Рухани алмасу арналары



Pdf көрінісі
бет7/11
Дата03.03.2017
өлшемі0,62 Mb.
#6516
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
§ 5
 АЛМАСУ АУМАҒЫ
98

Бүгінгі күні өзін сөз етіп, сөзін ту етіп, отырған Мәшһүр-
Жүсіп бабамыздың “Мес” қазанындағы мол мұра сан алуан 
әрі көпқырлы екені талас тудырмаса керек.
Бұған   бірден   бір   дәлел   қазіргі   таңда   біршама   еңбектер 
жазылып,   шығармашылығына   ғылыми   талдау   жасалды 
десек   те,   Мәшһүр   мұрасының   мұрты   ғана   майысып,   тың 
жатуы.   Оған   қоса,   кернеуі   бар   адамға   кертіп   жейтін 
дүниедей,   бай   қазынаның   тереңіне   сүңгісең,   тұңғиықтан 
інжіл-маржан ілерің сөзсіз.
Нақтырақ   айтсак,   Мәшһүр   Жүсіп   және   шығыс   әдебиеті 
деген тақырып төңірегінде әлі де айтылмаған, аныктайтын 
тұстар баршылық.
Бұл ретте, мынандай бір ой қылаң береді. Бізде қазақ пен 
шығысты   бөліп   қарастыру   бар.   Ал   шындығында   қазақтың 
өзі   шығыс   емес   пе?   Діл,   дін,   тіліміздің   бәрі   де   шығыстан 
екендігін   ұмытпағанымыз   жөн.   Әрине,   бұл   тенденцияның 
шығыстан   шыққанымызға   шағынып,   батысқа   бейімделген 
тұста   пайда   болғаны   рас.   Одан   әлі   де   ажырай   қойған 
жоқпыз.
Ал,   кеңес   дәуіріне   дейінгі   қазақ   әдебиетінде   керісінше, 
бзтыстан   гөрі   шығыстың   басқа   халықтарының 
әдебиеттерімен   байланыстары   айқын   байқалады.   Бұның 
белгілі бір себептері де болды.
Осы   кезде   Орта   Азия   мен   Қазақстанды   отарына 
айналдырған патша өкіметі орыстандыру саясатын жүргізе 
бастады. Қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру 
мен қатар, бекІністер мен қалашықтар шіркеулер, школдар 
салынды.   Орыс   миссионерлері   панасыз   қазақ   балаларын 
шіркеуге  қабылдап,  шоқындырды.  Ал,  школдар  мен  кадет 
корпустарындэ   орысша   оқу,   оқып,   тәлім-тәрбие   алған 
жастар патша ағзамға қызмет қылуға тиісті еді. Бұл үрдіс, 
әсіресе,  XIX  ғасырдың   соңы   мен  XX  ғасырдың   басында 
айрықша бел ала бастады.
Әрине, бүл «көзІ ашық, көкірегі ояу» қазақ зиялыларының 
арасында   алаңдаушылық   туғызбай   қоймады.   Олар   тат 
қарманған адамдай жан-жағына жіті көз жіберіп, өздерімен 
99

тумысы бір туысқан халықтармен тығыз байланыс жасады. 
Патша   өкіметінің   езгісіндегі   бұл   отар   елдердің   мақсат-
мұраты да, арман-аңсары да бір еді. Осы халықтардың сүт 
бетіндегі қаймағындай болған ардагер ұлдары ортақтасып, 
тіл табыса білді. Сөйтіп халықтың рухани оянуы жолында 
аянбай еңбек етіп, бір-біріне қол ұшын беріп, бірінің жағын 
бірінен тапты.
Егер   тарихқа   жүгінсек,   Ресей   орталығына   жақын 
орналасқандықтан,   басқа   шығыс   елдеріне   қарағанда 
Татарстан   мен   Қазақстан   империядағы   саяси-әлеуметтік 
оқиғалар дүмпуін алғаш сезінді. Соның әсерінен ерте оянды 
да.
Әсіресе,   1905-1907   жылдардағы   бірінші   орыс 
революциясы   қоғамдық   күштердің   қозғалысын   туғызды. 
Қоғамдық күштердің топтапуы  татар және қазақ арасында 
да   болды.   Олардың   ұлттық   интеллегенция   өкілдері   бас 
біріктіріп,  патша өкіметіне наразылық білдіре бастады. Ел 
ішіндегі   революциялық   қозғалыстардан   қорыққан   патша 
өкіметі 1905 жылғы 17 октабрь манифесін жариялады. Бұл 
міндет бойынша халыққа бас бостандығы, сөз бостандығы, 
баспасөз бостандығы сияқты құқықтар берілетін болды.
Осы   жеңілдіктерді   бірінші   болып   пайдаланған   татар 
буржуазиясы еді. Олар өздерінің мәдениеті мен әдебиетін 
дамытуға, өз тілдерінде көптеген газет журналдар шығаруға 
мүмкіндік   алды.   Осы   жылдары   Петербургте,   Қазанда, 
Уфада,   Орынборда,   Тройцкіде   көптеген   татар   газет-
журналдары   шыға   бастады.   Аты   аталған   қалаларда 
баспахана   ісі   жолға   қойылды.   Сондай-ақ,   үлкен   мәдени 
орталықтарда,   атап   айтқанда   Қазанда   «Мухамедия», 
Уфада   «Ғалия»,   Тройцкіде   «Расулия»   Орынборда 
«Куссания»   атты   орта   және   жоғарғы   оқу   орындары 
ашылды.   Бірнеше   әдебиет   бірлестіктері   мен   мәдени 
қоғамдар,   театр   группалары   ұйымдастырылды.   Бүл   оқу 
орындары мен газет-журналдар, театр үйірмелері татардың 
XX  ғасырдың   басындағы   мәдениетін   жоғарғы   сатыға 
көтерді. Бұл мәдени өрлеу өзімен көрші отырған башкұрт, 
қазақ   халықтарына   да   асер   етіп,   олардың   мәдениеті   мен 
100

әдебиетінің   дамуына   түрткі   болды.   Ал   аталған   газет 
журналдардың   беттерінде   қазақ   халқы,   оның   тілі   және 
әдебиеті жөнінде  көптеген   мәліметтер  берілді.  Сондай-ақ, 
Абай,   Шәңгерей,   Ғ.Қорашев,   М.Сералин,   Б.Өгетілеуов, 
Б.Қаратаев   және   т.б.   қазақ   ақын-жазушыларьшың 
туындылары да жиі жарияланды.
Осы   кезде   Қазақстанда   баспасөз   ісі   жолға   қойыла 
бастады.   Қазақ   тілінде   ондаған   газеттер,   бір   журнал, 
көптеген   кітаптар   шықты   [1].   Мәселен,   Тройцкіде   «Қазақ 
газеті»   (1906),   Петербургте   «Серке»   (1907)   газетгері   бой 
көрсетті. Кейін бұлардың қатары «Қазақстан» (1911-1913), 
«Ешім   даласы»   (1913),   «Қазақ»   (1913),   «Айқап»   (1911) 
секілді   газет-журналдармен   толықтырылды.   Бұл 
басылымдар   елдің   сана-сезімін   ояту,   ғылым-мәдениетіне 
үндеу   және   қоғамдық-әлеуметтік   мәселелерді   көтерумен 
қатар,   әдебиет   мәселелері   төңірегінде   де   материалдар 
жариялап   тұрды.   Бұл   басылымдарға   сол   кездегі   көрнекті 
ақын-жазушылар қызу ат салысты.
Сөйтіп,  XX  ғасырдың   басында   татар   эдебиетімен   қатар 
қазақ   әдебиеті   де   барынша   дамыды.   Ол   қысқа   мерзімнің 
ішінде дамыса да, күрделі белестерден өтіп, сан алуан ұлы-
кішілі таланттарды туғызды. Әдебиет өкілдері ұлы ойшыл 
Абайдың   реалистік   дәстүрлерін   жалғастырды,   байытты, 
халықты жаңалыққа, прогреске шақыратын бүкіл азаматтық 
сарындарды   күшейтті,   көркем   сөз   қорын   поэзия,   проза, 
публицистика,   драматургия   жырларымен   молайтты.   Бұл 
кездегі   әдебие   тез   дамумен   бірге,   ұлттық   тар   шеңберде 
қалып  қоймай,   кең   арнаға   шықты,   көршілес   шығыс   елдер 
әдебиетімен.   орыс   классикасымен,   батыс   европа 
халықтарының   қазынасымен   өзара   байланысып,   нығая 
түсті.
Бұл   әдеби   байланыстар   үрдісін   сол   тұста   өмір   сүрген 
түркі   тілді   туысқан   елдердің   де,   өзіміздің   де   әдебиет 
майталмандарының   творчествосынан   байқау   қиын   емес. 
Атап айтқанда, екі ғасыр аралығындағы әдебиеттің көрнекті 
өкІлі М.Ж.Көпейұлының шығармашылығына шолу жасасақ, 
оның   творчествосына   араб-парсы,   тәжік   және   өзбек 
101

әдебиетінің  ғана  емес.   басқа халық   әдебиетінің   игі  ықпал 
еткендігін
 
аңғарамыз.
 
Мәселен,
 
татар
жұртшылығы   және   оның   мәдениетімен   байланысын
Мәшһүр   Жүсіптің   Қазан   қаласында   Хұсайиновтар 
кітапханасынан үш кітап шығаруынан анық көруге болады.
Шынында   да   бұл   жылдары   татар   мәдениеті   Ресей 
империясына   қарасты   көптеген   түрік   тұқымдас 
халықтардың   мәдениетінен   озық   тұрды.   Татар   халқы 
батыстың   озық   үлгідегі   мәдениетін   орыстар   арқылы   өз 
бойына   сіңіріп   қана   қоймай,   сонымен   бірге   оны   өзімен 
көршілес отырған басқа түрік тектес халықтар арасына да 
тарата   білді.   Сөйтіп,   олар   орыс   пен   түркі   тектес 
халықтардың арасында көпір болып қаланды.
Сондай-ақ,   Орта   Азия   мен   Қазакстанда   ағартушылық, 
демократиялық   ой-пікірлердің   пайда   болып,   қалыптасып, 
дамуына, соның ішінде жаңа сипатты қазақ әдебиетінің өсіп, 
өркендеп,   оның   тақырып,   идея,   мазмұныны   жағынан 
баюына, сондай-ақ әдебиеттің жаңа жанрлар мен түрлерінің 
тууына   орыс   әдебиетімен   бірге   татардың   демократиялық 
әдебиеіінің де елеулі әсері болды. Осындай әдеби-мәдени 
байланыстар   негізінде   татар,   қазақ   және   т.б.   түркі   тектес 
халықтардың   әдебиеттерінің   барлығына   бірдей   ортақ   үн, 
ұқсас   сипаттар   пайда   болды.   Атап   айтқанда,   олардың 
көтерген
 
тақырыбы,
 
қозғалған
 
мәселелері, 
шығармаларының идеясы мен мазмұнын, кейде тіпті сюжеті 
мен   көркемдік   тәсілдері   бірдей   немесе   бір-біріне   ұқсасып 
жатты.
Бұған   мысал   ретінде   аталған   әдебиеттердің   сол   кезде 
көтерген тақырыбының көбіне өз елінің өнер-білімнен артта 
қалуын   сынау,   өз   халқын   оқу,   ағарту,   мәдениетке  үндеу 
теңсіздікті   аңсау   болып   келгенін   тілге   тиек   етсек   те 
жеткілікті.
 
Мәселен,
 
бұны
 
Мәшһүр
 
Жүсіп 
шығармашылығынан-ақ анық байқауға болады.
Сонымен   қатар,   жазбагер   бұл   басылымдарында 
әлеуметтік   маңызы   бар   мәселелерді   көтеріп,   патша 
102

өкіметінің   отарлау   саясатына   деген   наразылығын   ашық 
білдіреді.   Сондықтан   Көпейұлының   кітаптарын   басып 
шығарған   Хұсайновтар   баспасынан   көп   адам   сотқа 
тартылады,   баспа   иесіне   айып-құн   салынады.   Ал 
кітаптардың   таратылмаған   даналары   конфескеленіп, 
ақынның өзін жауапқа тарту жөнінде нұсқау берілді. Бірақ 
баспа   иелері   оны   ұстап   беруге   ниеттенбей,   бар 
ауыртпашылықты мойындарына алады. Бұл - татар, қазақ 
интеллегенция   өкілдерінің   мүдде,   мақсаттарының   ортақ 
болғандығын көрсетеді.
М.Ж.Көпейұлының   Қазан   қаласында   шыққан 
“Сарыарқаның   кімдікі   екендігі”   кітабына   енген   «Қазақ 
жұртының осы күнгі әңгімесі» атты еңбегі сол кез үшін мәні 
зор   елеулі   мәселелер   көтеруімен   құнды.   Олар   -   халық 
мүддесін   қолдау   үшін   думаға   депутат   сайлау,   саяси 
көзқарасына   байланысты   түрмеге   жабуды   сынау,   патша 
әкімдерінің   зорлық-зомбылықтарын   әшкерелеу,   әділдік 
жолына бас тіккен ерлерді үлгі ету сияқты мәселелер еді.
Шынында,   17   октябрь   манифесі   мен   жаңа   Мемлекеттік 
думадан  жұрт үлкен үміт күтеді. 1905  жыл оқиғасы қазақ, 
татар,   башқұрт   т.б.   халықтардың   құлағына   тиІп   қана 
қоймай,   олардың   арасында   үлкен   қимыл   тудырды.   Дума 
сайлауын   бетке   ұста   ұстаған   құрылтайлар,   жиылыстар 
қала, жәрмеңке сайын болып, онда көптеген саяси талаптар 
ұсынылды. Бұл жайында Мәшһүр Жүсіп былай дейді:
Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне...
Арызын былтыр айтқан түгел Қазан, 
Жер мен су басқа азаттық мешіт-азан. 
Тілегі дәлелімен толып жатыр, 
Қылайын қайсыбірін жарапазан. [2].
103

Ақын халық атынан сөйлеп, бұрынғы еріксіз алынған жер 
мен судың қайтарымы, мешіт пен медресенің билігі жұрттың 
өзіне тиюін талап етеді.
Жоғарыда   айтқанымыздай,   ондай   жиындарда   дін,   жер 
және   ұпт   бостандығы,   теңдігі   туралы   ұлықтарға   арыз-
петициялар
 
жіберілген.
 
Ондай
 
жиылыстарды 
ұйымдастырушылар   –   тек   қазақтың   ғана   емес,   басқа   да 
түркі   тектес     халықтардың   ұлттық   интеллигенциясының 
өкілдері еді және Ресей өкіметінде тұратын дін-мұсылман 
баласына баласына Қазан қаласында басшылық жасалды. 
Бұл жәйтті Мәшһүр былай баяндайды:
Болып тұр мұсылманға Қазан басшы, 
Сен де соған жейтұғын асыңды асшы. 
Дін исламның бір болып ынтымағы, 
Патшаның қол астында бір жарасшы [3].
Сөйтіп, ол алғашқылардың бірі болып 1905 жылғы оқиғаға 
үн қосты; өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын бІлдірді.
Осы іспеттес сарын, әуен  өткен ғасыр басындағы татар 
әдебиетінде   өте-мөте   байқалды.   Бұл   жөнінде   татардың 
классик ақыны Ғ.Тоқай - «17 октябрьден кейін әр тараптан 
жап-жақсы   ақындар   бас   көтерді.   Мұнан   былай   да   көтере 
бермек»   -   десе   [4].   ағартушы-демократ   Ғ.Ибрагимов:  XIX 
ғасырдың   басында...   татар   оянды,   өмір   жолында 
жаңалықтар іздей бастады! [5], - деп жазады. Бірақ кеңес 
өкіметі   тұсында   оң   қабақ   көрсетілмей,   оларға 
«панисламист, пантюркист» деген айдар тағылды. Мәселен, 
белгілі   философ-ғалым   К.Бейсембиев:  «...  Главными   ее 
требованиями,   по   мнению   Копеева   должна   быть   два 
вопроса:   «Земля   и   религия»,   т.е.   возвращение   земли   и 
воды казахам и свободы веры, причем второй вопрос для 
Копеева   и   его   единомышлеников  был   основным   .... 
Религиозную   проблему   Копеев   тесно   связывал   с   идеями 
панисламизма,   объединения   мусульман   в   политической 
борьбе», - деп жазды.
Мәшһүр Жүсіп шығармаларының жарық көріп, таралуына 
тосқауыл   қойылу,   көп   танылмау   себебі   -   оның   осындай 
ұлттық   идеяға   негізделген   ой-пікірінің   әсері   болды, 
104

Шынында, оның бұл тұжырымдамалары сол кезде «Ресейді 
мекендеген мұсылмандардың көсемі, солардың көзін ашып, 
көңілін   оятқан   ұстазы»   атанған   Исмайл   Гаспралының   ой-
пікірімен   өзектес.   Мәселен,   Мәшһүр   Жүсіп   мерзімді 
басласөз бетінде жарияланған бір мақаласында ол кездің 
жаңа бағыттағы оқу үлгісі - «жәдитті» қуаттайды. Бұл - оның 
«діни оянушылыққа іштартқанын, жәдитшілікті жақтағанын» 
растайды.
Осы «усули-жәдит» оқу үлгісі жөнінде айтатын болсақ, 
ол туралы  ғалым Уәлихан  Қалимжанұлы мынандай дерек 
көзін   келтіреді:   «Қазақ   жөнінде   болған   осындай 
өзгерістердің   нәтижесінде   халықтың   сана-сезімінде, 
дүниетанымында   бірқатар   өзгерістер   болды.   Жаңа   оқу, 
усули-жәдит   тәртібі   орнықты.   Бұл   ағым   ең   алдымен 
Татарстаннан   көрінді.   Өйткені,   Орта   Азиядағы   оқу-ағарту, 
кітап шығару ісі негізінде Қазаннан тарады [6].
Ал, жәдитшіліктің алғашқы көрінісі татар халқының адал 
перзенті Әбдунасырұлы Курсавидің ұстаған жолынан біліне 
бастаған-ды.   Курсавиден   кейін   оның   ілімін   Маржани 
жалғастырды.   Сөйтіп,   ол   жаңа   оқудың   жаршысы   атанды. 
Төте   оқудың   арқасында   жұрт   жан-жақты   білім   ала 
бастайды.   Маржани,   сонымен   бірге,   татар   арасында 
алғашқы   болып,   жаңаша   жәдит   мектебін   ашады.   Басқа 
мұсылман елдерінің ішінде де осы жаңа оқуға деген ықылас 
байқалды.
Татар   арасынан   ірі-ірі   ақын-жазушылар   шығып,   олар 
басқалар оқып үйренерлік, тәлім аларлық бірсыпыра көркем 
туындылар   берді.  XX  ғасыр   басында   өмір   сүрген   аса 
көрнекті қалам қайраткерлері Ғ.Тоқай, М.Ғафури, Ф.Кәріми, 
Ғ.Ибрагимов,   Р.Камал   және   т.б.   творчествосына   орыс 
социал-демократтарының ықпалы ерекше болды.
Сондай-ақ   осы   тұста   шығыстың   дәстүр   негізінде 
қалыптасқан,   таза   ағартушылық   бағыттағы   әдеби   ағым 
қозғаушы күш ретінде арнаға шықты. Олар Маржани негізін 
қалаған   жаңашылдық   идеяларын   ілгері   апарды. 
Маржанидің   ағартушылық   ой-пікірлері   қазақ   арасында   да 
кең   қолдау   тапты.   Мәселен,   татар   ойшылының   идеялық 
105

көзқарасы қазақтың бірсыпыра ақын-жазушыларына, оның 
ішінде   Ы.Алтынсарин,   А.Құнанбаев,   Ақан   сері,   Ақмолда 
Мұхамедияров,   М.Ж.Көпеев,   М.Сералин   қоғамдық-саяси 
дүниетанымына   белгілі   бір   дәрежеде   әсер   етті.   Мұны 
аталған
 
қазақ
 
ақын-жазушыларының
 
кейбір 
шығармаларынан   анық   көруге   болады.   Бұл   туралы,   яғни 
1940   жылы   Абайдың   Мәскеуде   орыс   тілінде   шыққан 
өлеңдері   жинағына   жазған   алғы   сөзінде   академик 
М.Әуезов:   «Ол   (Абай   -   С.С.)   татардың   бірінші   ағартушы-
новаторы   Шиһабетдин   Маржанидің   еңбектерімен 
танысқан» |7| - деп жазған болатын.
Зерттеу объектісі етіп отырған Мәшһүр Жүсіптің де татар 
әдебиетімен   таныс   екендігі.   оның   прогресшіл   ой-
пікірлерінен тыныс алғандығы еш талас тудырмаса керек. 
Олай   деуімізге   бірнеше  себептер   бар.   Біріншіден,   кезінде 
«діншіл,   ұлтшыл»   деп   қараланған   татардың   ойшыл 
ағартушысы   Гаспринский   редакторлық   еткен   «Тәржімән» 
гаэетін   үзбей   алып,   оқып   тұрды.   Мәселен,   «Әдеби   мұра 
және   оны   зерттеу»   мәселелеріне   арналған   ғылыми 
конференцияда   сөйлеген   сөзінде   заманымыздың   занғар 
жазушысы М.Әуезов былай дейді: «Россиядағы мұсылман 
атаулыға   пантюркистік   үгіт   таратқан   Гаспринскийдің 
«Тәржімән»   газетін   үзбей   оқитын   ұдайғы   көп   жылғы 
оқушысының   бірі   Мәшһүр   болған».   Демек,   бұл   - 
Көпейүлының алдыңғы қатарлы оқығандармен пікірлес ғана 
емес,   сондай-ақ   татар   әдебиетінен   мол   хабардар 
болғандығын   айғақтайды.   Екіншіден,   Маржани,   Абай, 
Шәкәрім.   Тоқай,   Исмаил   Гаспралы,   Мухаммад   Икбал   т.б. 
шығыс ойшылдары эрзан-дінді (жалған дін, дінсымақ деген 
мағынада - С.С.) сынаған болса, Мәшһүр Жүсіп те дімбұзар 
дүмше молдаларды қылықтары үшін қатты сөгеді:
Шариғат кітап сөзі қалды тозып, 
Бәйге алды талай өтірік шыңнан озып. 
Қожа, молда, қажылар көп болған соң, 
Барады быт-шыт оолып, жұртты бұзып [8] - деп, өсек 
пен   өтірік   тасып,   ағайынның   арасына   от   салған   қожа-
молдаларды мінеп шенейді. Немесе: 
106

Қой мен жылқы аласың бұл қазақтан, 
Бір ауыз сөз айтпайсын шындық жақтан. 
Бұл жүрт тату болса екен деп ойлайсың, 
Дұға   қыл   жүртқа   таупық   сұрап   Хақтан   [9]   -   деп,   дін 
тазалығы, Ислам шыншылдығы үшін жиһат (күрес) ашады. 
Бүл   -   Мәшһүрдің   өз   тұстарымен   үзеңгілес   екендігін   және 
Құранның рухани құндылығын құрметтеп, Хақ жолынан қалт 
кетпегендігін дәлелдейді.
Әлбетте,  XX  ғасыр   басында   өркен   жайған   татар 
әдебиетінің   игілікті   ықпалы   нәтижесінде   көптеген   қазақ 
ақындарының   ағартушылық,   демократиялық   көзқарастары 
қалыптасты.   Прогресшіл   идеялардың   жаршысы   атанған 
туысқан   халықтың   төл   таланттары   -   Ғ.Тоқай,   М.Ғафури, 
Р.Ибрагимов,   Р.Камал   секілді   ақын-жазушылардың 
шығармаларымен  С.Торайғыров, М.Сералин, М.Ж.Көпеев, 
С.Дөнентаев және т.б. қазақ қаламгерлерінің туындылары 
идеясы   мен   тақырыбы   ғана   емес,   көркемдік   кредосы 
жағынан да ортақ үн, үйлесім тапты.
Бүгінгі сөздің киесі, қыдыр сөздің иесі – Мәшһүр Жүсіп те 
өз халқының азаттық өмірде, бақытты тұрмыста өмір сүруін 
аңсады. Бұл жолға жету үшін ол өз отандастарын бірлікке, 
өнер-білімге   ұмтылуға   т.б.   прогресшіл   қадамдар   жасауға 
үндеді. Сол кездегі татардың озат ой-пікірлі адамдары да 
осы мәселелер төңірегінде толғанды. Мәселен, Ғ.Тоқай:
Ей, туғандар, қол ұстасып, алға барайық, 
Басқа миләттердің халін көріп, қарайық.
Мәдениет майданынан орын алайық.
Жығыла-сүріне алға қарай табан басайық [10| - десе, 
М.Ж.Көпеев:
Ұғып ал, құлағың бар, замандастар,
Талап қыл, біздей болма, өңшең жастар,
Бұзылған  замананың уақытысында,
Шын сөзің өтірікке болмайды астар, (11] - дейді.
Сөйтіп, әлеуметтік мәселелерді жырлауда тек татар ой-
пікірлерінің   көлеңкесінде   ғана   қалып   қоймай,   ол   көп 
мәселелерге қазақ халқының саяси-әлеуметтік тұрғысынан 
қарап, оны өзінше түйіндейді.
107

Ал, енді Мәшһүр шығармаларында татар сөздері мен сөз 
тіркестерінің қолданысын сөз етсек, ақынның татардың не 
Құран   тілі   арқылы   келген   араб-парсының   сөздерін   жиі 
қолданғанын   байқаймыз.   Мысалы,   мына   сөздер:   милләт, 
балаған,   хадис,   шахбаз,   мархамат,   ғақыл,   ағзам,   ғадет, 
нахақ, рәсім, муафық, хұзыр, ғизатлу, құрматлу, ғазы, нәсіл, 
жиһан,   китпа,   мәйна,   лашқыр.   ғазап,   мәғруф,   құрметлеп, 
хайла,   малай,   мүшәур,   машық,   сәдәф.   т.б.   Олар   өлең 
ішінде былай өрнектеледі:
Ер болсын уағдасын бұзбайтұғын, 
Алданып сый-құрметке қызбайтұғын.
Пайдасын милләтімнің түгел ойлап,
Жұрт қамын түптен тартып қозғайтұғын [12].
Бір ескеретін жайт - Мәшһүрдің көзі тірісінде жарық көрген 
кітаптарында   татар   сөздері   жиі   ұшырасады.   Әрине,   бұл 
аталмыш   ақынның   тіліне   қатысты   мәселе   десек   те, 
келешекте   байыпты   зерттеуді   қажет   ететін,   басы   ашық 
нәрсе.
Міне,   осы   жоғарыдағы   айтылған   тұжырымдар   мен 
келтірілген дәлелдер М.Ж.Көпейұлының қазақ-татар әдеби 
байланысына   айтарлықтай   үлес   қосқандығын   айғақтайды. 
Сөйтіп,  XX  ғасырдың   бас   кезінде   түбі   бір   түркі   тілдес 
халықтардың   қоғамында   орныққан   бұл   ағартушылық, 
демократиялық идеялар олардың әдебиетіне елеулі әсерін 
тигізді.  1905-1907   жылғы   төңкеріс   жылдары   оянып,   бас 
көтерген   татардың   ақын-жазушылары   сияқты   қаззқ 
ақындары   да   прогресшіл   идеялардың   жаршысы   болды. 
Олардың   қатары   -   өз   кезінің   көкейкесті   мәселелерін 
тақырып   арқауы   етіп,   көркем  кестеленген   Мәшһүр 
мұрасымен молыға түсері хақ. Ендеше, «Таулар алыстаған 
сайын биіктей бермек» дегендей, мол мұра әлі де қазбалап, 
елеп-екшеуді, жазғанды қалыңдата түсуді қажет етеді.
108

109

ІІІ тарау
ИСЛАМ АЯСЫ
Ислам аясындағы рухани байланыстарға негіз болған 
сопылық   танымның   табиғатын-   шығу   себебін,   даму 
тенденциясын айтып, атамай, ол тұрғыдағы туындыларды 
түсіну қиын. Сондықтан суфизм сырларын ашпай, сопылық 
ағым   өкілдерін   саналамай,   осы   сипатта   жазылған 
шығармалардың   шаңына   көмілеріміз   хақ.   Олай   дейтініміз, 
қазақ   әдебиетінде   сопылық   сарыны   бар   туындылар 
жеткілікті   болса   да,   жеріне   жете   зерттелген   емес.   Оған 
себеп,   біріншіден,   Кеңес   кезеңінде   діннің   қоғамнан 
алшақталуы болса, екіншіден, сопылық танымның тұңғиық 
тереңіне бойлап, қатпар-қиынына қиялаудың қиындығы еді. 
Екі   себептің   де   негізі-   біреу,   ол-   тоталитарлық   тар   жүйе 
қыспағы болды.
Ал,   Шәкәрім,   Шәді,   Мәшһүр   Жүсіп,   Мақыш,   Ғұмар 
Қараш   секілді   шайырлардың   осы   тақылеттес 
шығармаларында   татар,   башқұрт,   өзбек   ақындарының 
әсәрләрімен
 
(шығармаларымен-С.С.)
 
сабақтастық 
байқалады.   Осындай   жайттардың   қыры   мен   сырын   ашу- 
негізгі мақсаттарымыздың бірі. Әрине, ол үшін ислам, оның 
жүрегі болып табылатын суфизм туралы еңбектерді дәйек 
етіп,   иек   сүйенеміз.   Бұл   ретте,   ғылыми   зерттеулерге 
сілтеме   жасап,   діни   танымға   негізделген   туындылардың 
мазмұн   ұқсастығына   қарай,   пікір   үйлесімділігіне   орай   ой 
өрбіткеніміз   жөн.   Әсіресе,   түркі   ақындарының   орта 
ғасырдағы сопылық саңлақтар- Руми, Сағди, Қожа, Хафиз, 
Омар   Һаям,   Жәми   шығармашылығымен   үндестігін, 
сабақтастығын тілге тиек етеріміз анық.
Шынында, ислам әлемі шетсіз де шексіз. Олай болса, 
оның әсер-ықпалында да шек жоқ. Сол кезде ғұмыр кешкен 
қай   қаламгердің   творчествосын   алып   қарамаңыз,   діни 
таным-түсінік   ізі   айқын   аңғарылады.   Тіпті   дінге   қарсы 
бағытталған
 
делініп
 
келген
 
Сұлтанмахмұт 
шығармашылығынан   да   діни   мотивтерді,   бір   Аллаға 
110

жалбарынып,   сыйынуды,   т.т.   молынан   кездестіреміз. 
Сондай-ақ,   онымен   тұстас   ақын-жазушылардың 
төлтумаларында  ислами термин,  сөздердің  жиі ұшырасуы 
осы бағыттағы ағымның әсері екенін аңғарамыз.
Қалай десек те, ислам рухында жазылған, Хақ жолын 
мақсұттаған   туындылардың   мән-мағынасын   ашып, 
анықтаудың   маңызы   өте   зор.   Бұл,   біріншіден,   түркілік 
әдебиеттің   тынысын   танып,   таңбалау   үшін,   екіншіден, 
қоғамымыздың   қазіргі   кезде   дін-исламға   жақындай 
бастаудың   қажеттілігінен   болса   керек.   Сондықтан   да   діни 
дүниетаным   мәселесі   арнайы   тоқталуды   қажет   етеді. 
Өйткені Ислам әлемін неғұрлым тереңірек таныған сайын, 
соғұрлым оның тұңғиығына сүңгіп, інжу-маржан ілерің сөзсіз.
  Ендеше,   таным   тағылымы   мол,   берері   көп   болғай. 
Оған дәйек болар деректер жетерлік секілді. Осы тұрғыдан 
келгенде, әдебиетіміздің әлі де ашылмаған ақтаңдақ беттері 
бары,   жаңа   ақталған   ақын-   жазушыларымыздың 
шығармашылығын   ізерлеп   зерттеудің   қажеттігі   талас 
тудырмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет