№1 дәріс тақырыбы. Адамның жоғары деңгейдегі білімінің аясындағы педагогикалық акмеология
Акмеологияның теориялық негізі орыс пәлсапасында, ал тәжірибелік негізі отандық медицинада, әлеуметтануда және психологияда қаланды. Акме идеялары Н.И. Пирогов, В.М. Бехтерев, П.А. Сорокин, т.б ғалымдардың еңбектерінде көрініс табады. Акме пайымдаулар әсіресе әдебиетте (Н. Гумилев, А. Ахматова, С. Городецкий) айқын көрініс тапқан. А. Ахматова: «Мен акмеистке айналдым..., себебі біз өзімізді ХХ ғасыр адамы ретінде сезіндік және өткен ғасырда қалғымыз келмеді» деп жазған. Акмеистік бағытты таңдау – жаңашылдыққа, тым драмалы, әрі сайып келгенде, дүниені неғұрлым адамгершілік тұрғысынан сезінуді таңдау еді. Акмеисттер талаптарының бірі – әлемге жаңалық ашушы адамның көзімен қарау.
Ерте заман өмірбаяндарында «акме» сөзі ең жоғарғы нүкте, гүлдену шақ, өмірдегі және шығармашылықтағы ең жемісті кезең деген мағыналарды берген. Көбінесе адамның өмірге келген және өмірден өткен даталарымен бірге оның «гүлдену кезеңінің» хронологиялық шекаралары да көрсетілетін болған. «Гүлдену кезеңі» жайлы ғылым – қазіргі заман акмеологиясын өз мүмкіншіліктерінің шырқау шегіне жеткен әртүрлі мамандық иелері мен олардың сол дәрежеде қанша уақыт тұрақтап қала алатындықтары қызықтырады. Акмеологияның басты мәселесі – белгілі бір салада шығармашылыққа қолайлы өмір өткелдерінің бір кезеңі емес, ол тұлға рухының қалып-жағдайы, оның өмірінің кез-келген шағын «гүлдену шағына» айналдыруға қарым-қабілеті бар тұлғаны дамыту.
«Акмеология» ұғымын ғылыми айналымға ең алғаш Н.А. Рыбников 1928 жылы жас ерекшелігі психологиясының арнайы тарауы – кемелдену немесе есею психологиясын белгілеу мақсатында енгізген болатын. Б.Г. Ананьев өзінің «Адам таным нысаны ретінде» кітабында акмеологияның адам тану ғылымдары жүйесіндегі орны мен мәнін «педагогика-акмеология-геронтология» қатарына орналастырып көрсеткен болатын. Бұл жайт Б.Г. Ананьевтің адамның психофизиологиялық функцияларын, психикалық процесстерін, психикалық ерекшелігі мен күйін саралауда негізге алған даму қағидатымен айқындалған. Б.Г. Ананьевтің пікірі бойынша, адамның онтогенетикалық дамуының түпкілікті өнімі болып оның ерекше тұлғалық болмысы қалыптасты, оны өз бетімен құрастырып, өз шығармашылық өмірінің субъектісі болып саналы салиқалы өмір жолын өзі таңдайды.
А.А. Деркач Б.Г. Ананьевтің ғылыми шығармашылығын саралай отырып, мұндай даралық әрбір жеке адамға тән ең маңызды тұлғалық, субьекттік және индивидтік ерекшеліктерді біріктіруші көпжүйелі құрылым деп санайды. Жеке тұлғаның сана мен өзіндік сана қасиеттері Б.Г. Ананьевтің айтуы бойынша, әрқашан жұмыс істеп тұратын, адамның ішкі жан дүниесі.
Б.Г. Ананьев «Адамның тұлға қасиетттерінің жеке құбылмалылығы оның статусының экономикалық, құқықтық, отбасылық, мектептік, т.б негізгі құармбөліктерін өзара әрекетімен, ұжымдағы қарым-қатынас жүйесі мен рөлдердің алмасуымен, жалпы адамның қоғамда қалыптасуымен анықталады» деп ой қорытқан.
Адамды біртұтас жүйе ретінде зерттеуде кешенді әдісті қолдану арқылы Б.Г. Ананьев бұл әдіс адамның әрбір функциясының қалыптасуындағы сенситивті (сезімтал) кезеңдерді дәлірек анықтауға, әрбір қасиетті айқындап түзетуге, индивидтік, тұлғалық және субьективті-әрекеттілік сипаттарды дәлірек есепке алуға,тәрбие және білім әрбір адамның дамуын акме дәрежесіне жеткізуге мүмкіндік береді деген тұжырымға келді. Адам дамуының әртүрлі қырларының арасындағы ішкі байланыстарды зерттеу оның өмірін жоспарлауға, болжам жасауға, алдағы уақытта адам бойында болатын өзгерістерді алдын-ала айқындауға мүмкіндік туады.
Б.Г.Ананьев және оның шәкірттерінің жүргізген кешенді зерттеулері адамның-индивидтің, тұлғаның, іс-әрекет-субъектісінің негізгі қасиеттерін анықтап, олардың арасындағы психикалық құбылыстар «іштей» айқындалып өзара байланысты мақсатты синтез болып есептеледі. Ананьевтің ғылыми мектебіндегі нәтижелер ересек адамдардың кемелдену деп белгіленетін даму сатысынан өту жолдарында қарыштау кезеңін де, салыстырмалы тұрақтылықты да, бастапқы инволюцияны да бастан кешіретіндігін айғақтайды. Осы ұстанымға байланысты Б.Г. Ананьев акмеологтарды жоғарыда айтылған мәселелер жиынтығы аумағындағы ересек адамның негізгі даму заңдылықтары мен қызмет етуін зерттеуге және акме құбылысын ғылыми айқындау, ондағы әртүрлі адамдардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралау және акменің сандық-сапалық қасиеттерін анықтайтын факторлар әрекетін бақылау қажет деп есептей отыра, акмелогияның ерекше ғылыми құбылыс ретіндегі негіздерін түзді.
Н.А.Рыбников пен Б.Г.Ананьвтің идеялары Н.В.Кузьминаның жұмыстарында өз жалғасын тапты. Бұл ғалым «еңбек» ұғымын ерекше зерттеп, адам әрекетінің жоғары және төмен нәтижелі көріністерінің моделін сипаттап берді. Акмеологияға қатысты Н.В.Кузьмина біраз қағидаларды, соның ішінде әрекет және тұлға шеберлігі, шеберлікке жету немесе оған кері әсер ететін факторлар жүйесін зерттеді. Б.Г.Ананьев негізін қалаған экспериментальдық акмеология саласында зерттеулер жүргізді. Акмеологияның дамуына үлес қосқан тағы бір ғалым Бодалев А.А. Бұл ғалым адам дамуында шеберлік шыңына жетуде әлеуметтік макро және микро ортаның рөлін, акме және жеке тұлға, акме және танымал болу, акмеология және педагогика, акме және өзін-өзі дамыту проблемасын зерттеді.
Бүгінде акмеология қазіргі қоғамдық, кадрлық, кәсіби, білім беру, педагогикалық және басқа да көптеген мәселелерді шешудегі өзінің маңыздылығын дәлелдей келе жеке ғылым болып қалыптасты деп айтуға болады.
Соңғы отыз жылда қалыптасқан ғылыми дәстүр, негізінен, акмеологияның мазмұны мен міндеттерінің біріңғай түсінігін жасады (А.А Бодалев, А.А. Деркач, Е.А. Климов, Н.В. Кузьмина, И.Н. Семенов, Е.А. Суслова, Е.А. Яблокова, Н.В. Гончаренко). Акмеология – жаратылыстану, қоғамдық, гуманитарлық және техникалық пәндер тоғысында пайда болған, адамның кемелдену сатысындағы дамуының, әсіресе дамудың шырқау шегіне жету заңдылықтары мен феноменологиясын зерттейтін ғылым.
Акмеология бастапқыда жас ерекшелік психологиясының тарауы ретінде қарастырылып, дамыды. Дегенмен, жоғарыда айтылып кеткендей, акмеологияның ғылыми мәртебесі оның нысаны – кемелденген адамның әртүрлі сипаттамаларының кең шоғыры емес, ең алдымен, оның кәсіби шеберлігі тұрғысынан адам өмірінің сан қилы жақтарын, оның тәрбиелену, білім алу жағдайын, кәсіби іс-әрекетін іске асыру тәсілдері мен технологиясын, оның кәсіби шеберлігінің артуына, кәсіби шеберліктің шыңына жетуге әсер ететін факторларды қарастыру. Осылайша, акмеология таза психология ғылымының шеңберінен шығып, әлеуметтану және педагогика сияқты басқа білім салаларында жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне, сонымен қатар белгілі кәсіби іс-әрекет пен өндіріс теориялары мен технологияларын жеке ұғымдарының негізінде біріктіре отырып үйренуіне, акмеологияның сүйенетін жеке ғылым салаларына тән емес арнайы теориялық және практикалық мақсаттарға бағытталған өзінің жеке әдіснамалық негіздеріне бет бұра отырып, жас ерекшелік психологиясының бір тарауы ретінде қарастырылмай, өзіндік бағыт-бағдарымен айқындалады.
Акмеология психология ғылымының аясында дамып, ғылыми зерттеулердің нәтижесін ескере отырып, басқа да білім салаларынан алынған мысалдарға назар аударсақ, әлеуметтану және педагогикада, сондай-ақ теорияны және нақты өндірістік технологияны зерделеуде, кәсіби әрекеттің түрлерін, оларды өз қолданыстарындағы түсініктері бойынша біріктіруде, теориялық және тәжірибелік мақсатқа жетуді айрықша көздей, өзге ғылымдардан алынған мәліметтерді акмеология орынды қолданады.
Атап өтетін жайт, акмеологияның зерттеу нысаны болып табылатын кәсіби әрекетті басқа ғылымдар да зерттеуде, яғни оны өзінің ерекше аспектілерінде және көздеген мақсаттарына жету үшін қарастырады.
Жалпы психология мотивациялық әрекеттің механизмдерін, аффектік мінез-құлық ерекшеліктерін, адамның атқаратын түрлі психикалық қызметінің заңдылықтарын қарастырады, олар ойлау, қабылдау, жады және т.б. категорияларды қамтиды.
Еңбек психологиясы әртүрлі қызмет саласында еңбек ететін адамдарда байқалатын психикалық процестердің өзгешеліктерін айқындайды, сонымен қатар, түрлі психикалық қабілеттердің даму дәрежесіне қатысты болашақ кәсіби мамандардың оқыту жүйесінде көрсетілген талаптарын анықтайды.
Әлеуметтік еңбек кәсіби іс-әрекетті әлеуметік қарым-қатынастар аясында зерттейді. Сонымен қатар даму заңдылықтарын, болжау және ықпал жасау тәсілдерін зерттеу нысаны етеді.
Акмеология осы кешенде айрықша орын алады. Өзінің басты міндеті ретінде әрі қарай тәжірибеде қолданатын және кәсіби шеберлікті жетілдіруге әсер ететін факторларды зерттеу мақсаты етіп қойып жоғарыда аталған «кәсіби шеберлік» деген негізгі ұғымның аясында әртүрлі пәндерден алынған мағлұматтарды біріктіреді. Акмеологтар нақты кәсіби әрекеттің әртүрлі технологияларын саралап, олардың ішінен тиімділерін айқындайды, адамдардың кәсіби әрекеттерінің түрлі салаларына ең жаңа технологияларды енгізудің түрлі тәсілдерінің әдістемесі мен әдіснамалық негіздерін әзірлейді, сонымен қатар, психология мен педагогиканың мәліметтерін кеңінен қолданады.
Осы ғылымдардан акмеологияның маңызды өзгешелігі – акмеология мақсатты түрде кәсіби шеберлік пен оған ықпал ететін факторларды айқындайды, кәсіби шеберліктің деңгейі мен нәтижелілігін, кәсіби шеберліктің жүйелерін жетілдіруді қамтиды. Акмеология өзінің арнайы тәсілдерін әр нақты мамандыққа бейімдейді. Мамандықтың өзіндік ерекшелігін, оның технологиясын айқындау – акмеологиялық зерттеудің қажетті құрамды бөлігі, онсыз қолданбалы акмеологиялық бағдарламаларды құрастыру мүмкін емес.
Акмеологияның басқа ғылымдармен, әсіресе, психология және педагогикамен байланысы күрделі және әралуан. Психологиялық ғылымдар адамның психикасындағы объективті шындықта бейнеленген заңдылықтарын оның мамандығына, кәсіби әрекетіне, әрекетінің нәтижелілік деңгейіне қарамастан зерттейді.
Акмеология психологиялық зерттеулердің нәтижелерін, қорытындыларын ескере отыра, оларды тек кәсіби шеберлікке қатысты қолданады.
Педагогика – нормативті ғылым, ол қағидаттарды және ережелерді тұжырымдайды, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін, формаларын, амалдарын анықтайды, яғни бұл ғылым саласы қалай істеу керек сұрағына жауап бермейді, бірақ не істеу керек екенін белгілейді. Акмеология бірінші сұраққа жауап іздейді. Педагогика сипаттау бағытындағы пән болғандықтан, оқу-тәрбие жұмысының өлшеу амалдары, іс-әрекеттің продуктивтік технологияларын айқындау оларды жетілдірудің оңтайлы амалдарын іздестіру және түзету акмеололгия еншісіне тиеді.
Акмеологияның зерттеу нысаны – кәсіби шеберліктің шыңын бағындырудың мүмкіндігі кері әсер ететін факторларды анықтау, мамандардың шығармашылық өмірін ұзарту, болашақ мамандарға кәсіби шеберлігін айқындайтын заңдылықтар, олардың өз әрекеттерін жетідіру және түзету.
Объективті факторларға – тәрбие мен білімнің сапасын зерттеу кіреді, ал субъективтік факторлар болып адамның таланты мен қарым- қабілеті, оның жауапкершілігі, құзыреттілігі, кәсіби міндеттерді оңтайлы шеше білу әлеуеті жатады.
Сондай-ақ акмеология білім беруде басты қайшылықтарды шешу заңдылықтарын зерттейді. Ғылыми теориялық және ғылыми практикалық ақпараттың арту мөлшерін, оны меңгеруге қажетті немесе жаңа ақпаратты түзуге кететін уақытты айқындап, шығармашылық міндеттерді тиімді шешуді қамтамасыз етеді.
Сонымен, акмеология практик мамандарға кәсіби әрекетті сипаттаудың әртүрлі параметрлерін ұсынып қана қоймай, сонымен қатар, сол параметрлерге жету амалдарын немесе акмеологиялық өнімді ұсынады. Мамандар соларды қолдана отыра өзінің шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік алады.
Кәсіби шеберлік теорясы тұрғысынан акмеология адам есеюуінің психологиялық ғылымы емес, бірақ, кәсіби шеберлікті зерттей келе, оның адам өміріндегі әр түрлі кезеңіндегі қажетті, ерекшеленген және талданған шарттары мен факторлрына назар аударады, кәсіби шеберліктің призмасын қарастырып, оның қалыптасу кезеңіндегі кәсіби шеберліктің даму және жетілу, келешек ұрпаққа аманат ету жағын қарастырады. Дәл осы жағдай акмеологияны «өмір жолы» психологиясымен жақындастырады, ол, сондай-ақ, адам өміріндегі барлық жағдайды қамтуға бағытталған.
Акмеология, сонымен, адам табиғатының ең қажетті мүмкіндіктерді пайдаланудың ғылыми амалы болып табылады,оны тек жағымсыз емес, тек жағымды жетістіктер ғана қызықтырады (А.А.Бодалев).
Кәсіби шеберлікті үйрену және талдау кәсіби шеберліктің оңтайлы технологияларын әзірлеу мақсатында акмеология түрлі мамандардың кәсіби әрекеттілік тәсілдерін жүзеге асыру және кешенді зерттеу үдерістерін қарастырады, адам туралы басқа ғылымдардың жетістіктерін пайдалану үшін философия, әлеуметтану, психология, физиология, генетика және педагогикамен тығыз байланыста болады.
Өзінің онтологиялық анықтамасын акмеология адамның өміріндегі акме-формаларының феноменологиясын талдау, сипаттау, анықтаудың орталықтану, адамның кәсіби әрекетінде әлеуметтік жағынан табысты, психологиялық тұрғыдан шығармашыл болуын негіздейді.
Психологиялық-акмеологиялық зерттеулердің нәтижесінде шығармашылық пен кәсіби қызметтің шыңына жету тәсілдері мен заңдылықтары туралы алынған ғылыми білім әлеуметтік-мәдени табиғаты жағынан интегративтік және әдіснамалық мағынасы жағынан жүйе құраушы ,адамның әлеуметтік-мәдени болмысының «акмеологиялығы» деген онтологиялық белгіні сипаттайды.
Акмеологияның әдіснамалық қамсыздандыруы нақты адамның оның барлық өлшемдері мен өзара байланысында тұтастай көрінуі әдіснаманы, адам өмірінің адекватты көп жоспарлылық пен көп өлшемділікті жасап шығаруды талап етті.Акмеологияның ерекше қолданбалы іргетасы психология болып табылады, оның аясында акмеология табысты даму үстінде.
Акмеологиялық әдістің мәні – кез-келген адам жете алмайтын жоғары нутижеге жету үшін субъектінің кемелдену сатысынан өтіп, оның индивидтік, жеке бас және субъект-әрекеттік сипаттамасы, оның барлық өзара қызметі бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылып біртұтастық қалпына келтіру мен кешенді зерттеу болып табылады.
Акмеологиялық әдіс – зерттеу ғана емес, сонымен қатар технологиялар, алгоритмдер, дамыту және әрекеттік үлгілерінің бірыңғай жүйесіндегі интеграция мен тұтастық. Осы сұрақтарды ескеру акмеологияның пәндік аясын нақтырақ анықтап алуға мүмкіндік береді. Онда өзінің «акмесін», жеке тәжірибесі мен әлеуметтік құндылықтарын иеленуші «Адам» болмысы ең басты болатыны сөзсіз. Сонымен бірге, кемелдену дегеніміз – адам өмірінің едәуір бөлігін алса да, ол қаншалықты азамат, кәсіпқой-қайраткер, қоршаған ортамен байланысы жақсы немесе нашар екенін шынайы көрсететін адамның көп өлшемді қалпы(А.А. Деркач). Бұл қалып ешқашан тұрақты болмайды, және керісінше, көп түрлілік және өзгермелікпен ерекшеленеді.
Кәсіби білім берудің қазіргі заман жүйесінде акмеологиялық әдіс педагогтың кәсіби әрекетінде жетістіктерге жету үшін жеке бас ресурстарын анықтап, оларды тиімді қолдану, шығармашылық әлеуетін іске асуын ынталандыру, кәсіби білікті күшейтуді қамтамасыз етуден тұрады.
Біздің ойымызша, педагогикалық акмеологияның тұжырымдамасы келесі құрамдас бөліктерге негізделу қажет:
- Дара тұлғаның акмеологиялық тұжырымдамасы;
- Педагогикалық шеберліктің акмеологиялық тұжырымдамасы;
- Денсаулықтың акмеологиялық тұжырымдамасы;
- Тәжірибелік жабдық;
- Акмеологиялық сүйемелдеу;
- Акмеологиялық кеңес беру.
Даралық – адам дамуының ең жоғарғы сатысы. Әр адам физикалық, физиологиялық, психикалық, рухани ерекшеліктерімен қатар денсаулық пен шығармашылық күш-қуатқа, және оларды жетілдіру жолдарына ие болады. Адамның жеке бас сапаларын дамуы оның табиғи әлеуметінің жан-жақты жетілгенде ғана мүмкін болады. Осындай күш-қуатты анықтау мен оны дамыту негізінде шеберлік шыңға жетудің жолдарын айқындауға мүмкіндік туады. Педагогикалық шеберлікті педагогикалық жетілгендіктің басқа белгілерімен байланысты қарастыруға болады (педагогикалық өнер, кәсіби білік және педагогтың жеке бас сапаларының көрінісі). Педагогикалық шеберлік педагогтың болмысын айқындап, оның әлеуетін іске асырады. Сонымен қатар, «акмесіне» жетуге мүмкіндік беретін амалдардың бірі.
Осылайша, акмеология шешетін негізгі міндеттер тобы айқындалады (А.А. Деркач):
- «Акме» феноменін ғылыми негізде айқындау, адамдар бойындағы жалпы қасиеттер мен өзіндік сапаларын айқындау;
- «Акменің» сапалық-сандық сипатын анықтайтын факторларды бақылау;
- Мәселелер аясын түзу: «Кәсіби шеберлік және оның негізгі сипаттамасы»; «Кәсіби шеберлік және адам денсаулығы»; «Жоғары кәсіби құзыреттілікке жету шарттары мен факторлары»; «Кәсіби құлдырауды еңсеру жолдары», және т.б.
- Кәсіби әрекет аясынан тыс жерде көрініс табатын кәсіби шеберліктің ерекшеліктері мен кәсіби шеберліктің арасындағы тәуелділікті,талдап сараптау;
- Кәсіби шеберліктің одан да жоғары дәрежеге көтеруге мүмкіндік беретін дербес әрекетін жас маманды даярлаудағы технологиялық стратегиялар мен тактикалар бағытталған өзінің дербес әрекетін бастайтын маманнның аударма үдерісін тәжірибелі іске асыру мен ұйымдастырудың технологиялық стратегиялары мен тактикаларын әзірлеу;
Бір жағынан, әлеуметтік субъектінің жеткен кәсіби іскерлік дәрежесін анықтап (жеке адам да, адамдар қоғамы да), оны дамыту мен тиімді іске қосуға мүмкіндік беретін ұйымдастырылған әдістемелік және дамыту-зерттеушілік жабдықтарын жасап шығару. Екінші жағынан, тұтас әлеуметтік мазмұнда таңдалған өмірлік стратегияның аясында адамның тиімді жігерлі белсенділігімен бірге алгоритмдер мен технологияларды, кәсіби-әрекеттік үлгілерді ұсыну.