АйтЫстЫң АЛхИМИгІ
Екі-үш жылдың алды болу керек, айтыс өнерінің бүгінгі деңгейге
жетуіне көп күш жұмсаған көрнекті ақын Жүрсін Ермановқа отызға
жетпей опат болған Оразалы сақи Досбосынов туралы мақала жазып
беруге қолқа салдық. Бірақ, Жүкең келісім берген мезгілден мақаланы
кешіктіре берді. Бір-екі мәрте қоңырау шалдық. Күндердің күні Жүкең
редакцияға келді, қолында «Құлмамбеттің құлыны» дейтін дегдар эссе
бар.
«Әй, інім-ай, Оразалы туралы жазу маған қаншалықты азап екенін
сезінесің бе? Жағымды сауып отырып Жарылқасынның баласы жайлы
естелік жазу үш ұйқтасам түсіме кіріппе еді?» – деп басталатын
құсни-хат жоқтаудың кешіккендегі мінәйі себебін сонда барып
түсіндік. Жадымызға Әбдіраштың Жарасқанының Сағат Әшімбаевтың
болмысына қашаған:
– Мақтау өлең жазайын деп жүргенде,
Жоқтау өлең жазғызғаның неткенің? – дейтін эпитафия жолдары
орала берді.
Тұл айғырдың құйрық тұқылындай ғана мынау бес күн жалғаннан
Оразалы шайыр Досбосыновтың көшкеніне де төрт жылдың жүзі
болыпты-ау...
Қазақтың алдаспанына баланатын айтыс өнерінің тарихында 2004
жылдың 31 қазаны қаралы күн болып қалды. Сонау Кеңестер дәуірінің
кемесі бодан ұлттардың РУХ атты алып айсбергіне соғылып қайрандап
қалған шақта, ескі мен жаңаның тартысы шарпысып тұрған тұста
кебісін өкшелей кисе де ұлттық жауапкершілікті анық сезінген қазақ
руханияты Азаттықтың көк туын тіктеуге көмекке келді. «Жүрегім мен
зарлымын жаралыға» деп ысқышынан от шашқан қобызын қолына
алып Бекболаттың күңіренгені сол тұс болатын. Көмейіне күн сәулесі
түскен Рамазан әншінің майдақоңыр әуені Алты алаштың желбіржекен
жұртын өз ырғағымен әлдилеп бастаған шағы. Бұл – нарық пен
наубайхананың екі ортасын жол қылған қалың бұқараның кітап
патшалығынан алыстап қалған кезі еді. Сол тұста осы бір бос қалған
кеңістіктің бір пұшпағындағы рухи міндетті атамұра айтыс өнері қолға
алды.
Бұл, бәлкім, үлкен сөз болып шығуы да мүмкін, алайда айдың
қиығындай ғана ақиқат осы.
Қайта құрудың «қызуы» буынға түсіп, қос қоғам қалың әлеуметті
қақпақылға салып жатқан әлгі бір елең-алаң тұста талантының түбінде
қалғып жатуды қош көрмеген баһадүрлер алдаспанын оңды-солды
сермеп айтыс аламанына лап қойды. Олар осы бір арда өнерге бетбұрыс
әкелуден бұрын, халықтың басылып қалған рухын көтеруді алдарына
39
бағдаршам етті. Айтысты мазмұн жағынан ғана емес, пішін, түр, ұлттық
ұстын, дәстүршілдік, қыл аяғы жариялылық тұрғысынан түбегейлі
өзгертуге қадам жасады. Ол жемісті болды да. Мұны неге айтып
отырмыз? Айтыс өнерінің бүгінгі жасауылдарына даңғыл жол салып
берген сол азаматтардың біразының ғұмыры келте қайырылды. Олар:
атамұра өнерге тұтқиылдан «илигайлап» кіріп, қапыда қарақшылар
қолынан мерт болған жаркенттік жампоз Жандарбек Бегімбетов;
елдік мұратты, ұлттық рухты Есілдің ерке ағысының арнасымен қазақ
сахнасына шығарған, қапелімде ажал жастығына бас қойған Ерік
Асқаров; жанына Кандагар мен Кабул ерте жара салған, әзіз басын
айтысқа келіп көтерген жамбылдық қабылан Әзімбек Жанқұлиев.
Өкінішке қарай, ойда жоқ жерден құйрықты жұлдыздай Оразалы
ағып түсті.
Небары жиырма бір-ақ жасында тағдыр-тұзы таусылған жамбылдық
Артығали Ыбыраевтың:
– Адамдар сыйған табытқа,
Ақындар бір-ақ сыймайды, – деген жыр жолдары жүректі жиі
түрткілейді.
Біз кейде жалпақшешейлікке салып, шағармашылық тұлғалардың
өзіне лайықты бағасын бермей жатамыз. Қазақ өлеңінде орда бұзар
шағына дейін өз орындарын айқындап кеткен, «сөз өнері дертпен тең»
дегенді жеріне жеткізіп беріп кеткен қос ақынның тағдыры туралы жиі
ойға қаламыз. Оның бірі – қазақ өлеңінде төңкеріс жасаған Төлеген
Айбергенов, екіншісі – Тәуелсіздіктің нәсіп етуімен қазақ айтысына
реформа алып келген Оразалы Досбосынов. Рас, айтыстың айшылық
жерге ұзап кетуіне шығармашылық ізденіс жағынан тікелей ықпал ет-
кен, уақыт өте келе бетбұрыс жасағанын өздері де сезінбей қалған
саусақпен ғана санарлық азаматтарды біз ілкіде бір санамалап
шыққанбыз, қайталауды да ар көрмейміз. Олар: Мұхаметжан Тазабеков,
Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов және Балғымбек Имашев.
Әрқайсысы өз шамасы келгенше айтыстың сапалық деңгейін арттырды.
Олардың әрқайсысының өзіндік соны соқпағы, бурыл бұйраты бар
топырақтан тамыр алған таланттар.
Бүгінгі айтыс өнеріндегі өртеңге шыққан көк желектей жайқалған
жас таланттардың тәлейлі болуына, қанаттары қатаюына алдыңғы
буынның қосқан үлесі орасан. Екі жастың біріне келместен бір қолдан
жең, бір жағадан бас шығарып бүтін мектеп қалыптастыруға бар күш-
жігерлерін салған сол санаулы ғана ақындардың бел ортасында қасқа
тісінің арасынан сөз бораған қарға бойлы Оразалы марқұм да жүрді.
Әсілі, қасиеті, кепиеті де бөлек Жетісу топырағы – Қыдыр кәрияның
желе жортып бара жатқанда дорбасының түбі сөгітіліп, бір түйір дәні
қалған жер болса керек. Ұлт руханиятына ұлы туындылар ұсынған
40
кесек тұлғалар, елді-жерді қорғаудың сұрапыл үлгілерін қалдырған
батырлардың тарихи шежіресі осылай демеске лажы қалдырмай отыр.
Осындай жерасты сулары секілді бірімен бірі байланысып жатқан
құбылыстар өз әсерін бермей қоймайды екен. Қара жерді жарып
шықпайынша өзегі тыныш таппайын ең пайдалы Гейзер суын әркім-ақ
білуге тиіс. Хантәңірінің баурайын бұзып-жарып шыққан сол Гейзер
суы сынды құбылыс – Оразалы еді.
– Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегiн сақал жаппаған,
Сүйiнбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған!
Көдектен қалған бiр ұлмын,
Қаймықпай сөйлер патшадан.
Құлмамбеттен қалған құлынмын –
Халықтың өзi баптаған, –
деп боранды күні бұйдасы тозған қайықпен теңізге сапарға шықты.
Кешегі қара өлеңнен дауыл тұрғызған ұлы бабаларымыз Сүйінбай
мен Жамбылдың, Шарғын мен Таңжарықтың, Құлмамбет пен Көдек
дәстүрінің бірден-бір жалғастырушысы болған, халық ауыз әдебиетінің
қаймағы мен қайнарын қанып ішкен, таудың дана шалдары сақалына
орап жүріп өсірген Оразалы ақын қазақ айтысына абыздардың көне
сарыны мен өрдің мөлдір бұлағындай тазалықты алып келді. Суырып
салма өнердің тұма табиғатын сарайларда сан рет паш етті. Ішкі
мәдениеті мен бойын кернеген бұла таланты, қалақтай ғана бітіміндегі
бас бермес асау мінезі Жаратушының жүрегіне құйған жылы ағысын
жасандылықтан, жолбикеліктен, жәркештіктен, жарамсақтықтан ада
болуға көп септесті. Жазба өлеңдердің өзінде кездесе бермейтін
ішкі-сыртқы байланыстарда әдебиет сыншылары күтпеген ғажайып
үлгілерге барды. Жымиып отырып небір образдар түзді. Әлеуметтік
теңсіздік пен қаймана жұрттың байлығын қапыда уысына түсірген
«көлденең көк аттыларды», кішкентай ғана билігін ірі қанау құралына
айналдырған әумесер әкім-қараларды сан рет сын тезіне алды. Кешегі
ұлт мұратын өмірлік ұстанымына айналдырған Алаш арыстарының
астанасына айналған ақиқатты жыр қылды. Шымболат Ділдебаевтан
қалған шындықтың ауласына түнеді. ХХ ғасырдың ұлы ақыны
Мұқағали Мақатаевтың жырларындағы бекзадалықты, ақсүйектікті,
әщадылықты айтыс мінбесіне мүлде өзге сипатта түрлендіріп алып
шықты.
41
Екінші дүниежүзілік қырғынның бас батыры Бауыржан Момышұлы
мына бір тәмсілді күйіп кеткенде айтқан болуы керек: «Ақиқат, шындық
дейтін бар, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді». Осы бір ұлы батырдың
ұғымы қамшының сабындай ғана қысқа дәурен кешкен Оразалы
Досбосыновтың шығармашылық, азаматтық болмысында ертерек
үстемдік құрса құба-құп болар еді.
«Туған ай – тураған ет» деген рас екен, арнасынан асып-тасып,
қайта басылып өтіп жатқан өмір-дария қалақтай ғана Оразалы
Жарылқасынұлының тарихи айтыстар жасағанын сәт сайын алдымызға
әкеледі. Қайсыбір «атқа жеңіл, тайға шап» ақындар секілді бір сәттік
даңққа немесе талай ақынның талқанын тауысқан темір-терсек үшін
емес, саф өнердің өміршеңдігі үшін өлең оздырды.
Қадыр Мырза Әлі бірде: «Қазақтың ірі ақындарының тіл сындырып,
әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар
әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі
жерде ондайлар азая да бермек. Бардың нарқын, жоқтың парқын
білмеумен күресу керек» – деген еді. Біздіңше, бұл анықтама жазба
ақындармен қатар, айтыс өнерінде айрықша ізі бар айбоздарға да
арналып айтылғаны сөзсіз. Бұл тізімнің жуан ортасында орақ тілді
Оразалы шайырдың барына қапысыз сенесіз.
15 қараша келген сайын жүрегіміз әлсін-әлсін орнынан ыршып
түседі.
Ілгерідегі жылы бiр топ азамат ақынның туған ауылы – Райымбек
ауданындағы Тегiстiкке арнайы ат басын бұрды. Оразалыны есте
қалдыруға арнап үлкен айтыс өткізді. Алдағы уақытта Оразалы
Досбосыновты мәңгілік есте қалдыру мақсатында жергілікті атқарушы
биліктің көмегімен, мәслихат құрамы арқылы бірқатар шаралар өткізу
мәселесі күн тәртібінде тұр. «Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді
халық нақылы. Ал азаматын ұлықтаған ұлттың көкжиегі кестелі.
Айтыстың алхимигі – Оразалы туралы аз-кем толғанғандағы айтпақ
ойымыз да осы еді. Ал жұлдызды құйрықтай ағып өтіп, мақшар таңына
тап болғандар сәт сайын құлақ түбіңде «Тірілермен тірімін» деп
сыбырлап тұратындай... Расында, бақиға көшкен баһадүрлер жайлы
әрдайым жылы сөз айту – тірілерге міндет, парыз. Өйткені, өлгендер
қайтып келмейді...
орақ тiлдi оразалы
2004 жылдың 31 қазанында қазақтың атамұра өнерi – айтыстың
асылдан соққан алтын уығы шарт сынды. Күре жолда көлiк қирады. 29-
ақ жастағы Алаштың атпал азаматынан қапыда солай айырылғанбыз.
Етегi жасқа толған өлеңсүйер жұрт кемсеңдеп жүрiп кезеңiнен бұрын
42
туған оғылан ұлды ақтық сапарға шығарып салды. Өлеңсүйер жұрт үш
күн тiк тұрып жылады, үш жерден буып жер қойнына тапсырған да сол
әлеумет болатын. Қаралы шеру алыптардың табы қалған Жазушылар
одағынан асыл азаматтың денесiн ақ кiлемге орап тiк көтерiп алып
құтты орнына қондырды. Содан берi де сынаптай сырғып үш жыл
өтiптi-ау…
Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада
қасиеттi аспантаулар аясында, Райымбек ауданына қарасты Тегiстiк
ауылында дүниеге келдi.
Бұл өңiрдiң әрбiр тасы тұнған тарих. Тарихты тастан оқыды.
Құдайдың уысында, таудың қуысында жатқан қараша үйлерде дүние
есiгiн ашып, айдай әлемге ат оздырған тұлғалардың мұраларынан
өмiрлiк ұстанымын тапты. Халық ауыз әдебиетiнiң жауһарларын жаны
семiргенше сiңiрдi. Сiңiрiп те үлгере алмады.
ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың қуатты да асқақ
поэзиясына бас қойды. Қазақ әдебиетiнiң аса iрi классигi Бердiбек
Соқпақбаевтың суатына шөл қандырды. Көрнектi ақын Еркiн
Iбiтановтың ғажайып жырларының жағасынан қоныс тептi. Қара
қанаттана бастаған шағында адуынды ақын Қасен Саматыровтың
соңына ердi.
Мектеп жасында жүрiп-ақ үлкендердiң аузына iлiндi. Аудандық
және облысты айтыстардың алдын бермедi. Сол кездерi көздерiнен от
шашқан бiр топ жас таланттар ел-жұрттың айрықша ризашылықтарына
бөленiп жүрдi. Олар Оразалымен қанаттасып шыққан, бүгiнде өнердiң
әр саласында өз орындарын нықтай түскен Бақыт Беделхан, Есей
Жеңiсұлы, Жұматай Әмiреев, Бақыт Жағыппарұлы сынды азаматтар
болатын.
Өз отына өзi жанып кеткен асқақ рухты ақын iргедегi алып шыңға
құлаш ұрды. Шыңға шағынды. Шыңнан қуат алды. Әсiлi, таулы өңiрдiң
күн райы өте салқын келедi. Өмiр одан да суық болып шықты...
Оразалының ең алғаш жарқырап көрiнген кезi – 90 жылдардың
басы. Алматыда iрi халықаралық айтыс өттi. Сол дүбiрлi додада 9
сынып оқушысы Оразалы Досбосынов атынан ат үркетiн қырғыздың
халық ақыны Туғанбай Әбдиевтi тұралатып тастады. Әлгi бiр ел iшiнде
аңыздай болып кеткен:
«Қолымдағы домбырам –
Астымдағы ақтаңгер.
Бұл сөзiмдi бiлмейтiн,
Кейбiреулер мақтан дер.
Мақтанбай-ақ айтайын,
Астрахан да өз жерiм –
43
Абылай барып шапқан жер!
Моңғол да менiң өз жерiм –
Қазақтар малын баққан жер!
Орынбор да өз жерiм –
Шоқан бабам басқан жер!
Өзбек те менiң өз жерiм –
Жалаңтөс Баһадүр менен,
Төле би бабам жатқан жер!» –
деп шашылып түскен маржан сөз сол сахнада айтылған. Осыдан кейiн
қарқарадай сөздi қалампырдай ғана жүрегiне сыйдырған шынашақтай
ұлдың жалауы Алматының аспанында желбiреп сала бердi. Уақыт өте
келе айтыстың көшiн күнi бүгiнге дейiн жалғыз сүйреп жүрген қазақтың
қайраткер азаматы Жүрсiн Ерман жүйрiктiң шабысын жазбай таныды.
Мектеп бiтiрген соң, оқу iздеп шаһар асты. Ол да бiр қос қоғам бiр-
бiрiне жол бермей жатқан қым-қуыт кезеңдер едi ғой. Алғашқы жылы
оқуға iлiне алмады. Келесi жылдың да жылымық болғаны шамалы.
Сондай бiр қарбаласқан кездерде жас таланттың өмiр ағымынан
қалмай, өнер көшiндегi қадамының алғашқы қадасының нықтап
қағылуына азаматтық қолын созған – бұл күндерi балалар басылымын
бiрiктiрiп тұрған «Жас өркен» АҚ-ның президентi, белгiлi журналист
Дүйсен Мүсiрәлiұлы жас Оразды қолынан жетектеп қайраткер ректор
Тоқмұхамбет Садықовқа алып барды. Сөйтiп, оқуға қабылданды. Абай
атындағы Алматы Мемлекеттiк Университетiнде бiлiм ала жүрiп, айтыс
аламанында алқынбай шабуға дағдыланды.
Қазақ рухының теңдiгiн сан сахнадан ақырып сұрады.
Бiздiң ұғымымызда сол бiр алмағайып жылдары өз қал-қадарынша
қазақ айтысында төңкерiс жасаған таланттар саусақпен санарлық
қана. Олар: Мұхаметжан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков және Оразалы
Досбосынов болатын. Досбосыновтың сұрапыл да қаһармандықты ту
еткен айтыстары туралы әңгiме бөлек мақаланың жүгi.
Жылы ғана жамиып қойып жүретiн орақ тiлдi Оразалының бойынан
кешегi дауылпаз ақын һәм қолбасшы Ақтамбердiнiң, Қазтуғанның,
ұлы Махамбеттiң, Мағжанның, Мұқағалидың рухы қапысыз табылды
десек, артық айтқандық емес.
Қазақтың көрнектi жазушысы Қалихан аға Ысқақтың: «Оразалы
– көненiң көзi, асылдың сынығы, халық ауыз әдебиетiнiң аса сирек
кездесетiн алтын құймасы», – дегендi тегiн айтпаса керек. Асыл азамат
алыптар тобының соңғы тұяғындай болып жүрген Қалихан ағамен жас
ерекшелiгiне қарамастан, сырлас болып жүрдi. Бүгiнгi қазақ өлеңiндегi
iрi ақындардың бiрi Есенқұл Жақыпбековпен тағдыр тоқайластырған
тамаша сыйластықтың алтын үзiгiне қылау түсiрмедi.
44
Досбосынов тек қана айтөбелденген айтыс ақыны ғана емес, бiр
кездерде ел iшiнен аласталған халық композиторларының туындылары
мен Жетiсу әндерiнiң тамаша орындаушысы болды. Бұл күнде Алашқа
аты кеткен дәулескер әншiлердiң қатарында иi қанған иiрiмi бөлек
дәстүрлi әндердi Оразалыдан арнайы келiп үйренгендерi аз емес.
Оразалы ақын тауқыметке белшесiнен батып жүрiп, бүтiн бiр
әулеттiң бас көтерерi болды. Шыңылтыр жалған Оразалыны өз
шырғасына iлiндiре алған жоқ. Өнерге шынайы да адал қызмет еттi.
Мүлiк-мүкамалдан жоғары тұрды. Жалпақшешейлiкке салынбады.
Қажет жерiнде халықтың сөзiн сөйледi.
Оразалының қырғыздың аузымен құс тiстеген ақындары – Элмирбек
Иманәлиев және Жеңiшбек Тоқтобековпен сөз қағысы – қазақ айтыс
өнерi тарихында алтын әрiппен жазылып қалатыны сөзсiз. Елдiк пен
ерлiктi, болмыс пен рухты сағынғанда, қазақтың бармағы шайнауда
кетiп, жан жасытарлық жағдайларды көргенде талантты ақынның
таңдайынан төгiлiп түскен жауһарларды түртiп алған сол бiр таспаға
қол созасың.
Қара өлеңмен өзiне өзi ескерткiш қойып кеткен Оразалы ақын «Ер-
тұрманы бүтінделмеген» күйi құйрықты жұлдыздай ағып өттi.
Оразалы туралы сөз ендi басталуға тиiс. Халық жадында есiмiн
мәңгiлiк қалдыру үшiн бiрқанша шараларды жүзеге асыру қажет.
Мұраларын жинақтап, халқына аманат ету парыз да мiндет.
Қазақы дағды ғой, азаматтар өмiрден озған соң, iздеусiз-сұраусыз
қалады. Бiр кездерi айтыстың арбасын жалғыз сүйреген Ерiк
Асқаровтың есiмi қайда? Ауғанның жалынына шарпылмай келiп,
жалғанның жарығынан қапыда ағып түскен Әзiмбек Жанқұлиевтың
жоғын кiм iздейдi?
Ажал жастығына ерте бас қойған Оразалы шайыр Досбосынов
туралы сөз осындай ойларға ерiксiз жетелеп кетедi.
Осындайда қазақ өлеңiнiң құлагерi атанған, Жетiсудың жетi
арнасынан тасқындап келген өлең-жырды бiр тоспаға тоқайластырған
классик ақын Iлияс Жансүгiровтiң «Өз ерiн, өз жақсысын ескермесе,
ел тегi қайдан алсын кемеңгердi?» дегенi ерiксiз еске оралады. Рас,
Оразалы жайлы сөз ендi басталуға тиiс. Өткен аптада бiр топ азамат
ақынның туған ауылы – Райымбек ауданындағы Тегiстiкке арнайы
ат басын бұрды. Олар – қазақтың атамұра өнерi – темiршiлiк-
ұсталықты халықаралық масштабқа алып шыққан азаматтар, Мұқағали
мұражайының алғаш ашылуына қолұшын берген – Тұрсынжан,
Махмұт, Айтберген Жетенұлдары, бiр кездерi iздеусiз-сұраусыз кеткен
Шалтабай, Сәдiқожа, Қапез, Қожеке сынды халық композиторларының
мұралары мен Жетiсудың ән-күйлерiн жинақтап, ғылыми айналымға
енгiзген белгiлi ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент –
45
Сағатбек Медеубекұлы, бұл күнде республикаға белгiлi болып үлгерген
Оразалының әдебиет пен өнердегi тiлеулестерi – Жарас Сәрсек,
Бақыт Беделхан, Әлiбек Шегебай, Тiлеулес Құрманғалиев, Бақыт
Жағыппарұлы, Алмат Исәдiл, Есей Жеңiсұлы, Қанағат Әбiлқайыр,
Асанқадыр Исабек, белгiлi айтыс ақындары Дәулеткерей Кәпұлы
мен Балғымбек Имашев. Барған азамттардың бәрi естелiктер айтып,
өлеңдер оқыды. Жас таланттардың айтысы да өз деңгейiнде өттi.
Басты мақсат – қазақ мәдениетi мен өнерiне iрi тұлғаларды берген
қасиеттi аспантаулар аясындағы Кеген, Нарынқол өңiрiндегi жаңа
өсiп келе жатқан жас өскiндердiң бойындағы булығып жатқан өнердi
сiлкiндiру. Оразалыдай асыл азаматты өмiрге әкелген өлкеге тағзым ету.
Ең негiзгiсi – отызға жетпей-ақ орда бұзған, қазақтың киелi сөз өнерiн
қадiр тұтқан Оразалы Досбосыновты халық жадында, елдiң есiнде
мәңгiлiк қалдыру мақсатында алғашқы қадамдарға бару. Тегiстiкте
үлкен әдеби кеш және жас таланттардың аудандық айтысы болды. Осы
жолдардың авторы ақын өмiрiне қатысты арнайы баяндама жасады.
Осы орайда ақынның туған жерi – Тегiстiк ауылынан Оразалы
Досбосыновқа көше атын беру туралы ономастикалық комитетке
арнайы хат әзiрлендi. Және асыл азаматтың ең алғашқы қадамына
құт болған Тегiстiк ауылындағы Мәдениет үйiн Оразалы Досбосынов
есiмiмен атау және өзi оқыған мектептен арнайы сынып жасақтау
туралы ұсыныс болды. Әдеби кештi ашып берген Райымбек ауданы
әкiмiнiң орынбасары Тәңiрберген Қасымберкебаев бұл ұсыныстардың
жүзеге асатынына көпшiлiктiң көңiлiн сендiрдi.
Сондай-ақ, ақын мұраларын марқұм болғандарға мемлекеттiк
тарапынан берiлетiн түрлi деңгейдегi сыйлықтар ұсыну жұмыстары
жүзеге асырылуда.
Әрине, Оразалы iздеусiз, сұраусыз кететiн азамат емес. Артында
ұрпағы, үрiм-бұтағы бар. Нұрсұлтан есiмдi азаматты, Нұрайша есiмдi
бүлдiршiндi аялап, мәпелеп өсiрiп отырған, бұл күнде үлкен өнерге
қадам басқан аяулы жары, белгiлi әншi – Ажар Түзелбекқызының
да еңбегi орасан. Оразалының бауыры – Оңғарсын Досбосынов та
мүмкiндiгiнше республикалық додаларда бақ сынап жүр.
Ақынның артында қалған мұраларын жинақтауда Оразалының
замандастары, әдебиеттегi тiлеулестерi бас бiрiктiрiп үлкен шараларды
жүзеге асыруға ниеттенуде. Айтыстарын компакт диск және кiтап
етiп шығарып елге тарату бүгiнгi күннiң уақыт күттiрмес талабы. Бұл
орайда орасан зор жұмыстар күтiп тұр. Алдыға үлкен мақсат қоймасаң,
шағын шаруаларды жүзеге асыру тiптi де мүмкiн емес. Сондықтан,
ешқандай жүрексiнбестен, Оразалының арнайы мұражайын жасақтауға
осы бастан кiрiсуге бетбұрыс жасалды. Өйткенi, қазақ айтысында соны
iз қалдырып, қапыда қалғып кеткен қарға бойлы Оразалы осы толайым
шаруалардың бәрiне лайық!
46
сМАтАй қоБЫЗШЫ
«Сматай, сенiң сахнадағы кейпiң бас ие бермес
қазанатқа көп жақын. Менiң қобыз туралы үлкен
шығармашылыққа бұрылуыма, бәлкiм
сен себепкер боларсың...»
(Тәкен ӘЛIМҚҰЛОВ)
Iшегiне ысқыш тиер-тиместен боздап қоя беретiн қазақтың қара
қобызын бүтiн әлем таныды. Қазақ халқының басына түскен қайғы-
қасiрет атаулы жер бетiн күңiрентiп келiп, қобыздың шанағынан
мәңгiлiк шыңырау тапты. Қорқыттан жеткен қоңыр қобыздың содан берi
көмейi күңiренiп, шанағы шыңғырып, қияғы боздап, шерiңдi қозғаумен
келедi. Бiр нүктеден тоқсан түрлi үн шығаратын қобыз ие таңдайды.
Киесi сол иесiне таңдап жүрiп қонады. Ықыластың бойындағы қасиет
ұлы Жамбылбекке ауған, одан дала кезген зар бiртуар қобызшылар
Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтың бармағына бұйырды.
Қорқыттағы «Жетi кептi» сезiнiп, жоғарыдағы қос тұлғаның мектебiн
көрген қобызшы Сматай Үмбетбаев туралы әңгiме мүлде бөлек. Қазiр
қобыз ойнайтындар көп, қобыз қонғандар кемде-кем. Сондай көзi тiрi
бiрегей қобызшы, осы – Сматай.
...Алтыдан жетiге қарай аяқ басқан Сматай тiптi үлкен ұрлықы
дүниелерге жауырын ашатын болды. Түнеу күнi Жаңа-Арқа жақтан
жоқ iздей келген кiсiнiң бес қарасы Сматайдың жауырынынан табылды.
Көлiгi қолды болған алыс-жақын ауылдағы адамдар да ауланы
тоздырып, бұйымтай айтумен жүр. Айлакерлерге 60 мың сом ақшасын
алдырған есепшi де қақпа алдынан қайтпай қойған соң, ерiксiз жауырын
қарауға тура келдi. Суық қолдыларды жауырын жазбай таныды. Тiптi,
жауырыншы балаға алыс аймақтардан ағыла бастады. Адамдар аулаға
сыймай, азан-қазан болған кездер де аз емес. Осындай көптiң меселiн
қайтармай жүрген көп күннiң бiрiнде Сматайдың өзiне қауiп төнсiн.
Ұрлықтары ашылып қалатын қарақшылар жауырыншы баланың көзiн
жоймақ көрiнедi. Өзiне ашқан қара қойдың сүйегi осылай сөйледi.
Сматайдың әкесi Мұқаметжаннан да маза кеттi. Ауылдағы жөн бiлетiн
абыз-қарияларды жинап, баланы жауырыннан айырмақ. Жауырын
қайтару әсте оңай шаруа емес, дегенмен баланы ортаға оңашалап алған
ақсақалдар бар өнерлерiн салды. Ақыры жауырыннан аластатылған
Сматай жерге сұлық құлады. Содан он екi күн бойы төсек тартып қатты
ауырған. Ақыры жасырын жауырын ашып, өзiне ем iздедi. Жауырынға
түскен қан тамыр секiлдi иректелген iздер, «қобыз» деген сөздi түзiп
шықты. Алдына бiр қара салып, жетегiне бiр жылқы алып Мұқаметжан
47
шал айтулы шеберге барып қобыз шаптырып әкелiп, қасиетi бар
аспапты баласының қолына ұстатты. Сматайға қобыз осылай қонған.
Сматай кейiн келе түзу мылтық, құмай тазы, құс салуға құмар болды.
Арқадағы айтулы аңшылар – Сатан мен Арқабайдың қызылшысы болып
жүрiп, мерген бала атанды. Сатан жауырыны жерге тимеген палуан әрi
құралайды көзге атқан мерген, оның жанында анау-мынау салпаңбайлар
қызылшы болып жүре де алмайды. Осындай аңшылардың мылтығын
оқтап, шылбырын ұстап жүрген Сматай кейiн өзi Бетпақдаладағы үйiр-
үйiр қасқырды қан қақсатқан айтулы аңшыға айналды. Киiкке тиген
қасқырды алып түсудiң неше түрлi әдiсiн меңгердi. Қасқырлардың
киiктерге шабуылдайтын белгiлi «үш көму» әдiсiн әлденеше рет
тоқтатқан Сматай, қалта-қақпан құрудың да нағыз шеберi. Құмай тазы
жүгiртуден де бiр басына жететiн өнерi бар. Әкесiнiң он сегiз қасқыр
алған ақ тазысын еске алған Сматай бүгiнде қазақтың шаян құйрық
тазылары азайып кеткенiне өкiндi. «Қазiргi тазы деп жүрген сидаң
бұттарың Ресейдiкiмен шатыс болып кеткен» деп бiр тоқтады.
Құс салу туралы да айтары мол Сматай бидайықты айрықша
құрметтейдi. Қырғи, ителгi, сұңқар, бүркiттерден гөрi қорғасындай
шағын бидайықтың аңға түсу сәтi де өзгеше екен. Құс атаулының
iшiнде жанары отты келетiн, қарашығына адам атаулы қадалып қарай
алмайтын, бұл – бидайық екен. Мiне осындай құмарлыққа жақын
болған Сматай айтулы аңшы да болған.
Сматайдың жас күнiнде ауыл жақта Бұралқы деген шешен,
әкесінің туған ағасы Қасен есiмдi көп бiлетiн кiсiлер болыпты. Сол
ағалардан Қорқыт туралы, Ықылас жөнiнде көп естiген. Ықылас сал-
серiлiктi ұнатқан жан екен. Бұралқы сол Ықыластың қырық жiгiтiнiң
бiрi болған адам. Арқа жақта «Мұңлы-Қулы» деген тау бар, сол тауда
қызыл Алтай түлкi өте көп болады. Сол тауда Ықандар құс салып,
тазы жүгiрткен. Небiр ұста, әншi, күйшi, палуандарымен Бестау,
Ортау, Мұңлы-Қулы, Кенжебай-Самай, Қаракөл, Бозкөл, Қақпаншы,
Толағай, Көмек, Қыземшек тауларын Ықылас түгел жайлаған. Сондағы
Ықыластың қобызды калай боздатқанын, аузынан қандай уәлi сөздер
шыққанын Қасендер Сматайға сан мәрте айтқан. Бала Сматай соларды
естiп өстi. Ол сайын далада саз ойнатқан дала академиктерiнен тәлiм
алды. Әйгiлi Сыр бойындағы ұлы зағип қобызшы Нышаның сарынын
сезiндi. Сонымен қатар, сол абыздардан шешендiк өнердi де бойына
сiңірді.
Кейiн Сматай қобызшыны қой бағып жүрген жерінен Еркеғали
Рахмадиев Алматыға алдырды. Алғаш жағдайы аса мәз болмаған соң
ауылға қашып кеткен кездер де болды, екiншi рет кем-кетiгiн толтырып
тағы алдырды, әйгілі қобызшы осы қалада солай қалды.
48
Ол Алматыға соң консерваторияда бiлiм алды. Бах, Моцарттардың
классикалық симфонияларын тыңдады. Керемет! Алайда қобызда
орындалатын күйлер олардан бір де кем емес. Алайда ақжағалылардың
қобыздың орнын батыс аспаптарымен ауыстырып қойғаны Сматайға
мүлде ұнамады. Әйтпесе, қыл қобыздан скрипканың еш артықтығы
жок...
Қазақ елiнде қобызды кайта түлеткен Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас
Қаламбаев. Сол даңқты Дәулет Алматыға келгеннен кейiн Үмбетбаевқа
ұстаз болды. Сондай-ақ, Сарымұқан Бабасұлынан, Төбел Басықарадан
мол тәлім алды. Кейiнгiсi қобыз бен домбыраны ойнайтын бесаспап
ұстаз. Қорқыттың күйлерiн, «Аққуды» сол кiсiлерден үйренген.
Бабастың Сарымұқаны Сматайға арнайы қобыз сыйлаған. Бүгiндерi ол
кiсiлердiң бәрi де бақилық болды.
Ендi қобыздың жасалуы туралы аз-кем әңгіме. Жалпы Сматай
қобызды өзі шабады. Қобызға анау-мынау ағаштар жарамайды, сондай-
ақ iшекке керек қылды да таңдай бiлу керек.
«Дәл қазір қобызға жарайтын қыл некен-саяқ, – деп қалды көңіл
ауаны келіспесе маңына адам жуытпайтын тәкаппар қобызшы. –
Себебi, бүгiндерi көп жылқылар көтерем. Бiр жолы мен жылқының
қылын таппай, Мәскеу жаққа да барғам. Марий АССР-інде бiр Дон
жылқысының құйрығына көзiм түсiп, иесіне жалынып-жалпайып
ақысын төлеп қырқып алғам. Ол екi жылға жетті. Сонымен бiрге
қобызға түйенің терiсiнен басқа тері жарамайды. Қобызға керектi
түйенің терісін, iшегiн алу үшiн Алматының ет комбинаттарын кезiп
кеткен кездер де болды. Мен осы қобызға түбегейлі бетбұрыс жасадым.
Өмiрiм қобыз үнiмен әлдеқашан бiте қайнасып кеткен».
* * *
Қазақ этнографиясының ерен тұлғасы Өзбекәлі Жәнiбеков Сматай-
ды айырықша құрметтедi. Өзекеңнiң ықпалымен Сматай замана
желімен шетке ысырылып қалған сазген, нарқобыз секiлдi ұлттық
аспаптарды қазақ халқына кайта табыс етті. Үлкен күшпен сахнаға
шығарылған нарқобыз, сазген аспаптары кейiн Өзекеңнiң дәуренi өткен
соң, қайтадан қалтарыста қалып қойды. Сматайдың өз қолымен жасаған
сазгенi қазiргi күнi Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайында
тұр.
«Адамның тiрексiз қалуы, домбыраның тиексiз қалғанындай болады
екен» дейдi Сматай аға. Өзбекәлi Сматайға ауылдан келгеннен бастап
ағалық қамқорын аямай, ақыл-кеңесiн берiп жүрдi. «Ұлық болсаң
– кiшiк болдың» көрiнiсi осы болса керек. Сол Өзекең төсек тартып
ауырып жатқанда Сматай көңіл сұрай барады. Әңгiмелеседi, сәл
үнсiздiктен кейiн Өзекең:
49
– Смаш, еңбегің еленіп жүр ме? Атағыңды берген болар, – дейдi.
Сматайда үн жоқ. Бәрін айтпай түсінген Өз-ағаң ауыр күрсiнiп тұрып:
– Бұл жұрт атақ-даңқтың жолында бәрін таптап кете береді. Өзім де
жазылып шығып қалармын, содан соң бәрін орнына қойып берем.
Мендей таланттардың өмірін бұзуға болмайды, – деген. Алайда Өз-
ағаң содан оңала алмады. Одан кейін Сматай елеусіз қала берді. Iрi
таланттар табанға тапталуға ешқашан жол бермейді. Сұқ көздердің
табасына қалмас үшiн Сматай Үмбетбаев қара қобызын қолтығына
қысып бiр-ақ күнде өнер өлкесінен кетіп қалды.
Бiрде жазушы Әбiш Кекiлбаев шетелден келген қонақтарға
қазақтың ұлттық қасиеттi аспабын көрсетудi мақсат тұтады. Көңiлi
қобызға ауыпты. Аспапқа сай ойнайтын адамы болуы керек. Көрнекті
қаламгер Сматайды арнайы алдыртады. Сол күнгi Сматай қобызының
зарынан әлгi шекара асып келген қонақтар күнi бүгiнге дейiн арыла
алмай жүрген көрінеді. Италия, Франция, Португалия, Чехословакия,
Үндістан, Жапония, Польша, Алмания елдерiнiң сахнасында Сматай
сан рет қобыз шалды. Бiрде Жапониядағы бүкiләлемдiк фестивальға
Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Сматай Үмбетбаев, басқа
да бiраз өнер иелерi барады. Сондағы Сматайдың өнерiне айрықша
тәнтi болған жапондар, қазақ қобызын 50 мың АҚШ долларына сатып
алмақшы болады. Қайрат, Қапаш, Сматай үшеуi ақылдаса келе қобызды
саудаға салмай, Қазақстанға алып кеткен.
Ал Италия сапарында сол елдiң музыка зерттеушiсi Сматайға
«Қасқырдың ұлуын», «Аққуды», «Жезкиiктi» бірнеше қайтара тартуын
өтініп, ақыры таспаға түсiрiп алыпты. Тіпті Периней түбегінің өкілдері
Сматай Үмбетбаевтың аты-жөнiн, мекен-жайын жазып алып қалыпты.
Мақсаттары – Италияның ұлы музыканты Паганинидiң тойына
Қазақстаннан Сматайды арнайы шакырмақ көрiнедi.
54 жасты еңсерген Сматай қобызшының бар байлығын бүгiнгi
ұрпақтың санасына сiңiрiп қалу керек-ақ. Алайда бiз өнер иесiнiң есiмiн
де ескерусiз қалдырып жүрмiз. Алматының шығысындағы «Татаркаға»
қаңтарылып қалған Сматай iштегi шерiмен арпалысып әуре. Ара-тұра
консерваториядағы студенттер қобызшының үйіне арнайы келiп сабақ
алып кетедi. Олар кеткен соң, ескі тіршілігіне қайта кiрiседi. Тiрлiгi
сол – үй салу. Жалғыздың ісі өнген бе? Төрт-бес жылдан берi тырбанып
бiр баспанасын бiтiре алмай әлек. Шаршауды қобыз шанағынан іздейді.
Шығармашылыққа жағдайы келгенiнше мойын бұрып жүр. Қорқыт-
тың Нышан қобызшы арқылы жеткен жетi күйiн қайта жаңғырту
ойында.
Қобыз сыныбына қайта оралып, шәкiрт дайындау ойында.
Қобыз шығармашылығын ғылыми негiзге түсiру ойында.
50
...Сматай қара қобызын боздатып Қорқыттың күйiн шалып отыр.
Құйқаны шымырлатар құдiреттi үн Сматайды басқа әлемге алып
кеткендей. Қос қарашығы жұмулы. Көрші ауладағы бақшасын
суғарып жүрген орыс кемпiр де бар тiрлiгiн жиып қойып, мәңгiлiк
мұңлы мақамға ұйып қалыпты. Бір кезде жарты әлемді жалт қаратқан
таланттың жалғыз көрерменi сол бір кейуана болғаны ма?...
...Ол дүниеден баз кешiп, бойын құса билеген сәтте бiр кездегi
жауырыны есiне түседi. Марқұм әкесiнiң қалың қарияларды шақы-
рып жауырыннан қайырғанын да ұмытып, қара қойды алып ұрып буы
бұрқыраған жаңа жауырынмен өзiнiң болашағын болжағысы келедi...
|