығы. Тақырып қысқа қайырылғандықтан, жеңіл
оқылады.
Қ.Жұбановтың публициске тән өзіндік дүниетанымына сай өмірді
көркемдік заңымен игерудің жолын да тез меңгерді. Қ.Жұбанов ғылыми
публицистиканың теңдессіз үлгісінде жазды. Айрықша сипатқа ие ғылыми
публицистикасының өзіндік ерекшеліктерінің бірі – оның жаңашылдығы.
Бұл ретте зерттеуші А.Нұрадиновтың: «Профессор Х.К.Жубанов был
впереди своего времени,предвосхитил изучение многих явлении языкового и
речевого порядка», – деген пікірі қолдауға тұрарлық деп білеміз (123).
Қ.Жұбанов публицистикасына тән шығармашылық даралық, өзіндік
қолтаңба, ешкімге ұқсамайтын соны үрдіс, лингвистикалық әлеует – талант
тегеурінділігінің айғағы. Стильдік жағынан да, шығармаларының
композициялық құрылымы жөнінен де, айшықты ойлау тұрғысынан
қарастырғанда да, дәлелдемелер жүйесі бойынша да және полемикалық
үрдісті қатаң ұстанатындығы тұрғысынан да қайталанбас өзгешелігін
танытады. Ұлттанушы-публицистің қазақ елінің басын біріктірген,
ыдыратпай ұстаған жайттар жөніндегі тұжырымды ойлары бүгінгі күндері де
маңызын жоймағандығы айқын. Қ.Жұбановтың тұжырымдарына сүйенсек,
біріншіден, шаруашылығы бірыңғай мал өсіру болғандықтан да, бірігіп
қорғау қажеттілігі туындайды; елдің ат арқасына мінері тегісінен әскерде
264
болғандықтан да, олардың ауызбірлігі мықты болды; екіншіден, көшпелі мал
шаруашылығы мен жер-мүлкінің ортақтығы адамдардың бір-бірімен
араласуына мүмкіндік берді; үшіншіден, рулардың арасындағы қонысқа,
басқаға талас та үздіксіз араласып, жарасып тұруға қолайлы жағдай туғызды;
төртіншіден, әр рудың ішкі қатынасы үзілмей отырғандығы да оң ықпалын
тигізді.
«Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» еңбегінде де Қ.Жұбановқа тән
қасиет – нені зерттесе де қопара, қотара зерттейтіндігі айқын көрінді.
Әсіресе, ғалым-публицистің тілдік материалдарды жалаң күйінде
қарастырмай, оны сол кездегі тілге қатысы бар мәселелермен, саяси-
экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайлармен байланыстыра,
сабақтастыра отырып қарастыруы, яғни тілді мәдениеттің өлшеуіші деп
тануы, тілдің өркендеуін – дамуымыздың, өсуіміздің басты өлшеміне балауы
сонылығымен ерекшеленеді. Атап өтерлік жайт – аталмыш мақалада
ұлтжанды Қ.Жұбановтың осы кезге дейін белгісіз болып келген өткір, саяси
сипатқа ие, публицистика тілімен баяндалатын соны ой-толғаулары хатқа
түскен.
Құдайберген Жұбанов публицист ретінде ХХ ғасырдың басындағы
қазақ зиялыларының алдында тұрған шешімін таппаған көптеген мәселелерді
қаузауға атсалысты. Бұл мәселелердің қатарында мыналарды атауға болады:
саяси жағынан артта қалушылық, кенже дамыған мәдениет, кенеуін
келтіретін шаруалары мол оқу-ағарту, әлсіз дамыған шаруашылық, төмен
дәрежедегі әлеуметтік тұрмыс, елдің ендігі жүретін жолы. Публицист
күнделікті өмір ағымына ілесіп, бұған үн қату үшін, өз ойын жедел
жеткізетін журналистика саласында қалам тербеді. Қазақ ұлтының ауыр
тағдыр-талайын көрсете алды.
Ой батылдығы Қ.Жұбанов публицистикасын ерекшелендіріп тұрған
жайттардың бірінен саналады. Терең біліммен ұштасқан білгірлік ой
батылдығының
бастауындай.
Қаламгердің
публицистикалық
шығармашылығын айқындап тұрған ерекшеліктердің негізгілерінің бірі –
өзекті ғылыми идея. Автор өзекті ғылыми идеяны түпқазық ретінде
ұстанады да танымдық қуаты жағынан мықты шығармаларды дүниеге
әкеледі. Тағы бір стильдік ерекшелік – жұртшылыққа арнап жазып
отырғандығын айқын сезінуі, оқырманмен арадағы байланыстың көзге
көрінбес жібінің жалғасын тапқандай. Мұның өзі публицистің өмірлік
тәжірибесінің молдығынан, қалам қуатының мықтылығынан байқалады.
Оқырманға ақыл айтудан, оған өзінің пікірін күштеп таңудан аулақ, қайта
өзінің дәлелдерін оқырман өзімен бірге ойланатындай рәуіште ұсынады.
Қ.Жұбанов публицистикасы жанрлық жағынан да сан қилы сипатта
көрінді. Қаламгерлік қадамын дербес заметкадан (ескертпе) бастап, кейінірек
қаламы төселіп сарабдал мақалалар, өткір фельетон жазуға ден қойды. Сол
кезеңнің айшықты суреттерін айна-қатесіз көз алдыңа келтіретін памфлеттері
де, оқырмандар тарапынан жылы қабылданған фельетондары да
жұртшылықты баурап алды. Ол сол кездің өзінде баспасөз бетіндегі
265
пікірталас мәдениетін толық меңгерді. Ұтымды ойлар мен кемел пікірлерді
қажет жерінде ретімен айта алды. Өзінің білімінің тереңдігін, білгірлігін
аңғартты. Бір ғажабы – оның өзіндік стилін ешкіммен шатастыру мүмкін
емес.
Қ.Жұбанов публицистикасының түп-төркініне үңіле, оны туындатқан
себеп-салдарларды зерделей, парасатты публицистиканы қалыптастырған
бастау-бұлақтарды көрсете, теориялық негіздемелерін тиянақтай, жан-жақты
қарастыра отырып, төмендегіше түйін-тұжырым жасауға болады:
Біріншіден, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жерінде қалыптасқан
ерекше қоғамдық-саяси ахуал (1916 жылғы ұлттық-азаттық көтеріліс, 1917
жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық және Қазан революциялары,
Алаш қозғалысы және азамат соғысы) бір мақсатқа тоғысқан, пікірлері ортақ
тұғырлы тұлғалардың қазақ публицистикасына араласуына негіз болды. Бұл
үдеріске өнімді араласқан тұлғалардың бірі – қазақ тіл білімінің көрнекті
өкілі Құдайберген Жұбанов сол кезеңнің өзекті мәселелері жөнінде
тынбастан қалам тербеді. Алғашында әкімшілік-мәдениет орталықтарынан
шалғайда жүргенімен, елде болып жатқан елеулі оқиғаларға азаматтық
ұстаным тұрғысынан үн қатты.
Екіншіден, өркениеті үлгілі, мәдениетті елдерде жақсы дамыған
қолжазба журнал дәстүріне Қ.Жұбановтың атсалысуы оның пайымды
публицист
ретінде
қалыптасуына
игі
әсерін
тигізді.
Қазақ
журналистикасындағы қолжазба журнал дәстүріне қосылған үлес ретінде
публицистің «Тез» және «Ай» басылымдарын ұйымдастырып, қаламын
машықтандырғанынан байқауға болады. Аталмыш қолжазба журналдары көз
көргендердің куәлігіне қарағанда сол кездің өзінде ағартушылық сипатпен
шектелмеді, әлеуметтік мәселелерді көтере білді және орыс әдебиетінің
жауһарлары тұңғыш рет аударылды. Жұрт эстетикалық жағынан ғана
сусындап қоймады, сонымен қатар әлеуметтік теңсіздік туралы өз ойларын
ашық білдіруге мүмкіндік алды.
Үшіншіден, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-
әлеуметтік ойының көшбасшысы болған «Қазақ», сондай-ақ «Алаш»
газеттеріне Қ.Жұбановтың автор ретінде қатысуы да оның рухани
таңдауының дұрыстығын айқын аңғартады. Кезең тудырған ұлт
зиялыларының өкілі ретінде аталмыш басылымдардағы жарияланымдары
арқылы өз халқының болашақ даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосты.
Отаршылдық бұғаудан құтылу, тәуелсіз мемлекет құру, халықтың санасын
ояту бағытындағы басылымдарға автор ретінде белсене атсалысуының өзі
публицистің қалам қарымын байқатса керек. Жерге қатысты, қазақ елінің
әкімшілік және сот құрылымына байланысты, оқу-ағарту ісінің жай-күйін
арқау еткен жарияланымдары оқырмандарға ықпал-әсерін тигізгендігі анық.
Төртіншіден, Қ.Жұбановтың 20-30 жылдардағы халық ағарту, басқа да
әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерген жарияланымдары қазақ
публицистикасына соны леп әкелгендей әсер қалдырады. Бұл кездегі
жарияланымдарынан тақырып аясының кеңігені, әлеуметтік мәні зор
266
мәселелерге деген тың көзқарасының қалыптаса бастағаны айқын
аңғарылады. Халық ағарту тақырыбына жазылған публицистикалық
жарияланымдары өзекті мәселелерді тап басып көрсетуімен ерекшеленеді.
Осы саланың білікті маманы екені, қандай тұжырымды алға тартса да, соны
жеріне жеткізе отырып дәлелдеуге тырысатыны сезіледі. Сондай-ақ әйел
теңдігі, қалың мал мәселелері көтерілген тұста публицист байсалды, сарабдал
көзқарасын ашық білдіреді.
Бесіншіден, Қ.Жұбановтың өзіндік ерекшелігі, даралығы басым
публицистикалық шығармашылығын шартты түрде үш кезеңге бөліп
қарастыруға болады. Мұның өзі оның бай публицистикалық мұрасын терең
талдауға мүмкіндік береді. Публицист шығармашылығының әр кезеңі өзіндік
ерекшеліктерге толы. Дәуір шежіресін шынайы жазу машығы байқалады.
Тереңнен толғап ой айту, жылдар өте келе жарияланымдарының жүгі
ауырлай түсуі заңдылық сияқты көрінеді. Шартты түрде бөлінген алғашқы
кезеңге
машықтану,
қалыптасу
тән
болса,
екінші
кезеңде
жарияланымдарының ауқымы кеңейіп, күрделі мәселелерді арқау ету игі
үрдіске айналады, ал үшінші кезеңде публицист соны қырынан танылады,
өрелі ойларды батыл білдіріп, ғылыми терең публицистиканың
жауһарларымен сусындатады.
Алтыншыдан, Қ.Жұбанов қазақ публицистикасындағы көшелі ой-
танымдарды қажетсінетін ғылыми публицистиканың бастауында тұрды.
Мұның өзі ғылыми ой-пікірлердің қалың көпшілік тарапынан жылы
қабылдануы қажеттігінен туындады. Ғылыми идеяларды қалың көпшілікке
ұғынықты стильмен баяндаудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Публицист
қаламынан шыққан ғылыми публицистика нақты ғылыми деңгейге
сәйкестігімен, өзектілігімен, ақпараттық-деректік қуатымен, фактілерге қатаң
талап қойылуымен, талдауының тереңдігімен, тұжырымдардың барынша
негізделуімен, әдеби-көркемдік сапасымен ерекшеленетіні – осының айқын
дәлелі.
Жетіншіден, Қ.Жұбанов мәселені терең меңгерген ұлттанушы-
публицист ретінде танылды. Публицистің әлеуметтік тұрғыдан ой толғауы
дәл қазіргі кезде жазылғандай ұлт болмысын терең түсінуге, ұлтаралық
қайшылықтарды саралауға қолғабысын тигізеді. Ұлттардың, мәдениеттердің
байланысы жөніндегі толғамдары қазір де өзінің құндылығын жойған жоқ.
Сегізіншіден, Қ.Жұбанов публицистикасы жанрлық жағынан әрқилы
болып келеді: очерк, фельетон, корреспонденция, эссе, шолу, мақала,
рецензия және басқалары. Тақырыптық жағынан оның бай публицистикалық
мұрасын былайша айқындауға болады: 1) ғылыми; 2) қоғамдық-саяси; 3)
шаруашылық-өндірістік; 4) мәдени-ағартушылық; 5) көркем-әдеби. Ғылыми-
публицистикалық шығармаларындағы көтерген проблемалар да сан қилы: 1)
фонетика; 2) қазақ тілінің грамматикасы (морфологиясы мен синтаксисі); 3)
жалпы тіл білімі мәселелері, 4) қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің тарихы
мен дамуы; 5) қазақ жазуы, орфографиясы, терминологиясы; 6) оқулықтар,
267
оқу бағдарламалары, оқыту әдістемелері; 7) мәдениет пен өнер мәселелері; 8)
қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық проблемалары.
Тоғызыншыдан, публицист Жұбановтың шеберлігі оның талдауының
тереңдігінен, редакторлық ескертпелерінен, полемикалық үрдісті жетік
меңгергендігінен, тақырып қоюдағы даралығынан, стиліндегі өзгешеліктен
айқын байқалады.
Қазіргідей өзіміздің тарихи тамырымызды аршып жатқан кезеңде
ғалымның бай публицистикалық мұрасын терең және жан-жақты зерттеліп,
қалың көпшілікке кеңінен таныстырыла бастады. Өйткені, оның
публицистикалық шығармалары өз ұлтына жаны ашитын ғалым-публицистің
қайраткерлік тұлғасын танытады. Ол заманының «шектеулі мүмкіндігіне»
қарамастан, қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін жан-жақты саралап
көрсетті, өзекті мәселелердің сырын ашты, халық ішінде қоғамдық пікір
орнықтырды,
түйткілі
көп
нәрселерге
жұрттың
көзін
жеткізді.
Жарияланымдары арқылы қазақтың намысын жануды, іс-әрекетіне қозғау
салуды мақсат тұтты. Бодандық бұғауындағы елдің санасын сілкінтуге
айтулы үлес қосты. Дегенмен, Қ.Жұбанов өмір сүрген кезеңде әлі
«ғылымдардың түйісуі» туралы сөз бола қоймаса да, публицист мұны
жаңашылдықпен сезініп үлгірді. Публицист шығармашылығының басты
ерекшелігі айқын байқалды. Мұның өзі қалың көпшіліктің арасында ілімді
кеңінен насихаттауға сайды. Қаламгер публицистикасы әлі күнге дейін өзінің
өзектілігін сақтағанымен, жаңа заманның ақпараттық талабына сай
келетінімен, фактілерді талғап, таңдап алуымен, ой-толғам тереңдігімен,
дәлелдерінің негізделуімен, әдеби-көркемдік деңгейінің жоғарылығымен
ерекшеленеді. Публицист салғаннан ғылыми публицистика оқырмандарға
ұғынықты, түсінікті тілмен жазылуы керектігін, әрбір толғанысынан сәулелі
ой ұшқыны шашылуы қажеттігін тап басып таныған сыңайлы.
М.Әуезовше қисындасақ, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында:
«Газет, журнал жалпы әдебиетпен қосылған жерде елдің қисығын түзейтін,
тез-терісін көрсететін айна, ойы мен көңілін білім жарығына қарай айдайтын
айдаушы» болды (124). Осындай өзінің рухын үнемі елге ұғымды етіп, түзу
жолмен аумай жүріп отырған газет, журналдар көп болмаса да, бұл іске
Қ.Жұбановтай публицистер білек сыбана атсалысты. Қазақ оқырманының ой-
сезіміне азық боларлық жаңа түр, жаңа үлгі қалыптастырды. Қандай тілге бай
жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, бөтен
жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі әлеміштенген. Қазақ баспасөзінде
бұл үдерістің зардабын азайтуға үлес қосқан ғалым-публицистердің бірі
Қ.Жұбанов болды.
Қазақтың әдеби тілінің тарихын зерттеген академик Р.Сыздықованың
пайымдауларына ден қойсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ тілі қоғам
өмірінің барлық жағын суреттей алатын мол, тұрақты сөздік қорымен
ерекшеленді, «...бұл кезеңдегі публицистика тілі мен жартылай ғылыми
стильге тән белгілердің бірі – аналитикалық тәсілді жиі пайдалану», –
болғаны анық (125). Демек, ғалым публицистикалық стиль мен ғылыми
268
стильдің арасындағы жақындықты жоққа шығармайды. Құдайберген
Жұбановтың ғылыми публицистикасы осының нақты көрінісі іспетті.
Түйіндей келе, Қ.Жұбановтың ғылыми публицистикасының басты
сипаттарына тоқталуға болады: біріншіден, қандай ғылыми тұжырымды алға
тартса да, айқындықтан айнымайды; екіншіден, жарияланымда келтірілген
ой-пікірлер ұғынықтылығымен ерекшеленеді; үшіншіден, қандай пікір
болмасын көркемдікпен беріледі; төртіншіден, публицист қисындауларының
қай-қайсысы да философиялық терең мағыналылығымен танылады;
бесіншіден, баяндаулардағы поэтикалық қуат-қарымы оқырманды баурап
алады.
Демек, Құдайберген Жұбановтың тегеурінді шығармашылығы өзіндік
дәстүрі бар, ерекшелігі мол күрделі құбылыс ретінде қазақ публицистикасын
зерттеушілердің нысаны болып қала бермек. «Халықтың ақпаратты еркін
алуы, оның мазмұнының әртүрлі көзқарас тұрғысынан бағалануы, әртүрлі
көздердің қамтылуы қоғамның дамығандығынан, өркениеттілік дәрежесінен
хабардар етеді», – (126, 28) деген ғылыми тұжырымға сүйенсек, публицист-
ғалымның шығармашылығы алдағы уақытта да маңызын жоймақ емес.
«Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдағы, экономикадағы және іскер
топтардағы күштердің арасалмағын айқындайтын құрал», «журналист қандай
мәселені қаузаса да парасат шеңберінен шықпауы керек» (127) деген бағыт-
бағдар ұсталынып отырған кезеңде Қ.Жұбанов публицистикасының
тағылымы да жасампаздыққа қызмет ете бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |