Атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 26 қазан 2019 ж



Pdf көрінісі
бет4/92
Дата22.05.2023
өлшемі1,94 Mb.
#96037
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
A Кекилбаев (1)

Ж.Д. Дəдебаев,
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
филология ғылымдарының докторы, профессор
(Қазақстан)
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ
Өмір шындығы көрер көзге қанша мол, шеті мен шегі жоқ, ұшы-қиырсыз 
һəм тоқтаусыз, толассыз ағып өтіп жатқан оқиғалар мен құбылыстар тасқыны 
секілді болғанымен, ақырында адам үшін есіктен кіріп, төрге озғандай-
ақ көрінетінге ұқсайды. Соған қарағанда, адам өмірінің ұзақтығы мен 
баяндылығын өлшегіміз, мөлшерлегіміз келіп қол созып, бас көтеріп жа-
туымыз əурешілік секілді. Расында қысқа ғұмыр, шолақ дүниені өлшеу де, 
мөлшерлеу де баянсыз. Ал сол қысқа ғұмыр мен шолақ дүниеден, өтпелі 
өмірден уақыт пен кеңістік шегінде өшпейтін шырақ жағуға, өлмейтін өрім 
жасауға Жаратқанның жасағандарының ілуде біреуі ғана жетеді. Жаратқан 
жасаған осы ілудегі біреу – Қазақстанның Еңбек Ері, біздің заманымыздың 
заңғар тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, Халық жазушысы Əбіш 
Кекілбайұлы. 
Əбіш Кекілбайұлы жалғанның бір сəттік жылт еткен жарығынан өлмейтін, 
өшпейтін өнер үлгісін жасады, тарихтың тарыдай болмысынан ғасырлардың 
төбесін көкке жеткізгендей асқар тау-алып мүсін тұрғызды. Жазушының «Бір 
шөкім бұлт» пен «Бір уыс топырағынан» «Үркер» мен «Елең-алаңына» дейінгі 
шығармаларының бəрі туралы да, бірі туралы да осыны айтуымызға болады. 
Жазушы шығармашылығына негіз болған шындық құбылыстардың басты 
арнасы - халық тарихы, халық тағдыры. Қазақстанның Халық жазушысының 
халықтың өткені туралы «Күй», «Ханша-Дария хикаясы», «Шыңырау», 
«Бəйгеторы» секілді орта көлемді эпикалық шығармалары мен «Аңыздың 
ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» сияқты үлкен көлемді эпикалық туындылары, 
«Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны – тарихтың қилы 
деректерін талмай іздеп, тірнектеп жинап, олардың асылы мен жасығын ай-
ырып, өтпелі өмірдің шындығынан өшпейтін, өлмейтін өнер туындысын 
жасаудың теңдесі жоқ тамаша үлгісі. 
«Үркер» мен «Елең алаң» – тарих шындығы, дəуір тынысы, халық тағдыры, 
адамдар талайы, қоғам болмысы туралы тереңнен толғайтын кең құлашты 
эпикалық туындылар. Тарих шындығын, дəуір тынысын, халық тағдырын, 
адамдар талайын, қоғам болмысын бар қырынан ашып, тереңнен толғайтын 
күрделі, көп салалы, кең құлашты эпикалық туындының бір ғана тақырыбы, 
бір ғана идеясы болуы шарт емес. Шығарма мазмұны бірнеше тақырып пен 
бірнеше идеяның жарыса өрілген бірлігі арқылы ашылады. Қазақстанның Ре-
сейге бодан болып қосылуы – осы тақырыптардың бірі, Қазақстан мен Ресей 
халықтарының достығы –осы идеялардың бірі. Күрделі шығармадағы əралуан 


10
тақырыптардың басын біріктіріп, бірбүтін күрделі болмыс деңгейінде тұтасқан 
өмір құбылыстарының тобы – оның негізгі тақырыбы, ал шығармадағы 
əралуан тақырыптар мен идеялардың негізінде бірбүтін күрделі тұтастыққа 
айналған көкейкесті ой, өзекті мəселе негізгі идея [1, 169 б.] болмақ. Əбіш 
Кекілбайұлының «Үркері» мен «Елең-алаңының» негізгі тақырыбы – қазақ 
халқының тəуелсіздік үшін жүргізген күресі, ал негізгі идеясы – ел мен жердің 
тұтастығы, тəуелсіздігі.
«Үркер» мен «Елең-алаңды» тарихи, саяси-психологиялық романдар деп 
жүрміз. «Үркер» мен «Елең-алаң» сияқты тарих шындығын, дəуір тынысын, 
халық тағдырын, адамдар талайын, қоғам болмысын бар қырынан ашып, 
тереңнен толғайтын күрделі, көп салалы, кең құлашты эпикалық үлгілерді 
романдар деп көптік жалғауын қосып атағаннан гөрі өзіне лайықты жанрлық 
атаумен атаған дұрыс болмақ. «Үркер» мен «Елең-алаңның» өзіне лайықты 
жанрлық атауы – роман-эпопея. 
Əбіш Кекілбайұлының тарихи роман-эпопеясы тарих шындығын, дəуір 
тынысын, халық тағдырын, адамдар талайын, қоғам болмысын бар қырынан 
ашып, тереңнен толғайды. Роман-эпопеяның композициясының ерекшелігін 
сипаттайтын басты екі түрлі тəсіл бар: а) оқиғалар ағынын хронологиялық 
кезеңімен баяндау; ə) оқиғалар ағынын кейіпкердің ой сарабына салып су-
реттеу. Осы екі тəсілдің ретті қайталануы – шығарманың мазмұнын пішінге 
көшірудің, басқаша айтқанда, композиция түзудің өзіндік үлгісі. Халық 
тағдырының, адамдар өмірінің шығармаға арқау болған қат-қабат, шытырман, 
көп салалы оқиғаларын осындай тəсілде кезең-кезеңімен, рет-ретімен белгілі 
бір құрылымдық жүйеге түсіруде өлшемді, мөлшерлі, келісті жарасым бар. Ол 
– жазушының суреткерлік даралығының жемісі.
Роман-эпопеяның мазмұны мынадай бірнеше сала дерек көздеріне 
негізделеді: а) тарихи құжаттар мен зерттеулер; ə) халық ауыз əдебиетінің 
үлгілері (тарихи өлеңдер, жырлар, аңыздар); б) этнографиялық дерек көздері; 
в) əдет заңының ескерткіштері. Көрсетілген дерек көздерінің роман-эпопея ар-
насында атқаратын көркемдік қызметтері алуан түрлі: а) тақырып табиғатын 
танытады; ə) ұлттық идея мəнін ашады; б) тартыс сипатын айқындайды; в) сю-
жет желісін құрайды; г) мінез даралау құралы қызметін атқарады т.б. Аталған 
дерек көздері роман-эпопеяның танымдық, тағылымдық жəне көркемдік-
эстетикалық мəнін ашады. 
Шығарманың тарихи негізін құрайтын əр оқиғаның мынадай құрамдас 
бөліктері ерекше сараланады: мазмұны; субъектісі; объектісі; болған жері; 
болған уақыты; болған себебі; салдары; амалы; құралы. Тарихи кезең 
шындығы аясындағы оқиғаның осындай құрамдас бөліктерін жазушы өзінің 
шығармашылық мақсатына сай саралап, тиісті көркемдік шешім жасайды.
Роман-эпопеяда тарих шындығының шытырман шиырлары Əбілқайырдың 
көз алдынан өтеді. Олардың біріне ол қолма-қол қатысып, нақты нəтижелерге 
жетеді. Енді бірін көлденең көк аттыдай көз алдынан өткізумен шектеледі. 


11
Енді бір оқиғалардың сырын сарсылып іздеп, санада сараптайды. Соның 
бəрі оның ойында сұрыпталып, белгілі бір ұлы тілек өзегімен жүйеленеді. 
Жасанған жауға жалғыз шауып, жеңіске жеткенде де, қалың қолды бастап, 
қамал бұзғанда да, хан болып, халық қамын жеп, ел тағдырын ойлағанда да, 
тіпті қан-майдан соғыс үстінде үн-түнсіз, іс-əрекетсіз сүлесоқ қалғанда да ол 
осы жүйеден көз жазбайды. Сондықтан да ол жай тұлға емес, сом тұлға. Кесек. 
Күрделі. Терең. Қайшылықты. 
Əбілқайыр тұлғасы көп қырлы. Оны өзгелерден даралап көрсететін бірнеше 
ерекшелік бар: а) батыр: ə) хан; б) ақылға да, айлаға да жүйрік; в) тарихи дəуір 
мен тарихи оқиғалардың ең өзекті, мəнді сипаттарын, саяси-əлуметтік барлық 
қыры мен сырын өзгелерден бұрын жəне терең пайымдайды; г) дəуірдің басты 
саяси оқиғасында батыл шешім қабылдайды; д) өзіне де, өзгеге де игілікті деп 
қабылдаған шешімдері мен істері үшін маңындағылардың дұшпандығы мен 
жаулығына шыдайды; е) қарақан басының қамы мен халықтың күндік мүддесі 
заман ағымының беталысына қарай кенеттен келісім тауып, жарасады, т.б.
Əбілқайыр əуелде бойын жасырып, мұратына жеткізер жолды алыстан 
барлайды. Іске де, сөзге де мығым. Хан тағына алып баратын ағалық жол 
басқаныкі болғанымен, ойының саралығы, ісінің даралығы жағынан бұл өзге 
сұлтандардан əлдеқайда үстем, биік. Ол өзінің осы қасиетін біліп қана қоймайды, 
сол қасиетінің қадіріне өзгелердің де жеткенін көздейді. Осы мақсатына сай ол 
өзінің өзгелерден артықшылығын тура билердің, ұлыс ақсақалдарының, аты 
шыққан, халыққа еңбегі сіңген батырлардың көзіне көлденең тартып, көрсете 
береді. Ə дегенде, ол Мəті би алдында əділ, құралайды көзге атқан мерген 
деген атқа иеленеді. Одан беріде, жау мергеніне қарсы жалаңаш қылышпен 
шығып, жеңіске жеткенде, «батыр» деген қадірі басым тағы бір атаққа жетеді. 
Өзін ел билігіне араласушы, қол бастаушы беделді тұлғаларға толық таны-
тып алғаннан кейін, Əбілқайыр енді олардың біразын өзіне біртіндеп борыш-
тар, қарыздар етудің жолын қарастырады. Алдына арыз айта келген бір топ 
биді – Жəнібекке, Жəнібекті өзіне борышты етуі, сол арқылы тұтас ұлысты 
өз қабағына қарату айласы Əбілқайыр ойының осындай бұлтарысты, бұқпасы 
көп, шиырлы сипатын танытады. Оның бұл тұстағы мақсаты - «Əйтеуір 
Жəнібек еліне айдарынан жел есіп, риза болып барса болды. Əйтеуір бұдан 
былай бұның аты аталғанда, елеңдеп тұрса болды». Міне, Əбілқайыр іргелі 
мақсатқа қол созғанда, осы секілді əрекеттермен үлкен жетістіктерге жетеді: 
мерген десеңіз – мерген, батыр десеңіз – батыр, ақылды десеңіз – ақылды, ай-
лалы десеңіз – айлалы, əділ десеңіз – əділ, сегіз қырлы бір сырлының дəл өзі 
болып шығады.
«Елең-алаңда» қазақ халқының Ресейге қосылғаннан кейінгі өмірі 
суреттеледі. Қазақтар сабылып, ақ патшаға табынып Петербургке барады. Ре-
сейге бодан болып қосылған қазақтарды билеп-төстеу үшін Орынбор экспеди-
циясы құрылып, қазақ жеріне келіп табан тірейді. Патшалық билеу əкімшілігі 
Ор өзені бойында бекініс-қала салады. Орынбор экспедициясының алғашқы 


12
бастығы Кирилов, кейінгі бастығы Татищев, патша генералы Румянцев сияқты 
отарлау аппаратының басшыларының ойлары мен нақты іс-əрекеттері арқылы 
орыс-қазақ қарым-қатынасының саяси жəне əлеуметтік мазмұны ашылады.
«Үркер» Əбілқайыр ханның көңілінде ел мен жердің тұтастығы мен 
тəуелсіздігі туралы үміт отының жануымен аяқталады. Оның өзі ханның 
маңдай алдынан көтеріліп келе жатқан топ үркердің əлсіз бозаңытқанындай. 
«Елең-алаң» таң атар алдындағы сəтті астарлап аңғартады. Əбілқайыр хан 
күткен күн əлі туған жоқ, бірақ ханның келер күнге артар үміті де өшкен жоқ. 
Роман-эпопеяда отарлау аппаратының басшылары мен Əбілқайыр ханның 
ел мен жер тағдырына тікелей қатысы бар шешімдері мен іс-əрекеттерінің 
мынадай алғышарттары көрсетіледі: а) тарихи; ə) саяси-əлеуметтік; б) 
психологиялық; в) логикалық. Шығарма жүйесінде бұлар ойға алған, істелер 
жəне істелген істердің əрі алғышарты, əрі негіздемесі, дəлелі қызметтерін 
қатар атқарады. Отарлау аппаратының басшылары мен Əбілқайыр ханның 
шешімдері, іс-əрекеттері, олардың алғышарттары мен негіздері, салдары өзара 
тығыз сабақтастықта суреттеледі. Олардың əрқайсысының мінезі, мүддесі, 
дүниеге көзқарасы біртіндеп ашылып, халықтық, мемлекеттік мəні бар іргелі 
мəселелер туралы ойлары мен шешімдерінің жетілу, іске асу сатылары күрделі 
үдеріс түрінде бейнеленді.
Əбілқайыр ханның бейнесі – жазушының тарихи тұлғадан əдеби кейіпкер 
жасау жолындағы үлкен табысы.
Ресейге бодан болу туралы саяси ой хан басынан шығып, ханның халықтан 
жасырын қабылдаған жеке шешіміне ұласады. Шешімді іс жүзіне асыру 
жолындағы ойлар нақты əрекеттерге жалғасады: хан ел-жұртымен, басқа 
хандармен, бүкіл қазақ əскерімен Ресейге бодан болатынын айтып патшаға 
елші жібереді. Шындығында хан бұл ойына өзінің ел-жұртын да, басқа хан-
дар мен сұлтандарды да, ру басыларын да, қолбасылар мен билерді де ортақ 
етпеген еді. Əбілқайыр хан мұндай жанкешті шешім қабылдағанда, қандай 
мақсат көздегені тарихи құжаттарда мына мазмұнда сақталған: а) патшаның 
бодандығындағы ханның хандықты бір өзі жеке билеп-төстейтін болуы; 2) 
хандық билік ханның балаларына мұра түрінде қалатын болуы [2, 195 б.].
Өзінің, хандықтың жағдайын жақсарту мақсатында ел алдында берген ан-
тынан да аттап өтіп, бүкілхалықтық маңызы бар үлкен істі бір өзі ғана шеш-
кенде, хан халқының парасатына, бірлігіне, ерлігіне, күшіне емес, ардалығына 
сенеді. Ордасына келген ақ патшаның елшісін де осыған сендіруге күш сала-
ды.
Тарих құжаттарына қарағанда, ханның ақ патшаға бүкіл ел-жұртымен бодан 
болуында тиісті қызмет атқарған факторлар негізінде қалыптасқан бірнеше 
ұғым-ұстаным көзге түседі: а) ханның халқына берген антын бұзуы; ə) ханның 
ақылға да, айлаға да жүйріктігі; б) ханның халқы туралы қалыптасқан пікірінің 
төмендігі; в) ханның өзі билеп отырған халқының ардалығын өзінің жеке 
мүддесіне оңтайлы пайдалануы; г) ханның ел «жақсыларының аузын алса, 
қазақ дегеннің ыңқ етпейтініне» сенімділігі.


13
Роман-эпопеяда осы ұғым-ұстанымдар тақырып желісінде, идея өзегінде, 
образдар жүйесінде, сюжет желісінде көрініс тапқан.
Шығарма əлемінде де, тарих шындығы шеңберінде де қарапайым халық 
ханның да, елдің «игі жақсылары» ру басы билер мен батырлардың да ойы 
мен ісінен бейхабар. Ру басы билер мен батырлардың құлқы мен ниеті, та-
нымы мен алымы, кісілігі əртүрлі деңгейде. Ақ патшаға бодан болу туралы 
хан ойында осындай алуан түрлі пендешіліктің уілі мен гуілінен ерекше да-
раланатын бірнеше сарын бар. Олар мынадай: а) халықтың игі жақсысы де-
ген ру басы билер мен батырлардың аузын алу туралы сарын; ə) халықтың 
игі жақсылары деген ру басы билер мен батырлардың аузын алатын «ізет-
мезірет», «сый-сияпаттың» («жұрттың алдында бір мақтанып қалуға дарай-
тын жылтырақ киім, таңсық бірдеңе») сарыны; б) игі жақсылардың билігіндегі 
қазақтың «айтқанға көніп», «айдауға жүретін» «ыңқ етпес» күйінің сарыны.
Əбілқайыр ханның халық туралы, ру басы билер мен батырлар туралы 
ойының осы сарындарын бірден-бір тарихи ақиқат айнасы ретінде қабылдауға 
сенім жоқ, қабылдамауға негіз жоқ. Жазушы осы сарындарды тарих шындығына 
сай трагедиялық ахуал сипатында шынайы суреттеді. 
Елді сыртқы жаулардың шапқыншылығынан қорғау, елдің тəуелсіздігін 
сақтау, тұтастығын, ынтымағы мен бірлігін нығайту, дəулетін арттыру тарих-
тың қай кезең, қай дəуірінде де мемлекеттік басқарудың, əділетті мемлекет 
бас шы сының басты мақсаты болғанында дау жоқ. ХҮІІІ ғасырдың бірінші 
жартысындағы қазақ хандықтарының басында отырған хандар үшін мұндай 
мақсат жат болмаған. Бірақ олар мұндай мақсатты өз хандықтарының шегінде 
ғана ұстанды, сөйте тұра шексіз билікке ұмтылды. Мұндай тілек оларды 
елдің тəуелсіздігі үшін ынтымақ пен бірлікке жұмылдырудың орнына бір-
бірінен алыстатты, олардың өзара дұшпандық ниеттерін қоздыра түсті. Қазақ 
елінің ынтымағы мен бірлігі, елдік тұтастығы мен тəуелсіздігі туралы саяси 
идея жекелеген тұлғалардың ғана ойында тербелді. Ел басқарған хандар мен 
сұлтандардың əрқайсысы өзінің жеке билігін арттырудың бірден-бір тиімді əрі 
сенімді жолы өзгелерден бұрын іргесіндегі іргелі елдің қолтығына кіріп алу деп 
білді. Əбілқайырдың орыс патшасына бодан болу туралы тілегі осындай сая-
си-тарихи ахуал жағдайында пісіп-жетілді. Тарихтың осы шындығы, осындай 
тарихи-саяси ахуал талайлардың өзегін өртеді. Осы шындықтың, осындай та-
рихи-саяси ахуалдың роман-эпопеядағы суретінің өзі де өзекті жандырғандай. 
Жазушы тарихтың шындық оқиғаларын, қозғаушы күштерін, тарихи тұл-
ға лар дың ақыл-ой өрісін, жеке адам мен халық, хандық мемлекет пен хандық 
мүдде арасындағы байланыстар мен қайшылықтарды, олардың бітіспес 
күресін саяси-психологиялық ойлар мен толғаныстар кеңістігінде суреттеді. 
Халық өміріндегі аса елеулі тарихи, саяси оқиғаларды кейіпкердің ой-сана, 
пайым-парасат айдынына шығарып суреттеді. Тарихи оқиғалардың түп негі-
зінде жатқан көкейкесті ой-мұраттардың ерекшелігін, жеке адам мен халық 
ара сындағы қатынастың саяси-əлеуметтік жəне психологиялық алғышарттары 


14
мен нəтижелерінің сырларын ашты. Тарихи оқиғалармен тамырлас саяси-əлеу-
мет тік құбылыстар мен қаһармандардың іс-əрекеттерінің түп негізінде жатқан 
мүдделерді роман-эпопеяның тақырыптық-идеялық өзегінен өткізіп өрді. 
Қазақтың халық жазушысы Əбіш Кекілбайұлының екі кітаптан тұратын 
(«Үркер», «Елең-алаң») тарихи роман-эпопеясында халықтың тағдыр-талай-
ында айрықша орын алған аса ірі тарихи, саяси-əлеуметтік оқиғалар эпикалық 
кең құлашпен, психологиялық терең тыныспен суреттелді. Роман-эпопеяның 
тақырыптық-идеялық бітімі трагедиялық сазымен, саяси-əлеуметтік мазмұн 
тереңдігімен ерекшеленді. 
Роман-эпопеядағы тарихи шындық, халық тағдыры, ел тəуелсіздігі, тарихи 
тұлға мен тарихи орта концепциясынан автордың шығармашылық дара лығы-
ның, суреткерлік даналығының өшпейтін, сөнбейтін оты шалқиды.
Əбіш Кекілбайұлының рухына шексіз құрметімді білдіремін. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет