3-дәріс.
Дыбыстау мүшелері Дыбыстау мүшелерінің қызметін жете білудің ана тілінің де, өзге тілдің де дыбысы мен дыбыстар тіркесін практикалық жақтан қатесіз, мүлтіксіз меңгеруде, саналы білуде маңызы зор. Ең алдымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Мұны дыбыстау аппараты дейді. Оларға (дыбыстау мүшелері) — өкпе, дауыс шымылдығы (желбезек), таңдай, тіл, тіс, ерін, т. б. мүшелер жатады.
Оларды күрделі үш топқа бөлеміз: тыныс мүшелері, тамақ, қуыс мүшелер.
1. Тыныс мүшелеріне — өкпе жатады. Ол қолқамен ұштасып, ал қолқа екіге тарамдалып кеңірдекпен жалғасады. Өкпенің қызметі көрік сияқты, сыртқы ауаны ішке тартады не оны сыртқа шығарады.
2. Тамақ. Тамақ — кеңірдектің кеңейген тұсы. Тамақтың сырт жағында жұтқыншақ болады да, оның ішкі жағында (жұтқыншақтың астында) дауыс шымылдығы болады. Дауыс шымылдығы өкпе арқылы келген ауа мен шыққан ауаға кедергі болып тұрады. Ол бірде керіліп, бірде жиырылады. Өкпеден шыққан ауа әуелі осы дауыс шымылдығына (желбезекке) соқтығады да, оны дірілдетеді. Бұл дірілден үн пайда болады (мұны дауыс деп те атайды). Үннің сапасы өкпеден дауыс шымылдығына келген ауаның карқынына байланысты.
3. Қуыс мүшелерге тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы жатады. Тамақ қуысы ауыз қуысының арт жағында орналасқан. Ол дауыс шымылдығынан шыққан үнді реттейді.
Екпін Сөз ішіндегі арнаулы бір буынның оқшауланып күшті айтылуын екпін дейміз. Тіл - тілдегі екпін, негізінде, үш түрлі болады: 1) Фонациялық ауаның қарқынымен (күшімен) байланысты екпінді лебізді немесе динамикалық екпін дейміз. 2) Дауыс ырғағымен байланысты екпінді музыкалы екпін (тоникалық) немесе үнді екпіндейміз.
3) Квантитативті (немесе сандық) екпін. Қазақ тілінде соның ең негізгісі болып алғашқы екеуі қолданылады. Тілдердің көпшілігі лебізді екпін тобына жатады. Тілімізде тек лебізді екпін бар деп қана қойсақ, қателескен болар едік. Кісінің ойын мәнерлеп, әсерлі жеткізе алатын сөйлемдерде кей уақыт үнді екпінді де пайдалана аламыз. Сөз бен сөздің шегін бөліп, жігін ажыратудың басты бір жолы — осы дауыс екпіні болып есептеледі. Демек, орыс тіліндегі екпін тұрақсыз болып, қазақ тіліндегі екпін тиянақты болып келуі бұл екі тілдің өздеріне тән ерекшеліктерімен байланысты. Қазақ тіліндегі екпін орыс тіліндегідей сөз мағынасын өзгертпейді, оның есесі жұрнаққа түседі. Түркі тілдерінде дауыс екпіні сөздің, көбіне, ең соңғы буынына түсуін ежелден келе жатқан қағида деуге болмайды. Б.Я.Владимирцов түркі тілдеріндегі екпін о баста сөздің бас буынына түскен деген ойды айтқан.
Буын Фонациялық ауаның қарқынымен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыс тобын буын дейміз. Қазақ тілі сөздерінде бір буынның ішінде әрі жуан, әрі жіңішке дыбыстардың болуы мүмкін емес: буын ішіндегі дыбыстар не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке болады. Сөздің жуан, жіңішке болуы буынмен байланысты, буынның жуан, жіңішкелігі дауысты дыбыспен байланысты. Дауысты дыбыс жуан болса, буын да жуан болады, жіңішке болса, буын да жіңішке болады. Қазақ тілінің байырғы сөздерінде мынадай буындар болады: 1) ашық буын; 2) тұйық. буын, 3) бітеу буын;
1) Ашық буын. Бір дауысты фонеманың өзінен болған немесе дауыссыздан басталып, дауыстыға келіп біткен буынды ашық буын дейміз. Сөйтіп дауысты дыбыстың жалғыз өзі тұрып-ақ ашық буын бола алады; қатарынан келген екі дыбыстың алдыңғысы дауыссыз, соңғысы дауысты болып та буын бола алады. Ашық буын қазақ сөзінің, көбінесе, басында келеді.
2) Тұйық буын. Дауыстыдан басталып, дауыссызға келіп біткен буынды түйық буын дейміз. Сөйтіп екі дыбысты, үш дыбысты тұйық буын болады. Тұйық буын өз алдына сөз болып және бірнеше буында сөздің көбінесе, басында кездесіп отырады.
3) Бітеу буын.Ортасы дауысты болып, екі жағы дауыссыз болған буынды бітеу буын дейміз. Мысалы, мал, сом, төст.б. Бітеу буын қазақ сөздерінде үш дыбысты да, төрт дыбысты да болып келеді.