ҚАРА ТАҚЫР
Бір жаңбырдан қақ тұрған қара тақыр,
Лайыңды ылғалға жарата тұр!
Тез кеберсің,
шөлдеуге төзген ерсің,
Жаңбыр жауса жарылқап, өзгерерсің.
Бір жаңбырдан қақ тұрған қара тақыр,
Бір жаңбырың келеді, қара да тұр!
Жаңбырың бар шөліңнен қанағаттар,
Жазылады өңіңнен жара-дақтар.
Тұзға піскен балықтың бауырындай
Түзде қалған бір уыс қара мақпал.
Құның төмен қай құмнан, қасиетің кем,
Әлі ісің жоқ – әспетпен, әсіре күймен.
Бояуы бар боркемік таңсық маған,
Беу... беу, мақпал, табанға басып жүріп,
Бас иетін бе ем мен саған, бас иетін бе ем?
1966 ж.
ҚАШАРДЫҢ ӨЛІМІ
Құмнан ауыл көшкенде жазға салым,
Төбемізге төнеді – тозбаса күн.
Алақанат ашылған жерді көріп,
Қуанғаннан мөңкиді боз қашарым.
Алты ай қыстан тірі жан сарылған-ау,
Жануардың жаз исін танығаны-ау..
Адау шөптің түбірін тімтініп жүр,
Тірі тамыр тіліне танымал-ау...
Қар астынан қимылдап құмның шөбі,
Ағылады аспанның сылбыр селі.
Аққа аузымыз тиген жоқ әлі біздің,
Қаңсып-қаңсып апамның тұр күршегі.
Күн қыздырып қолатта құба дөңді,
Шұбар төскей шым-шымдап шуақ емді.
Қашар біздің қашқақтап қыр жақта жүр,
Желіні толды, таяуда туады енді.
Құс үнінің естиміз көлден нәшін,
Көктем келді көсілтіп кер жорғасын.
Әкем айтты: «Боз қашар бошалап жүр,
Босып кетіп қасқырға жем болмасын».
Маңып есіп, маңайда жел де қалғып,
Жылы нұрды жұтып ап бел де балқып.
Сайлаукүл мен Сайранкүл шақырған соң,
Көшер күні таңертең көлге бардық.
Көлден келсек, жүк тиеп ауыл жатыр,
Біздің үйдің алдында Қабылда тұр.
Күзетші шал Қабылда қолын нұсқап,
Апам менің абыржып жанында тұр.
Апам айтты:
-
Қасқыр ақыр қашарды жарды, - деді,
Қабылда айтты:
-
Сүйегі анау жықпылда қалды, - деді.
Мен ойладым: «Қара жер шақырған-ау,
Қара жерді көргенде қарғып еді».
1966 ж.
* * *
Көзімді ашып қараймын кейде өмірге,
Басымда бар жұрттағы ой менде де.
Басымда бар жұрттағы ахуал,
артық-тыртық тұсым бар кейбір жерімде.
Мен де жұрттай күліппін, өкініппін,
Мұқалып та жұқарып, жетіліппін.
Мен де жұрттай, иә, иә, иә,
Мен де жұрттай
болғым келер періште шаң жуытпай.
Мендей адам жоқ бірақ,
Қит еткенде,
Жолдан тайып кеткенін қалған ұқпай…
Композитор Нұрғиса Тілендиевке
Талантсың-ау, тентексің-ау, тектісің,
Сенің дағы зая кетті көп күшің...
Сырың бермей, сен де кәзір сыртыңа
Күлуге де, мұңаюға ептісің.
Өткен күнге ішің удай ашитын
Жоқ па сәтің, соны ойласаң жаситын.
Шын талантты жаратқанда табиғат,
Рахатын да бір жаратса, о, шіркін!
КӨҢІЛ
Ұйқым қашып, ұйпалап едім жастықты,
Зауқайыр зауқы ұйтқыған көңіл бастықты.
...Ақ боран соқса, ащы ұлып алып аш қасқыр,
Қанталап көзі ойлайтын еді қастықты.
Қанталап көзі қораға қарай ілбіп кеп,
Тоқты-торымды арқасына алып бір бүктеп,
Аласұрғанда, арланнан ада ауылдың
Шау қаншықтарын кететін еді бірге үптеп.
Қақпанын құрса – саққорда қыстау шалдары –
Аш қасқырды алар, жалғыз-ақ айла сол дағы...
Бастықты көңілім... басылып әлде қалады,
Зауқы ауған затын бас салып әлде алады,
Зәредей жанға болмайды бірақ залалы,
Болмайды бірақ зауалы...
ҚҰРТ КӨЖЕ
Ақ малта ащыласаң – айызың қанған,
Құрт көже, ұмыт болдың қай жылдардан?!
Тортадай тоңмай қатқан торы көже
Таусылмай қайтпаушы еді Хайролламнан.
Хайролла кекіріп ап, кеселейді,
-
Сегізкөз салқын тиді кеше, - дейді.
Қасарып қасат қырдай қатпар маңдай,
Шық сіңген қоңыр құмдай мақпалданбай,
Сіркесі су көтермей отырғанда,
Қайысы күнге күйген сақпандардай.
Бәйбіше бәйек болып еселейді,
Тоңмайды омырып сап ақ қарлардай.
Содан соң сеңсең ішік жамылып ап,
Қынулы ас қатқан тердің дамылын ап,
Таралып алпыс екі тамырына,
Жүрелеп отырады жіпсіп бойы,
Жамбастап жайланып ап жатқан нардай,
Маңдайдан бір арам тер ағылады,
Мыңқ етпей алты ай бойы жатқан қардай.
Қарысып үнсіз қалған Хайрекең қарт
Со кезде шешіледі сәт таңдамай.
Ақ малта ащыласаң – айызың қанған,
Құрт көже, ұмыт болдың қай жылдардан?!
1968 ж.
* * *
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман,
Сенде де болды бір арман,
Ащы ішек болып шұбалған
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде,
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан
*
.
Ақсорпа болып алшы аттай
Тайпалып келіп тамсатпай,
Буына кеткен саусақтай,
Сүйріктей сөздің саласын
Салалап тұрып самсатпай,
Айтылмай қалған кеудемде
Менде бар еді бір арман,
Сенде бар еді бір арман.
Меселімізді қайтармай,
Айтатын кезде айта алмай,
Өрмектің құры секілді
Сезімдеріміз шайқалды-ай…
Кеулеген арман кеудемді,
Тұла бойымның тұрғынын -
Толғайын десем енді-енді,
Сенде де бар ғой бір арман,
Менде де бар ғой бір арман.
Жанығып кетіп бір-бірін
Жандырып жібереді де,
Қанамыз-дағы құмардан…
Қаламыз бірақ айта алмай.
* * *
Кірпік қаға алмай кейбір түндерде,
Тулап жатамын төсек – «түрмемде».
Жастық, көрпемді жаспен шылаймын,
Мұңға булығып, мас боп жылаймын.
*
қала
Озған күндерім алыс маздайды,
Қолым жетпейді,
жүрек сыздайды.
Бұл бір ауыр түн әлі-ақ серпілер,
Аздап адамды тәубаға келтірер.
МАХАББАТ ЖАСЫНЫ
Әлде жаз ба еді, әлде күз бе еді,
Әлде сая ма, айдай түз бе еді.
Жалғыз білерім – әйел жынысы,
Әлде келіншек, әлде қыз ба еді?!
Әлде құштым ба, әлде қаймықтым,
Ашып айтар ем – әттең-ай ұмыттым...
Майып еттің махаббат күркірі,
Қара жер сияқты мен жасын жай жұттым.
МОЙЫНДАУ МЕН МОЙЫНДАТУ
Сүймейсің мені,
Айтпаймын саған бұл сырды...
Айтатын болсам егерде,
Асқар шың болсам, шөгем де
Кетемін сенен төмендеп.
Махаббатыңда жазылып қойған заң жоқ қой,
Сүйетін пендең секірсін деген төбеңде.
* * *
-
Сүйдің бе мені,
Солай ма екен, сендің бе?
Айтайын енді... қайтайын енді райдан,
Төбеңе шығып, секірсем-дағы көндің бе?
Ұят-ау бірақ,
Махаббат деген «құдайдан».
Мұхтар мен Қаныш
(баллада)
Мұхтар мен Қаныш кездесе кетті бір жылы
Біреуі Мәскеу, біреуі Жезді тұрғыны.
Ұлылық жанған жанарларының түбінде
Бар сияқты еді кіреуке мұңның кірбіңі.
Әуелі Мұхтар:
-
О, пәлі… Қаныш!.. - деп қалған,
Қас-қабағын да аңғарған еді қапталдан.
-
Жездінің шаңы үстіңдегі аздап болмаса,
Жез киік сынды бозбала қалпың сақталған.
-
О, пәлі! – деді, -
сүйекке сіңген дағдыны-ай
Тау-таста жүр ғой, болмас деп едім дәл бұлай.
Даланы сүйіп, күніне күйіп көрмеген
Көрінеді де тұрады маған сорлыдай…
-
Сіз-дағы Мұха-ай,
айтасыз-ау бір аңызды,
Астана жақта атқарған істер маңызды.
Тауы мен тасын тапсыр да бізге даланың
Атқара берші одан да үлкен парызды.
Біріне-бірі ілтипат жасай иіле,
Біреуін бірі сүйсінте күліп, сүйсіне.
Халқының қамын тұрғандай еді бірге ойлап,
Халқының жанын жан жүрегіне үйіре.
Жанарларыныњ түбінде жатқан көлшік мұң,
Дария шайған шылауындай-ақ шалшықтың.
Жоғалып кетті!
Жомарт мұхиттар толқыны
Қалдыра ма исін шылаулар менен қаңсықтың.
-
Айтыңызшы, Мұха,
Арқаның қолат, иірі –
Менделеевтің кестесі жатқан бұйығы.
Керек қой кені, қайткенмен біздер алармыз,
Кенінің ділін, құрамын іздеп табармыз,
Тарихтың тілі – қиынның, Мұха, қиыны!
Тағы да Мұхаң «пәлімен» бастап қолдауын,
-
Қосатын кімдер тарих пен халық жолдарын?..
Менделеевтің кестесі жатқан даланың
Ойлайсың қалай, Академиясы болмауын…
Ғұлама қабақ, сұңғыла сағақ бітімі,
Сауалмен берді келген бір сөзді ұтыры.
Қаныш та сол сәт данышпан ойды дәл басып,
Айтатын сөздің келгендей екен күтуі.
-
Бұл сөзің, Мұха, сауал да, сын да, арман да,
Жіп ұшын беріп демей ме қазақ, ал жалға!..
Іліккен жіпті екі қол ұстап сүйресе,
Жүк қала ма екен, намыспен тартса нар жолда.
Соңғы жол сөзді, тек айтпады Қаныш тілімен,
Көзімен айтты,
Мұхаң ұқты ділімен,
Академиясы құрылып біткен адамдай,
Жайраңдайды олар біреуі өтіп бірінен.
Сол кезде Мұхаң қақпағы шалқақ кеудемен,
-
Аман болсын де – болады бәрі – ел деген.
Көрдің бе, Қаныш, Арықты көше бойынан
Керемет көрініс тұрмын көріп көрмеген.
Көрдің бе, Қаныш, күншығысында көк белес,
(Таң атар жақта тау биік болу шарт емес).
Тау жаққа қара – Медеуге маңдай тірелер,
Ой жаққа қара – ол-дағы жазық дөп-дөңес.
Шіркін-ай, мынау биіктеу дөңес сұлаған,
Ескерткіш қойса – Абайдай тұрар ұлы адам.
Академияның есігі қарап жазыққа
Алдында оның сәуледей түскен сынадан.
Тұрар ма Шоқан сынадан түскен сәуледей…
Тұрды олар үнсіз біреуін бірі сәл демей.
Осынау сөзді айтты ма олар естіртіп.
Айтты ма әлде көңілдің ділі ой көмей.
Келешек жылдар өтті ме көздің алдынан
Ғұлама мидың қатпарларымен қарғыған.
Мырс етіп Мұхаң:
-
Орын жоқ, Қаныш, - деді де
-
Орын жоқ артық… тарихтың берген орнынан.
Орнында бәрі.
Орындалды арман.
Қалпында.
Ойлаған ойлар – орамы қалды артында.
Академияның тізесін қосып ой толғап,
Даланың бірге көтерді биік даңқын да.
Орнында бәрі.
Орындалды арман.
Қалпында.
Әуезов дейтін әлемдік ойда бар тұлға.
Сәтбаев – тұлға,
Жездінің мысы секілді
Жарқылдай берер қарылған сайын шарпуға…
Ғұлама ойдың, көреген көздің жарқылы,
Табиғат заңы – табиғат саған тартуы.
Кезінде көрген керемет құбылыстарды
Жүреміз ұзақ кері әсер ету арқылы.
Мұхтар мен Күләш
(баллада)
-
«Сандуғашыңды» сайратшы, Күләш,
Сал болып кеттік, - дейді екен Мұхаң.
-
Отымызды бір ойнатшы, Күләш,
Шал болып кеттік, - дейді екен Мұхаң.
-
«Сандуғашымыз» садаға, Сізге!
(Мұндайда ес пен түс қала ма екен).
Ағаның соңғы сауалы есінде,
Сазына әннің күш салады екен.
Мұхаң да сол сәт ән буыменен
Әлденеше рет құбылады екен.
Сиқырлы дыбыс әр дірілінен
Ұлы адам ұлы сыр ұғады екен.
-
Ақжүніс болып ойнашы, Күләш,
Адамдық негіз - әйелде! – деймін.
Ер мінез әйел пайдасы, Күләш,
Еркектен артық, қай елде мейлің…
-
Ақжүніс пенен Құртқа болуға
Талпынғаныммен, тамсанғаныммен,
Олардай елге тұтқа болуға
Әлім жете ме - ән салғаныммен.
-
О, пәлі! – дейтін, Мұхаң абдырап, -
«Өнерге елдік ер мінез керек»
Өлшем жоқ бірақ, баға жоқ бірақ,
Өлшеп тастайтын «Жеңді!», «Озды!» деп.
-
О, пәлі, пәлі, таптың! – дейтін де,
Бір сұрланатын, бір сызданатын.
Қабағы қуқыл, қатқыл кейпінде
Томсарып Мұхаң үнсіз қалатын.
Салады Күләш «Сандуғашына»,
Басқа әуен, басқа тылсымға тайқып.
Өнердегі ұлы тағдырласына
Қиямет - өнер…
бір сырларды айтып.
Қырық құбылып, қырық құйылып,
Бір сыңғыр дыбыс, бір сынап сәуле.
Жібітеді әлгі, қабақты үйіріп,
Құйылғанындай күн шуақ демде.
-
О, пәлі! – дейді, - адамдық ләззат
дың еткен дүние дыбысында ғой.
Жіберсе уақыт санаңды қажап,
Жаңарту - әнші уысында ғой.
-
О тәйір-ай, Мұха!
Сіздегі сана
сия қояр ма біздің уысқа.
Жетпейміз құрап, жүз жамаса да,
Маңдайға біткен Сіздей ырысқа…
Дейді де Күләш,
сәл қымсынады,
Көз қарылғандай өткір жарықтан.
-
Жо… жо… жоқ, Күләш,
тағдыр, шырағым,
Сіз бенен бізге өнер дарытқан.
Өнерді жамап-жасқауға болмас,
Халықтан әділ қазы болмайды.
Ұлы өнерді де – аспаннан алмас,
Кішісін – жерден қазып алмайды.
Дың еткен дыбыс үп еткен үнсіз
Табиғат мәні терең болмайды.
Жүйке мен сезім, жүрек пен тілсіз,
Өмір болмаса - өнер болмайды.
Дүниеде дыбыс… күмбір көбейген,
Әрбір дыбыстың өз белгісі бар.
Әншілер сирек бұлбұл көмеймен
Дүниені бұл-бұл көзден ұшырар.
Сіз де бір өнер әлемісіз ғой,
Әнші болмайды «әлемі» жоқ «құл».
Өзіңіз бүгін әдемісіз ғой,
Ал шырқаңызшы - әдемілеп бір…
Тоқтайды Мұхаң тайпалып алып,
Сындарлы сөзі – дәуір сырындай.
Күләш та сонда қайта бұралып,
Жеп-жеңіл құстың қауырсынындай.
Сыңғырлап келіп төгілуші еді,
Өнердің мөлдір айдын – Күләші.
Ой қабырғасы сөгілуші еді,
Жоқ оған бірақ ойдың кінәсі.
Тап осы сәтте – көз болса көрер,
Көз болса көрер –
көңіл жетелер.
-
Бар екен, - дер ең, - дүние шебер,
-
Бар екен, - дер ең, - перизат өнер!
…Ашылып Мұхаң қабағы көптен,
Күләшті құйттай билепті жүрек.
Қайтерсің, тарих таланыңа, әттең
Қайтып бұл келмес сирек құдірет!
* * *
Не боларың білмейсің тағдыр таңда,
Жалғыз тиын бақырсыз жанқалтаңда.
Мүмкін бай боп кетерсің…
әй білмеймін,
Болса-дағы сенбеймін сол дарханға…
НЕ ҚОРҚЫНЫШ?
Көлеңкеңнен қорқасың құр бекерге,
Адам деген бірде – адам,
бірде- пенде.
Бірде тұрып жүрмей ме, бір сүрініп,
Бір қатерден кездесіп бір қатерге.
Бірде өкініп жүрмей ме,
бірде опынып,
(Кемшілігі болмай ма бірді-екілі…)
Шындық шіркін жақсы ғой,
амалсыздан
Айтып қалсаң қайтесің бірде өтірік.
Ол да адамдық белгісі,
осы жері
Қорқақтықтан осалдық көш ілгері.
Қорыққан адам, о, шіркін, өлмесе ғой,
Мүмкін мәңгі өлмес пе ек?!
(Кешір мені).
Кешіре гөр, келеңсіз сұрағыма,
Қорыққаннан мүйізі шығады ма?
Кім ертерек түсерін кім біледі,
Қылп-қылп еткен ажалдың құралына.
-
Мынауың сор болды, - деп, -
мынауың сор,
Сүйретіліп жүресің, шылауың сол,
Қорқасың-ай, қорқасың, қорқасың кеп,
-
Сонда неден қорқасың?
Сұрауым сол.
Қорықпайсың әлемдік апаттан сен,
Аман-саусың албаты шатақтан сен.
Бұл қалпыңмен ұрмайсың жауыңды да,
Қол-аяғын алдыңа матап берсем.
Өз-өзіңнен қорқасың, өз-өзіңнен,
Өзіңе лайық емессің, сеземін мен.
Көлеңкеңнен қорыққанмен құр бекерге,
Дәм біткен күн кетесің кезегіңмен.
-
Қорықпа деймін!
Қонбайды саған ақыл,
Қорқа-қорқа болмайсың және батыр.
Қорқасың кеп, қорқасың…
Сонда неден?
Тірі жүріп көргенің – заманақыр.
* * *
Өзім менің, өзім менің –
Түні бойы көз ілмедім.
Адалдықты сол кезде сезінгенмін.
Арамдықты сол кезде сезінгенмін.
Екеуіне дәнекер бола алуға
Менің дағы жетер ме төзім, демім.
* * *
Өзімнен өзім қараптан қарап жатқан ем,
Біреу кеп мені бауыздап кетті мақтамен.
Күнәдан таза періштемін деп айтпаймын,
Бұл жолы бірақ күпіршіліктен аппақ ем.
Тапа-тал түсте ажалым жетпей мен өлдім,
Нахақтан өлдім, тұяғым серіппей тек өлдім.
Япырау, бірақ араша неге түспейсің?
«Аққа – жақ» деген ақ сөзін ойлап мен елдің.
Бозарып көзім, сазарып жүзім жаттым да,
Әділет жоқ па, әділет жоқ па?.. жоқ мұнда…
Атаңа нәлет!
Қап, бәлем, онда, - дедім де,
Білмеймін қайдан…
Керемет қайран таптым да.
Орнымнан ұшып, оқтаудай болып тұрдым да,
Қан толып көзім түстім де кеттім ырғынға.
Мақтамен емес, қолменен баудай түсіріп,
Білмеймін, бірақ тепкіледім бе… ұрдым ба?..
Барша да борша,
арса да арса, арса боп,
Осылай өстіп «төбелес» көрдім қанша көп.
Өлесі болып, соңынан өксіп жыладым,
Енді ме енді, енді бір «ақыл» қонса деп.
Жыланның жатқан сонда да біреу құйрығын
Құйтырқы басып көрмек болады қимылын.
… Дәл мендей біреу табады ойлап түбінде,
Адамға адам тиіспес амал «ғылымын».
22.11.1988 ж.
ОЙНАҚТА МЕНІҢ ШАБАҒЫМ
Қара жерлердің төсінде қарақат көлдер мойылдай,
Мойылдай көлге малшынып, кетерсің қалай
шомылмай,
Малтадай майда толқынға шолп етіп түскен шорағай,
Сабалап сірне тулақты сынатын сабау сойылдай.
Көк иірім суды соққылап, кетер ме екен сындырып,
Жағалаудағы көк құрақ майысар ма екен бұрлығып.
Сайысар ма екен шолпылдап шолпыдай сансыз
шабақтар,
Қайысар ма екен қара су тұнбадай бетін тұндырып.
Солықтап тұрған сәскеде солқылдар ма екен су беті,
Суырып сазан суды ұрып, жарқылдар ма екен суреті.
Сүйкімді көлдің шабағы тулаған көлін тыншытса –
Үйіретұғын ұршықша бойына сіңген індеті.
Алабұғалар қарғыңдар, сәулелер сіңсін бауырыңа,
Сәуле өткізбейтін айдынның араласыңдар дауына.
Ойнақта менің шабағым, ойнақтап барып оралшы,
Оралар болсаң ақыры ақылдылардың ауына.
* * *
Өмір сенің айқұш-ұйқыш өлшемің,
Өлшеміңе риза емеспін мен сенің.
Өмір сенің шимай-шимай есебің,
Есебіңнен қайтты талай меселім.
Өмір сенің айғыз-айғыз көйлегің,
Өйткені онда – кейде рахат кейде мұң.
Өмір сенің ойқы-шойқы мінезің,
Мінезіңе түсінесің бір өзің.
Мен сан рет кергілестім Сенімен,
Сен сабадың… пергілестім Сенімен.
Сен сабадың,
Сен жеңесің соңынан,
Әйелімдей өлдім-өштім, Сені мен.
21.11.1988 ж.
|