Көшпенділер Алмас Қылыш



Pdf көрінісі
бет13/23
Дата02.03.2017
өлшемі2,53 Mb.
#5142
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   23
Әдеби KZ  
 
 
жер  астындағы  зынданда  жатсаң  да,  білетін  сырың  жер  астында  жатпайды, 
бәрібір сыртқа шығады... Мұндайда қара жерге де тіл бітеді...» 
 
Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан 
Ордасына  келе  жатқан  Бақты-Қожа  уәзір  үшті-күйлі  жоқ  болды  да  кетті...  Хан 
шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды, 
хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бұл қалай?» деп 
күңкіл  шығара  бастады.  Дәл  осы  кезде  «Бақты-Қожа  нөкерлерімен  Моғолстанға 
өтіп  кетіпті»  деген лақап  дүңк  ете қалды.  Өзі  шығарған  бұл лақапты  ең  алдымен 
Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері 
көзін    тігіп  жүрген,  ерніне  әлі  тірі  жанның  ерні  тиіп  көрмеген,  кеудесіндегі  қос 
алмасы  тығыршықтай,  дала  киігіндей  тағы,  қамшының  таспасындай  тастай  етіп 
өрілген  қолаң  шашы  жерге  түскен  Бақты-Қожаның  он  төрт  жасар  сұлу  қызы  — 
Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан 
қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су сепкендей басылды. 
 
Әбілқайыр жас тоқал алып ашуын басып, енді жорыққа дайындалуға кірісті. 
 
Демек,  Рабиу-Сұлтан-Бегім  атақты  Ақсақ  Темірдің  данышпан  немересі 
Ұлықбектің қызы. Ол өзінің ақыл-парасатымен жұрт алдында ерекше көзге түскен. 
Сүлеймен  пайғамбардың  кезіндегі  әйел  патша  Балқыз  замандастарына  қандай 
құрметті болса, бұған да өз замандастары біздің уақытымыздың Балқызы деген ат 
берген. 
 
Жас  иіс  сұлу  тоқалы  Тоқтар-Бике  Әбілқайырға  тек  өзінің  сұлулығы  мен 
жастығын берді. Өзгесін хан Рабиу-Сұлтан-Бегімнен тапты. Рабиу-Сұлтан-Бегім де 
өзіне хан ықыласының қайта түскенін көріп, жас иіске аз күн ауғанын кек тұтпай, 
енді  бұрынғыдай  емес,  хан  істеріне  біртіндеп  араласа  бастады.  Осы  кезде  Орда-
Базарға әбду-Латифтың туған баласы Мұқамет-Жөкі келе жатыр деген хабар жетті. 
 
Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптыртып қарсы алды. Үстінде көк құрыш 
шынжыр  сауыт,  ер-тоқым,  жүген-құйысқандарын  алтынмен  аптатқан  он  шақты 
жігіт  Орда  тұсына  кеп  түсе  қалды.  Хан  Ордасына  қарай  жаяу  жүрді.  Қару-

152 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
жарақтарын  сыртқа  қалдырып,  бұлар  иіліп  сәлем  беріп үйге  кіріп  келгендерінде, 
Әбілқайыр елең етіп шошып кетті. Ордада ханмен бірге тұрған Рабиу-Сұлтан-Бегім 
езу тартып күлімсіреді. 
 
—  Хан  ием,  бұл  кіші  балдызыңыз,  әбду-Латиф  мырзаның  туған  баласы 
Мұқамет-Жөкі, — деп басын иді. 
 
Ал Жөкіге: 
 
—  Жалғыз  бауырым  Мұқамет-Жөкі,  сау-саламат  келдің  бе?  Мына  кісі  ұлы 
мәртебелі  Сүлеймен  пайғамбардай  ақылды,  Ескендір  Зұлхарнайын  патшадай 
айбарлы, бүкіл Дәшті Қыпшақ ханы Мауреннахр мен Қорасанның сырттай әміршісі 
Әбілқайыр  жездең,  —  деді.  Өзі  барып,  бірінші  боп  құшаққа  құшақ  тигізіп 
амандасып, бауырын қолтықтап ханға таяды. 
 
Хан созылған қолды аларда тағы дір ете қалды. Сәл кейін шегініп те кетті. Бірақ 
құшаққа  құшақ,  кеудеге  кеуде  тигізіп  амандасуға  батылы  бармады,  тек  қол 
алысып амандасты да қойды. 
 
Әбілқайырдың расында сескенетін де реті бар еді. Мұқамет-Жөкі алғашқы үйге 
кіріп келгенде, оны батыр Саян екен деп қалған еді хан. Бірінен бірі аусайшы! Бір 
шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас. Сол қалың қабақ, өткір көз, сопақтау келген 
сұрша бет. Бойлары да, дене құрылыстары да дәлме-дәл. Сұңғақ бой, арыс кеуде, 
жіңішке бел. Жас жолбарыстың аяқтарындай, аяқ-қолдары сомдала біткен. Жалпы 
қимылында, дене бітімінде секіруге дайындалған жолбарыс тәрізді бір қауіпті сұс 
бар... 
 
Әбілқайыр 
қол 
алысып 
амандасып, 
Мұқамет-Жөкіден 
ел 
жайын, 
Мауреннахрдың  күйін  сұрап  отырғанында  да  іштей  сезіктенумен  болды.  Ханның 
мұндай  жағдайын  байқаған  Рабиу-Сұлтан-Бегім  енді  Әбілқайырдан  қонағын  өз 
Ордасына  алып  баруға  рұқсат  сұрады.  Бойын  билеп  алған  әбігерден  айырыла 
алмай отырған Әбілқайыр бірден көнді. 
 
Рабиу-Сұлтан-Бегім сескенуден де, «әкең әкемді өлтірген» деп Мұқамет-Жөкіге 
кек тұтудан да аулақ еді. Әбду-Латиф Ұлықбек мырзаны, менің және өзінің әкесін 

153 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
өлтірді,  ал  өзі  басқалардан  ажал  тапты.  Ақырында  екеуінің  қастары  әкесі  мен 
баласынан бірдей құтылды. Бұған қарап Ұлықбектің қызы мен әбду-Латифтың ұлы 
қырық пышақ болуға тиістіміз бе? Жоқ, тиісті емеспіз. Алтау ала болса, ауыздағы 
кетеді.  Ұлықбек  тұқымынан  тірі  қалғандардың  ішіндегі  ең  жақыны  біз  екеуміз. 
Егер біз екеуміз жау болсақ, бұдан тек қастарымыздың бағы жанады. 
 
Рабиу-Сұлтан-Бегімнің  Мұқамет-Жөкіні  өзіне  жақын  тартуының  тағы  да  бір 
себебі екеуінің Ұлықбек сарайында тетелес өсуі еді. Мұқамет-Жөкі Рабиу-Сұлтан-
Бегімнен  үш  жас  кіші.  Сондықтан  Рабиу-Сұлтан-Бегім  одан  өзін  үлкен  санап, 
кішкентайынан оған апалық қамқорлық көрсетіп келген. 
 
Сұлтан  тұқымдарына  тән  аяусыз  қатты  мінездеріне  қарамай,  екеуіне  де 
жастайынан  жат  емес,  осы  бауырмалдық  сезім,  қазіргі  тілектерінің  жақындай 
түсуіне жол ашты. 
 
Рабиу-Сұлтан-Бегім Мұқамет-Жөкінің келуіне арнай қыз-келіншек, бозбалалар 
жинап, ұлан-асыр той істеді. Ат шаптырылды, балуан күрестірілді. Жігіттер жамбы 
атып,  сайысқа  түсті.  Шырқалған  ән,  тербелген  алтыбақан...  Айлы  түндерде, 
бетегелі  құрақты  сай  ішінде  хан  қонағы  талай  сұлуды  құшып,  күндіз  сұңқар, 
қаршыға  салып,  Арқаның  қызыл  түлкісі  мен  кіші-гірім  лақтай  қыр  қоянын 
алдырды. 
 
Осылай бір апта ойын-сауық құрғаннан кейін, Мұқамет-Жөкі хан алдына келді. 
Алыс  жерден  сапар  шеккен  мұң-мұқтажын  айтты.  Жігіттің  сауытсыз,  қару-
жарақсыз  екенін  көріп,  хан  көңілі  күптенбеді.  Ол  енді  Мұқамет-Жөкімен 
ақжарқын,  шын  көңілмен  ұзақ  әңгімелесті.  Бұл  әңгімеге  тек  Рабиу-Сұлтан-Бегім 
ғана қатынасты. 
 
Самарқант,  Бұқар,  Герат,  Мервте  қазір  қанша  әскер  барын,  халықтың 
әбусейітпен өш екенін баяндай келіп, Мұқамет-Жөкі сөзінің аяғында: 
 
—  Әбілқайыр  хан,  Ақсақ  Темір  тағына  менің  атам  Ұлықбек,  одан  кейін  оның 
баласы,  менің  әкем  әбду-Латиф  отырған,  ендігі  кезек  менікі,  —  деді,  —  әбусейіт 
қазір Қорасан мен Иракты тегіс жаулап алам деп жорықта жүргенінде, Самарқант 

154 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
билігін  қолыма  түсіруге  жәрдем  беріңіз.  Мұндай  ыңғайлы  сәт  екінші  мәртебе 
кездесе ме, онысын білмеймін. Ал қазір ең қолайлы шақ... 
 
Әбілқайыр баяу езу тартты. 
 
—  әбусейіт  те  әбділлахтан  әмірлікті  алар  жолы,  дәл  сен  тәрізді  ішке  кіре 
келген... 
 
—  Ақсақ  Темір  ұрпағының  бәрі  әбусейіттей  опасыз  бола  бермес.  Егер 
Самарқант әмірінің тағына отырғызсаңыз, өмір-бақи сізді әке етіп, айтқаныңызды 
екі етпей өтуге қолыма құран алып ант етуге бармын. 
 
— әке еткеніңнің маған керегі жоқ. Әкесі болар балаларым жетеді. Алда-жалда 
Самарқант тағына отыра қалсаң әмірімді екі етпеймін деп серт берсең құба-құп. 
 
— әміріңізді екі етпеске міне құран, міне нан. 
 
Әбілқайыр үндемей қалды. Ол ұзақ уақыт тілсіз отырды да, бір мезетте: 
 
—  Самарқант  уәлиетінің  жерінде  ұрысқа  жарайтын  қанша  жауынгер  пілдер 
қалды? — деп қарсы отырған жігітке тесіле қарады. 
 
Бұрын  Дәшті  Қыпшақ,  Мауреннахр  жерлерінде  соғыста  піл  қолданылмайтын. 
Ақсақ  Темір  Иран  мен  Үндістанның  шетін  алғаннан  кейін  барып,  пілді  кей 
жағдайларда Орта Азия хандары жауын қорқытуға аздап пайдалана бастаған. Бір 
кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерінде піл әжептәуір қоқан-лоққы күшке айналған. 
Ал  Әбілқайыр  үнемі  Мауреннахр  жеріне  шабуылға  шыққанда,  қойға  шапқан 
қасқырдай,  ол  әдетте  хандарының  бөтен  елге  жорыққа  кеткен  кезін  аңдып 
тұратын.  Қалаларын  жау  алған  соң,  пілдер  де  ештеңе  істей  алмайтын.  Демек, 
Самарқант, Бұқарда дәл біз айтып тұрған шақта жауынгер пілдер бітуге айналған-
ды. Бірақ әзірге өлмеген азғантай пілдердің өзінен де, бұрын мұндай ашулы алып 
хайуандармен  айқасып  көрмеген  көшпелі  ел  сыпайларының  зәре-құты 
қалмайтын.  Самарқантты  бағындырам  деп  аттанған  баяғы  алғашқы  ұрысында 
өздеріне қарай дүрсе қоя берген үш пілден бүкіл Қыпшақ жігіттері жөңки қашқан. 
Әскердің арт жағында келе жатқан Әбілқайыр, ұзын тұмсығын оңды-солды сілтеп, 
кіші-гірім үйдей боп өзіне қарай тап берген алып пілді көргенде, не істерін білмей, 

155 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
қолындағы  найзасын  жерге  түсіріп  алған.  Тек  ажалдан  астындағы  жүйрік  ақ  боз 
аты құтқарған. Содан бері Ақсақ Темір әміратына жататын қаланы шаппақ болса, 
ең алдымен «жауынгер пілдері жоқ па екен?» деп сұрайтын. Жылан шаққан адам 
ала жіпті аттауға қорқады. Бір рет өлердей боп шошып қалған Әбілқайыр бұ жолы 
да сол дағдысына салып, піл жайын тәптіштеп сұрап отырған-ды. 
 
— Бүкіл Самарқант, Бұқар, Гератта үш-ақ піл бар, — деді Мұқамет-Жөкі, — о да 
жорыққа шыққанда Көреханның шатыры мен гаремін алып жүреді. 
 
— Өзге пілдері қайда? 
 
—  Пілді  соғысқа  пайдалану  үшін  оларды  жұмсай  алатын  адамдар  керек... 
Бұрын  бұл  қызметті  Иран  мен  Үндістаннан  алып  келген  есірейлер  атқаратын. 
Олардың  өлгені  өлді,  өлмегені  ебін  тауып  өз  жеріне  қашып  кетті.  Иесіз  қалған 
пілдерді әбділлах қастары у беріп өлтірді. 
 
—  Бұлары  дұрыс  болған  екен!  —    Әбілқайыр  Ордасының  әшекейлеп  сыр- 
ланған қабырғасына қарады. «Қан төкпей істейтін ісіңді қан төкпей істе. Қан төгіп 
істер  ісің  болса  алла-тағала  өзі  жәрдем  берсін»  деген  қабырғаның  жоғар- 
ғы  ернеуіне  оюлап  жазылған  хадистің  төменгі  жағына  көз  жіберді.  Қабырғада 
самсаған қару-жарақ ілулі тұр. Болат наркескен, қисық алдаспан, көк құрыш сүйір 
ұшты  найза,  шойын  басты  шоқпар,  жақтың  бірнеше  түрі...  Әне,  анау  Исфаған 
қылышымен  Жұмадық  ханның  басын  алған.  Әне,  анау  болат  сүйір  найзаны 
Әбілқайыр өз қолымен Мұстафа ханның жүрегіне қадаған... Хан езу тартып күлді. 
Хадис  «әділеттік  үшін  қан  төгіп  істер  ісің  болса,  алла-тағала  өзі  жәрдем  берсін» 
дейді.  Қандай  жәрдем?  Қан  төгуге  жаралған  осы  қаруларды  қолыма 
ұстатқанының  өзі  алла-тағаланың  берген  жәрдемі  емес  пе?  Иә,  солай,  жәрдемі. 
Самарқант әмірінің бар пілін улатып өлтірткені — о да жәрдем! Алла-тағала менен 
жәрдемін  аяп  көрген  бе,  тек  сол  жәрдемдерді  дұрыс  пайдалана  білсем  болғаны 
ғой.  Пайғамбар  аузынан  шыққан  мына  хадис  та  соны  айтып  тұрған  жоқ  па?  Дәл 
солай. Берген сертін бұзған әбусейіттің өз обалы өзіне. «Қан төкпей істейтін ісіңді 

156 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
қан төкпей істе» дейді. Мұхаммед пайғамбарым. Мен қан төгейін деген жоқ едім, 
әбусейіттің өзі қанымды төк деп тілеп тұр ғой. Сұрағаны болсын!»  
 
Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге тесіле қарады. 
 
—  Жақыныңа  жәрдем  ет  дейді  құран,  мен  саған  жәрдем  беруге  дайынмын. 
Бірақ, қояр екі шартым бар.  
 
Мұқамет-Жөкі басын иді. 
 
—  Бірінші  шартым  —  Әбілқайыр  бұл  шарттың  Мұқамет-Жөкіден  гөрі  Рабиу-
Сұлтан-Бегімге  қатынасы  бар  екенін  әдейі  білдіргісі  келгендей,  кіші  бәйбішесіне 
қарады, — әбусейіт менің қызымды алған, бірақ антында тұрмады. Антын бұзғаны 
үшін мен одан кегімді қалай қайтаруым керек? 
 
Рабиу-Сұлтан-Бегім жымия күлді. 
 
— әрине, кегің қызыңды қайтарып алумен бітпейді. 
Қызың  орнына  әбусейіттің  бірінші  әйелінен  туған,  он  үш  жасар  сұлу  Ғибадат-
Сұлтан-Бегімін тоқалдыққа алуың керек. 
 
Әбілқайыр қайтадан Мұқамет-Жөкіге бұрылды. 
 
— Бірінші шартым — Ғибадат-Сұлтан-Бегім сұлуды сол қауыздай жарылмаған, 
шыныдай сынбаған күйінде менің қойныма саласың. 
 
— Уәде, тақсыр жезде. 
 
— Екінші шартым — әбусейіт бұзған антты сен орындайтын боласың. 
 
Бұнысы әбусейіттей емес, сен мені алдамайсың, өле-өлгенше бағынышты боп 
өтесің дегені еді. 
 
— Құп, тақсыр. 
 
Сол  күні  Әбілқайыр  Мұқамет-Жөкіге  ертіп,  Самарқантқа  Бүреке-Сұлтан  мен 
Бішкенді  оғланның  басқаруымен  он  мың  санды  қол  аттандырды.  Атышулы 
батырларының да біразын жіберді. 
 
Хан  әбусейіттің  Қорасанда  жүргенде  Самарқантты  басып  қалудың  бәлендей 
қиындыққа түспейтінін жорамалдады. 

157 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Екі  апта  өткеннен  кейін  жиырма  мың  қолымен  Әбілқайыр  өзі  Мауреннахр 
жеріне қарай беттеді. 
 
Көк Орда ханы отыз жылдан астам хандық өмірінде астанасын бірнеше жерге 
көшірген... Сығанаққа да ту байлаған. Қай өлкені бағындырса, сол өлкеге Ордасын 
алып  барған.  Асан  Қайғының  Дәшті  Қыпшақтың  жеріне,  не  Ұлытауда,  не  Еділ, 
Жайық жағасының бірінде хан Ордасын тікпедің деп ренжуі де осыдан еді. Демек, 
ол  қай  жерге  хан  Ордасын  көшірсе  де,  өзінің  алғашқы  туын  тіккен  Орда-Базарға 
қайтып орала беретін. Орда-Базар оның түпкілікті астанасына айналған. Әйтсе де 
көптен бері осы астанасын мүлдем тастамақ ойға бекіген. 
 
Орда-Базар,  еш  теңізге  құймайтын,  суы  мол  болғанымен  өрісі  тар  Қаракеңгір  
өзенінің бойында тұр. Батысындағы кеме жүретін Еділ өзені екі мың шақырымнан 
астам  жерде.  Солтүстігіндегі  ұлы  өзен  Ертіс  пен  Есіл  олар  да  сондай  жырақта... 
Оңтүстігіндегі  қос  алып  Жейхун  мен  Сейхун  да  тым  қашықта  жатыр... 
Шығысындағы  Көкше  теңіз  сәл  таяуырақ,  бірақ  жол  ортасы  аңырақай,  шөлейт... 
Әбілқайыр  астанасын  көп  уақыт  Сығанақта  ұстаған.  Кейін  Қырымдағы  Өзбекхан 
мешіті  мен  гаремі  тұрған  Қара  теңіз  жағасындағы  Қара-Даг  тауынан  отыз 
шақырымдай  жердегі  Ескі  Қырымға  да  көшірмек  болған.  Бертін  келе  Еділ 
жағасындағы Ақсақ Темір бұзған Алтын Орда астанасы Сарай шаһарына апаруды 
да  ойлаған.  Солтүстік  тұсына  да,  тіпті  Жем,  Ойыл,  Ақ  Жайық  өзендерінің  бойына 
да  орнатсам  деген.  Бірақ  мұның  біріне  де  тұрақтай  алмаған.  Өйткені  неғұрлым 
Дәшті Қыпшақтың батыс шекарасына қарай беттеген сайын соғұрлым Мауреннахр 
шаһарларынан алыстап кететін болған. Бұлай істеудің жөн емес екенін Әбілқайыр 
жақсы түсінетін. Батыс мемлекеттері бұл уақытта әжептәуір күшейіп алған. Оларға 
түбі  күшінің  келмейтініне  Әбілқайырдың  көзі  жете  бастаған.  Көк  Орданың  бел 
алуы  енді  тек  Шығыс  шаһарларына  ықпалын  жүргізуде  деп  білген...  Сондықтан 
оның  көзі  Батысқа  емес,  Шығысқа  тігулі  болатын-ды.  Сол  себептен  де  Шығысқа 
жақын  Орда-Базарға  әлсін-әлсін  қайта  орала  беретін.  Ал  соңғы  кезде  бұл  Орда-
Базардың  өзі  де  Әбілқайырға  қуат  бола  алмайтындай  күйге  жеткен.  Ол  заманда 

158 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
көмір,  мұнай,  құрыш,  темір  өнеркәсіптері  тіпті  өркендеген  кезі,  ал  қалалардың 
үлкейіп, гүлденіп кетуіне екі түрлі жағдай керек-ті. Бірі — қала дегенің үлкен сауда 
жолының  үстінде  тұруы  қажетті.  Әйтпесе  кеме  жүретін,  бір  ел  мен  бір  ел 
қатынасатын,  суы  мол  өзен,  не  теңіз  жағасына  салынуы  керек.  Ал  Орда-Базарда 
бұл  қасиеттің  бірі  де  жоқ.  Міне,  осы  жағдай  Әбілқайырды  бөтен  астана  іздеуге 
мәжбүр  етті.  Жаңа  астана  іздемеске  болмайтын  тағы  бір  себебі  бар.  Қазақ 
руларының біразы Моғолстанға көшіп кеткеннен бері Ұлытау маңы хан Ордасына 
жайсыз  тие  бастады.  Қойға  шабатын  бөрі  де,  малын  айдай  қашатын  ұры  да 
көбейді.  Әсіресе  «Жалғыз  көз»  деген  батыр  пайда  болып,  хан  қостарына  маза 
бермейтін  бір  қырсыққа  айналды.  Астында  желдей  жүйрік  ат,  жанында  өзіндей 
кілең  батыр  жігіт.  Хан  әскері  бірнеше  рет  соңдарынан  түссе  де,  Қарақұмға  сіңіп 
кетіп ұстатпай қойды. 
 
Ал  бұл  «Жалғыз  көз»  батыр  —  баяғы  жылқышы  Орақ  еді.  Үңгірде  бір  жыл 
жатып,  балгердің  емдеуімен  төсектен  тұрған.  Бір  көзден  айырылып,  беті  адам 
көргісіз тыртық боп біткен. Аққозыға қайта жолығуға өзінің мына мүсәпір түрінен 
қорланып,  одан  біржолата  күдер  үзген.  Өзі  тәрізді  кедейлердің  өшін 
Әбілқайырдан  алмақ  боп  атқа  мінген.  Бірақ  әзірге  соңынан  ерген  халқы  аз 
болғандықтан, бар қолынан келері аш қасқырдай хан малына тию болған. Әрине, 
хан бұның Орақ екенін білген жоқ. Демек, бұл арадан көшіп, көбейіп кеткен өзіне 
қас  адамдардан  да  құтылуды  жөн  тапқан.  Ойлап-ойлап  ақырында  астанасын 
Үргеніш  шаһарына  көшіруді  ұйғарды.  «Жейхун  дариясының  жағасында,  Сұлтан-
Уайз-Даг  қамалынан  жетпіс  шақырымдай  төмен  тұратын  Үзбой  арнасы  арқылы 
жүзіп отырып Хивас 
1
  теңізіне жетуге болады. Бұл теңізге шығуымыз — Түркімен, 
Дәшті Қыпшақ, Хива өлкелерін уысымызға қысып ұстауымыз ғой. Ортада бір кезде 
Еділ, Дон, Днепр бойынан көшіп келген қарақалпақтар бар. Қай жағыма қарасам 
да көз алдымда өзіме бағынышты елдер тұрады. 
                                                 
1
 Х и в а с  т е ң і з і — Каспий теңізінің аты. 

159 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Ал тілі де, діні де бір қарақалпақтарды өз Ордама қоса салу қиынға түспейді. 
Күншығыс  пен  оңды-солды  жағың  —  Мауреннахр  жері,  солтүстік  батысың  — 
Моғолстан, онымен шектесіп жатқан тағы Дәшті Қыпшақ... Тек Моғолстан өлкесін 
өзіңе  бағындырсаң,  болғаны.  Көк  Орда  хандығы  батысы  —  Еділ,  Қара  теңіз, 
оңтүстігі  —  Хивас,  Иран,  Ауған,  солтүстігі  —  Тара,  Орал  ойпаты,  шығысы  — 
Үндістан,  Қытай  мемлекетіне  дейін  созылған  ұлы  хандыққа  айналады.  Мұндай 
жерді  Ескендір  Зұлхарнайын  әтиль,  Шыңғысхан,  Ақсақ  Темірден  бөтен  ешкім 
билеп  көрген  жоқ.  Бесінші  ұлы  хан  боп  мен  билеймін,  жалғанда  бұдан  артық 
жетер  арман  бар  ма?  Бұл  опасыз  дүниеде  бәрі  де  бір  күнгідей  болмайды, 
байлығың да, бақытың да өтеді де кетеді... Тек атағың ғана өшпейді. Ал осыншама 
жерді,  елді  билесең  сенің  атағың ұрпақтан  ұрпаққа  кетеді. Бүкіл  әлемді  топан су 
қаптар күн туса, Нұқ пайғамбардай адамзатқа өлмес атың қалады. Өзің өлсең де, 
тарихта  есімің  өлмесе,  одан  артық  қандай  мәңгі  тіршілік  бар?  Бұдан  асып  тірі 
пенде не істей алады?» 
 
Бұл  ханның  орындалмас  қиялы.  Демек,  Үргенішті  алуды  арман  еткен 
Әбілқайыр  Дәшті  Қыпшақтың  оңтүстік  құмайтты  жағын  қиғаштай  жүріп,  бір 
аптадан кейін Отырардың солтүстік тұсынан өтетін Сейхун дарияның қамыс, жиде, 
қарағашты  жағасына  келіп  жетті.  Құмырсқадай  быжынаған  қалың  қол,  белдері 
босаңсыған  аттарын  тынықтырмақ  боп,  бір  жетіге  қостарын  тікті.  Хан  ойынша 
бұлар  тынығып  болғанша  әскерге  азық-түлікке  он  мыңдаған  қойды  айдап, 
соңдарынан  көше  қонып  келе  жатқан  көп  қараша  ауылдары  да  жетпек-ті.  Ал 
қосын  келіп  қостарын  тіккен  Сейхун  дарияның  тұсы  өркеш-өркеш  асау  сұрғылт 
толқындары  жұдырықтай  тастарды  жаңқа  құрлы  көрмей  жұлып  ала  жөнелетін 
долы  еді.  Екі  жағы  бірдей  түйелі  адам  көрінбейтін  қалың  қамыс,  анақурай. 
Бұлардан әрі кигіздей боп тұтасып кеткен тапал бойлы тораңғыл мен жиде ағашы. 
Іші  толған  сан  түрлі  аң,  құс.  Анда-санда  бүкіл  Дария  бойын  тітіреткен 
жолбарыстың ақырған ашулы үні естіледі. Сөйткенше «бақ» ете қалған ақбөкеннің 
даусы шығады. 

160 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Әбілқайыр  әскері  осы  арада  бір  жеті  болмақ.  Аттың  белін  көтергеннен  кейін 
арғы бетке өтпек. Сейхун секілді долы тасқыннан өту оңай шаруа емес. 
 
Шыңғысхан  заманында  мұндай  өзеннен  өтудің  басқа  жолы  болған.  Әрбір 
монғол  жауынгері  ерінің  басына  байлап  алған  өгіз  терісін  дастарқан  секілді 
дөңгелетіп  ойып,  шетінен  қыл  шылбыр  өткізетін  тесік  істейтін.  Бар  киім-кешегін, 
кейде  тіпті  қару-жарағын  да,  осы  терінің  ортасына  салып,  шетіндегі  тесіктерден 
өткізілген  шылбырмен  аузын  бүріп  байлайтын.  Осылай  қолдан  жасалған,  суда 
батпайтын  тері  қапшықты  ат  құйрығына  байлайтын.  Өзі  атының  жалынан  ұстап 
қатарласа  жүзеді.  Не  атты  бос  қоя  беріп  әлгі  қапшықтың  үстіне  отырады.  Орхон, 
Онон,  Керулен,  Енисей,  Ертіс  секілді  ағысы  қатты  мол  судың  жағасында  өскен 
монғол  жылқылары,  толқыны  екпінді  қандай  өзендер  болса  да  арғы  бетке  алып 
шығады. Дәл осылай олар бір кезде Жейхун, Сейхун, Жайық, Еділдерден де өткен. 
Ал Қыпшақтардың тәсілі бөтен-ді. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс 
жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын. 
Өздері қамыстан,  не талдан сал тоқып, сонымен өтетін. Тек кейбір өжет жігіттері 
ғана  үрген  қос  қарынды  байлаған  жіптерді  қолтықтарының  астынан  өткізіп, 
арқасына  киімі  мен  қару-жарағын  таңып,  жүзіп  арғы  бетке  шығады.  Ал,  Сейхун, 
Жейхун жағасының жауынгерлері көбіне кепкен асқабақтарды байлап жүзіп өтеді. 
 
Жігіттері бір күн дем алғаннан кейін, Әбілқайыр қамыс шауып сал дайындауға 
бұйырды.  Өзі  нөкерлерімен  әскері  қос  тіккен  жерден  әрірек  барып  аң  ауламақ 
болды.  Хан  аңға  шыққан  жер  Сейхунның  ойпаттау  сағасы  болатын.  Дария 
жазғытұрымғы  тасыған  кезде  осы  арадағы  кең  алқапты  алып,  қайтадан  есесіне 
түскен шағында ойдым-ойдым қарасулар қалдыратын. Тым қуаңшылық жылдары 
бұл  араға  сонау  Қазықұрт  тауынан  жайлауға  көшіп  келген  ауылдар,  тартылып 
қалған  қарасулардың  балшықтарынан  құлаш-құлаш  мекре,  лақа  балықтарды 
қазып алатын. 

161 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Ауылдар  жайлауға келмеген  жылдары  бұл  араны  бұғы  мен  марал  жайлайды. 
Көл  аралары  жазық  дала,  көк  шалғын.  Сейхун  жағасы  қалың  қамыс,  тұтас- 
қан жиде ағашы. Бұғы мен маралға бұдан артық қандай қоныс керек? 
 
Әбілқайыр  осы  араға  шатырларын  тікті  де,  қасына  кернейші-дабылшы  екі-үш 
жігіті  мен  ежелгі  серігі  Бахтияр-баһадурды  ертіп  жан-жақтарын  шолып  келуге 
шықты.  Астында  жол-жөнекей  ер  салынбай,  тың,  жетекте  келген  Тарланкөк. 
Ауыздығымен алысады. Өзгелердің  де мінгендері қосаяқтай  жүйріктер. Әйтсе де 
олардың  аттары  қамыс  құлақтарын  қиғаштап,  жіті  басқанмен  де,    Тарланкөктей 
емес,  ауыздығымен  алысып  келе  жатқан  жоқ.  Сірә,  Сейхунның  лайлы  суы  мен 
шігір  араласқан  сұрғылт  бетегелері  жер-су  талғайтын  сәйгүліктерге  тақа  жәйлі 
тимеген тәрізді. 
 
Хан  тобы  әңгімелесе  жүріп,  бір  жазық  далаға  шықты.  Кенет  Тарланкөк 
осқырына,  танауы  делдиіп,  құлағын  тіге  қалды.  Бұлар  «не  болды»  деп  жан-
жақтарына  қарап  та  үлгерген  жоқ,  дәл  алдарынан  шаңырақ  мүйіздерін 
арқаларына  сұлата  жатқызып,  көгал  шөптің  үстімен  бауырлай  ұшқан  құстар 
тәрізді,  ұзын  аяқтарын  көсілте  жазып,  теңбіл  жүнді  бір  топ  арқар  зуылдай  өте 
берді... Үлкен-кішісі аралас. Шабыстарына көз ілеспейді, нағыз бір селдірлей аққан 
сағым-сынды,  «Бұлар  бізден  үрікті  ме?»  деп  хан  ойланып  та  үлгермеді,  кенет 
арқардың соңынан шұбалана қуған бір ұя қасқырды көрді. Қамысты жердің нағыз 
қара  қылшықтары, құлынжал  арландары.  Топтанбай  созыла  шапқанмен  аралары 
жиі  кетіп  барады.  Хан  тобы  бұларды  шөптің  қалыңдығынан  бірден  көре  алмаған 
екен,  арқарларды  өкшелеп  жетуге  жақын.  Сірә,  қасқырлар  өздерінің  ежелгі 
әдеттеріне  салып,  кезектесіп  қуған  болуы  керек,  қарқындарына  қарағанда  мына 
көкжалдар  төтеден  қосылған  тәрізді,  әйтпесе  жазық  жердің  жел  ере  алмас 
құдіретті жүйріктері — арқарлары бұларға шаңдарын да көрсетпесе керек-ті. 
 
Хан тобы шыдап тұра алмады, елегізген жүйріктерінің тізгінін босатып жіберіп, 
сойылдарын ыңғайлап, айқай сап қасқырлардың соңынан тұра шапты. Тарланкөк 
өзге  аттардан  бірден  суырылып  сала  берді.  Көп  кешікпей  хан  серіктерінен 

162 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
озғындай шығып қарасын үзді. Әбілқайыр жас кезінде ұрыстарға тікелей қатысып 
келсе  де,  алтын  тақтың  қызығын  көрген  сайын  ажалдан  қорқа  түскен.  Жиырма 
бестен  асысымен-ақ  хан  ұрысқа  қатысуды  қойған.  Таластың  тағдыры  шешілетін 
қан майданға ол  өзінің батырлары  мен әскерін айдап салатын. Тек жау жеңілген 
кезде ғана жеңіс қуанышын қарсы алуға жұрт алдына шығатын. Өзі тікелей ұрысқа 
қатыспайтындығынан  хан  көптен  бері  сойыл,  найзаны  жұмсауды  ұмытқан.  Бірақ 
өзін  аңдыған  жаудың  көптігінен  сескеніп,  Ордада  жүргенінде  наркескенін,  атқа 
қонғанда  садағын  тастамайтын.  Бұл  екі  қаруды  жұмсауда  аса  шеберленіп  алған. 
Әсіресе  жақ  тартуға  келгенде,  жебесін  құралайдың  көзіне  дәл  қадайтын  мерген. 
Міне, осы қасиеті қазір де өзіне үлкен жәрдем берді.   
 
Тобылғылы, қурайлы, бозаңы белден келетін жазық дала... Алдарында көгілдір 
тоғайлы  Сейхун  дария...  Оңды-солды  қамысты  шалшық  көлдер...  Аспан  айнадай 
ашық,  шаңқай  түс.  Алыста,  көгілдір  белестердің  үстінде  тек  буалдыр  сағым 
ойнайды. Сағым-сынды ағып келе жатқан арқарлар. Оларға енді-енді жетеміз деп 
ауыздарын ырсита ашып, секіре самғаған кілең қара қылшық арлан қасқырлар. 
 
Тарланкөк  әне-міне  дегенше  қасқырлар  тобына  жетіп  қалды.  Әбілқайыр  енді 
олармен  жанаса  шауып  келеді.  Есіл-дерттері  алдарындағы  арқарлар  боп,  әбден 
көздері  қанталап  қызып  алған  қасқырлар,  ық  жақтарымен  жанаса  жүз  қадамдай 
жерде шауып келе жатқан салт аттыны аңғарар емес. Тек ат дүбірі құлағына анық 
жеткенде ғана соңғы көкжал Әбілқайыр жаққа жалт бұрылды. Бірақ дәл осы сәтте 
ат үстінен тартып қалған хан жебесінің болат ұшы дәл жүрек тұсынан кеп қадалды. 
Қасқыр қыңсылай барып, сылқ етіп бір бүйіріне қарай құлай кетті. Әбілқайыр оған 
бұрылып  та  қараған  жоқ,  енді  екінші  қасқырдың  тұсына  жете  беріп,  оны  да 
омақата  құлатты.  Осылай  заматта  үш  қасқырды  сұлатты.  Алдында  әлі  де  екі-үш 
көкжал  бар.  Бірақ  ханның  қорамсағында  жалғыз  жебе  қалды.  Ол  енді  соңғы 
арқарға  таяу  келе  жатқан,  биіктігі  тайыншадай,  көкжал  арланды  түсірмек  болды. 
Бойы бусанып, қызып алған Тарланкөк ойқастай таяй бергенде, үзеңгісіне шіреніп, 
ерінен көтеріле түсіп, кейін қарай сәл қисая, «иә, сәт!» деп қайың садағын тартып 

163 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
қалды.  Өкпе  тұсынан  жарым  қарыс  кірген  жебе  өз  қайратын  көрсетті,  қасқыр 
ышқынып  бір  секірді  де,  домалап-домалап  барып  сұлап  түсті.  Алдыңғысының 
қалай  құлағанын  көрген  соңғы  екеуі  ық  жақтарында  кенет  пайда  болған  қауіпті 
салт  аттыны  аңғарып,  жалт  бұрылып  желге  қарай  салды.  Әбілқайыр  оларға 
бұрылған  жоқ,  шаңырақ  мүйіз  арқарлардың  ең  болмаса  біреуін  алып  қалайын 
деп,ат  қарқынын  бәсеңдетпей  садағын  иығына  іліп  жіберіп,  беліндегі  жарты 
құлаш  көк  құрыш  алдаспанын  суырып  алды.  Бірақ  дәл  осы  кезде  жануарлар 
жұбын  жазбаған  қалпында  жардай  болып  тұтасып  тұрған  қамысты  жапыра 
қиратып  арасына  кіріп  жоқ  болды.  Хан  қамысты  жанай  шауып,  Тарланкөгін  әзер 
дегенде  барып  тоқтатты.  Бірақ  дәл  осы  сәтте  Тарланкөк  үрейлене  шыңғырып 
жіберіп,  көкке  шапшиды.  Атының  үстінен  жерге  құлай  жаздап,  жалына  жабыса 
қалған Әбілқайырдың көргені қарсы алдында, он бес қадамдай жерде, қан-жоса 
етіп  күл-талқанын  шығарған  бұғының  етінің  жанында  өзіне  қарай  шөге  түсіп 
жатқан  есік  пен  төрдей  тарғыл  жүнді  жолбарыс  болды.  Көзі  тасырайып,  мұрты 
жыбырлап,  шабар  алдындағы  әдетіне  салып,  ұзын  құйрығымен  жерді  бұлаңдата 
ұрады. Тарланкөк арындап кеп, алдыңғы аяғын жерге тигізе бергенде, жолбарыс 
та  атылды.  Әбілқайырдың  бар  қолынан  келгені  жалаңаш  алдаспанымен  басын 
қорғай  берді.  Бірақ  аппақ  үлпе  бауырын  жаза  атылған  жолбарыс  Әбілқайырға 
қанжар  тістерін  сала  алмады,  кенет  гүрс  етіп  жерге  құлады.  Көзін  ашып  алған 
ханның  көргені,  бағанағы  көкжал  қасқырдың  өкпесіне  өзі  қадаған  жақ  оғындай 
алып жолбарыстың дәл жүрек тұсынан кірген садақ жебесі болды. Жолбарыстың 
құр  дір-дір  етіп  қозғала  алмай  жатқанына  қарағанда  жебе  ар  жағынан  бір-ақ 
шыққан  тәрізді.  Бұны  садақ  оғының  бер  жағында  шошайған  екі  қарыстай  сабы 
көрсетіп тұр. Алып жолбарысты жалғыз оқпен жайрату үшін алып күш керек. Бұл 
кімнің қолынан келеді? 
 
Әбілқайыр енді садақ атылған жаққа қарады. Жақында «осы Сейхун бойында 
Саян  батыр  бастаған  бір  топ  аламан  жігіттер  пайда  бопты,  істейтіндері 
бекзадалардың  малын  талау,  әсіресе,  Көк  Ордаға  өшігулі  деп  естіген.  Әбілқайыр 

164 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
жиде  қойнауынан  шыққан  көк  сауытты,  мұздай  боп  қару-жарақ  асынған  жүзге 
тарта  кілең  жас  жігіттерді  көрді.  Алдарында  үш  күреңнің  біреуіне  мінген  батыр 
Саян,  жанында  екінші  күреңге  мінген  өзінің  туған  қызы  Гүлбаһрам-Патшайым... 
Хан  жолбарыс  көргеннен  бетер,  не  істерін  білмей  сасып  қалды.  Саянның 
қолындағы  садақтың  жебесіз  екенін  көріп,  өзін  құтқарған  қас  батыр  осы  екенін 
білді. Енді біржолата абыржыды. «Ханды ажалдан алып қалған жас батырға алғыс 
айтып  басын  ию  керек  пе,  әлде  өзі  өлім  жазасына  бұйырған,  рұқсатсыз  қызын 
қатын  қылған  қас  жауына  жалаңаш  қылышын  жарқылдата  қарсы  шабуы  керек 
пе?» 
 
Хан осылай шешім таба алмай абыржып тұрғанында, қызы Гүлбаһрам садағын 
алып,  қорамсақтан  қозы  жаурын  жебені  әкесіне  қарай  кезей  бастады. 
Әбілқайырдың  жүрегі  дір  ете  қалды.  Өзіне  шапқалы  жатқан  жолбарысқа  ең 
болмаса  бетін  қорғай  жалаңаш  алдаспанын  қарсы  көтеруге  жараса,  бұ  жолы 
өйтуге  де  күші  жетпеді.  Бүкіл  денесіне  қорғасын  құйғандай  қозғала  алмады. 
Жанының тәттілігі де, дүниенің қымбаттылығы да, аңға сауыт киіп шықпағаны да 
—  бәрі  осы  көзді  ашып-жұмғандай  мезетте,  жүрегін  удай  ашытып  өкіндіре 
санасында жарқ етті де, кенет сөне қалды. Шыңғыс тұқымының мейірімсіз келетіні 
өзіне  мәлім,  көзін  жұма  берді.  Бірақ  жүрегіне  көк  құрыш  сүйір  ұшты  жебе 
қадалмады.  Аздан  кейін  жанынан  өтіп  бара  жатқан  ат  дүбірі  мен  Гүлбаһрамның 
даусын естіді. 
 
—  Бекер  қолымды  ұстап  қалдың,  —  деді  қызы  әкесінің  тұсынан  өтіп  бара 
жатып. — Егер, біз қолына түссек, бірден басымызды алар еді. 
 
Оған қоңырқай дауыс жауап берді. 
 
—  Өз  әкесін  өзі  өлтірген  әйелмен,  қанша  жақсы  көрсем  де,  бір  төсекте  жата 
алмас едім. 
 
— Онда өзің өлтіруің керек еді. 
 
— әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілімен ерім дейді? 

165 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
—  әрине  ғой,  —  қызы  күрсінді,  —  садағымды  тартуға  менің  де  дәтім  бармас 
еді... Тек ыза... — сөздің ар жағы естілмеді. 
 
Әбілқайыр аздан кейін көзін ашып жан-жағына қарады. Бірақ ешкімді көрмеді. 
Аламандар  оң  жақтағы  қалың  қарағаш  арасына  кіріп  кетіпті.  Кенет  Әбілқайырға 
хабар  берген  керней  үні  шықты.  Жорық  дабылына  үйренген  Тарланкөк  арқырай 
кісінеп  қоя  берді.  Көп  кешікпей  серіктері  де  жетті.  Өліп  жатқан  жолбарыс  пен 
жолай  жайрап  қалған  қасқырларды  көрген  Бахтияр-баһадур  мен  нөкерлері  хан 
ерлігін мадақтай жөнелді. Бірақ оған Әбілқайыр ләм-мим деп тіл қатпады, қабағы 
түксиіп сазарды да қалды. Ол қазір алай-түлей өкініште еді. «Отыз жыл хан болсам 
да, осы мезгілге дейін өзіме керек адамды таңдай білмеймін. Әлгі жігітпен ғой тіл 
тапсам  әскеріме  қандай  қолбасшы  болар  еді.  Сондай  адамдармен  ғана  әлемді 
бағындыра аласың! Қап! Қап! 
 
Хан  батырлығының  куәсі  етіп  нөкерлері  жолбарыс  пен  арлан  қасқырлардың 
терісін сойып алып, алдарына бөктеріп, кейін қайтты. Әбілқайырда әлі үн жоқ, сол 
қабағын  қарс  жапқан  қалпында. Тек  нөкерлері  ханның жеңісті  екенін  күні  бұрын 
бар  әлемге  дабырлата  білдіріп,  сырнай-кернейлерін  барылдата  тартып  келеді. 
Шатырларына таяғандарында ғана Әбілқайыр қасындағы Бахтияр-баһадурға: 
 
—  Егер  мен  жоқ  жерде  батыр  Саян  мен  менің  қызым  Гүлбаһрам-Патшайым 
қолдарыңа  түсе  қалса,  —  деді  өзгелерге  естіртпей,  —  менің  қызымның    басын 
алыңдар. Ал батыр Саянды сый-құрмет көрсетіп босатып жіберіңдер. 
 
— Құп, тақсыр! 
 
 
Бахтияр,  баһадур  осы  бір  болмашы  сөзден  ханның  неге  үндемей  келе 
жатқанын  ұқты.  Жолбарысты  батыр  Саян  өлтірді-ау  деп  жорамалдады.  «Бәсе, 
жолбарыс  жүрегінен  суырылған  жебе  хан  жебесіне  ұқсамайтын  еді-ау».  Батыр   
жігіттің  тек  жолбарысты  ғана  өлтірмей,  ханды  да  ажалдан  алып  қалғанына  шек 
келтірмеді.  «әйтпесе  кекшіл  Әбілқайыр  оны  қолға  түссе  босатып  жібер  демесе  
керек  еді».  Осының  бәрін  сезсе  де  Бахтияр-баһадур  тіс  жарып  ештеңе  демеді. 

166 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Ханның  көңілін  көтерейін  дегендей  ол,  құйрығы  мен  бас  терісі  жерге  сүйретіліп 
бір нөкердің ерінің алдына бөктеріліп келе жатқан жолбарыс терісін көрсетіп: 
 
—  Қандай  үлкен  жолбарыс,  —  деді  сәл  езу  тартып  күлімсіреп,  —  егер    қарсы 
шапқан кезінде қолыңыз дірілдеп кетіп садақты тарта алмай қалсаңыз ғой, жарып 
тастауы  кәміл  еді.  Бір  ажалдан  батырлығыңыз  құтқарды.  Бұл  ажалдан  аман 
қалғаныңызға  зор  қуаныштымын.  Сіз  көрінбей  кеткеннен-ақ  «Ақсарбас!» 
садақаны айтумен болдым. 
 
Қарсы шапқан жолбарысқа оқ кеудесінен, не басынан, әйтеуір қарсы жағынан 
тиер еді, ал өлген жолбарыстың жебе өкпе тұсынан қадалған-ды. «Қарсы шапқан 
жолбарыстың»  деген  сөзінен  Бахтияр-баһадурдың  жолбарысты  мұның  өзі 
өлтірмегенін  сезіп  қалғанын  хан  бірден  ұқты.  Бірақ  мыңдаған  жауынгерлердің 
жеңісін  өз  жеңісі  санап  әдеттенген  хан,  «жолбарысты  батыр  Саян  өлтірді»  деу- 
ге аузы бармады. Әйтсе де баһадурдың сөзін түсінгендігін білдіре, ол қай-тадан: 
 
— Егер батыр Саян қолға түссе босатып жіберіңдер, — деді. 
 
— Құп тақсыр. Ал екінші мәртебе қолға түссе ше? 
 
— Онда басын алыңдар. 
 
Бахтияр-баһадур  езу  тартты  да  қойды.  Батыр  Саянның  ханды  жолбарыстан 
құтқарғанына енді ол тіпті күмәнданбады. «Ажалдан аман алып қалғаны үшін,  хан 
да  оны  бір  рет  өлімнен  құтқаруын  борыш  санайды.  Ал  екінші  рет  қолға  түссе. 
Істеген жақсылығы үшін қастық. Жақсылық та, жамандық та саудаға түскен, шіркін, 
қу заман!» Дегенмен, аламан жігіттерден сескенген Әбілқайыр бұдан былай қарай 
бұл маңға аңға шықпады. Бір апта өткеннен кейін, мыңдаған салмен сау-саламат 
Сейхун  дариясының  оңтүстік  жағасына  жүзіп  шықты.  Су  киімдерін  кептіріп 
тынығып  жатқандарында,  үш  күн  бұрын  осы  арадан  Жәнібек  пен  Керейге 
қосыламыз деп Андижан маңайындағы қазақ руларының өтіп кеткенін естіді. Хан 
қашқан  елдің  соңынан  түре  қуып,  қырып  тастауға  әскеріне  атқа  қонуға  бұйрық 
берді.  Әскері  әбігерленіп,  дайындалып  жатқанда  Самарқантты  алған  Мұқамет-
Жөкінің  сыйлыққа  жіберген  көші  жетті.  (әттең  не  керек,  әбусейіт  Қорасаннан 

167 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
қайтқан соң, бөтен әмірлердің күшімен өз тағын қайтадан Жөкіден тартып алды). 
Жүз қызыл нарға  Самарқанттың бар қазынасын арттырып жібергендей Мұқамет-
Жөкі. Ал бұл керуенде жүз нарға  тиелген  алтын ыдыс, парша, манат, шағи, дүрия, 
қамқа. Самарқант кілемдерінен де қымбат Әбілқайырға арналған ерекше қазына 
бар болып шықты. Ол әбусейіттің үлкен бәйбішесінен туған Ғибадат-Сұлтан-Бегім 
еді. Қос анары жаңа пісіп келе жатқан алмадай қап-қатты, үлкен қарақат көздері 
қолға түскен құралайдың көзіндей жаудыраған, жаңа қыз болып қалыптасып келе 
жатқан  сұңғақ  бойлы  жас  сұлудың  мысы  жеңді.  Әбілқайыр  қашқан  елдің  көшін 
шабуды  ертеңге  қалдырды.  Сол  күні  түнде  күміс  бағаналы  көк  жібек  шатырдың 
ішінде әлі тұғырынан тая қоймаған кәрі көкжал он үш жасар уылжыған ақ тотының 
аппақ  төсінен  шөлі  қана  тояттанды.  Кешеден  бері  Ғибадат-Сұлтан-Бегімді 
көргеннен  бүкіл  денесін  билеп  кеткен  қызуын  баса  алмаған  Әбілқайыр,  енді  
көңілі  бір  саябырлап  қалың  қолына  көтерілуге  бұйырды.  Бірақ  жіберілген 
ертөлелерден  қашқан  көш  түнде  Сейхун  дариядан  кейін,  Қараталға  қарай  өтіп 
кеткенін естіді. Кешегі салдарды суға ағызып жіберген хан, қайтадан бір жеті сал 
тоқытып,  кейін  шегінгенше  қыруар  ел  мекендеріне  жетіп,  бекініп  алатынын 
түсінді.  «Үргенішке  туымды  тігіп,  әбден  күшейіп  алып  Моғолстанды  шапсам,  әр 
жерге  бір  көшіп  жүрген  қазақтың  қаңғыған  рулары  қайда  кетер  дейсің!»  деп 
ойлап Әбілқайыр бетін қайтадан Жейхун дариясының жағасына бұрды. Бір түннің 
қызығына  хан  Ордасының  болашағын  айырбастаған  қатесін  ол  бұ  жолы 
аңғармады. Тек жиырма жыл өткеннен кейін бұл қатенің ауыртпалығын балалары 
көтерді.  Өйткені  осы  қалың  көшті  Көкше  теңізге  құятын  Қаратал  өзеніне  бастап 
бара жатқан — қазақ елінің болашақ ұлы ханы, Жәнібектің баласы Қасым сұлтан 
еді.  Әбілқайырға  бір  түнде  түсетін  жеңіс,  артынан  барып  оның  балаларына  отыз 
жылдық күйреуге айналды. 
 
Хан қалың қолымен құмайтты, сорлы сұрғылт даланы басып үш күннен кейін, 
Жейхун  дарияның  сол  жақ  жағасына  жетті.  Енді  осы  дарияның  бойымен жоғары 
қарай  жүріп  отырып,  Үргеніштің  тұсынан  шықты.  Бұрын,  отызға  толмай  тұрған 

168 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
шағында  ол  қан-жоса  қырғыннан  кейін  екі  аптаның  ішінде  Үргенішті  алған-ды. 
Шаһарға  көк  Орданың  көкшіл  жібек  туын  тіккен.  Орда-Базардан  хан  Ордасын 
мүлдем  көшіруді  ол  кезде  ойлаған  жоқ  еді.  Сол  күннен  бастап  Әбілқайыр  тағы 
шығыс  патшаларының  ең  күштілерінің  біріне  айналды.  Үргеніштің  жазық 
даласында  алтын  айлы,  көк  күмбезді  мешіт  салдырды.  Стамбул,  Пекин,  Рум, 
Мәскеуден  шеберлер  алдырып,  ақ  тастардан,  күйдірген  қызыл  кірпіштерден  хан 
сарайларын  тұрғызған.  Әйтсе  де  жат  жерді  ұзақ  қоныс  ете  алмаған.  Ал  қазір 
Үргенішті  қапелімде  қолға  түсіріп,  мүлдем  басып  қалуға  күші  жетпеді.  Енді,  амал 
жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді. Бұ жолы Әбілқайырдың көздеген ескі 
қонысы — Сығанақ болды... 
 
Әбілқайырдың сырты бүтін, іші түтін еді. Бет келбеті де қара күреңденіп кеткен. 
Жәнібек  пен  Керейдің  және  оларға  ерген  рулардың  ішіне  қан  қатқанына,  ашу, 
араздықтың  оңайшылықпен  тарқай  қоймайтынына  анық  көзі  жеткенімен,  олар 
өзінен  бүйтіп  ат  құйрығын  кесісіп,  мүлде  бөлініп  кетер  деп  ойламаған.  Бөлінген 
күнде  де  адымы  кең  болмас,  қайта  оралар  деген.  Бүйтіп  атадан  балаға  мирас 
қалар  жаулыққа  шыдамас,  өйтуге  батылдары  бармас  деп  көңілін  жұбатқан.  Енді 
міне... Олар біржолата оралмай келмеске кеткен екен... 
 
Жорық  кезінде  аздап  басылған  ыза,  Сығанаққа  келгеннен  кейін  қайта  өршіді. 
Туын тігісімен Әбілқайыр шыдай алмады. 
 
— Бас әскербасы қайда? — деді Әбілқайыр үй тола отырған батыр, сұлтандарға 
сүзіле қарап. 
 
Қол  қусырып  сырттан  кірген  жасауыл  сол  еңкейген  бетте  шегіншектеп  шығып 
кетті. Сыртта бір құлтекінің аузынан екінші құлтекінің аузына көшкен  «әскербасы 
Бахтияр  сұлтанды  алдияр  тақсыр  шақырып  жатыр»  деген  дауыс  бірте-бірте 
әлсіреп, әлдеқайда көше қуалай ұзап барып мүлде өшті. 
 
Көп  ұзамай-ақ  хан  сарайына  қыран  қабақ,  нар  денелі,  апай  төс,  орта  жастан 
асқан  бас  әскербасы  Бахтияр  сұлтан  келіп  кірді.  Жақсылық  хабармен 
шақырылмағанын  біліп  еді,  бірақ  әміршісінің  қанын  ішіне  тарта,  сұрланып  алған 

169 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
түрін көргенде көп сұмдықты басынан кешкен жүрегі зырқ ете түсті. Дегенмен сыр 
бермеді, ханның оң жағынан кеп орын алды. 
 
—  Бахтияр  баһадур!  —  деді  Әбілқайыр.  —  Күн  нұрынан  жаратылған  қасиетті 
бабам сайыпқыран Шыңғысханды ауызға алмай-ақ қояйын. Бүкіл Дәшті Қыпшақты 
билеген Жошының тұсында елдің бір бөлігі ханнан безіп, түп көтеріле көшу деген 
болушы ма еді. 
 
— Жоқ, алдияр, — деді әскербасы. 
 
—  Ал,  сол  Жошының  атының  тұяғы  тиген  жерге  мен  де  тегіс  билік  жүргіздім. 
Жошы  әкесі  Шыңғыстың  арқасында  жетіп  еді  ғой  ол  билікке.  Дәшті  Қыпшақты 
дүрілдетіп  қайтадан  ел  қатарына  қосқанда  мен  тек  күшіме,  өз  ақылыма  ғана 
сүйенгем... 
 
— Иә, алдияр, қияға тек қыран бүркіт қана жете алады, — деді әккі әскербасы, 
мұндай сәтте хан иесінің мақтан сүйетінін есіне алып. 
 
— Бірақ қыранға да серік керек, — деді Әбілқайыр.— Жошы бабамыз  жанына 
кімді  ертерін  білген...  —  Сол  себептен  де  жеңілмей  келген...  Ал  мен...  —  хан 
айтайын  деген  сөзін  бүгіп  қалды,  —  соның  арқасы  болуы  керек,  қарамағымдағы 
елімнің тең жартысынан айрылдым... 
 
Әбілқайыр ашуға булығып, демігіп, сөйлей алмай қалды. Бахтияр сұлтанда да 
үн  жоқ,  орданың  ішінде  шыбынның  ызыңы  естілердей  ауыр  тыныштық  орнады. 
Ақыры үнсіздікті Әбілқайырдың өзі бұзды. 
 
—  Ханның  әмірінен  бас  тартып,  Моғолстанға  қашқан  қарашылардың  жазасы 
қандай болмақ? 
 
— Өлім... — деді Бахтияр даусын қатты шығаруға қорыққандай күбір етіп. 
 
Сол-ақ екен. Ордада тұрған жұрт бірауыздан ду ете түсті. 
 
— Өлім, алдияр. 
 
— Өлімнен басқа кесім болмауға тиіс. 
 
— Өлім. 

170 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Айтарын  айтып  қалғанмен,  бәрі  де  өз  сөздерінен  өздері  қорыққандай 
жамырай барып қалт тынды. 
 
— Үкімдеріңе  разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып. — 
Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы 
Орданың  түбінен  табылсын.  Жаудың  қорғанын  қырып,  қалғанын  құлақ  кесті  құл 
етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын! 
 
Қанша  ашуланса  да,  дауыс  көтермейтін  Әбілқайырдың  мұншама  ерен 
сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады. 
 
Бұйрықты  беру  оңай  да,  оның  орындалуы  қиын.  Мұны  Әбілқайыр  жақсы 
білетін.  Әсіресе  бұ жолы.  Сөйтсе  де  тәуекел  деп  ойлаған. Егер  қарауында қалған 
елдің  бас  көтерер,  қару  ұстар  ер-азаматтары  түбімен  қопарыла  аттанса,  әлі 
орналасып  болмаған  Керей  мен  Жәнібек  көшін  талқан  етіп  шауып,  ел-жұртын 
шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген. 
 
Бектер  мен  батырлар,  «игі  жақсылар»  Ордадан  шығысымен-ақ  әрқайсысы  өз 
қарауындағы  руларына  шапқан.  Елдің  елеңдеп  отырған  уағы,  бір  күннің  ішінде 
әскер  жиып  алу  әбден  мүмкін  іс  еді.  Басқаны  былай  қойғанда,  хан  Ордасының 
төңірегінде  отырған,  Әбілқайырға  әбден  берілген,  сенімді  деген  сарбаздың  өзі 
қаншама. 
 
Бас  әскербасы  Бахтияр  хабаршы,  шапқыншыларды  аттандырып  болысымен, 
осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды. 
 
— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді 
ол  Ордаға  өңшең  «жақсылардың»  тегіннен-тегін  жиналмағанын  аңдап,  әлдебір 
сұмдықты  күтіп  топ-топ  боп,  үдірейісіп  тұрған  сарбаздарға  келген  бойда.  — 
Қылыштарың  да  қынабында  жатып  қалып,  тот  басуға  айналған  шығар.  Құдай  
тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар. 
 
—  Уә,  пәлі!  —  деді  бір  жас  сарбаз  ыржалақтап.  Қынабынан  қылышын  суыра 
түсіп, жөткірініп қойды. Әйткенмен, қалған жұрт бұл құсап алақайлап кеткен жоқ. 
Сөздің артын тосып тұр. 

171 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
—  Бұл жолғы  жау —  басы  шоқты  қалмақ  та,  жылмағай жүзді  шүршіт  те  емес. 
Алынуы оңай жау. Ел болып басын қоса алмай жатқан әлгі Керей мен Жәнібектің 
қашқындары. Ал қашқан жауға қатын ер... 
 
 
— Ой-дой! 
 
 
әскербасы  көп  ішінен  күңк  ете  түскен  дауысты  құлағы  шалып  қалса  да,  құр 
доңайбат жасаумен болды. 
 
—  Қашқан  жауға  қатын  ер,  —  деді  ол  сөзін  қайталап,  жан-жағына  көз  тастап. 
Кәне,  батыр  болсаң  шығып  көрші  дегендей,  әскеріне  түксие  қарап  біраз  тұрды. 
Бірақ  бұл  жолы  тірі  жан  қыбыр  етпеген  соң,  сөзін  қайта  жалғастырды.  —  Ал 
сендер  сайыпқыран  ерлер  емессіңдер  ме?!  Тентек  Жәнібек  пен  ақылынан  адаса  
бастаған  Керейді  ат  құйрығына  байлап,  ал  оларға  еріп,  ханымыздың  қасиетті 
Ордасынан  безген  жалаңаяқтарды  қойдай  маңыратып,  қозыдай  шулатып  айдап 
келу — сендер үшін түк емес. 
 
—  Сайыпқырандық  қолдан  келсе!  —  Бұл  —  мана  алғаш  үн  шығарған  кісі  еді. 
Жасы  отыз  бес-қырықтардағы  көк  көз  сары  жігіт  Орысбай  болатын.  — Шаруадан 
босай алсам жақсы ғой... 
 
—  Менде  сылтауратар  ешқандай  шаруа  жоқ,  бірақ...  бұл  сапарға 
қинамасаңыз...  —  Бұл  сөзді  айтқан  бетінде  қылыш  таңбасы  бар,  елулер 
шамасындағы  кәрі  жауынгер  Қоқыш  деген  еді.  Бар  өмірін  Әбілқайыр  есігінде 
өткізген кедей төлеңгіт... 
 
Сол-ақ екен, күңкіл-сүңкіл көбейіп кетті. 
 
Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық... 
 
— Мал бар, бала-шаға бар... 
 
— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз... 
 
— Тоқтат, өңшең шуылдақ! әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп 
пе  едіңдер?  Жорық  көрмеп  пе  едіңдер?  Сонда  үйде  шаруам  қалды,  қатыным 
қалды деп қайсың айтушы едің?! әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана 
тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек! 

172 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
—  Тақсыр,  —  деді  Орысбай  иығын  қомданып,  алға  шығыңқырап.  —  әрине, 
біліп,  сезіп  отырсыз,  шаруа  дегеніміз  тілге  тиек  қана.  Шынымды  айтсам,  мен 
жазықсыздан-жазықсыз  өз  бауырларыма  қарсы  қылыш  көтеріп,  адам  алдында 
бір, құдай алдында екі күнәкар болғым келмейді. Онсыз да төгілген қан аз емес. 
Дәрежең  кем  демесең,  мен  де  ата  мен  анадан  туған  ұлмын.  Ешкімнің  де 
басыбайлы құлы емеспін. Өз еркім өзімде. Бұл жорыққа бара алмаймын. 
 
— Қинамаңыз, мырза. 
 
— Тақсыр-ау, ел бетіне қалай қараймыз... 
 
—  Хан  мен  сұлтандар  жанжалдасты  деп  екі  ортада  шаруа  неге  қырылуы 
керек... 
 
— Өзара жауласудың қанша қажеті бар... 
 
Жұрт дабырласып, дүрлігісіп кетті. 
 
— әй, Қоқыш, әй, Такежан, әй, Күйгенбай, — деді әскербасы қарашы халықтың 
мына райын аңдаған соң, Әбілқайырдың басыбайлы төлеңгіттерінің атын арнайы 
атап.  —  Хан  иемнің  бауырында  өскен  күшік  емеc  пе  едіңдер,  дәмін  ақтамай, 
құдайды ұмытқандарың қалай?! 
 
Топ ішінен біреудің кеңкілдеп күлген даусы естілді. Бірақ төлеңгіттердің көбі не 
айтарын білмей тосылып қалған еді, көп атынан Қоқыш сөз алды. 
 
—  Дәм  ақтайтындай,  ешкімнің  хақысын  жеген  жан  емен,  —  деді  ол 
әскербасыға  тура  қарауға  қаймыққандай,  көзімен  жер  шұқып.  —  Бірақ  хан 
бұйырса  қай  жорыққа  болмасын  барам.  Әйткенмен,  тақсыр,  сүйреп  қосқан  тазы 
түлкі  алмайды  деуші  еді,  құр  қара  көбейтсін  демесеңіз,  қан  төгуге  ар-ожданым 
шыдамас. 
 
—  Өңшең  ез!  Сендер  жау  түсірмек  түгіл,  өздерің  олжаға  кетерсіңдер!  —деді 
күйіп кеткен әскербасы булыға. 
 
Бұдан әрі күш көрсетуге Бахтияр сұлтан бара алмады. Әскер дені көшкен елмен 
тілектес екенін сезгендіктен не айтарын білмей тұрып қалды. 

173 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Кешке қарай әр тараптан хабаршылар да жете бастады. Елегізіп отырған ел хан 
жарлығын  қуанышпен  қарсы  алмапты.  Тіпті,  кейбір  рулар  хан  ием  біздің 
Жәнібекке  ермей,  өз  қарауында  қалғанымызға  неге  шүкіршілік  айтпайды  десіпті. 
Ал  енді  бірталайы  игілікті  іс  үшін  хан  өлімге  жұмсаса  да  барар  едік,  бірақ  бұ 
жолғысы  қиянат,  өз  бауырларымызбен  соғысуға  аталарымыздың  аруағынан 
қорқамыз  деген  көрінеді.  Жарлыққа  мойын  ұсынғандар  аз  еді.  Осының 
нәтижесінде  Әбілқайыр  жасағы  ханның  өз  ойлағанынан  екі-үш  есе  кем  боп 
шықты. Бұл жиналған жұрттың өзінің қаншалық сенімді екені күмәнды. 
 
Ақыры хан, үстіне жан адамды  кіргізбей, көз шырымын алмай, дәм татпай ақ 
орданың ішінде бір күн, бір түн бойы ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. 
Әбілқайыр бұ жолы, шынтуайтқа келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, 
халықтың өзі шешетінін ұқты. Қазір Дәшті Қыпшақтың қалың бұқарасы өзінен опа 
шегіп,  қазақтың  жеке  хандығын  құрамыз  деген  рулар  жағына  мүлдем  шығып 
кеткеніне  шек  келтірмеді.  Енді  ол  Жәнібек  пен  Керейлерді  хандық  құрмай 
тұрғанында  басып  алу  үшін  жорыққа  аттану  жайлы  ойынан  бас  тартты.  Өйтпеске 
шарасы да жоқ-ты. Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен 
күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті. 
 

174 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет