98
анама обал болғанын қарашы, сау сыңар аяғыммен шоршаңдап
дәретке барып келген боламын. Қораның айналасы жол үстi көк
мүйiз тон. Талай рет шарқ етiп құлап, қарақұсым аузыма түсе
жаздады. Қарақұсымнан бұрын берiш байланған тiзем жанымды
мұрныма әкелдi. Көзiмнен ыршып кеткен жасты, көкiрегiм
толған шердi әке-шешеме көрсетпеу үшiн жан азабын жеңемiн.
Шоршаңдап кiрiп келе жатқан менi көргенде бiр түрлi шүңет
мұңмен қараушы едi екеуi. Мен зорлана езу тартамын. Мүмкiн
кеспiрiм күлген пендеден гөрi, қақпанға түскен суырға көбiрек
ұқсайтын болса керек:
- Күлмешi, күлме балапаным! - деп зарлайтын шешем.
- Жаратқан-ай, маған тартқыз азабынды! Перзентiмдi қинама,
бiр ғана тiлеуiм осы - деп тошала үйде жалғыз күңiренгенiн
бiрнеше рет естiп қалдым. Өлмесем болмады. Ұя басардай
салтанатты өлiммен өлудi күту, өзiмдi өзiм алдап, ата-анамды
қинау екен. Ондай қабiлетке мен мәңгi жете алмаймын.
Тасбақадай қыбырлап тауға шыққанымша алдамшы өмiр тағы
да аздырып кетер. Құздан құлап өлдiм не, бауыздалып өлдiм не!?
Өлген соң бәрi бiр емес пе?
Мен ұстараны қолға түсiрудi ойладым. Түскi шайға отыра
бастаған кезiмiз болатын.
- Ай, ақсақ, дастарқанға жақын кел! - дедi әкем. Шешем
көкiрегiне шоқ түскендей баж етiп әкеме шақшиа қарады. Ақаң
да қалай айттың бұл сөздi, бiзге батпаған азуыңды сорлы балаға
салғаның ба дегендей ағасына қадала қарап қалыпты. Қайратты
қара мұрты тал-тал болып, көзiнен қан жауғандай. Жалғыз арқа
тiрек ұлы қорғаным табандап тұрып тас төбемнен соққандай
есеңгiреп аузымды аша меңiрiп қалсам керек.
- Ақсақты - ақсақ, шолақты - шолақ, тазды - таз, жындыны
– жынды демей ендi не деймiз?! Болмыс бұрмаланып, жасанды,
жалған мәмiле жасалса-ақ, өмiр ақаусыз болады, жаратылыс
теңеледi дегендi сендерге кiм айтты? Он сегiз мың ғаламның
бүлiнбеген, өзгермеген, бiр түрден екiншi түрге ауыспаған кезi
болған ба? Ауысу барысында ой сана iлгерлету ғана адамның
ақылдылығы, парасаттылығы делiнедi. Адамның мәдениетiн,
арманын, тарихын жалған нәрсе жетiлдiре алмайды. Жалған
қашанда жалған.
Әкемнiң ойы басқаларға қаншалықты әсер еткенiн
бiлмеймiн. Әйтеуiр, менiң көкейiмдегi кiсi нәсiлiне жат
азғындықты тозаңдай тоздырды. Мен ақыл-ойымды iлгерлетудi
емес, өлудi, тек салтанатты өлiммен өлудi ғана мұрат санаппын
ғой! Адамдық қадiр-қасиетiм кем екен менiң. Бес мың қой, мың
көк ала жылқылы байдың ұлы болып осындай тақсiрет тарсам
қайтер едiм? Кешiр, кешiре гөр, жан әкем! Бойымда тамшы қан,
шыбын жан болса екiншы ары азғындамаспын!
Қайболла жасап алып келген балдақтың сабына “Ғалым
ақсақтың балдағы” деген сөздi бадырайтып отырып жазып
тастадым. Менiң бұл атыма үйдегiлердiң көзi-құлағы үйрендi.
Өзiм де үйрендiм.
- Сен ақсақ болсаң, мен жынды домалақпын ғой! - дейтiн
Ақан ғана оқта–текте көзiне жас кiлкiп, iзiнше күлiп: Сосын –
Қанғырған қайыршы, әкеңiздiң басы,- деп санымнан мытып
қоюшы едi. Өзi құлдыраңдап домаланып жүрсе де менi
ақсақтыққа қимайды. «Жаман қозым, итауыз немем», деп
төбемнен иiскеп, әрi жұмсақтап қана тоқинақ алып, нұқып
қоятын.
- Мұнан кейiн мен өзiмдi Ақбақанның ұлы деп атаймын,
мiнез-құлқым да, жүрiс-тұрысым да
ұқсайды сiзге,- десем:
-Тек, әзәзiл, аузыңа қан толсын! - деп шарқ ете түстi. Аздан
соң сабасына оралып,- Былай ғой балам, құдайға күнәлi бола
алмаймын мен. Тiрi болсаңдар бәрiң де менiң үрім–бұтағымсың
ғой. Сабила мен Ақбақаннан бала тумағанына Алла куә - дейтiн.
Менiң темекi тартуым тiптi күшейiп кеткен. Шәпем, Қадым
қалаға барғанда “Көк сиыр” маркалы махорка ала келiп, сандыққа
салып қояды. Әкем де, шешем де оны байқамағансиды. Неге
байқамасын, мүсәпiр балаға алданыш болсын дейдi ғой. Десе де,
ол кiсiлерге көрсетпей жасырын орындарда ғана тартамын. Бiр
күнi төбемдi искеп отырған Ақан бiлiп қойды.
- Сайтан сиiптi саған, сайтан сиiптi! Шоқыншық, қара таяқ,
әзәзiл - деп таяғымен күсiп кеттi. Күнәмдi бiлiп отырмын.
- Жаңылдым, жаздым. Әкеме айта көрмеңiз, тақсыр. Темекi
тартуды тастайын,- деп зорға құтылдым. Мұндай баянсыз серттi
кейiн қанша адамға бергенiм есiмнен шығып кетiптi. Темекiмен
өзiмдi, өмiрiмдi күнi бүгiнге дейiн улап, жанашырларымды алдап
келе жатқаным ғана шын. Қайғы-қасіреттi азайтқан, ақыл-ойды
ұштаған, сән-салтанат қосқан кезiн көргем жоқ. Қазiр бiрдеме
жазсам, ой ойласам темекi тартпай отыра алмаймын. Бейне ақыл,
дарын, шабыт сыйлап тұрған сол сияқты сезiледi. Қан тамырымда
қан ұю, жүрек артериямның тұнба мекенiне айналуы, демiгуiм
ушықты. Адамзаттың жалған, жасанды улы нәрсе апиынға,
героин, кокаин, араққа, темекiге қызығуы ұзамай менiң басымды
да мүжитiн болар. Соған дейiн көрген, баққанымды аудармай,
тамызбай, сырлап-сипамай қағазға түсiре бермекпiн. Өңдесем
болмыстан көз жазып, шындықтан азып, қалайда бiр қулыққа,
жасанды жалған уағызға тартып кетемiн ғой.
***
Ауылдың аспанына аққу - қаз, үйрек, шағала, қызғыш топ-
тобымен қайта оралып, тағы да бiр тамылжыған көктем келдi.
Ағаш бүрлеп, көк алшындап, құрақ жайқалды. Қамыс-қоға, тал-
терек бұрала биге басты. Аспанға қаз бауыр бұлттар көтерiлiп,
Ертiс аңғары табиғи тыныс алғандай едi. Десе де, ел реңi
жадыраңқы емес, солғын. Күрсiну, күдiктену, кәсiп қарекетiнен
үрку етек алған. Балық аулайтын жан мүлде жок. Аймақтық су
iстер мекемесi жекелердiң балық аулауына тиым салыпты. «Тың
жер ашу мекемесi», “Орман мекемесi”, “Құрлыс мекемесi”,
“Мәдениет мекемесi”, “Тау кен мекемесi”, “Мал шаруашылық
мекемесi” “Сауда–саттық мекемесi”, “Iшпек-жемек мекемесi”,
“Қатынас мекемесi” дейтiн мекемелер барша қызметкерiмен,
қатын-баласымен көшiп келген. Әскери қосыннан ақиқатқа
қайтқан әскерлер мен ықшамдалған артық әскерлер және
басқа да жаңадан мекен тебетiн көшпендiлер, еңбек қосыны
құрылып Үлiңгiр, Балбағай, Бiтеуiрге, Қаратүңке, Қаптық,
Бәйтiк, Сарбастау, Көксу, Шыбаршiлiк, Ақши, Буыршын,
Ласты, Жеменейге апарылып тың игеру, шекараны қорғау,
ұлттар берекесiн гүлдендiруге жегiлдi. «Жер, су, орман қазба
байлығының бәрi мемлекеттiкi, рұқсатсыз сабау кесiп алуыңа
болмайды. Қолындағы мал-мүлiк те халықтiкi» деген үгiттер
жүрiлдi. Халық дегенімiз кiм? Мүмкiн жұрт өзiнiң осы қатарда
бар-жоғын, бiр жерде жерлену, бiр затты иемдену толымдылығы
бар- жоқтығын айырып, түсiне алмады. Ашық сұрайын десе керi
төңкерiсшi болып қаламын ба деп аузын бақты.
«Алтай - мал шаруашылықты өзек етiп келген район.
Ауыз суын, жайлымды бүлдiрмеңдер. Тұрғын халықпен етене
болғандарың жақсы» деп ұсыныс қойған бiр - екi байырғы ханзу
қарттары жергiлiктi тап жауларының өңешi делiнiп, қақпайға
ұшырады. Жалпы, ел ыңғылы тереңге түскен тастай ым-жым
болса да бiр беткейлiк қашанда жоқ қой. Айғайлап, дүрліктіріп
жұртты серiктесуге зорлайтын бiр топ әпербақандарда да
шықпай қалмады. Олардың тасы өрге домалады. Осындай
жағдайды
ойласа керек, әкем бiр күнi терең күрсiнiп:
- Бұл - осындағы кейбiр құр кеуде бiреулердiң ала-сапыраны!
Компартияны, халықшыл өкiметтi, халық азаттық армияны
құрған, әрi басқарып отырған Маузыдұң мұны бiлген жоқ. Сол
кiсi бiлсе түзетер кейiн! - дедi.
Үйге келiп-кеткен ағайын мен әкемнiң кеңесiнен мен
елдiң мiнез-құлқында бұрын жоқ тақуалық, алдамшылық,
жағымпаздықты сезiнгендей боламын да, мұндай құбылыс
қандай күйіңмен iлесе келгенiнiң байыбына бара алмаймын. Әзiр
кейбiреулер шiренiп жатып, шырт-шырт түкiредi, жай-жапсарды
бiлмей тұрып айбар шегудi, төренің алдында мөлиiп, қараның
алдында ақшия қалатын болды. Бұл нашар әдеттi қайдан тапты
екен деп те ойлаймын.
Осы жылдың күзiнде отбасымыздың көзiн шарасынан
шығарған тағы бiр үрейлi оқиға болды. Үлкен отаудың
шығыс жағындағы қорықтан мая жиып жатқанбыз. Шөмеле
таситындардың дені - атқа жеңiл бала. Сағидияның мiнгенi
шаргез қара бие едi. Неден ығыс алғаны беймәлiм, сол бие
шөмеле тартып келе жатып аяқ астынан оны жығып кетiптi.
Сағидияның басы-көзiн қан жауып, талықсып қалған жерiне
әкем алдымен жеттi:
- Құдай-ау, ақырғы тiлеуiм болсын! Қарашығымды ала