Фариза Оңғарсынова
(1939 – 2014)
Оюлар
Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» деп,
Әжем кеп сипағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,
Тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан
Қазақтың қошқармүйіз өрнектері.
Аңсаумен күнім өтті қанша менің,
Желбауда, басқұрда ма аңсау емім.
Әжемнің көзіндей бұл оюларды
Таба алмай дала кезіп шаршап едім.
Елестеп көз алдымда сән шақтарым,
Келгендей құлағыма аңсатқан үн.
Түрінен текеметтің көріп тұрмын,
Әжемнің тарамысты саусақтарын.
Шебер көп бұл заманда кілең керім,
Болмайтын ажыратып түр-өндерін.
Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан
Әжемнің оюындай, жыр-өрнегім...
Болардай басқұр, өрнек маған медет,
Белгісі балғын шақтың қарар жебеп,
Сүйеніп түскиізге тұрып қаппын,
Көз жазып оюлардан қалам ба деп,
Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп...
Талдау сауалдары:
Ақынның сағынышы
Ақынның сүйіспеншілігі
Ақынның әжесіне деген махаббаты
Ақынның намысқорлығы
Ақынның ұлттық дәстүрді бағалауы
Пәктік, күнәсіздік белгісі
Әдемілік сипаты
Тіршілік салтанаты
Пішін келістігі (форма)
Рең әсемдігі
Эпитет (көріктеуіш)
Теңеу
Метафора (ауыстыру)
Метонимия (алмастыру)
Кейіптеу
Синекдоха (меңзеу)
Ұлттық өрнек
Нақты көрініс
Қара байыр сөз
Достарыңызбен бөлісу: |