2 Павлодар өңірінің мешіттерінің қалыптасуы
2.1 Павлодар өңіріндегі исламның даму тарихынан
Қазақстанда исламның аралуының басталуы. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты. Орталық Азия мен Қазақстанға исламның енуі VII-VIII ғасырларға жатқызылады. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. VIII ғ. басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыстың жандануы байқалады. Исламның түбегейлі орнығуына VIIIғ. ортасында, 751 ж. Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Қытай әскері күйрей жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етіледі. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастуы еді. Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды [10, 3 б.]. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. Ислам мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орат Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті. Аймақтың тұрғындары мұсылман қауымының ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам құндылықтарының орнығуы халықтың әлемдік діннің гуамнисттік дәстүрлерін қабылдауына өз ықпалын тигізді. Орта Азиялық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс мәдениеті тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды. Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи ( 1166 ж. немесе 1167ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғғ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынды, қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады. XIII-XIV ғғ. Исламның таралу ерекшеліктері. XIII ғасырда Орталық Азия мен Қазақстан жерлеріне бағытталған монғол шапқыншылықтары мен олардың дәстүрлі діни сенімдерін ұстанатын тайпаларының (монғол және түркі) қоныстана бастауы салдарынан исламның таралуы біраз уақытқа дейін бәсеңдеді. Осы шапқыншылықтар кезінде көптеген қалалар жойылды, ғылым мен мәдениет орталықтары тоналды, мешіт пен медреселер қиратылды. Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттыққа ауқымды зиян келтірілді. Алайда, уақыт өте келе қайта өркендеу басталды. Монғол басқыншылары мен ел билеушілері ислам діні мен түркі тілін қабылдай бастайды. Бұл жағдай ортағасырларда ислам дінінің көшпелі дала өңіріне қайта таралуына кең ықпал етіп, басқа да бұқара халық топтарын өзіне тартуға мүмкіндік берді. Монғол билеушілері өздерінің діни сенімдерін мұсылмандарға күштемей, діни төзімділік танытты. Алтын Орданың ханы Берке (1255-1266) және басқа да хандардың (Өзбек, Түдеменгү) мұсылмандықты қабылдауымен исламның орны нығая түсті. Мысалға, Өзбек хан тұсында (1312-1342 жж.) Алтын орданың астанасында 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 рет намаз оқыған. Дін әртүрлі тайпаларды біріктіруші құралдың біріне айналды. Көшпенділер арасына исламды мақсатты түрде тарату басталды [11, 193 б.]. Дін уағызшылары далалы өңірге Орталық Азиядан, Еділ өңірлері мен мұсылман әлемінің басқа да аудандарынан ағыла бастады. Миссионерлер арасында суфийлік бағыттың өкілдері де аз болмады. Сопылықтың нақышбандия мен ясауия тариқаттары билік пен қоғамдық санаға айтарлықтай ықпал еткен, сол себепті билік өкілдері сопылық тариқаттардың жетекшілерімен санасып отырған. Сонымен қатар, сопылар мешіттер мен медреселерді өз иелігінде ұстап, барлық діни рәсімдерге қатысып отырған. Монғол шапқыншылығы кезеңінен соң қазіргі Қазақстан жерінде пайда болған мемлекеттерде (Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан) исламдану үдерісі әртүрлі өтіп жатты. Қарапайым халық арасында ескі сенімдердің (тәңіршілдік, шаманизм) қалдықтары сақталып қалды. Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болыпжарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығайуы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға біргіуне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мазхабын ұстанды, алайда қоғамдық және жеке өмірде исламның тәңіршілдік пен шаманизмнің элементтерімен өзіне тән синтезі пайда болды. XV – XX ғғ. басындағы Қазақстандағы Ислам. Қазақ мемлекетінің құрылуындағы исламның рөлі (ХV-ХVIII вв.). Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (1847ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның (шамамен 1718ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл заңда мемлекеттің ислам дініне қолдауын мойындайды. Мысалға, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»; «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді». Қазақ хандығында қалыптасқан қоғамның құрылымы заңды түрде бекітілді, мұнда жүз бен руға бөлінбейтін ақсүйектерге басымдылық берілді. Ақсүйектер қатарына Шыңғыс ұрпағынан таралған төрелер мен Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт халифасының ұрпақтарынан таралған деп есептелетін қожалар жатты. «Жеті Жарғы» заңдар жүйесінде қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, құқықтық нормалардың басым бөлігі дала әдет-ғұрпымен байланысты болды, немесе шариғат пен әдет-ғұрыптың синтезі күйінде болды. Ислам діні дала әдет-ғұрпының басым бөлігін қабылдауына байланысты, әдет-ғұрып пен шариғаттың ара-жігін анық айыру қиын екені белгілі. Мұндай байланысты «Жеті Жарғыдан» байқауға болады. Қазақ қоғамында ислам мен көне халық дәстүрінің арадасып кеткен тұстары кездеседі. Мысалы, ислам сәбилерді атастыру («Бесік құда») салтын ислам жоққа шығармады. Бұл салт бойынша, [12, 183 б.]мұндай құдаласу арқылы туысқан болу уақыт өте келе қайта жаңғыртылады. Ислам «қалың мал» төлеу секілді көне салттарға да икемділік танытты. Аймақтардағы ислам дінінің ықпалының қалыптасуы ескі түсініктердің сақталуы және олармен синтезге түсуі арқылы да жүзеге асып отырды. Діни синкретизм қалыптасты, яғни, ислам дінін ұстануда ескі діни нанымдардағы кейбір түсініктер сақталды, әсіресе анимизм, шамандық, ата-баба рухына сыйыну элементтері сақталып қалды. Осылайша, исламға дейінгі нанымдардың элементтері сақталған дәстүрлі ислам кең жайылды. Діни басшылықтың имам, молда және өзге де ресми құрылымдары қалыптасқанымен, олар баяу дамыды. XVI-XVII ғғ. Қазақстанда исламның жайылуына қазақ халқының орта азиялақ халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады. Тәуелсіз Қазақстандағы Ислам. Тәуелсіз Қазақстан тарихына жүгінсек исламдық институттардың ықпалының артқанын байқамыз. Соңғы жылдардың тәжірибесі исламның қоғамдағы руханилықты қолдап, дамуға қуатты жасампаз ықпалын тигізетінін дәлелдейді. Зорлықты қабылдамау, сондай-ақ нәсілдік және ұлттық төзбеушіліктен бас тартатын Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) ілімінің бейбітшіл мәні еліміздегі тұрақтылықты сақтап, одан әрі нығайтуға жағымды әсерін тигізеді. Өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында Қазақстан Республикасының Президенті былай деп жазады: «Біз, қазақтар үшін ислам – біздің дүниетанымызды анықтайтын ең алдымен жоғары идеал мен факторы, бұрындары ұмытылып кете жаздаған бай мұсысмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың рухына деген тиісінше баға берудің Рәмізі іспеттес». Тәуелсіз Қазақстандағы ислам ықпалды қоғамдық күшке айналды. Мұсылман бірлестіктерінің саны қарқынды түрде өсуде. Егер 1991 ж. олардың саны тек 68 болса, 2000 жылдар басында 1652-ге жетті, ал 2011ж. 1-қантарында 2756-ға көтерілді. Елімізде жаңа мешіттер салынуда. 2011 ж. басында 2416 мұсылман ғимараттары қызмет атқаруда. 2005 ж. 22 науырызында Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен еліміздегі ең ірі мешіттердің бірі «Нұр-Астана» мешіті ашылды [13, 387 б.].
Кеңес Үкiметi тұсында тарихи еңбектерде, әсiресе, дiни бағыттағы мешiттер және Орта Азия халықтарының мәдениетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн насихаттауда бiр жақты атеистiк тұрғыда үстiрт зерттелген-дi. Тарихи кезеңдердегi небiр аласапыран оқиғаларын бастан өткiзген, нәубеттiк, науқандық шаралардан әбден тұралап асылдарынан айырылып, қайта оянған қазақ халқының қазiр дүниежүзi әлемiнде терезесi тең елдер қатарына қосылғанын мақтаныш етемiз. Қазақстан Республикасы тәуелсiз ел болып жарияланғалы берi ғана тарихи асыл мұраларымыз, мәдени, дiни ескерткiштерiмiз ұлттық бағытта зерделенiп, зерттелуде. Тарихи деректерде көрсетiлгендей араб, иран мәдениеттерiнiң негiзiнде орта ғасырда ислам мәдениетi қазақ мәдениетiнiң қолөнерлiк, зергерлiк бағыттарына өз әсерiн тигiздi. Оған археолог ғалымдарымыздың Оңтүстiк Қазақстан және Жетiсу аймағында жүргiзген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерi дәлел. Осы археологиялық деректерде IХ-ХII ғасырлардағы Ислам елдерi қалаларына тән рабаттары, мешiт, моншалары бар қала құрылыстары табылған. Мұсылмандық бағыттағы мешiттер құрылымына тоқталсақ, IХ-Х ғасырларда бұрынғы шiркеу ғимараттарын мешiтке ұқсатып қайтадан өңделiп жасалғанын көремiз. Алғаш рет Х ғасырда мешiт ғимараттары Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Құйрықтөбе елдi мекенiнде болғандығы айтылған. Сондай-ақ алғашқы медреселер де осы өңiрде табылған. Дегенмен де Ислам дiнi түркi халықтарында ежелден қалыптасып келе жатқан өлiге құрмет, құлшылық ету, яғни әйгiлi ғұламалар мүрделерiне кесенелер тұрғызып, оларға сиыну дәстүрi жалғасын тапқан. Археологтардың қазба жұмыстары негiзiнде VIII-ХI ғасырларда Қазақстан территориясында ислам өнерi үлгiлерiнiң бiрi – шебер жазу өнерiнiң жәдiгерi табылған. Зерттеулердiң нәтижесiнде бұл жазулар геометриялық фигура немесе өсiмдiк бейнесiнде «куф», «сулс» деп аталатын араб жазу үлгiсiнде Құран аяттары мен хадистерi бедерленiп жазылғандығы көрсетiлген. Осындай жазу үлгiлерi мешiттердi, кесенелердi безендiруге қолданылғандығы да дәлел. ХII ғасырларда айналымда жүрген ақшалардың нысандары мен бет-пiшiндерi өзгертiлдi. Бұрын қытай технологиясымен әзiрленген ақшалар ендi күмiстен, жезден құйылған динарға, дирхамға ауысты. Ал металл ақшаларда Құран аяттарымен қатар халифтердiң аты-жөндерi жазылған. Өкiнiшке қарай, халифаттың құлдырауымен ақша бетiндегi халифтердiң аты-жөндерiнiң орнына жергiлiктi билеушiлердiң аты-жөнi жазылатын болды. Қазақстанның Жiбек жолы бойындағы қалаларында Батыс пен Шығыс, Европа мен Азияның бiр-бiрiне ұқсамайтын мәдениет түрлерi жақындасып, бiрiн-бiрi толықтыруға тарихи жағдайлар туындады [14, 103 б.]. Мысалы, IХ-ХII ғасырлардың бас кезiндегi ескерткiштерге археологиялық зерттеулер жүргiзген кездерi Орта Азия мен Қазақ даласында мұсылмандардың қалалық мәдениетi құрылып, қалыптасқандығы анықталған. Өйткенi, қазақ жерiнде ислам дiнi зароастризм, будда, христиан дiндерiн және жергiлiктi тәңiрге табынушылықты да ығыстырды. VIII-IX ғасыр оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстiк Қазақстан халқының жаппай ислам дiнiне кiргенiн дәлелдейдi. 840 жылы Нұһ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 858 жылы оның iнiсi Ахмед ибн Асад Шавғарға жорық жасайды. 766 жылдан бастап Жетiсуға және Қазақстанның оңтүстiгiне саяси өктемдiгiн жүргiзген қарлұқ мұсылман мәдениетiнiң ықпалына түседi. Х ғасырдың бас кезiнде Қарахандар әулетiнiң негiзiн салушы Сатық исламды қабылдайды, ал оның ұлы Богра хан Харун 960 жылы Исламды мемлекеттiк дiн деп жариялайды. ХI-ХIII ғасырларда Ислам дiнiнiң қыпшақтар арасына жайылғандығы жөнiнде де мәлiметтер бар. Тараз бен Меркедегi санаулы христиан шiркеулерi мешiттерге айналдырылады. Исламды ұстанатын халық саны көбейген сайын қалаларда мешiттер салына бастайды. Қазақ жерiнде алғашқы мешiт Тараз шаһарында 893 жылы тұрғызылды. IХ-Х ғасырлардың екiншi жартысында өлген адамды қабiрге қойғанда оның заттары бiрге қойылмайтын болған. Мұсылмандардың ең ертедегi қорымы (бейiтi) Отырар аймағанда IХ-Х ғасырларда пайда болған. ХI-ХII ғасырларда қорымдағы зират басына үлкен мазарлар (мәселен, Тараз қаласындағы Айша бибi) жасалған. Тараз (Талас) – орта ғасырдағы Қазақстан қалаларының iшiндегi ең көнесiнiң бiрi. VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қалаға айналды. Жазба деректер бойынша Таразда 568 жылы Византия императоры Юстианның елшiсi Земарх Килликискийдiң Батыс Түрiк қағаны Дизабулға берген есебiнде Тараз да аталған. 630 жылы Қытайдың саяхатшысы Сюянь Цзан батысында Тараздың (Далассы) шеңберi 8-9 шарқы шақырымға жеткен маңызды сауда орталығы деп сипаттаған. Осы кезден бастап Тараз қаласы тек өз өлкесiнде ғана емес, көршiлес мемлекеттерге белгiлi болды. Тараз – Түркеш, Қарлұқ онан кейiн Қараханид мемелекеттерiнiң орталығы болып, өзiнiң бақыр ақшаларын шығарды. Х-ХII ғасырларда қаланың гүлденген кезеңi болды. Тараз қаласындағы мұсылман сәулет өнерiнiң iнжу-маржандары болып саналатын Арыстан баб(Xғасыр), Әулие ата – Қарахан (ХII ғасыр) және Дәуiтбек (ХIII ғасыр) кесенелерiн ерекше айтуға болады. ХII ғасырдың аяғында бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабiрi басына сәулеттi күмбез ғимараты салынып, бұл мазар «Әулие ата» аталып кетедi [15, 31 б.]. Бiрақ моңғолдардың шапқыншылығы кезiнде қала да, қасиеттi күмбез де қиратылды. Тек 1809 жылы кесене қалпына келтiрiлiп, Айша-бибi, Бабаджа-қатын, Дәуiтбек (Шамансұр) сынды ерте орта ғасырдың архитектуралық ескерткiштерi күнi бүгiнге дейiн сақталуда. Осынау қасиеттi Тараз қаласынан ХI ғасырдың бiрiншi ширегiндегi теңге сарайы табылған. Сонымен қатар Тараз қаласынан ХI-ХII ғасырлардағы төбесi күмбезделiп жасалған монша, ұзындығы 12,8 метр су құбыры, күмбез тәрiздi, ұзын мойынды тәсiлiмен жасалған пеш табылған. Осы қазба жұмыстары нәтижесiнде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар, тарихи ескерткiштер заттай және рухани мәдениеттiң дамуына зор үлес қосты. Тараз қаласы 1856 жылы Әулие ата деп аталып, 1936 жылы Мирзоян аты берiлсе, 1938 жылы жыр алыбы Жамбыл есiмi берiледi. Тек 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен ежелгi аты қайтарылып, Тараз қаласы аталды. Х ғасыр жазбаларында «Шаңғар», «Иасы» деген атпен белгiлi болған қала кейiннен «Түркiстан» деп аталған. «Түрiк» сөзiнiң түпкi мағынасы – «батылдық», «ер жүректi» дегендi бiлдiрген екен. Ал «стан» парсы тiрiнде «ел, халық» деген мағынада болғандықтан «Түркiстан» атауы «Батырлар елi» ұғымын берген. Тарихи деректерге жүгiнсек, VIII ғасырға дейiн Түркi және Батыс қағанатының, одан Түркеш қағанатының құрамына енген Шауғар немесе Иасы қаласы жаугершiлiк заманда бiрде арабтардың, бiрде қарлұқтардың және оғыздардың билiгiндегi астанасы болып келген. Ал Есiм хан (1598-1628жж.) кезiнде Түркiстан қаласы Қазақ хандығының астанасы болып, теңге соғатын сарай салынған. 1598 жылы Қазақ хандығының қолына өткен Түркiстан қаласын 1815 жылы Қоқан хандығы жаулап алса, 1864 жылы Ресейдiң қол астына өтедi. Сөйтiп, 1872 жылы қала Түркiстан уезiнiң орталығы болады. Кеңес Одағы кезiнде, 1928 жылдан бастап аудан орталығы болып есептелiнедi. Өзiнiң «Даналық кiтабымен» әлемге танылған, 1103 жылы дүниеге келген әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауи Түркiстанға келiп, сопылық идеяларын уағыздаған ислам өкiлi. Бүкiл Шығысқа әмiрiн жүргiзген қолбасшы Ақсақ Темiр Ахмет Ясауидiң қайтыс болғаннан 200 жыл өткенде қирап бiтуге таянған мазар орнына сәулеттi зәулiм ескерткiш орнатқан [16, 23 б.]. Сол ХIV ғасырда ғажайып үлгiде салынған Ясауи кесенесiнiң үлкендiгi, сәулеттiгi, әшекейлiгiмен ерекшеленген тарихи-мәдени ескерткiш бұл күндерi де жұртты таңдандырады. «МЕШIТ (араб. – масджид) — мұсылмандардың Аллаға ғибадат етуiне арналған дiни ғимарат. Алғашында барлық ғибадатханалар мешiт деп аталды. Сирия,Иран жерлерiнде мешiт орнына храмдар да пайдаланылды. Алғашқы мешiт VII ғ-дың 1-ширегiнде Медине қаласының жанындағы Құба елдiмекенiнде салынды. Мешiтке Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) түйесi шөккен жер таңдалып, ол жер Сехл, Сүхейл атты жетiмдерден (Нахжар әулетi) сатып алынды. Мешiт құрылысында Пайғамбардың өзi қатысты. Төбесi құрма (пальма) жапырағымен жабылған үй төрт бұрышты етiп салынды. Мешiтке мұсылмандар намаз оқу, дiни уағыз тыңдау және өмiрлiк мәселелердi талқылау үшiн жиналған. Алғаш мешiттiң қызмет аясы кең болды, онда жарлықтар жарияланып, сот iстерi атқарылды (Х-ХI ғ-ларға дейiн), медереседе бала оқыту да мешiт қызметкерлерiне жүктелдi. Тарихи даму барысында мешiттiң қызметi шектелiп, ол дiни ғибадатханаға айналды. Мешiт құрылысының қазiргi үлгiсi (мұнара, михраб, т.б) VIII ғасырдың аяғында қалыптасты, хұтба (уағыз) айтушыға арналған мiнбер (минбар) кейiн пайда болды. Мешiттiң ашық аулалы (араб елдерiнде) және күмбездi (Орта Азияда) түрлерi кең тараған. Жұма мешiттерiмен қатар жәми (жамағатқа арналған) мешiттер және медресе жанында шағын мешiттер де болған. Мешiтте мүсәпiрлерге, жетiм-жесiрлерге көмек көрсетiлген. Ерлерге жұма намазын мешiтте оқу парыз етiлген. Мешiтке Алла ризашылығы үшiн ғибадат жасауға келгенде адал ниет, тазалық, ғайбат сөзден аулақ болу талаптары қойылды. ХVIII ғасырда патшалық Ресейдiң бодандық бұғауы кезiнде ислам дiнiне шектеу қойып, жергiлiктi жұртты шоқындыруға тырысқан сәтте де елiмiзде мешiт, медресе ашып, дiнiмiздi насихаттау жалғасын тапты.» ХVIII ғасырдың 70-жылдары елiмiзде ең алғашқы мешiттердiң бiрi Петропавл қаласында да бой көтердi. Ал ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысынан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында мешiттер салына бастады. Маңғыстаудағы Шақпақ ата (ХIХ-ХХ ғғ.), мешiттер сияқты медреселер де ХIХ ғасырда Қазақстанның Сайрам (Испиджаб), Түркiстан, Ақмешiт, Әулие ата қалаларында 31, Семей аймағында 7 медресе, Батыс Қазақстан және басқа да облыстарда ондаған медреселер жұмыс iстеген. Осындай Орта Азия сәулет өнерiнiң аса үздiк үлгiсiмен салынған ғимарат Жетiсу өңiрiнiң шығыс аймағында орналасқан Жаркент қаласындағы Уәлибай мешiтi дүниеге келдi [15, 272 б.]. Бұл мешiт өзiнiң ғажайып қайталанбас түр ерекшелiгiмен, сәулеттi құрылыстың нұсқасымен назар аудартады. 1892 жылы салынған бұл мешiт ХIХ ғасырда салынған архитектуралық әсем ескерткiштердiң бiрi ретiнде бiздiң заманымызға жетiп отыр. Құрылыстың салынуына себепшi болған Жаркенттiң атақты байы Уәли – Ахун Юлдашев едi. Ол 1884 жылы мешiт салу үшiн құрылыс ағаштарын дайындау қажеттiгiн айтып, Жаркент уезiнiң тұрғындарын аралап қаржы жинай бастайды. Қаржы жиналып болған соң (3 мың алтын ақша) арнайы шақырылған сәулетшi шебер Хон — Пиктiң басшылығымен 1883 жылдан бастап шеберлер мешiт салу жұмысына кiрiседi. 1885 жылы 75 ағаш ұстасы Пекиннен шақырылған Хон-Пиктiң басшылығымен 4 жыл бойы құрылысқа аса берiк Тянь-Шань шыршаларын 200 шақырым қашықтықтағы Кетпен, Ақсу тауларынан өгiз арбамен тасиды. Жеткiзiлген ағаштар кесiлiп, одан кейiн ерекше әдiспен сүргiленiп, тек көлеңкеде ғана 5-6 жыл кептiрiлген. Құрылыс материалдарын дайындау, оны тасып жеткiзу жұмыстарын жүргiзген жергiлiктi халық ақысыз жасаған. 1887 жылы 10 мамырда Уәли – Ахун Юлдашев жоғарғы басшыларға мешiт салу жөнiнде өтiнiш жасайды. Жетiсу облыстық басқармасының құрылыс бөлiмi 1887 жылы 20-шiлдеде мешiт салуға рұқсат бередi. 1890 жылдан бастап шеберлер Ұшурбақи және Абдуқадыр ерекше әдiспен кiрпiштер күйдiре бастайды. 1891 жылы мешiтке барлығы 122 ағаш бағаналары тұрғызылды. Медресенiң iшiндегi тiреу — 24, тас жастықшаларға қолданылған сыртқы тiреу — 56, қабырғалардың арасына жұмсалған тiреу — 42 тал болған. Осылайша 1894 жылы Уәлибай мешiтi дүниеге келдi. Сөйтiп халықтан жиналған қаржыға салынған көрiктi ғимарат құрылысының бағасы алтынмен есептегенде 300 мың сомға жеткен. Мешiт құрылысы тек ағаштан қиюластырып, ешқандай шегесiз жасалынады. Бүкiл құрылыстың салмағы тек ағаш бағаналарына түскен. Мешiт үлкен және кiшi залдардан тұрған. Екi залдағы қабырғалар ою-өрнек түрiнде ойылып безендiрiлген. Мұндағы бiр ерекшелiк – бiрнеше жүздеген ою-өрнектер бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Кiшi залдағы имам отыратын жеке орында жүзге жуық ою-өрнектер, суреттер салынған. Бұл ою-өрнектер шығыс сәулет өнерi негiзiнде жасалғандығын көрсетедi. Мешiттiң iшiндегi сатымен жоғарғы қабатқа, одан мұнараға көтерiлуге болады. Мешiттiң маңдайшалары 11 және 9 қатар ағаштан тұрғызылған. Осы маңдайшаларға жасалған мешiттiң 4 жағындағы ою-өрнектер мен суреттер саны 3,5 мыңға жетедi. Мешiттiң көрiктiлiгiн айқындайтын екiншi бiр құрылыс – ғимарат маңдайшасын әшекейлеу жұмысы. Бас қақпаның қабырғасы Ақсақ Темiр дәуiрiндегi құрылыс шеберлерiнiң үлгiсiмен жүргiзiлген. Ғимарат маңдайшалары мен күмбездерi кiрпiштен салынып, мұнарлары ағаш материалдарынан өрiлген. Биiктiгi 19 метр қақпаның екi жағына қатарластыра колонна тұрғызылған. Колоннаның және мұнаралардың басына алтын жалатқан ай орнатылған. Қақпаның негiзгi көше жақ бетiне араб әрiпiмен құраннан үзiндiлер жазылған. Бас қақпаның батысына жапсарлас тұрғызылған мұнараның биiктiгi 26,7 метр болған. Құрылыстың архитектуралық сымбаты өте әсемделген. Үлкен залының әсiресе, батыс қабырғаларының өрнектерi мен оюлары, неше түрлi суреттерi адам қиялы мен шеберлiгiнiң айтулы нұсқасы. Қабырғалардағы көркем ою-өрнектер көрерменге терең әсер қалдырады. Оның маңдайшалары мен күмбездерiнiң iшкi жағы мен қабырға тұстары түстi бояулармен алуан өрнек – оюлармен жасалғандығы әркiмдi де таңқалдырмай қоймайды. Әсiресе, ғимарат iшiндегi батыс қабырғада жарты шарланып орналастырылған сүйiр мiнбе өте шеберлiкпен жасалған. Мешiттiң қабырғаларының негiзгi бетi ақшыл түспен әсемделсе, iшiндегi терезелер мен есiктердiң үстiне орналасқан әшекейлер, түрлi бейнелер әр түске боялып, қабырғаның үстiңгi жағына ақшыл гүл өрнегi бедерленген. Ғимараттың сол жағында ағаш мiнбе жасалған. Ол құран оқушылар мен уағыз айтушылар үшiн қойылған биiк баспалдақ түрiнде жасалған. Мiнбенiң қанаты ақ гүл аралас гүл кестемен безендiрiлген. Мiнбенiң шымылдығына ғимараттың шатырындағы жиектi бейнелi таяқшалар қойылып, олардың барлығы да гүлмен өрнектелген [16, 113 б.]. Ғимарат құрылысының сыртқы көркi де зор шеберлiкпен әсемделiп жасалған. Оның ұзындығы 55 метр, енi 30 метр, күмбездi қоспағанда қабырғаларының биiктiгi 7 метрге жеткен. Мешiт үйiнiң iшкi көлемi 1063 шаршы метр болған. Ал екiншi қабатындағы бөлмелерде намаз кезiнде әйелдер құлшылық ететiн болған. 1906 жылға дейiн бас қақпаның екi жағына 18 бөлмелi медресе үйi және солтүстiк бұрышынан намаз оқитын үлкен бөлме салынған. Медреседе дiни сабақ өткiзiлiп, Жаркент уезiнiң қазақ, ұйғыр, дүнген балалары дiни бiлiм алып және хат тануға мүмкiндiктерi болған. Оқып, дiни бiлiм алған азаматтар халық арасында ислам дiнiн таратуға, оған қалтқысыз қызмет етуге тиiс делiнген. Мұнда шәкiрттер бiрнеше жылдар бойы араб грамматикасын, философиясын т.б. пәндердi оқып меңгерген. Шындығында, олар басқа тiлдегi текстердiң мән – мағынасын түсiнбестен, тұтас бiр парақтарды немесе тарауларды жаттап ауызша айтатын болған. Аталған ғимарат 1934 жылға дейiн мешiт болып мұсылмандар үйiне айналса, 1952-1962 жылдары аудандық өлкетану музейiне айналған. Мұнда жыл сайын күзде аудан көлемiнде ауылшаруашылық көрмесi өткiзiлiп тұрған. 1967 жылдан ескерусiз қалған мешiттi қайта қалпына келтiру жұмыстары қолға алынды. 1971 жылдан бастап Қазақ ССР Мәдениет Министрлiгi жанынан құрылған ескi мәдени ескерткiштердi қалпына келтiру жөнiндегi ұйымның бас архитекторы Нәйла Рақымжанова бастаған архитекторлар мен инженерлер Уәлибай мешiтiне қолданған құрылыс материалдарының (кiрпiш, ағаш) құрамын зерттеп, қалпына келтiру мәселелерiн шештi. Арнайы дайындықтан өткен маман жұмысшылармен қатар ағаш шеберлерi шақырылды. 1971 жылдан 7 жыл бойы алматылық шебер Исмагилов Ириктiң басқаруымен 25-30 шебер мамандар мешiттi қайта қалпына келтiру жұмыстарын атқарды. 1977 жылдың қыркүйек айына дейiн 610 мың сомның жұмысы атқарылған екен. Сөйтiп, « Уалибай мешiтi « атанған бұл архитектуралық ескерткiш – экспонат ретiнде келушiлерге көрсетiлiп, ал музей экспонаттары мешiттi айнала қоршаған дуалмен бойлай салынған жеке бөлмелерде ұйымдастырылған [17, 418 б.]. Бұл аталған мешiт өлкетану музейi ретiнде ғылыми-зерттеу, ағартушылық бағытта тарихи және мәдени мұраларды сақтайтын орынға айналған. Қазiр «Уалибай мешiтi» халқымыздың үлкен мәдени-тарихи мұрасының бiрiне айналды. Бұл ғимараттың тарихи және көркемдiк құндылығы өте зор екенi даусыз. Мұндай тарихи және мәдени ескерткiштер қазiргi заманның және болашақтың ұрпақтары үшiн үлкен ұлттық тәрбиелiк мәнi бар екенi анық. Кеңес үкiметi тұсында дiни басқармалар, көптеген мешiт, медреселер жабылып, тек 1943 жылдан кейiн дiни ұйымдарға көзқарас өзгерiп, Орта Азия мен Қазақстанда дiн басқармалар өз жұмыстарын жандандыруда. Өткен ғасырдың басында елiмiзде 68 мешiт болса, қазiр елiмiз тәуелсiздiк алған тұста облыс, аудан, ауыл-кенттерiмiзде, яғни Қазақстан территориясында 2300-ден астам мешiттер бар.Алла үйлерiне қарапайым еңбек адамдарынан бастап, ғалымдар мен ұстаздар, жастар келiп құлшылық етiп, сәждеге бас июде. Ұлтымыз рухани құндылықсыз өмiр сүре алмайды. Ал мешiт имандылық ордасы ретiнде халық өмiрiне үлкен әсер ететiнi анық. Өйткенi, ол – ұлтты ежелден ынтымаққа, бiрлiкке шақырып, рухани мәдениетiмiздi дiни бағытта тәрбиелейтiн қасиеттi де, киелi орда екенiн естен шығармайық. Барлық құқықтар сақталған.
Бұдан 20 жыл бұрын мешіттер тек облыс орталықтары мен ірі қалаларда болатын. Оның өзінде саны жеткіліксіз, тіпті кей қалаларда мешіт атағына жетпейтін, намаз оқитын бір-екі кішігірім үй орынымен шектелетін. Біздің уақытта жағдай өзгеше – мешіттер әр қала мен ауылда орын алған, кішігірім ауылдың өзінде намаз оқып, діни ғұрыптарын атқаратын үй табылады.
Қазіргі таңда Қазақстандағы мешіттер саны үш мыңға жетіп, күннен күнге артып келеді. Әсіресе, баяғыдан халқында дінге жақын әдет-ғұрыптары ның қалыптасуы және тұрғындар саны басымдығы мен тығыз орналасуына байланысты мешіттердің көпшілігі еліміздің оңтүстік аймақтарында салынып жатыр. Бірақ, кеңес заманында дінге қарсы идеология езгісі мен орыстандыру саясатына мүшкіл болған солтүстік және шығыс өңірлерінің тұрғындарында соңғы жылдары рухани санасының оянып өрлеуі айқын көрінеді. 2008 жылы Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласында 2500 адам намаз оқитын еліміздің ең ірі және әсем мешіттерінің бірі салынып, халқын көп қуанышқа бөлді. Тағы бір көңіл білдірер жәйт – мұсылман мешітімен бірге, қаланың орталық даңғылының арғы бетінде ірі христиандық православие шіркеуі де салынды. Бұл арада ақтөбеліктердің дінаралық қатынастарының сауалдығы және жалпы Қазақстан халқының ынтымақтығы анық байқалды. Сол жылы солтүстік - шығыстағы Павлодар қаласында 500 намаз орынын, солтүстіктегі Петропавловск қаласында 750 намаз орынын қамтитын мешіттер салынды.
2008 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында 3000 намаз орынына арналған ірі мешіт құрылысы басталды. 2009 жылы дағдарыс салдарынан қаржы таршылығына тірелген құрылыс доғарылып, биылғы көктемде құрылыс жаңа қарқынмен жалғастырылды. 2009 жылдың елеулі оқиғаларының бірі 29 маусымда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында 5000 орындық «Әзірет Сұлтан» мешітінің іргетасы қаланды. 2009 жылдың қарашасында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында 1000 намаз орынын қамтитын мешіт құрылысы өріс алды.
Барлық мешіттер жеке тұлғалар мен ұйымдардың және бизнес өкілдері тарапынан демеушілік қаржыландыру арқасында салынуда [18, 183 б.].
Мешіттің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Елбасы: «Жаңа мешіт Қазақстанның жас астанасының нағыз рухани және діни орталығына айналады, ал оның өз сұлулығымен ерекшеленетін ғимараты қаланың сәулеттік келбетін көркемдей түсіп, оны қайталанбастай етеді... Діни ғимаратпен танысқан қала қонақтары Астана туралы қазіргі замандағы ең үлкен діндердің бірі исламды ұстанатын мемлекеттің астанасы деген ой қалыптастырады»- деді. Ол Астанамыздың сол жағалауын көркейткен Ислам мәдени орталығы құрамына енді. Мешіт күніне бес мың адамды қабылдай алады. Айналасында биіктігі 62 метр төрт мұнарасы бар ғимаратты алюминий және алтынмен қапталған 21 күмбез безендіріп тұр. Бас күмбездің биіктігі 43 метр. Алматыда «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті ашылды. Жыл сайын жаңа медреселер пайда болуда. Дін ұстанушылар саны күннен-күнге өсуде, олардың арасында жастар көп. Орташа және жоғарғы діни білім алатын адамдар саны көбеюде. Меккеге қажылыққа баратын қазақстандақтар саны өсуде. 2001 ж. қажылыққа 228 адам аттанса, 2007 ж. желтоқсанында 4300 қажылар ұзақ жолға шықты. 2006 жылдан Қазақстанда мұсылмандардың мейрамы Құрбан айттың бірінші күні демалыс деп жарияланды. Қазақстан 50-ден астам мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі.
Достарыңызбен бөлісу: |