III тарау. Қазақтың халық философиясының дүниетанымдық ерекшеліктері ақындардың творчествосына жоғары мектептің программаларында
орын беріліп, негізінде ағартушылық халықтық бағыттағы әдебиеттің
осындай кертартпа ақындарымен күрес үстінде дамығанын көрсету
үшін аталуы керек» [13, 26 б.] әдебиет зерттеушілері қоғамдық-саяси
ахуалды ыңғайынан шыға алмағанымен, негізгі ой-пікір мынаған
ойысады. «Әдетте бір ақынның шығармасына баға бергенде, біріне-
бірі қарама-қарсы екі көзқарас орын теуіп келді: не сол ақынды
халық мұңын мұңдаған прогресшіл қайраткер етіп тарихта қалдыру,
я болмаса оны кертартпа, реакцияшыл, феодал жыршысы деп
танып, тарихтан мүлде шығарып тастау. Біздіңше, көрнекті мәдениет
қайраткерін, егер ол шын мәнінде, солай болса, реакцияшыл екенсің
деп тарихтан шығарып тастауға болмайды, ол ақын өзінің тиісті
бағасын алып белгілі бір көлемде зерттелуі тиісті» [12, 113 б.] деген
пікірі зерттеушілердің осынау қымбат жәдігерліктердің халықтың
рухани мұрасы ретіндегі қадірін түсініп, бірақ дәл сол кезеңдегі
идеологиялық қысыммен де санасуға мәжбүр болғандарын көреміз.
Осы конференцияның тұжырымдарына шолу жасаған Бауыржан
Омарұлы мынадай тұжырым жасайды. «Сол тұстағы идеялық мақсат-
мұраттар тұрғысынан көңіл қойылғанмен, зар заман ақындарының
шығармалары жан-жақты және жеріне жеткізе талқыланған басқосу
болды. ...Мұрамызды партиялық-саяси догматизмнің құрсауына
қысып, жерден алып жерге салып талқыға түсіргенмен, бұл бәрі бір
басқаның емес, біздің әдебиеттің жоқ-жітігін түгендеуге талпынған
тарихи жиын ретінде бағалануға тиісті» [13, 26 б.].
Жыраулар толғауының адамды ерекше күйге түсірер халге
бөлер жайы туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Ескіден қалған
сөз теріп» деген өлеңінде арнайы сөз қозғайды. Жырау жырларына
тән сырлы әлемнің тылсымына жетелер екпін әуез, сазды әуен, мәнді
сөздер жайлы сыр шертеді. Хикмет, ақиқат даналық ілімі адамға
ерекше тебіреніс күйге, тылсым халге енгенде беріледі деген ұғым
ерте заман ғұламаларының барлығына ортақ пәтуалы шындық.
Платон, Плотин сияқты ғұламалардың сөздері осыған дәлел. Айтушы
жаратушы хикметтерін тыңдаушыға жеткізер дәнекер болғандықтан,
өзі де ерекше шабытты күйге бөленіп, өзгені де хикмет дариясының
тереңіне үйірерлік хақтың асыл маржандарын тергізер қуат көзіне
айналады. Тыңдаушы да ықыласты мухлис болса, фәнилік тіршілік
күйбеңінен бой серпілтіп, көңіліне қанат бітіп, бақи бағының
жұпарын сезінердей бір сәттік болса да ләззәтті, ғибратты халге енеді.
Адамның бойына ілімнің сіңімді болып, тағылымы даруының
қажетті шартын Абай 31-қара сөзінде былай анықтайды: «Әуелі –
көкірегі байлаулы берік болмақ керек, көңілденіп тұшынып ынтамен
ұғу керек» [4, 120 б.] дейді.