ТИТІМДЕЙ КӨҢІЛ
Қайғысыз адам қайда бар,
Қайырымсыз хайуан сол шығар.
Қайғысыз емес айналаң
Араласпай ма, ол мұндар.
Түспейді қайғы аспаннан,
Түсің де емес ол сенің.
Жанарды көрсем жас тамған
Сол деймін жанның өлшемін.
Сол деймін дағы,
солықтап
Сонымен бірге жылаймын.
Аламын жігін анықтап
Адамдар менен «құдайдың».
Ашыса жаның адамға,
Адам боп жылай алсаң ғой.
Қашанда, қайсы заманда
Адамдық бақыт сол, сол ғой.
Сол, сол ғой,
сол ғой – бір қарау,
Көз жасын нарау бір сығып.
Жаны ашығанын бұлдамау –
Титімдей көңіл тіршілік.
* * *
Түйсігім менен түсінігімнің арасы,
(Мәңгілік жұмбақ әлемім сол-ау шамасы).
Түйсігім менің тұспалымменен бал ашып,
Түсінбес соны түсінігіме, қарашы,
Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді,
Әдемі еді ғой алған бағытың әуелгі.
Сау басыңа сақина тілеп аласың,
Сарсаңға салып айналаңдағы сау елді.
Түйсігім айтқан құп-құйттай ғана түйінді
Тыңдамайсың-ау ақыл ғып басқа құюды.
Жақсы көресің ақылман болып көзге ұрып,
Жақсырақ жүріп, жақсырақ күліп, сүюді.
Өзіңдей мынау құп-құйттай ғана түйсігім,
Ол да біледі барлығын дүние исінің.
Ол да біледі дүниенің түзу жолдарын,
Қиюлары мен қиырлары мен қисығын.
Кеңістік әлем – дүниенің көзсіз қармалап,
Жетелеп сені, келеді сені қорғалап.
Он рет сенің маңдайың тасқа тигенмен,
Сан рет сені сақтап та қалған сол ғана.
Сен бірақ оған көтересің кеп кеудеңді,
Сен көкірексің, ол неге сонда көргенді?
… Бір шыбықпен айдай-ақ алмай өтем бе,
Өзекті жарып өзімнен туған сендерді.
22.11.1988 ж.
ТҮН
Тас төбеден үркер әлі аумай-ақ,
Самал соқты селқос тұрған тауды аяп.
Сердір шалғын арасына шық ұйып,
Сылбыр құмға жатыр құнын саудалап.
Анда-санда саңқ-саңқ еткен қырғидың,
Дауысы ғана шатқалдарға ырғиды.
Ойлы аспаннан оймақтай боп бір жұлдыз
Ойнап шығып көкжиекке сүңгиді.
Мына түнге тұра алмайсың сүйінбей,
Мұндай түнді «мен тудым» деп тұр шілде.
Күн қақты құм жыбырлатты мұрынды.
Қоламтаға піскен нанның иісіндей.
Мақпал емес… мауыты емес жоқ сонда,
Бұл қандай түн, жарық та емес, ақ шамдай.
Жер ошақта жанған оттың түтіні,
Көрінбейді, түннің түсі тап сондай.
Бір дыбыс жоқ, бұл маңайда енді артық,
Түн құшағын тоңазытты жел шалқып.
… Күрең бие құлынынан қыр жақта
Айырылып қап, кісінейді жер тарпып.
ТУЫС ҚАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
… Әкем менің соғыстан тірі келді!
Үміт дүние-ай,
Жанданды, жібиді енді.
Сегіз құрсақ көтерді шешем сосын,
Тәй-тәй басып өстік біз Ұлы жерді.
Сау тамтығы аз әкемнің денесінде,
Сап-сау еді сырт өңі… ел есінде.
Сықырлатып балдағын ойнаушы еді
Сылқ-сылқ күлген тағдырдың төбесінде.
Әкем – шаруа, мал бақты, тың игерді,
Жарасы ескі жаңғырып тілімденді.
«Соғыс салған жарадан өлмеймін» - деп,
Білмейтұғын тірліктен түңілгенді.
-
Мен ажалға адаммын тік қараған,
«Шықпа жаным» күнім жоқ шықпалаған.
Ажал сұм да тайқиды адалдықтан,
Адал емес ажалдан бұққан адам.
Заңы солай,
соғыстың, солдаттың да,
Адалдыққа ешқашан жер қаптырма!
Денемізге жан берген қан секілді
Дүние демін адалдық жалғап тұр ма,
Деп ойлаймын?..
деді әкем шынжау адам,
Айтқысы кеп арылып зіл-заладан.
Сал төсекте сарсылып жатты ұзақ
Құр сүлдерін қорғасын қузалаған.
-
Қалқам! – деді, - ажалға жеңілмесе,
Мен жеңілмен, - деуші едім көңіл кеше.
Үш адамның ғұмырын сүрем деуші ем,
Тағдыр түйткіл себебін, себін берсе.
Үш адамның ғұмырын сүрем деуші ем,
Бірақ тағдыр түйткілге тіленбеуші ем,
Сүрем деуші ем үш ғұмыр,
үш құрбаным,
Жер астынан жебесең, жігер берсең…
Үшеуі еді майдандас қанкөйлегім,
Үш ғұмыр сүрем деуім сол ғой менің.
Үш боздақтың үш тамшы қаны шығар –
Сегіз сәуле үмітім сендер менің!
Үш танкист ек,
айласы жаннан асып,
Тап болғанда ажалға жанталасып.
Аспан асты… жатыппыз үшеуміз де,
Қара жерге құшағын айқара ашып.
Үшеуміздің ортада қаршадай қыз,
Қаршадай қыз не істеп жүр,
байқамаймыз,
Қаршадай қыз қан беріп, қан құйып жүр,
Ал біз болсақ «су, су» деп қайталаймыз.
Біз білмейміз,
өліміз, тіріміз бе,
Бірімізден қан құйды ол бірімізге.
Қайдан бірақ қан түрін анықтасын,
Қарап таныр зат емес түрімізге.
Бірінен қан біріне ала берген,
Әлсіздеуге әлдіден,
әлдәрменнен,
Бірдей, қалқам, бір түйір қан бергенмен –
Жарық дүние тұтас бір жалған берген!
Сол үшеуден мен ғой, - деп, - тірі қалған,
(Әкем бір сәт күрсініп ыңыранған).
Бейбіт заман сипалап айдарымнан,
Қолтықтады төрт бірдей құбыламнан.
Өліп барып тірілдім –
елге келдім,
Сеніп барып,
сегіз от – сәуле көрдім.
Үш құрбанның үш түйір қанымен мен
Қарақтарым, десеңдер мен деген кім?..
Үш боздақтың қаны бар, қалқам, менде,
(Қан кетердей мойнымда қорқам кейде).
Жүктелген қан емес ол –
аманат қан,
Аманатты қалдырмай ортан белде.
Денемдегі соның әр түйірінен –
Сегіз перзент сендер боп бұйырып ең…
Қандарыңда үш қанның құрамы бар,
Қиюласқан тағдырдың қиюымен.
Қасиетіндей құрбанның мұра болар,
Қандарыңда үш қанның құрамы бар.
Ол үш боздақ үш халық перзенті еді,
Қасиетті қанда бар шығарыңдар!..
Қасиетіңді қанда бар көрсет, қалқам,
Бір тамшыңмен адамға бол сеп, қалқам,
Дауа деген – қанға – қан, жанға – жан да,
Қанға – қан, жанға – жанды емші ет,
қалқам.
Кемсеңдеп жас көрсетпей солдат жылап,
Артынан білді деді санбат бірақ.
Бір екен қанымыздың құрамы да,
Жіберген мына мені жалғап құрап…
* * *
Табиғат кездейсоқ қой салдар-себеп,
Ойлаймын кіл осылай оңғарса деп.
Әуелден адамзаттың туыс қаны
Табиғи тегіменен жалғанса деп.
* * *
Үлгірмей-ақ ішегіме шел жүгіріп,
Әне-міне дегенше келді қарық.
Ертегі өмір қалды артта,
Шын өмірдің
Кермек дәмін келемін енді біліп.
Кеше бала, бозбала, жігіт шақта,
Жастық желі жүйіткіп қырық саққа,
Көзсіз кейде сүюші ем жүрекпенен,
Көбелектей күюші ем үміт – шоққа.
Бірақ әлі аманмын,
дін аманмын,
Қуанғанмын, күлгенмін, жылағанмын.
Мас та болдым ләззатқа,
мазақ болдым,
Көрдім бәрін – көресі сыбағамның.
Сонда маған кім екен болған медет,
Құларымда құлатпай қалған демеп.
Енді ойлаймын,
жастықта кінә - кінә,
Күнәһарлық дегенің жалған ба деп...
* * *
Үркердей ауыл, үкідей шалғын айнала...
Үркеді бұлақ, жатады қырат ойлана.
Үрпісі иіп желіге жеткен жылқылар
Солықтап келіп сауырын созса жай ғана.
Сағатын шайқап жанаспақ болса жас құлын,
Сауыны жетіп шұлғыса қулық бастығып.
Мойылдай жанар мөлт еткен кезде шашырап
Қайырып мойнын иіскеп тұрса хас түлік.
Бөгелек тиіп, бипаздап алып терісін,
Аңсаса әлгі отығып қайтқан өрісін.
Асығыс үйден жеңешем шықса желіге
Жолшыбай шалғын жаласа қайыс кебісін.
Күрпілдеп көпсіп иіген кезде екі емшек,
Мезгілі өткен сауынның есесі өтелсе.
Қыр шөбі сіңген қымырандай қулық саумалы
Қолқаны кеулеп кенеттен жеңгем жөтелсе,
Жөпелдемеде сезімтал жылқы селт етіп,
Жиырылып қалып шап бауырын сәл-сәл көтерсе...
ҰСТА СОҚҚАН БАЛҒАДАЙ
Бақыткерей Ысқақовқа
Тәуекел деп тас жұтады талғамай,
Ас жұтады тас жұтқандай аңдамай.
Тамағынан өткен-кеткен ас болды,
Түйілмеді, бір құдайы болды Абай.
Асқазанын жаратқан соң жақсылап,
Бас қазаны – бас терісі ол да бай...
Басты есептен жаңылған жоқ Бақошы
Сүйресе де ию-қию жол қалай...
Асыққанда – алаңғасар дер едім,
Біткен ісі ұста соққан балғадай.
Қаудырлап-ақ, салдырлап-ақ жүрсе де,
Қарекетін қалған емес қамдамай.
Алдыңды орап жасайды ол жақсылық,
Салмағындай салмақ түсіп қалмағай.
Ақын – сері! Шашады да төгеді,
Ынсап берген Жанаржандай жан жары-ай.
Қылшылдаған ақ алмаспен алысып,
Қырық жаста қынабына салғаны-ай.
...Қырықтағы, қынаптағы бауырлар,
Енді сирек суырыласың, жалған-ай!
..Лездеме, мінездеме бұл құйттай,
Бақош, саған баршаға айтар шындықтай,
Қырық жас бұл, қырық секунд емес бұл
Өте шығар шашасына су жұқпай.
Қырық жас бұл көргенің мен түйгенің,
Жасуынан өтетін кез иненің.
Өлшейтін кез берсе дүние безбенін,
Тартатын кез тегершігін диірменнің.
Құдайы бар қағатын әр пенденің,
Құдайы бар қолдайтын әр пенденің.
Құдай өзі көп қолдаған Бақоштың
Сөз билігі – жазушылық билеті,
Ең бірінші бақытыңды сол дедім!
О, Бақошы, білсең сенде көп бақыт,
Аузың тиген азаматсың аққа тік.
Кейін жазып, кеш келгенде ортаға
Өлеңіңді оқи сала мақтадық.
Оқасы жоқ кейде кеміс, олқылық,
Оның орнын шараппенен толтырып,
Серік пенен Серікбайдай емеспіз,
Ішсек болды шығушы едік желпініп.
Натураммен саған жақын мына мен,
Бас ауырып тарпа талай сынап ем...
Менен гөрі құмар ең сен қызылға,
Сенен гөрі мен қыздарға құмар ем...
Керісінше емес пе бұл ... ойланам,
Пәтерлерің қыз базары – айналаң.
Басыбайлы бала едім мен, үйіңе
Барып қалып көзім оттай жайнаған.
О, Бақошы, соның бәрі кеше еді,
Уақыт қалай зымырайды, еседі.
Бір шаңыраққа шынар болдың сен бүгін,
Азамат та, ақын болдың көшелі.
Берік болсын босағаң да, іргең де,
Толсын үйің жақсы жыр мен гүлдерге!
Құнты менен құнын білген жырыңның
Туған жердің арқасы бұл білгенге!
Ал, Бақошы, қырық жаста қылшылда,
Марқайдым деп, қартайдым деп қымсынба!
Жыр дейтұғын байлығың бар уысыңда,
Құдай қағар қасиет бар туысыңда,
Тартып жібер! Маған қарап тұрсың ба?!
1985 ж .мамыр.
* * *
Ұят та болса, уыздай қызға көз тастап,
Күмілжіп қалдым, кете де жаздап сөз бастап.
Бір ыршып түскен көбелек сынды, пәтшағар,
Қалпымды танып, қимылымды білген
жазбастан.
-
Бірдеңе, ағай, сұрамақ па едіңіз?..
деді де,
Сұлулық сұмдық сиқыры сыйып денеме.
Не деген ақыл, не деген астар, неткен ой,
Аударып көзін көмкеріп дүние көгіне.
Тас мүсін болып жүрегім соқпай мен қалдым,
Мынау бір сурет – тылсым бір құдірет,
таңғалдым.
Бәлкім мен мұны мың рет көрген шығармын,
Қасиетін бірақ ең тұңғыш рет аңғардым.
23.11.1988 ж.
ШАТҚАЛДА
М. Мақатаевқа
Нарынқол –
Саржаз, Қарасаз,
Лабасы тұрды қапталда.
Күз еді. Жаңбыр. Дала – саз.
Тау жолы тайғақ шатқалда.
Жолаушы ауыр автобус,
Моторы ұшқын атқылап,
Ілбиді... біздер теп-тегіс
Тілейміз соған дәт, қуат.
Қараймын тысқа әйнектен
Алаңдап ойға әрқалай.
Құтылсақ шатқал – бейнеттен
Зымырар ек-ау әрі қарай...
ЫБЫРАЙ АЛТИНСАРИН МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ ОЙ
Сарыөзек сартап сағыныш сынды
саралжын алқап Торғай төріне
Алтынсарин кеп мектеп салыпты
мехнатты елдің маңдай теріне.
Балғожа бидің немересі еді ол,
кенеулі елдің кенересі еді ол,
нені көкседі, нені ойлап?
Орынборда оқып. Омбыға барып,
орыстар жазған томды қотарып,
дүниені шолып, абайлап.
Ильминскиймен ілінісіп қалып
идеясынан шаң шыққан,
«Қазақтар деген қараңғы ел емес,
көрсоқыр емес тұншыққан.
Қазақтарды тек оқыту керек – орыстық ұлы текпенен
Орысқа бірақ айналдырудың қажеті әсте жоқ» - деген.
Алекторовпен теңескенде иық
амалсыз ырза лебізбен
Писарьға ғана жарайтын
жұртты «хорунжий мырза» дегізген.
Орыстың өңкей зиялысымен замандық ойды тең жеккен.
Мүсіркеп арқа қақтырмаған ол,
Омырауға алқа тақтырмаған ол –
мысқылмен берер шен-шекпен.
Мысырға барып молда болмаған,
Мекке барып ишан болмаған,
(білген болар-ау өз нарқын).
Жат жұрттан алған күллі атақ жалған,
бермеген соң өз халқың.
Мысыр мен Меккем –
Сарыөзек сартап сарадыр Торғай сенсің деп,
Ол-дағы біздей сағынышы сыздап
келді ме бір кез кемсеңдеп.
Көне даланың топырағына көз жасын шылап тұрды ма,
Келешек ұрпақ,
Сен бір байырқап –
көзімнің жасын көрсең деп,
Көз жасыменен күпті көңілдің құс қанатында дірдектеп,
Ғасырлық ілім ұясы болып көтерді бойын бұл мектеп.
Қоңырау емес қағылған сонда –
көтерген құйттай күн еді,
Жолбарыс жүрек, жалаңаш қолмен жинаған жылу тірнектеп.
Кішкентай Күннің қызуы сосын Замана үрлеп жанданды,
Көшпелі халық көшелі ел болды,
Дүние –әлем таңданды.
Аласапыран замандар өтті, алмағайып тым заң өтті,
артында талай ақтаңдақ қалды,
беріш боп қатып қан қалды.
Даланың құйттай дәрісханасы –
Алтынсариннің мектебі
Сіміріп сонда тұрдың-ау сен де
Замана қаққан шаңдарды.
Табиғат қаққан шаңдарды бірақ
табиғатыңмен тазарттың,
Осынау мектеп – осынау өлке, өңірдің
Жаялығы мен жайнамазындай болған-ды!
Жасырар не бар, жасқанар не бар енді айтпай,
Көп көрдік кеше – шетқақпай менен қолқақпай.
Тарихымыздың бетіне кейде түкірдік,
Тағдырымызды алаңғасарлық ойлатпай.
Анамыз сынды Алтынсариннің мектебін
Бұздық біз сонда –
бульдозерлермен жайдақтай
«Қазақ кім?» десе,
«Көз ашқаным» деп көрсетер,
Қазынамызды маңдайға біткен мандаттай.
Оралды-ай жылдар…
ойланып барып өкінер,
Тағдыр ғой, тағдыр – кетілер-дағы жетілер.
Қасиетіңді ұмытпаса болды, киелім,
Тарихқа куә, қасиетіңе кепіл ел.
Жүз жылдар өтсін,
Алтынсариндей алыпқа
Мінәжат жасап, береміз біздер Ант та.
Мәңгілік саған – Музейміз дейміз біз оған,
Экспонатың – біздерміз дейміз біз оған
Айналмайтұғын ешқашан басқа халыққа!
АҚ ДҮНИЕ
Талай да талай күн өтті,
Қарай да қарай жан-жаққа.
Ағарып атқан таң да аппақ,
Артымда қалған шаң да аппақ.
Ақ иық жерге салмақ сап,
Алдымда тұрған тау да аппақ.
Ақтара салған шарбы май,
Ақ бұлттар менен аулақтап,
Алқымы кеппей қалқиды
Алқынып жетер тауға ықтап,
Алғашқы қарлар жаулық сап,
Ағарып қапты бар қыстақ
Ашулы бұлақ ол да ақты
Ақ көбік – бұйра жалға ұқсап.
Ақ айлар туды қылыштай
Алшыдан жатып қалғанда.
Жұлдыздар шұғыла шашқанда
Ақ сәуле ұйып аспанда
Ақ жалқын сәуле тарайды
Қап-қара қайсар тастан да.
Күңгіртті сырып тастауға
Ақ жарықтарға мастанба.
Жазбай-ақ жыр да, дастан да,
Ағармас бірақ шаш бар ма?
Талай да талай күн өтті
Қарай да қарай жан-жаққа.
Арман мен ойды елеп боп,
Жолдарға шықтық дедектеп.
Сорларға мүкті су құйдық
Суалмау үшін шелектеп.
Аппақ дүние көз қарып.
Адасып кетпеу керек деп.
* * *
Сұңғыла шалдар бар еді
Сүмбіле шашы қара еді.
Суырылып шығып сөйлесе,
Көтерген сөздің әруағын.
Аманкелдінің сарбазы,
Әліби батыр сардары.
Таңдайдың майын тамызған
Термені судай ағызған
Домбыраларын күйлеген
Шежірелері алуан-ды.
Жыраулар еді шетінен
Намысын жыртқан шаршының
Арқасы жерге тимеген
Және де көбі палуан-ды.
Өткенге айтып салауат,
Кеткеннен айтып аманат,
Тілейтін еді қанағат.
Аттамаушы еді ала жіп
Ағайындарды алалап.
Тұрып ап таңда сары ала
Шығатан еді далаға.
Қайырлы болсын айтатын
Қатардағы қай үйде
Туса да сәби-шарана.
Сұңғыла шалдар бар еді
Шетінен бәрі нар еді.
Селдіреп кетті сетінеп,
Селдірегені жаман, ә?...
Достарыңызбен бөлісу: |