Сулейменова Галия Мейрамбековна Психология мамандығының 3 курс докторанты,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ., Қазақстан goldenstar82@mail.ru
Айқынбаева Гүлден Қанатовна педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ., Қазақстан gulden_1975@mail.ru
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын Жаңа Қазақстан құруды мақсат ете отырып, егемен еліміздің болашақтағы жарқын бейнесін құруды көздейді, осы ретте отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы перцептивтік қатынас мәселесі қазіргі таңда маңызды орынға ие.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне байланысты Н. Назарбаевтың «2030 жылғы жолдауындағы» мақсаттар мен мұраттар мүлтіксіз жүзеге асырылса, ұрпақ тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар болары сөзсіз. Ұрпақ қамы ертеңгі ел қамы» - демекші, отбасындағы бала тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарымқатынас, туыстық қатынас мәселелесі бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бастысы деп атауға болады.
ХХІ ғасырда өмір сүріп еңбек ететін жастарды тәрбиелеуде қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап уақыт талабынана өткен бай қазынасын отбасы тәрбиесінде қолдану – кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде ХХІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген батыстың, орыстың педагог-ғалымдары жақсы ой-пікірлер айтқан болатын. Я.А. Коменский «Ағайынды чехтарды» тәрбиелеудегі халықтық дәстүрдің жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, баланы жастайынан жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетіп берсе, ал Швецарияның кемеңгер педагогы И.Г. Песталоцци тәрбиені ана тілінде оқытатын халықтық мектептердің бай тәжірибесіне негіздей отырып жүргізуді мақұлдаған.
Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж. Руссо «бала тәрбиесінің көзі еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді отбасында еңбекке үйретуден бастау керек» деп қараса, әйгілі орыс педагогы К.Д. Ушинский «бала тәрбиесіне тоқтала келе, мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің негізгі ортасы – отбасы».
Қазақ отбасындағы ата-ана мен баланың кіслік қарым-қатынасы, эмоционалды сезімдері – олардың жаны мен қанының табиғи бірлігі негізіндегі жақындық арқылы орындалған. Қазіргі уақытта баланы заман талабына сай жеке тұлға етіп қалыптастыру қазақ отбасындағы барлық ата-аналар үшін көптеген қиындықтар туғызуда. Бұрын бәрімізге белгілі халқымыздың аса күшті қасиеті балажандылығы деп саналған. Тіпті қазақ әйелі әулиеге түнеп перзент үшін өмір сүретін. Ал, қазір қазақ әйелдері арасында балаға деген перцептівтік қатынас, әсіресе сүйіспеншілік күрт бәсендеп кеткен сияқты. Себебі сәби өмірге мүлде дәрменсіз күйде келеді. Нәрестенің өмірге келіп, кіндігінің келісіп, жөргекке оралуынан бастап дені сау, ақылды да тәлімді бала етіп өсіру мақсатындағы ата-ананың өмірінде таусылып бітпейтін қарбаласы басталады.
Соңғы жылдары адамның жан дүниесімен сырласып, оның мінез-құлқын, тәртібін зерттеуде психолог мамандар ата-ана мен бала арасындағы перцептивтік қатынас мәселесіне айрықша назар салып отыр.
Қарым – қатынас – баланың психикалық дамуының негізгі факторы, әрі шарты.
Кеңестік психология мен педагогика қарым-қатынасқа бірнеше анықтама береді. Біреулер, қарым-қатынасты ақпарат алмасу деп түсінсе, келесі біреулер, қарымқатынасты – адамзат дамуының құрамдас бір бөлігі деп қарастырады.
«Қарым-қатынас-қаншалықты әлеуметтік құбылыс болса да, соншалықты - жеке даралық құбылыс. Сондықтан да, қарым-қатынастың ең маңызды құралы – тілде, оның жеке даралық көрінісі мен механизімі болып табылатын – сөйлеуде, әлеуметтік пен жеке даралықтың бір тұтастығына көрінеді...».
Қарым-қатынас тек тіл арқылы әрекеттесу ғана емес, ол аса маңызды тәрбие құралы да болып табылады. Адамды қалыптастыратын қоршаған орта, қоғам екендігі белгілі шындық.
Қарым-қатынас кезінде бір адам келесі адамды қабылдау процесі қатынастың негізгі бөлігі болып табылады. Бұл оның перцепциялық жағы деп аталады. Адамды адам қабылдауы «әлеуметтік перцепция» деп белгіленеді.
«Әлеуметтік перцепция» ұғымын ең алғаш 1947 жылы Дж. Брунер енгізген. Алғашында әлеуметтік перцепция процестегі әлеуметтік детерминация деп түсіндірілді. Кейін зерттеушілер бұған әлеуметтік психологияда өзгешелеу түсінік берді: әлеуметтік перцепция деп әлеуметтік объектілерді қабылдау мұның астарында басқа адамдар, әлеуметтік топтар жатыр. Сондықтан адамды адам қабылдауы әлеуметтік перцепция бөлігіне жатады.
Отбасындағы ата –ана мен бала арасындағы қарым – қатынас мәселесін В.С. Мухина мен Л.А. Венгер де ғылыми тұрғыдан зерттеген. Олар отбасында дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас пен тәрбие үдерісі нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала өздігінен дербес түрлі әрекеттер (киім кию, жуыну, тамақтану т.б.) орындағандарымен, ата-ана тарапынан көрсетілген эмоционалды қарым-қатынасты әлі де болса ас қажет етеді» -деп тұжырымдайды.
В.С. Мухинаның пайымдауы бойынша адамдар арасындағы қарым-қатынастар барысында балада әр түрлі тәртіп формалары қалыптасады. Бұл жерде бала үшін ең бастысы - ата-ана тарапынан ұйымдастырылған жағымды қатынас. Ата-ана сенімі мен махаббаты балада оптимизм, жақсы, үлгілі болуға деген тілекті қалыптастырады. Бала әр уақытта өзіне жасалған эмоционалды қолдауды қажет етеді, - дейді.
Баланың жан-жақты дамуына отбасының әсерін көрсете келіп, ол жердегі тәрбиелік ықпалдардың дұрыс ұйымдастырылмауы, қарым-қатынасқа қанағаттанбау, ұжымда өз орнын дұрыс сезінбеу, отбасындағы кикілжің жағдайлар, осылардың бәрі бала тәртібінде біраз қиындықтар тудырады деп Л.А. Венгер қорытындыласа, ресейлік ғалым Б. Лихачев отбасы баланың жеке басына екі жақты: біріншіден, отбасының материалды жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни отбасы мүшелерінің материалдық және рухани қажеттіліктері мен әлеуметтік құндылықтары арқылы; екіншіден әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әрекет арқылы әсер етеді. Бұл көбінесе отбасындағы негізгі көзқараспен тәрбие үрдісі қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеологиялық, адамгершілік және эстетикалық талаптарына қаншалықты сәйкес болуына байланысты жүзеге асырылады деп көрсетеді.
Баланы дұрыс толыққанды азамат етіп тәрбиелеу үшін ынтымақтастық қарымқатынастың керек екені белгілі. Осы қарым-қатынас түрін дамыту жолдарына баса көңіл бөлген жөн. Біздің бұл көзқарасымыз халықтық тәрбиенің басты қағидаларының ғылыми педагогикамен байланысын қарастырған С. Қалиевтің тұжырымдамасымен сабақтасып жатыр. Халық педагогикасында тәрбие ісі баланың жас ерекшелігін ескере жүргізуді талап ете отырып: «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досындай бағала» - делінген. Осылайша баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп санаудың өзі ынтымақтастық заңдылықтарымен, перцептивтік қатынастың бар екендігімен байланысады.
Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселелерін Л.А. Венгер баланың ойын әрекетімен байланыстыра қарайды. Ойын барысында жүргізілген қарым-қатынас бұл кезде әлеуметтік қатынастар мектебі болып табылады. Себебі ойын әрекетінде қарым-қатынас жасау арқылы бала өзгенің көңіл күйіне ортақтасып, мінез көнгіштігін түсіне бастайды.
Ал, А.В. Запорожец, Я.З. Неверовичтер тек отбасы жағдайында, жағымды қатынастар негізінде ғана мектеп жасына дейінгі бала тәртібінде айналасындағы үлкендер, құрбыларына деген көнгіштік, аяушылық, өзгелердің әрекетіне баға беру сияқты эмоционалды тәжірибе қалыптасады деп көрсетеді. Кейде өмірде болашақ атаана бала тумай жатып, оның қандай болатыны, қалай өсетіні, немен шұғылданатыны туралы жоспар құрып қояды. Біраз уақыт өткен соң ата-анасы оның өзгеше екенін түсінеді.
Ғалымдардың пайымдаулары бойынша отбасындағы жағымды қарым-қатынас балада жауапкершілік, ынтымақтастық, бірлік сияқты сапаларға негіз болса, керісінше жағдайдағы қарым-қатынас (ұрыс-керіс, қақтығысушылық) баланың көңілкүйіне, еңбекке қабілеттілігіне үлкен зиян келтіреді. Айналада болып жатқан құбылыстар балаларды сөзсіз қызықтырады.
Қазіргі заман психологиясы балалық шақты – баланың өзіндік сана сезімі,
«өзінің» және «өзге» этностарға деген рефлексивті қатынастарының жедел жүретін кезі екенін көрсетеді. Осы айтылған өзіндік сана – сезім балада ең алдымен отбасы деген әлеуметтік – этникалық ортада қалыптаса бастайды. Отбасындағы әлеуметтік нормаларды меңгеру барысында балада өзін-өзі қабылдауы және «мен» деген түсінігі пайда бола бастайды. Өздерінің бұрынғы армандарына ой жүгіртіп саралай келе, олар өз баласының ойдан жасаған бейнесі мен өмірдегі болмысының арасындағы сәйкессіздіктен қанағаттанбаушылық сезінетінін түсінеді. Шынайы «көрініс» қиялмен алмастырылады. Шынайы бала мен айналасындағы адамдар туралы түсінік көзқарастың, мақсаттың әсерінен бұрмаланады. Осы кезде бала өзін қалай сезінеді? Нені уайымдайды? Кез келген бала өзінің «жақсы» бейнесіне қолдау көрсеткенің қалайды. Бұл қолдау жақсы көретін ересектер тарапынан, көбінесе ата-анасы жағынан болуы керек. Бірақ жақсы көретін бұл ересек адамның өз баласынан көңілі қалғандықтан, қажет қолдауды көрсетуге қабілетсіз болады, көбінесе тек өзінің наразылығын ғана көрсетеді. Дәл осы жағдай қарым-қатынастың ушығуына әкеп соғады. Өкінішке орай ақыл ойының әлі толық жетілмеуіне байланысты бала өзінің қолдау мен махаббатқа зәру екенін сөзбен айтып жеткізе алмайды, сондықтан ол ересектермен клиникалық психологияда белгілер деп аталатын түрлі аурушандықтың көрністері бар түсініксіз тілмен сөйлеседі. Бұл белгілер тілінің түсініксіздігі сонда, ол физиологиялық тегі жағынан ауру сияқты болып көрінеді, сондықтан да ата-аналар оны ушыққан қарым-қатынастан туындаған ішкі сезім қиналысының белгісі ретінде қабылдамайды. Кейін бала өскенде өзінің ата-анасымен қарым- қатынасын «Менің ата-анамның үнемі бірденеге көңілі толмайтын, меніңше олар мені жек көретін», немесе «олар мені өте жақсы көретін, бірақ менен ештене шықпады» деген сияқты сөздермен суреттейді.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық ата-ана мен бала арасындағы перцептивтік қатынастарды бала кезінен қалыптастыру.
Осы ретте отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы перцептивтік қатынас түрлерінің орнығуына байланысты. Отбасында түрлі қарым-қатынастар орын алады, бұл ата-ана мен бала арасындағы перцептивтік қатынастың түзілуі сипаттайды, атап айтқанда:
ынтымақтастық қарым-қатынас, яғни отбасы мүшелерінің өзара қарымқатынасы түсіністік пен көмекке бағытталған;
бәсекелестік, яғни барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын көздеген қарымқатынас;
түрлі себептермен туындаған отбасындағы қайшылықты қарым-қатынас.
Әр отбасында жоғарыдағыдай түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады.
Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді. Алайда, «Ата-ана – бала» жұбындағы кез келген қарым-қатынас түрінің тәрбиелік маңызы бар. Тұлғаны қалыптастырудың маңызды факторы бола отырып, отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы перцептивтік қатынас үлкен мүмкіндіктерге ие болып табылады деп қорытынды жасай аламыз.
Қорыта келе, отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.