Ибраева Ж.К., Алишариева А.Н.
Выбор языка в семейной коммуникации
В настоящей статье рассматривается проблема выбора языка и языкового предпочтения в
семейной коммуникации.
Ключевые слова: выбор языка, отношение к языку, переключение кодов.
Ibraeva.Zh.K, Alishariyeva А.N.
Language choice in the family communication
The article discusses language choice and language preferences in the family communication.
Keywords:languagechoice, relationship to language, code-switching.
ӘОЖ: 81373. 15-053.5
Хасанова И.У. – педагогика ғылымдарының кандидаты,
аға оқытушы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ
(Орал қ., Қазақстан), E-mail: khassanova.inkar
@mail.ru
БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ҚАЗАҚ ТІЛІН КОГНИТИВТІ ОҚЫТУДА
ПСИХОЛИНГВИСТИКАНЫҢ ЫҚПАЛЫ
Аннотация. Бұл мақалада когнитивті психология, психолингвистика ғылымдарының бастауышта
тілді когнитивті оқыту мәселесімен байланысы сөз болады.
Кілт сөздер: Психолингвистика, когнитивті психология, когнитивті тіл білімі, концепті, ғаламның
тілдік бейнесі, психологиялық таным үдерістері.
Педагогика ғылымы соңғы жылдары көптеген табыстарға жетуде, әсіресе, адамның
психикалық даму табиғатын танып-білуде, ой-сананың жетілуін зерттеуде тың ғылыми зерттеулер
жүргізіліп келеді. Оқушылардың грамматикалық ережелерді саналы түрде меңгеріп, игерген білімін
күнделікті өмірде дұрыс қолдануда психолингвистика қазақ тілін оқыту әдістемесіне тікелей ықпал
жасап отырады. Психолингвистика XX ғасырдың 50-ші жылдары лингвистика мен психология
Хабаршы
№2- 2015 ж.
234
ғылымының қосындысы негізінде шетелдерде, соңынан Кеңес Одағында қалыптаса бастады. И.А.
Зимняя: «XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы Г.У. Найссер, М. Бродбент,
Д. Норман, Дж. Брунердің және басқалардың когнитивті психологиясы білімге, хабардар
болуға, семантикалық есті ұйымдастыруға, болжаушылыққа, хабарды қабылдау және қайта өңдеуге,
оқу және түсіну процесіне, когнитивтік стильдерге аса көңіл бөлген», – деп жазады [1, 14 б.].
Когнитивті психологияның негізгі зерттеу аймағы танымдық үрдістер – ес, тіл мен сөздің
психологиялық қырлары, қабылдау, ойлау, зейін, қиял және танымдық даму.
Бастауыш сыныпта ана тілін оқытуда балалардың танымдық дәрежесін ескеруде бірден бір
басты қызмет атқаратын аспект бар. Ол – оқушылардың психикалық көңіл-күйі мен әртүрлі
психологиялық темпераменттері, сонымен қатар, ұлттық тәрбиедегі ойлау менталитеті. Танымдық
сипатқа негізделген оқыту әдістемесінде мұғалімге басты кедергі болатын – әр жеке баланың
өзіндік ойлауы және онымен ұштасқан жалпы қабылдау дәрежелері. Мұның бәрі бүгінде дербес
ғылым саласына айналған психолингвистиканың еншісінде жатқандықтан, бұл ғылымның
когнитивті тіл білімімен байланыс сипаты қандай екеніне тоқталамыз.
Алғаш мектеп табалдырығын аттаған балаға түсетін психологиялық жүктеменің ауырлығы
тілді меңгерудегі жүктемеден кем емес, сондықтан әдістемені танымдық тұрғыдан оқытуға құру
оңай іс деп ойлауға болмайды. Жалпы психологияның басты тұжырымдары танымдық тұрғыдан
оқытуда үлкен тетіктерге айналатыны сөзсіз. Адам сөйлегенде және тілді ұғынғанда тілге сүйенеді,
міне, осы сәтте тіл білімі мен психология түйіседі. Осы негізде тілдің психологиямен тығыз
байланысы қалыптаса бастайды да, ол өз алдына оқытуда өзіндік жолдар мен жүйелер құрады.
Жалпы алғанда, тіл мен адам психологиясы бір-бірінен ажырамас егіз ұғым болғандықтан,
танымдық әрекетте басты психикалық категориялар бірлесе жүйе болып кетеді де, сөйлеу және
лебізде олар бір-бірімен қабысып жатады.
К.Аханов бұл байланыс туралы кезінде былай деп жазған еді: «Сөйлеу арқылы қарым-
қатынас жасау, пікір алысу, біреудің сөзін қабылдау, оны ұғыну процесін түсіндіру психологияның
жәрдемін керек етеді...Бұлай болатындығы мынадан: тілдік жүйе адам санасында сақталынады,
адам бұл жүйенің элементтерін өзара байланысты элементтер ретінде ұғынады. Заттың біздің
санамызда сақталған атауымен байланысы – психикалық байланыс... Заттардың өзіне тән белгілері
бойынша аталуы және ол белгілердің таңдалып алынуы – психологиялық факт» [2, 17 б.].
Тілдегі психологизмдік сипат Аристотель еңбектерінен басталып, ХІХ ғасырдағы Еуропаның
көрнекті тілшілері еңбектерінде бөлек бағыт болып қалыптасты. Бұл ғылым дамыған сайын
адамның сөйлеу әрекетінің психикалық қалпы мен ерекшелігінің психологиялық тұжырымдамасы
жасалып, тілдің, сөйлеудің, сөйлеу қызметінің, сөйлеу кезіндегі индивидтің мінез-құлқының жалпы
бірыңғайлық жүйесі жасала бастады. Психолингвистика тілді жарыққа шығару, сөйлеу әрекеті мен
лебізді тілдік, психологиялық және психофизиологиялық аспектілерде зерттегендіктен, осы
мәселелерді кешенді түрде қамтуға тырысты. Сол себептерге орай, тіл мен ойлау, тіл мен сөйлеу
сияқты күрделі мәселелер мүмкіндігі кемтар балаларды зерттеу арқылы жүргізілді. Соның
нәтижесінде, көптеген күңгірт жағдайлардың басы ашылып, сана мен тұлға, ақыл мен ес, қабылдау
мен көру, ойлау мен сөйлеу, сөйлем құру сияқты басты мәселелердің өзара қатынасы айқындала
бастады. Бұл мәселелердің қарастырылуы психолингвистиканың өз ішінен бөлек бағыттарын
қалыптастырды. Психолингвистика ғылымы қарыштап дамыған сайын оның да әртүрлі ағымдары
жеке ғылым салаларына айнала бастады. Когнитивті тіл білімі тіл білімінен бөлініп шыққаны
сияқты когнитивті психология да жалпы психологиядан іргесі ажырап шықты.
Тіл білімі тарихында психолингвистика Америка Құрама Штаттарында 1950-шы жылдары
қалыптаса бастаған деген тұжырым қалыптасқан. Ресей психолингвистері А.Леонтьев, А.Залевская,
Р. Фрумкина бұл ғылымның негіздері Қазан мектебінің өкілі И.А.Бодуэн де Куртенэ, Киев өкілі
А.А. Потебня және жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі Европаға белгілі Э.Бенвенист, В. фон
Гумбольдт, К.Г. Юнг, В. Вундттың еңбектерінен басталатынын айтып кетеді [3, 18-31 б.].
Кез келген тіл тек өзінің ұлттық дәстүрін танытуға қызмет ететіні белгілі. Басқа тіл өзге тілдің
ұлттық мәдениетін танытуға қашанда әлсіздік танытатыны әртүрлі мәтіндік жағдайлар мен
сөйлесулерде, лебізде, әсіресе, аудармаларда анық байқалады. Белгілі ресей психолингвисі Р.М.
Фрумкина тілдің бұл психолингвистикалық аспектісі туралы былай дейді: «... Если в культуре есть
определенные реалии, то в языке есть эффективные способы эти реалии поименовать, обозначить.
Это аксиома современной гуманитарной науки. Но из нее, как из каждой аксиомы, должны вытекать
следствия. Например: если в языке есть имена, обозначающие определенные культурные реалии, то
их семантика может изучаться только при условии привлечения широкого культурного контекста»
[4, 55 б.]. Мәселен, қазақ тіліндегі «жігіттің үш жұрты» деген тіркесті алсақ, тек қазақ мәдениетімен
тәрбиеленген ұрпақ қана бұл тіркестің мәнін түсінеді деп ойлаймыз, себебі әр «жұрт» сөзінің
Хабаршы
№2- 2015 ж.
235
мәнінің артында күрделі мән жатқаны анық. «Жұрт» сөзі қазақ көшпелі мәдениетімен өте тығыз
астасып жатқандықтан, күрделі концептілік шеңбер құрайды. Бұл концептілік жүйені толық ұлттық
тәрбиеде емес, яғни қалада басқа немесе аралас мәдениетте тәрбиеленген қазақ ұлтының өкілдері де
ұлттық психологиялық қалыпта қабылдай қоюы қиын екені белгілі. Қалыпты қабылдау жүзеге асуы
үшін, алдымен, басты ұлттық психологияны бойына сіңірген индивид тілдік қарым-қатынасқа түсуі
қажет. Екіншіден, индивидтердің ұлттық дәрежелері ұлттық танымдық әрекеттерінен анық
байқалып тұрғаны жөн, сонда ғана зат есімдердің, атаулардың толық құрылымдық үлгілері санада
толық қабылданады. Бұл, ең алдымен, бастауышта оқитын балалардың тілінен олардың күнделікті
лексиконынан көрініп отырады, яғни қандай отбасында тәрбиеленген болса, сол отбасындағы тілдік
қатынас міндетті түрде баланың сөйлеу тілінде орын алады. Мәселен, анасы орысша тәрбиеленіп,
қазақ тілінде жиі сөйлемейтін болса, бала тілінде бұл, әрине, өзінің ізін қалдырады. Ана тілін
меңгертуде психолингвистикалық сипаттың тағы бір көрінетін тұсы – жеке тұлғаның тілін
қалыптастырудағы өзіндік әсері. Бастауыштағы бүгінгі бала – ертеңгі қоғамдағы жеке тұлға,
сондықтан болашақ тілдік тұлға тілінің қалыптасуының көзі, біздіңше, оның «қарапайым ғаламның
тілдік бейнесінен» гөрі «күрделі ғаламның тілдік бейнесін» сол алғашқы баспалдақ болатын
бастауыш сатысында қабылдай бастауында жатса керек. Психологияның басты мәселесі жеке тұлға
(личность) болса, сол жеке тұлға тілін танытушы – оның санасындағы ұлттық тілтаным көкжиегі.
Ал тіл мен танымның тығыз байланысы субъектінің жеке физиологиялық қалпы мен саналық
когнициясынан көрініп отырады.
Бүгінде психолингвистиканың ірі мектептері мен зерттеушілері бар (Дж. Диз, Г.Хауэс, И. Осгуд,
Р. Кейсли, Х. Сэвин, У. Ламберт, Н. Моор, Т. Слама-Казаку, С. Ервин, Х.Поллио, А.А. Леонтьев, Л.С.
Выготский, Н.И. Жинкин, И.А. Зимняя, И.Н. Горелов, А.А.Залевская, А.Р. Лурия т.т.).
Психолингвистиканың пайда болу негізінде психофизиология ғылымы жатқаны белгілі, сондықтан
психолингвистика адамның физиологиялық ерекшеліктерімен бірге, сөйлесім әрекетін, индивидтің тілді
жарыққа шығарудағы ішкі (ойлау, сөйлеу) және сыртқы (сөйлеу) қызметіндегі жеке және топтық,
ұлттық ерекшеліктерін, қатысымдық, тілдесу әрекеттерін қарастырады. Көбіне, психолингвистика жеке
адамдар мен әртүрлі саналық деңгейдегі адамдарға психолингвистикалық эксперименттер жасау арқылы
тіл мен психологиялық ерекшеліктерді анықтайды. Ресей ғалымдары А.А. Леонтьев, А.А. Залевская т.т.
зерттеушілер психолингвистиканың басты зерттеу нысаны сөйлеу, сөйлесім әрекетінің тілмен өзара
байланысы деп көрсетеді [5, 7 б.]. А.А. Залевская өз кестесі арқылы жалпы адамның тілдік қабылдау мен
жарыққа шығаруды Л.В. Щерба көрсеткен тілдік құбылыстардың үш аспектісін береді. Сонымен қатар,
ол сөйлеудің ұйымдасу құбылысын төртінші аспект ретінде береді. Адам санасында сөйлеуді
ұйымдастыру кезінде үнемі өнім мен процестің өзара екі жақты қатынасы жүріп жатады. Мысалы, адам
бір затты не құбылысты қабылдайды, санасында оны тәртіпке салады, өңдейді, топтайды. Топтау жүзеге
асқанда индивидтің психо-физиологиялық ерекшеліктері өз әсерін тигізеді. Өмір сүрген сайын адам
шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарды өз санасында өңдеп топтай береді. Өңдеп топтаған
сайын оның технологиялық қалпы да өзгерістерге ұшырай береді. Сөздің мағынасын түсіну, қабылдау,
жарыққа шығару бала санасынан саналы адам сатысына көтерілгенге дейін құбыла береді. Сөздің
мағынасы осы ерекшеліктерге байланысты екі түрлі дәрежеде болады. Біріншісі, жалпыға бірдей
түсінікті лексикографиялық (төл мағына) мағына, екіншісі, психолингвистикалық мағына.
Лексикографиялық мағынаға жалпылық тән болса, психолингвистикалық мағынаға жекелікті сипат тән.
З.Д. Попова мен И.А. Стернин осы екі мағына түрінің негізінде танымдық әрекет
жатқанымен, танымдық әрекеттің басты нәтижесі ретінде осы сөз мағыналары емес, концептіні
атайды. Олар былай дейді: «Концепт – концептосфераның бірлігі, яғни халықтың, ұлттың ойлау
бірліктерінің ұйымдасқан жиынтығы. Концепт халық санасында бейнеленген бір немесе басқа
құбылыстың барлық менталды белгілерінен тұрады» [6, 104 б.]. А.А.Залевская былай деп жазады:
«Тіл психикалық қызметтің заңдары бойынша дамиды. Қоршаған ортаны біз сезім мүшелері арқылы
қабылдаймыз. Егер адамда осылардың біреуінің ақауы болса, тілдік жүйенің қалыптасуында
бірнәрсе жетпей тұрады. Ең басты нәрсе, тілдің жүйесі генетикалық жолмен берілмейді. Басты
ерекшелік қоршаған мәдени ортада, егер тілдік орта болмаса, сәби адамзат тілін меңгермеген болар
еді» [5, 12 б.]. Адамның сөйлеу қызметінің ұйымдасуында басты өнім ретінде қатысушылар –
баланың психикалық қалпы, санадағы топтау нәтижесі болатын концептілер мен конструктілер
және ең соңғысы сөз және лексикографиялық мағына. И.Н. Горелов, К.Ф. Седов
психолингвистикаға: «Сөйлеудің пайда болу, түсіндірілу, жүзеге асу ерекшеліктерін сипаттап
зерттейтін ғылым саласы» деген анықтама береді [7, 3 б.]. Осы анықтамада айтылғандай, бүгінде
психолингвистика мен когнитивті лингвистиканың қарқынды дамуының нәтижесінде когнитивті
психолингвистика, когнитивті психология, когнитивті психосемантика сияқты жаңа ғылымдар
қалыптаса бастады.
Хабаршы
№2- 2015 ж.
236
Джон Андерсон: «1950 жылдардан бастап когнитивті психология тез дами бастады. 1967
жылы Ульрик Найссердің «Когнитивті психология» кітабының жарық көруі маңызды оқиға болды»,
– деп жазады. Мысалы, когнитивті психолингвистика қабылдау, сөйлесім қызметі, индивидтің
тілдік деңгейі, ұлттық менталдық, концепт, констант, конструкт жүйесін тілдік бірлікте зерттеп, тіл
мен оны тасушының барлық танымдық көлемін айқындауға тырысады. Когнитивті тіл білімінің
ұғымдары осы психология түрінде қарастырылғандықтан, бұлар өзара тығыз байланысты.
Бастауыштағы баланың танымдық қызметінің ерекшелігі когнитивті психологияда зерттеледі,
сондықтан қазақ тілін когнитивті тұрғыдан оқытуда баланың психикалық жағдайы ескерілуі тиіс.
Джон Андерсон когнитивті картинаның қабылдаудың негізінде қалыптасатынын айта келе, мысалға
иттің суретін алып, көзбен қабылдаудың төменгі нышандары оның сұлбасын құрайтынын, ал басты
сұлба белгілерін паттерндер деп атайды [8, 22, 45 б.]. Дж. Андерсон балалар когнициясының тілмен
байланысы туралы: «Стронер мен Нельсон екі-үш жасар балаларға ойыншықтарды беріп, мысық
тышқанды қуып жүр және тышқан мысықты қуып жүр деген сөйлемдер бойынша құрыңдар
дегенде, екі жағдайда да балалар мысық тышқанды қуып жүрген қылып ойыншықтарды
орналастырады, сонда бұл балалардың мысық пен тышқан туралы біліміне сәйкес келеді, яғни бұл –
балалар синтаксистік үлгілерге қарағанда, семантикалық паттернді басшылыққа алатынын
көрсетеді», – дейді [8, 378-379 б.].
Когнитивті психологияның негізінде танымдық әрекет жатады, яғни когнитивтік бағыт
бойынша ойлауды дамыту таным әрекетімен байланысты, сонда когниция тілтаным мен тіл арқылы
танылатын танымға ортақ негіз болады. Тілдік бірліктердің когнитивті тұрғыда зерттелуі адамның
дүниені, қоршаған ортаны тануымен байланысты. Бастауыш сынып оқушысының дүниені тануы
оның бақылауы, түйсінуі (көру, есту, сезу), қабылдауы, ойлауы, елестетуі, т.б. танымдық үдерістер
арқылы жүзеге асады. Танымдық үдерістерді дамыту арқылы оқушының әлем жөніндегі танымдық
көкжиегі кеңейеді. Біздің ойымызша, тілді оқытудың психолингвистикалық аспектісі осы
когнитивті лингвистикамен тығыз байланысты, себебі адам тілдің мазмұндық жағын кесек, ірі
құрылымды фрагменттер бойынша қабылдайды.
Адам дүниені тіл арқылы таниды, сондықтан адам санасында сол ана тіл арқылы қалыптасқан
ғаламның тілдік бейнесі мәңгіге таңбаланады. Ғаламның тілдік бейнесі – когнитивті
лингвистикадағы басты категория, сондықтан ана тілін, оның ішінде, заттар мен құбылыстарды
көрсететін ең көп бірліктер, яғни зат есімдерді меңгеруді когнитивті танымдық тұрғыдағы
әдістемеге құрғанда, баланың ұлттық тұрғыдағы ойлауы мен танымы ұлттық психология бойынша
жүретіні белгілі. Мәселен, дүниені орыс тілі арқылы қабылдаған орыс мектебіндегі ұрпақтың
антропологиялық жағынан қазақ болғанымен, қазақы психологиясы болуы мүмкін емес. Мұнда
танымдық қабылдау да ұлттық деңгейде жүрмейтіні өз-өзінен түсінікті. Баланың дамуы кезінде
оның тілінде белгілі бір жиі қолданылатын сөздердің азғантай ішкі лексиконы қалыптасатыны
белгілі, бұл ерекшелік Э.Д. Сүлейменова, Т.Т. Аяпова еңбектерінде қарастырылған. Э.Д.
Сүлейменова бұл туралы былай деп жазады: «Данные, полученные в когнитивной лингвистике и
психологии, свидетельствуют о первичности развития семантических интенций в соответствий с
общим процесса усвоения языка с ассимиляцией информации в имеющихся языковых структурах и
приспособлении этих структур к новой информации. Возникает естественный вопрос, откуда
«берутся» языковые единицы, как и в каком виде существуют в мозгу знания о языке, его
грамматика и словарь, как они «записаны» в мозгу. Один из возможных ответов на этот вопрос дан
в концепции «внутреннего лексикона» [9, 86 б.].
Қазақ тілі – бастауыш мектептегі негізгі пән және ең бастысы; ол – ана тілі, сондықтан қазақ тілі
пәні арқылы оқушы білім негіздерін игеріп қана қоймай, ұлттық психологияны, мәдениетті,
дүниетанымды сезіне бастайды, қоршаған ортаны таниды, дүние туралы өз түсінігі мен танымы
қалыптасады. Оқу әрекетінде оқушылардың ақыл-ой, сөйлеу дағдылары мен танымдық қабілеттері
жетіліп, тұлғалық ерекшелігі айқындала түседі. Жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуы бастауыш сынып
жасындағы балаларда қарқынды жүретіні белгілі, сондықтан бастауыш сыныпта қазақ тілін жаңаша
оқытудың әдістемелік жүйесін жасау жұмысында балалардың психологиялық ерекшеліктері ескеріледі.
Оқушылардың психикалық дара ерекшеліктері олардың психологиялық даму себептері мен
жағдайларына байланысты болғандықтан, көптеген ғалымдар, атап айтсақ, А.А. Леонтьев,
С.Л.Рубинштейн, Л.С. Выготский, К.Д. Ушинский, В.А. Сухомлинский, А.А. Люблинская, Л.М.
Фридман, Л.И.Божович және қазақ ғалымдары М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Мұқанов,
Қ.Жарықбаев, Ә. Сыдықов, Н. Айғабылов, С. Рахметова, Ә. Алдамұратов, т.б. өз еңбектерінде
оқушының психикалық дамуын басқарудың жолдарын жан-жақты зерттеу қажеттігін айтады.
Мәселен, қазақ топырағында алғаш рет «Психология» оқулығын жазған Ж.Аймауытов осы
еңбегінде қарапайым адамға жұмбақ сияқты көрінетін психикалық құбылыстардың себептерін,
Хабаршы
№2- 2015 ж.
237
сырларын таныстырып, оны қарапайым тілмен талдайды. Мысалы, «Берне іліктестігі (ассоциация)»,
«Іліктестік заңы» туралы нақты тұжырымдар беріледі. Ол іліктестік заңының орайлас іліктестік,
ұқсас іліктестік деген екі түрін түсіндіреді. Орайлас іліктестік заңында бір нәрсенің атын атау
нәрсенің өзін ойға түсіреді; нәрсені көру атын еске түсіреді деп, мысал келтіреді: «Мәселен, біреу
«Шегембай» десе, аяқ-қолы бақандай, аңсағай аңқау Шегембайдың түрі көзіме елестейді. Түрі есіме
түсті-ақ, оның ісі тағы түседі: тірідей өзіне құран шығарып, қожа-молдаға жалғыз-жарым тоқтысын
беретіні; – бәрі есіме түседі. Міне, осының бәрінде орайлас іліктестік заңының қызметі көрінеді.
Ұқсас іліктестік заңында біздің миымызда жүріп жататын қызметтерді орайлас іліктестік заңымен
түсіндіруге болмайтын кездерде, тыңнан келетін заттар бұрынғы өткен заттармен ұқсас болады;
ұқсас заттар бұрын ешуақытта бірге болып көрмесе де бола береді. Қиял кезген уақытта ұқсас
іліктестік жиі ұшырайды» [10, 139-140 б.].
Тілдің когнитивтік психологиялық аспектісіне психолог ғалым М.М. Мұқанов та жан-жақты
талдау жасайды. Ғалым «Жас және педагогикалық психология» атты еңбегінде кіші оқушылардың
таным үрдістеріне (қабылдау, зейін, жат пен ес, қиял, ойлану) талдау жасайды. Ол кіші оқушыға не
қызықты немесе не қажетті соған мән беріп, осыны қабылдауға икем келетінін және оқушы әр
объектінің негізгі қасиеттеріне қабылдау кезінде мән беріп, салыстырылу жұмысы барысында
негізгі қасиеттерді кездейсоқ қасиеттерден ажыратуға үйрене бастайтынын айтады. 2-3-сыныптарда
балада жеке заттарды, солардың негізгі белгісіне қарап және соған сүйене отырып топтастыруға
үйреніп, ойын ұғым арқылы жүзеге асыратын қабілеті болатынын жазады. «Бұл жастағылардың ой-
өрісінің әлі күнге дейін еске алынбаған және тауысып бітпеген мүмкіншілігі туралы, біріншіден,
әлеуметтік қоғамының алға өріс алуына қарай, екіншіден, қазіргі кіші оқушының мүмкіншілігін
өткен дәуірлердегі осы жастағылармен бірден-бір теңестіруге болмайтыны сияқты деректерге
негізделіп анықталғанын, осыны бастауыш сыныпта еске алғанды жөн көреді. Сонымен бірге,
балаға берілетін тапсырманың жеңіл болғанынан гөрі қиынырақ келуі әлдеқайда ұтымды. Себебі,
азды-көпті қиындығы бар тапсырмалар баланың қиналуына, ақыл-ойының алға қарай өрістеуіне
жағдай туғызады», – дейді [11, 77-85 б.]. Психолог ғалым мәтіннің ойды түзетудегі атқаратын
қызметіне талдау жасаған мақаласында ой сөйлеу арқылы түзеліп, жөнделіп тұратынын айтады.
Ойдың үнемі түзетіліп, жөнделіп отыруы, біріншіден, үнсіз сөйлеу алабынан келген, екіншіден,
мәтіндерден келген хабарлардың негізінде жүзеге асып отыратынын талдай келіп, мәтін ойды
түзетеді дегенде, ол соны бірден түзетпейді, оны қайта оралу хабарын пайдаланып, мидағы
бейнелермен (оймен) салыстыра отырып түзетудің нәтижесінде ойдың дамитынын айтады.
Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту мәселесіне терең зер салған профессор С.Рахметова
ұзақ уақыт бойы кіші жастағы оқушының психикалық әрекетінің мазмұны дұрыс бағаланбай,
«зейіні табиғатынан еріксіз, сондықтан бақылай алмайды; есінің мазмұны нақты-бейнелі, өту
барысы механикалық, сондықтан мағыналы естің жұмысы әлсіз; ойлауы көрнекі әрекетті және
нақты-бейнелі, сондықтан жалпылауға, ұғымдарды меңгеруге олардың әлі жетпейді; олар тек
салыстырудан басқа ой операцияларын орындай алмайды; ой қорытындысын жасай алмайды, пікір
қалыптастыруға да мүмкіндіктері жоқ» [12, 23 б.] деген пікір қалыптасқанын айта келіп, соңғы
жылдардағы психологиялық зерттеулерде баланың белсенділігін пайдаланып, оларға теориялық
білім беру деңгейін көтеруге болатындығын анықтаған ғалымдардың (Л.С. Выготский, П.Я.
Гальперин, Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов, Н.Ф. Талызина, Л.В. Занков, т.б.) концепцияларындағы
ортақ қағидаларды талдап көрсетеді:
1) Оқушыларды оқыту жүйесін қайта құрудағы мақсат олардың үлгерім деңгейін көтеру емес,
интеллектуалдық күшін, мүмкіндіктерін дамыту.
2) Балалардың белсенділігін күшейтуге назар аудару. Ғалым зерттеушілердің «оқушының оқу
әрекетінде негізгі таным үдерісі – ойлау жұмысы» деген пікіріне қосыла, өз еңбектерінде тілді
меңгертуде ойлау мен қиялды іске қосуға ерекше көңіл бөледі. Яғни, оқушыларды тілдік
ұғымдарды саналы түсіну үшін салыстыру, жалпылау, нақтылау, анализ, синтез жасау,
дерексіздендіруге ғана үйретіп қоймай, онан әрі балада елес туғызу, жаңа бейне туғызу,
шығармашылыққа үйретуге жетелейді.
3) Оқу мен дамудың арақатынасы жөніндегі қағидаға сүйенуде зерттеушілер балалардың
теориялық білімдерінің деңгейін көтеруді 1-сыныптан бастау қажеттігіне келісіп, қиындық
деңгейінде оқыту қағидасын ұсынады. Бұл жаңа жүйенің жалпы негізі оқытудың ертеңгі
мүмкіндіктеріне оларды бағыттау, балаларға «таяудағы психикалық дамудың» ең жоғары
көріністеріне жетуге көмектесу болып табылады.
Сайып келгенде, білім берудің негізі бастауышта қаланатындықтан, төменгі сыныптан-ақ,
оқушыларды ізденуге, ойландыруға, көп қоятын сұрағының жауабын іздестіруге дағдыландырып,
сондай-ақ, қабілетіне қарай шығармашылыққа жетелеуіміз керек.
Хабаршы
№2- 2015 ж.
238
Бұл пікірлерден шығатын қорытынды: оқыту үрдісі қызметтерінің орындалу барысында және
балалардың психологиялық таным үдерістерінің (есте сақтауы, ойлауы мен қиялын, ерік-жігерін,
т.б.) дамуы нәтижесінде, оқытуды айқындаудың арқасында қайшылықтарды шешуге, нақты
нәтижеге жетуге болады. Сондықтан қазақ тілін когнитивті оқытуда психолингвистикалық
заңдылықтарға негіздеп жүргізу қажеттігі туады.
Достарыңызбен бөлісу: |