Жалғастық қатынас көрінетін тағы бір тип құрмалас сөйлемдердің ерекшелігі туралы
Тілдесу үстінде екі жақ та – адресат та, адресант та – тілдесу процесін солғындатпай тартымды етіп отыруға тырысады. Осы коммуникативтік та- лантты лебізге қосатын амалдар тілдің барлық деңгейінде – фонетикада, лексикада, морфологияда, синтаксисте – бар.
Біз синтаксис саласындағы амалдарды, олардың лебізге қатысу жолда- рын қарастырамыз. Құрмалас сөйлемдер құрамының осы коммуникативтік мақсатқа қызмет ету үшін қатынасатын компоненттер ұшырасады. Олар мына қызметтер төңірегінде сараланып танылады. Бірінші топқа жаршы қызметіндегі компоненттер жатады.
Олар негізгі компонентте айтылатын информацияның сипатын атап, соған алдын ала назар аударады.
Сізге бір ғажайып айтайын: екі жарым мың жыл сақталған бал та- былды («Ана тілі»). Мынандай қызық болған: мектепке алғаш түскен жыл- дарда дүниеде мұғалімнен мықты жан жоқ деп ойлайтын (З. Қабдолов).
Бұл компоненттер еркін лексикалық құрамда құрылады, баяндауыш бо- лып айту, хабарлауды атайтын сөздер жұмсалады.
Осы топқа мына құрылыстағы құрмалас сөйлемдерді де жатқызамыз.
Ермегі сол – гармон тартады, аң аулайды (С. Мұқанов). Бір ғажабы сол – ол түсірген аңдарын, құстарын түгел үлестіріп жібереді (М. Тиесов). Жаршы компоненттер былайша құрылған а) «Зат есім бастауышы – баяндауыш анафористік сол!» ə) «бастаушы субстантивтенген сын есім –
баяндаушы сол!»
Жаршы компонент негізгі компонент баяндайтын оқиғаның субъектісін, объектісін ілгерілей атап білдіреді.
Дача салсаңыз, таза ауада көп боласыз.
Таза ауаны айтам, таза ауа осы ауылда да жетіп жатыр ғой (Ə. Асқар).
Соңғы сұрақ: өкінішің бар ма?
Оны да айтайын – асқан-тасқан кездерім, білместік істеген жерлерім болды. Соған өкінемін (О. Бодықов).
Ал шаруаң не?
Шаруам сол, əлгі бір радио бар еді, соған батарея керек (А. Нұрманов).
Саған айтарым сол, мен мұнда қалмаймын (О. Бодықов).
Бұл қызметтегі жаршы компоненттер мына үлгіде жасалады: а) «та- быс септік зат есім – айтам» үлгідегі модель бойынша жасалады; ə) «атау септік зат есім бастауыш – баяндауыш сол», «ар, -ер тұлғалы есімше баста- уыш – баяндауыш сол!» түрінде жасалады.
Жалғастық байланыста көрінетін тағы бір конструкция былай құрыла- ды: бір компонент лебізді адресат (тыңдаушы) айтқан лебізбен жалғастыру үшін (ұластыру үшін) қатысады.
Кеше неге келмедің?
Келмегенім сол – жұмыстан жібермей қойды (О. Бодықов).
– Жағдайды ол жақсартты ғой.
Жақсартқаны сол – шаруашылықтың техникасы қолды боп кетті
(«Ана тілі»).
Тісімнің протезі салпылдап кетті.
Салпылдағаны сол – ортасы жарылған.
Келтірілген мысалдар көрсетіп тұр – жалғастырушы компоненттер диа- лог сөзде ұшырайды. Ол сөйлесушілер біріне-бірін қатысты етіп, тартым- ды етіп тілдескенде жұмсалады.
Компонент былай құрылады. Ілгергі сөйлеушінің лебізінен актуалды мəселені білдіретін сөз алынып, ол субстантивтенген есімше ретіндегі бас- тауыш болып қатысады, баяндауыш ретінде есімдік сол жұмсалады. Сол сілтеу есімдік, анафористік амал болып оқиғаның себебін нұсқап, көрсетіп тұр.
Лебіз үнемді айтылу үшін конструкция есімдікті түсіріп те айтылады.
Тісімнің протезі салпылдап кетті.
Салпылдағаны – ортасынан жарылған.
Анафористік сол ілгеріде аталған жаршы компоненттерде де түсіп, ком- понент толымсыз түрде көрінеді.
Ермегі – гармон тартады, аң аулайды.
Бір ғажабы – ол түсірген аңдарын, құстарын түгел үлестіріп жібереді.
Мына конструкцияда жаршы синтаксистік компонент ретінде субстан- тивтенген келер шақ етістік жұмсалып тұр.
Сабырбай күлімсіреп қойып:
– Балам, ендеше сен көңліңе алма, əкеңмен мен құрдаспын. Сондықтан еркін сөйлей берем. Айтпағым – өлең дегенді аса бір сүймейтін кісі сенің əкең еді. Сен неғып өлең сүйгіш боп жүрсің? Осының жайын айтшы (М. Əуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |