1. БІЛІМ БЕРУ – ӨРКЕНИЕТТІҢ, АДАМНЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНЫҢ ДАМУ ФАКТОРЫ, БАСЫМ ҒЫЛЫМИ ПРОБЛЕМА. Педагогика ұзақ уақыт бойы философияның бір бөлігі ретінде дамытылып, екі негізгі философиялық тұжырымдамалар бағытында қалыптасқан.
Бірінші тұжырымдамада Сократ пен Платонның идеялары жинақталған. Олардың айтуынша, адам дамуының негізгі факторлары – оның табиғи қабілеттері. Ал сыртқы жағдайлар адамның дамуына елеусіз әсер етеді.
Екінші тұжырымдамада Гераклит, Демокрит, Эпикурдың идеялары біріктірілген: адамның дамып, тәрбиеленуін, ең алдымен, қоршаған орта және сыртқы жағдайлар белгілейді.
Тұжырымдамалардың нәтижесінде педагогикада осы күнге дейін педагогикалық теорияны жасауда әртүрлі пікірлер айтылуда. Материалистік тәрбие теориясының шешімі үшін ең маңызды идея – бұл адамның жеке тұлға болып дамуының көзі тіршілік иесінен сыртта, әрі оның қалыптасуы «әлеуметтік бағдарламаға» сәйкес, қоғамдық ықпалдың, соның ішінде тәрбиенің нәтижесінде іске асады. Сонымен қатар, бұл әдіснама, адам дамуының көзі, одан тыс екенін айта отырып, оның қоғамдық тұлға болып қалыптасуында өзінің ішкі белсенділігінің де маңызды орын алатындығын алға тартады, әрі зерттеушілерге өзіндік белсенділіктің көтерудің жолдарын табудың қажеттігін түсіндіреді.
Материалистік философия мен педагогика қоғамда әлеуметтік және рухани қатынастардың жетілуімен адамның өзі де жетіліп, әрі дамып отырады, оның өзіндік қасиеттері мен сапаларын ұнамды бағытта өзгертіп және жақсартып отыруы үшін зор табиғи мүмкіндіктерге ие екендігін жария етеді.
Сонымен қатар, бүгінгі педагогика қоғамдық дамудың объективті заңдылықтарына сүйене отырып, қоғамдық ілгерілеуге қызмет ету қажеттігін, адамды қоғамның ең жоғарғы құндылығы деп тануды өз міндеті деп санайды.
К.Д.Ушинский ғылыми педагогиканың қалыптасуының маңызды кезеңі – халық педагогикасы деп есептеген. Ол педагогикалық тәрбие жүйелерін халық өмірінің ерекшеліктерімен байланыстыра түсіндіреді. Содан кейін педагогиканың дамуында екі үлкен кезеңді белгілейді:
ғылымға дейінгі кезең;
педагогикалық ғылым ретінде қалыптасу кезеңі.
Соңғы уақытта ғана неміс педагогы Франц Хофман педагогиканың дамуында үш кезеңді көрсетеді:
Ерте кезең.Оны автор тәрбие даналығы деп атайды. Бұл адамзаттың қарапайым педагогикалық ойлаудан тәжірибемен тексерілген ойлауға қарай көшу кезеңі. Осы кезеңдегі педагогикалық көздер: Ежелгі Египет папирустары, «Соломон притчаларының кітабы» және т.б.
Екінші кезең –«Пайдагогия». Бұл кезеңінің қалыптасуында Ежелгі Грецияның педагогикалық ойлары ерекше орын алады. Бұнда педагогикалық білім саяси, философиялық және психологиялық білімнің бір бөлігі болып табылады.