Шешендiк жұмбақтау - белгiлi бiр сөз қақтығысуларында айтар ойды қынаптан қылыш суырғандай жарқ еткiзiп ашық айтудан көрi жасыра, жұмбақтай айтудан туған тәсiл.
Шешендiк тұспалдау – шешендiк жұмбақтау тәсiлiмен төркiндес келетiн, ойды астарлап, оспақтап, ишаралап айтудан туған тәсiл. Шешендiк тұспалдау тәсiлi шешендiк жұмбақтау тәсiлi сияқты оның ой астарын, шешiмiн табуды қажет етпейдi.
Шешендiк мысалдау – ойды нақты бiр фактiнiң негiзiнде, өрбiтуден туған тәсiл. Шешендiк мысалдауда ойдың ғибраттылығы, мораль мәселесi жетекшi роль атқарады.
Шешендiк дәлелдеу-iс-қимыл – ой уәжiн нақтылы оқиға (аргумент) жетегiнде мойындатып көрсетуден, заңдастырудан туған тәсiл.
Шешендiк мақалдау – шешендiк сөздердi өткiр, ықшам, бейнелеп айтудан туған тәсiл. Шешендiк мақалдау тәсiлiнде шешеннiң ойды жасырып, астарлап айтудан гөрi шындықты бопсаламай бетке айтуды халықтық тәжiрибиелермен түйiндеп беру мәнерi жатады.
Шешендiк сынау – шешеннiң мәймөңкелемей айтатын, ұстараның жүзiндей өткiр келетiн, содан сабақ алатын, ел танысын, жер танысын деген ойын астарлай айтатын ащы сатирасынан туған тәсiл. Ханды да, қараны да қаймықтыратын шешеннiң мерейiн әрқашан үстем ететiн, сыншылдықты үнемi талап ететiн күрделi тәсiл.
Қорыта айтқанда, шешендiк тәсiлдер қазақ шешендiк өнерiнде ұлттық ойлау жүйесiнiң шеңберiнде, аясында туындаған, өркендеген, қанат жайған, ұтымды ойға қол жеткiзудiң, сонымен қатар шешендiк болмыстың қалыптасу мәселелерiн күйттеген iс-әрекеттен туындаған.
Әдебиет: [негізгі әдебиет 1,2, 3,4,5.6, қосымша әдебиет 1, ,11,12,17,19,26.].
Тақырып 11. Билер институты. Қазақ шешендік-билік өнерінің көрнекті өкілдері Мақсаты: Қазақ хандығының аясында жұмыс жасаған билер институты мен оның өкілдері жайлы түсінік беру.
Қазақ әдебиеттану ғылымында маркстiк-лениндiк методология өктемдiк еткен кезеңдерде шешен-билер мұрасы дұрыс бағаланбай, догмалық құрастырмалар жетегiнде кетiп, сонымен қатар шешен-билердiң тарихи тұлғасы да дараланбай сыңаржақ сыншылдықтың, ”тұрпайы социологизм” iлiмiнiң салқынына ұрынды. Би, билер айтысы, билер сөзi ұғымдарынан бойымызды аулақ ұстауға тырыстық. Қазақ Совет энциклопедиясындағы: ”Би - әлеуметтiк категория ретiнде қазақ халқының тарихында ерте заманда шыққан үстем тап өкiлi. …Әлеуметтiк қатынастардың дамып шиеленiсуiмен бiрге, билердiң көпшiлiгi қанаушы таптардың әдет-заң нормаларын талқылауға, билiктердiң орындалу әдiстерiн белгiлеуде кең праволары болды. Өкiлдiктiң мұндай өктем болуынан зорлық-зомбылық туып отырды. Билер соты октябрь революциясына дейiн қылмыстық және азаматтық iстердiң көпшiлiгiн қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, қалың мал, әмеңгерлiк, көп әйел алу, т.б. патриархаттық кертартпа қалдықтарды қорғап келдi”, — деп бағалананып келуi жалғыз би-шешендер есiмiне ғана қатысты емес, қазақ өнерiнiң өрге жүзген өзге де өнер иелерiне тiкелей тиетiн нигилистiк пiкiр екенiне қазiрде көзiмiз жетiп отыр. Бұндай ойлар жүйесiнiң саяси астарын тек әдебиеттану ғылымындағы әдеби мұраны игеру проблемаларына байланысты туындаған сыңаржақ, теориялардан (тұрпайы социологизм, пролеткультшылдық нигилизм) ғана емес, оның ең негiзгi стихиясын қазақтың орыс боданына ұшыраған дәуiрлерден қарастырған да орынды.
Бидiң қоғамдағы алатын орнының айырықша екенiн Ресей империясы өзiнiң Қазақстанды отарлау саясатының алғашқы жылдарында-ақ байқап, қайткенде де олардың рөлiн төмендетуге жанталасып бақты. Өйткенi өздерiнiң жаратылыстанушы, суретшi, халық мұрасын жинаушы, саудагер, тiлмаш деген сенiмдi желеумен қазақ даласына жiберген жансыздары, тыңшылары арқылы хан, сұлтан, би, батырлардың қазақ жұртын басқару саясатын барынша терең зерттеп үлгердi. Сөйтiп, ел басқаруда билердiң орны ханнан кем еместiгiн, тiптi, ханның өзiн Билер кеңесi сайлайтынын бiлiп алды. Ал қарауындағы бодан елдiң күштi хандықтардан тұруы, мемлекеттiк iшкi құрылымның берiктiгi, ондағы билердiң кей жағдайда хандардан беделi күштi болуы Рессей империясына айырықша кедергi едi. Сондықтан да 1812 жылы ”Сiбiр қырғыздары туралы уставын” қабылдап, қазақ жерiнде хандықты жойылды деп хабарлады. Алайда ”қазақ халқын ыдыратып басқару” саясаты мұнымен шектелмедi. Өйткенi кезiнде, кей жағдайда ханның өзiн алдына телмеңдетiп қоятын билер, билер кеңесi сақталып қалғанды. Ендi Рессей әкiмшiлiгi билердiң басшылық рөлiне бiржолата балта шабуды көздеп, 1868 жылы қабылданған ”Жаңа устав” бойынша қазақ жұртында сұлтандық пен билiк басқарудың бұрынғы жүйесiн жойды.
Ендi ”бөлiп алда, билей бер” деген саясатпен қазақ даласы ұсақ болыстарға бағынышты болды. Осындай ұсақ болыстар мен бұрын көсемдiгiмен, шешендiгiмен танылғандар ғана өздiгiмен би атанатындарды ендi халық сайлап, Рессей патшасының ерекше құқықты өкiлдерi бекiтетiн болды. Бұл ғасырлар бойы халыққа қызмет етiп, тарихтың, қоғамның қалыптасуында айырықша рөл атқарып келген билердi, олардың бойындағы сан-алуан тума қасиеттердi бiржолата жою мақсатынан туған құйтыртқы саясат едi.
Әдебиет: [негізгі әдебиет 2, 3,4,5.6, қосымша әдебиет 1, ,11,12,17,19,26.].
Тақырып 12. Төле Әлібекұлы (1663-1756)
Мақсаты: Төле бидің өмірі және шешендік сөздерімен таныстыру, даналық сөздеріне поэтикалық талдау жасау.
Төле Әлібек ұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының, Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ жерінде: Дулаттан Жоныс, Адам, Жарылқамыс, Жанту би, одан Жайылмыс би,одан Құдайберді би (тоғыз ұлды Құдайберді деп те аталады)
Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады.Төле би жастайынан ескіше оқып,сауатын ашады. Арабша, парсыша, тарихи кітаптарды, аңыз хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең, жырларын, шежіре тарихтарын ел арасынан таңдап, өзінен бұрынғы өткен шешен-билер мен хандар, әсіресе, өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек тілмар,би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан билікке араласып,өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.
Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады.
Төле бала жасы жүзге келген Әнет бабаға барыпты. Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды.Сонда Әнет баба, әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
-Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
-Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы - Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт оп-оңай сындырып береді.
Әнет баба:
-Бұдан не түсіндің, балам?-дейді.
Сонда Төле бала:
-Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «Бірлігі, ынтымағы жоқты дау да, жау да оп-оңай алады»дегеніңіз ғой.
-Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін, алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың-ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, - депті.
Әдебиет: [негізгі әдебиет 1,2, 3,4.6, қосымша әдебиет 1, ,11,12,17,19,26.].
Достарыңызбен бөлісу: |