Сұлтанмахмұт Торайғыров
( 1893 – 1920)
Шілде
Түскендей әуе жерге қырық күн шілде,
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді:
«Кел, шық» деп, иек қағып жарық күнге.
Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,
Бас иіп, бәйек болып, жерге қонбай.
Шайқалып таң желіне тербетілді,
Көк майса көзі ілініп тербетілді.
Асыл шөп, жасық шықтың иісі аңқып,
Батқандай мелдегінен нұрға қалқып.
Күлімдеп көктің жүзі, көңілі шат:
Жауһардай күн шығар деп бізге балқып.
К өлбеңдеп көкке қарай жердің буы,
Айнадай анандайдан көлдің суы.
Би билеп суда тұрған барлық қамыс,
Ән салды домбырамен құстың шуы.
Мақтанып қара түнде нұрын шашқан,
Айдың да өлеусіреп түсі қашқан.
Шығарын сұлу күннің сезгеннен соң,
Бірі жоқ, тамам жұлдыз бетін басқан.
Жайылып төрге қарай таңның ағы,
Көрінді ауыл-ауыл маңайдағы.
Қарайып, өрген сиыр, түйеменен
Ауылдың малға толды әрбір жағы.
Ыңыранып қой қотанда таңды көріп,
Күн шықса, жайылысқа кетпек өріп.
Төбеттер үй алдына жаңа жатты,
Түн бойы қой күзеткен, ұйқы бөліп.
Таяқты, жалаң аяқ шалдар тұрып,
Сүйкенген үйлеріне қойларды ұрып.
Бір молда шәугім ұстап, тысқа шықты,
Бүкшеңдеп, арба айнала қақырынып.
Қисайған қос секілді жалғыз қара –
Ауылдан арқан бойы тұрды дара.
Қолтықтап «Әптиек» пен «Құрандарын»,
Жиылып жатыр сонда біткен бала.
Күн хабар сонда берді нұрын шашып,
Бір күлді жүзіменен амандасып:
«Ал бізге сәуле түсті, алақай!» деп,
Ой мен қыр қарап тұрды жымыңдасып.
Талдау сауалдары:
Шілде таңының келбеті
Торғайдың ән салған бейнесі
Ауа тазалығы
Әсем қозғалыс
Шөптің иісі
Су тазалығы
Айдың әлсіздігін сезінуі
Күн шыққандағы әсем көрініс
Жұлдыздың көптігі
Малдың көптігі
Ауыл шалдарының бейнесі
Нұрын шашқан күннің бейнесі
Сабақ оқуға дайындалған балалар
Тыныштық белгісі
Дыбыс сипаты
Жалпы тіршілік салтанаты
Рең әсемдігі
Форма (пішін) келістігі
Эпитет (көріктеуіш)
Теңеу
Метафора (ауыстыру)
Метонимия (алмастыру)
Синекдоха (меңзеу)
Кейіптеу
Ұлттық өрнек
Дерексіз ұғымды жандандыру
Дерексіз ұғымды заттандыру
Нақты көрініс
Достарыңызбен бөлісу: |