Пәнді оқытудың мақсаты



бет11/15
Дата02.12.2023
өлшемі70,69 Kb.
#132175
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
лекции қазақ тілі

0-дәріс


10- дәріс. Табу және эвфемизмдер мен дисфемизмдер. Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталынады. Өткен замандарда адамдар арасында өмірді жете танып білмеу салдарынан, зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар деп қате түсінушілік болған. Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста өз атымен атамай, басқаша атауға мәжбүр болған. Мүндай тыйым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігіңце кездеседі. Бұл әдет әсіресе түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халкының өмірінде де кең тараған. Осындай тарихи окиғаның нақтылы бір айғағы ретінде «Аталардың аты» деп аталатын мынадай бір аңыз әңгімені келтіруге болады.
Баяғыда Аюбай, Түлкібай, Итбай деген үш ағайынды адам өмір сүріпті. Бұлардың отырған ауылы терең сайдың ішінде екен. Күндердің бір күнінде ағайынды ақсақалдар үйде әңгіме дүкен құрып отырады. Бір кезде иттері жабыла үріп, шулап қоя береді. Төрдегі ақсақалдардың бірі босага жақта күйбеңдеп жүрген келінге:
Шырағым, иттер неге үріп кетті, байқап келші, — деп жұмсайды. Келін жүгіре басып далаға шықса, ауылдың арт жағында үлкен бір аю түлкіні қуалап барады екен де, иттері соған үріпті. Үйге қайта енбек болған келін кенет: «Япыр-ау, мұның бәрі аталардың аты ғой, қалай айтсам екен?» — деп қысыла-қысыла ішке енеді.
Иә, балам, иттер неге үріпті? — деп сұрайды ақсақалдардың бірі. Сасқалақтаған келін:
Ауыл сыртындағы аршалы бетте атекем тәкемді зыттыра қуып бара жатыр екен, осы ауылдағы жәкемдердің бәрі соларға қарап үріп жүр, - депті («Қазақстан әйелдері», 1967, № 7, 27-бет).
Қазақтың ескі әдет-ғүрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен-кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр болған. Мәселен, қызға - қара көз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға - кекілдім, айдарлым, тұлымдым, шырақ, тетелес, мырза жігіт, төре жігіт, мырза аға, би аға делінген. Егер аты дөрекілеу болса, аттеріс деп те атаған. Сол тәрізді ата-ене, абысын-ажын, қайын аға, қайын жұрт, нағашы, жиен-жиеншарларға дейін шетінен ат қойып шығатын болған. Келін ат қойғанда кездейсоқ түрде емес, ат қоятын адамдардың мінез-құлқын, түр-тұрпатын, өнер-талабын, жан-жақты тексеріп түрлі қасиеттеріне қарай сәйкестендіріп атаған. Мәселен, тете емес қайнысын тетелес деп атамаған, тұлым қоймаған қайнысын тұлымдым демеген. Жасы үлкен адамдардын аттары басқа зат атауларымен аттас болып келсе, онда келін оларға да басқаша жаңа ат ойлап табатын болған. Мәселен, аты Жылқыбай болса мінгіш деп, Қойшыбай болса азбан деп, Бүркітбай болса Үлкен құс деп, Тышқанбай болса қаптесер деп, Қарабай болса баран деп, Ақберген болса шаңқан деп атайтын болтан. Ауылды жерде әлі күнге дейін ескі салт-сананың сарқыншақтары жасы мосқал тартқан адамдардың арасынан там-тұмдап болса да кездесіп қалады. Бұлар қазір кездесе қалса ескі ырым, діни ұғым бойынша емес, халықтың этикалық қалыптасқан көне әдет-ғұрпы түрінде жұмсалады. Ұят сақтап, сыпайыгершілік білдіру, иба тұту рәсімі ретінде қолданылады. Демек, табудың бұл түрінің мән-мағынасы түбірімен өзгеріп, көнеріп, біржола күңделікті қолданыстан шыққан деуге болады.
Қазақ тіліндегі табудың ендігі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш аң-жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революиияға дейінгі қазақ ауылында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша, оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ, «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты оның атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Қасқырды қасқыр деп атасақ естіп қойьш, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, қара құлақ, серек құлақ, ұлыма деп атайтын еді. Жыланды жылан десек, «келіп шағады» деп үрейленіп, оны түйме, ала жіп, ұзын құрт деп айтқызған. Ұры алган, жоғалған малды ұрланды десек, «мүлдем табылмай кетуі мүмкін» деген сеніммен қолды болды деп айт дейтін. Мал сауылып бітті дегеннің орнына мал байыды, күн батты дегеннің орнына күн байыды, жиналған адамдар кетейік, қайтайық дегеннің орньша көбейейік деп айтуды әдетке айналдырған еді. Соның нәтижесінде осы ұғымдарға қатысты бірнеше синонимдер пайда болған. Бұлар белгілі контексте әр түрлі стильдік мән тудырады.
Бір затты, құбылысты өз атымен тура атамай, басқаша атаумен атау тек табумен байланысты емес. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталынады. Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгін таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан.
Қазақ тілінде эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар: 1. Ауру аттары алмастырылады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, туберкулез немесе құрт ауру деудің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру, гоноррея немесе соз деудің орнына жіңішке ауру, сифилис деудің орньша самая немесе мұрнына жел тускен деп мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады.
2. Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, сараң естиді, құлагы тосаң деген сөздермен, аяғы ақсақ дегенді аяғының ақауы бар деп алмастырып айта беруге болады.
3. Мағынасы айтушы мен тындаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, үлкен дәрет, кіші дәрет, дәрет сындыру, улы жарақ дегеңдердің бәрі де белгілі контексте сыпайылықмән тудырады.
4. Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрмысқа шығу, баласын құтты орнына қондыру, баласын аяқтандыру, қолына құс қондыру, үйлі-баранды болу, отбасын құру, отау тігу, бөпелі болу, аяғы ауыр тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады.
5. Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, аузы жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, ауыз бастырық, сөзге келу, бет жыртыспау, жасы ұлғаю, қалтасы тесік, көзіне шөп салды, жаяу почта, ұзын құлақ, аузының желі бар, ішінде бүкпесі бар, сымсыз телефон дегендер сыпайылық мәнде айтылады.
Эвфемизмдер — ойды бейнелеп, көркем түрде жеткізудің негізгі бір тәсілі. Сондықтан алдағы уақытта да сан түрлі эвфемизмдер туып қалыптасатындығына ешбір шек келтіруге болмайды. Бұлар тілдегі синонимдерді молайтуға белгілі дәрежеде үлес қосып отырады.
Күнделікті қарым-қатынаста мағынасы жағымсыз тұрпайы сөздерді жағымды сыпайы сөздермен алмастырып қолданатындығымыз сиякты тілде әдепті сөзді әдепсіз (дөрекі) сөздермен де ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл біліміне дисфемизм немесе какофемизм деп атайды. Дисфемизм — мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс. Белгілі контексте жөнімен дұрыс жұмсалған сөзді мағынасы неғұрлым дөрекілеу сөзбен алмастыру — сөзді ауыспалы мағынада (троп) қолданудың бір жолы. Мысалы: Бұт артары мен шаңырақ саларларын жауға берді (К. Оразалин). Өздерің бір-бір тулақтарыңа мініп-ақ шапқылап кетсеңдер (сонда). Хазірет пен Әбунүсіптің сол езбалдағының өзіне мынау отырған қошаметшілердің кейбіреуі аузын аңқайта тыңдағансиды (Д. Әбілев). Жеңілетініңді білетін болсаң, сен бес қырт атанар ма едің? (М. Әуезов). Осындағы бұт артар деген мінгіш, көлік орнына, шаңырақ салар — күш-көлік (түйе) орнына, тулақ — мінетін am орнына, езбалдақ — мылжың, сөзуар, сөз соқты дегендердің орнына, қырт — тантық, көк мылжың дегеннің орнына жүмсалынып отыр. Сол арқылы сан қилы жағымсыз эмоциялық мән тудырған.
Дисфемизм кеміту, қорлау, іске жаратпау ұғымын тудырады. Мысалы: боқмурын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнады, боқ басында қалды, боғын пышақтады, боғын ақтарды, боққа әлі келмейді, қолынан боқ келмейді, боққа татымайды, боқтық естіді, боғын боталы туйе қылды, боқ жемеде қалды, боқтан да оңай, болар бала боғынан, боғы ботқа, өз басының боғын көрмей, біреудің шоғын көреді т.б. Қазақ тіліңдегі бір сөзге қатысты осыншама дисфемизмдер бар. Бұларды белгілі контексте жөнімен қолданылған сөздердің орнын алмастырып айтуға болады. Дисфемизмдер — әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Бұлар көбінесе көркем шығармада ауызекі тілдің сөйлеу үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде ұшырасады. Сол арқылы әр жазушы өзінің қаһарманының мінез-құлқын, іс-әрекетін, ой-өрісін бейнелеп, нақтылы шынайы бейнесін жасайды.
Адамның қоғамдық өмірінің қыр-сыры өте көп. Жылы сөз айтып, біреудің көңілін көтеруге болатындығы сияқты, қатты сөз айтып, біреудің намысына тиіп, ренжітуге де болады. Осының бәрі сөздердің құдіретті күшін танытады. «Басқа пәле — тілден», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегенде халық сөздің қоғамдық мәнін, күшін, қадір-қасиетіне жете түсіне отырып айтса керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет