Тақырып 10. Ой мен тіл ұстарту амалдары. Шешендік тәсілдер.
Мақсаты: Қазақ шешендік сөздеріндегі дәстүрлі түрде көрінетін тәсілдермен таныстыру.
Әлемдiк шешендiк өнерде (риторикада) екi стиль бар: бiрi – жазба стиль, екiншiсi – ауызша сөйлеу стилi. Қазақ шешендiк өнерi ауызша сөйлеу стилiн ұстанады.
Қазақ шешен-билерi ойды ұтымды жеткiзу, қарсыласын сол ой жемiсiне тез арада мойынұсынту, сөзге тоқтату жолында шешендiктiң өзiндiк ұлттық тәсiлдерiн (риторические приемы) өмiрге әкелген. ”Дау мұраты – ұту” десек, шешеннiң үстемдiгi оның айтар ойының, жұптар сөзiнiң сонылығында, қысқалығы мен нұсқалығында. Әлемдiк риторика өнерiнiң практикасы қашанда көп сөздiлiктен, бос сөздiлiктен қашқан. Бұл сөз барысында Г. З. Апресянның Платон қақында айтқан: ”Вместе с тем он осуждал ”пустословие”, ”льстивые речи”, тех кто ”своей речью заискивает перед народом.” Платон с презрением говорил о человеке,”который безмерно растягивает свою речь по лености ума, никого не способен убедить…”, – деген байқау-пiкiрiнен жоғарыдағы ой көзiн танимыз. Бұған, сондай-ақ ел аузындағы Шәңкi бидiң мына бiр сөзi жарқын мысал бола алады:
Кере-кере сөйлесең,
Келелi дау келесi жылға кетедi.
Келте-келте сөйлесең,
Екi ауыз сөзбен бiтедi.
Қазақ шешендiк өнерiнде дәстүрлi түрде көрiнетiн, ұлттық ерекшелiктердi бойына жиған шешендiк тәсiлдер мыналар: 1. Шешендiк сауал; 2. Шешендiк жауап; 3. Шешендiк жұмбақтау; 4. Шешендiк тұспалдау; 5. Шешендiк мақалдау; 6. Шешендiк мысалдау; 7. Шешендiк дәлелдеу-iс қимыл; 8. Шешендiк сынау.
Шешендiк сауал – қарсыластың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн, танымы мен талғамын, ой әлемiн, эрудициясын және сөз саптау мәнерiн аңғару мақсатында қойылатын сауал-тәсiл. Бұл тәсiл көбiне жас шешен-билерге көпке танымал, айтулы билер мен шешендер тарапынан қолданылады.
Шешендiк сауалдар ”мынау не?”, ”бұл кiм?” дейтiн қарапайым танымдық сұрақтардан гөрi аса күрделi, көптi көрген өмiрлiк тәжiрбиелерге сүйенген, астарына философиялық байлам түйген сауалдар болып келедi.
Шешендiк сауалдар әдеттегi сөз ретiндегi сұрақтардай жеке дара емес, бiрiмен-бiрi жалғас келетiн мағына жағынан жымдасқан, сыртқы пiшiнi жағынан өзара ұйқасып келiп айтылады, iшiнара жалқы келетiн сауалдар да бар.
Шешендiк жауап – шешендiк сауалға орай келетiн ой ұшқырлығын асыл сөзге түйген, қарымта қайтаратын, қарсыласыңды күдiктен сейiлтiп, өмiрден түйген азды-көптi тәжiрбиеңдi, бiлiм қорыңды, дүниетанымың мен алғырлығыңды көрсететiн тәсiл. Шешендiк сауал және жауап бiр-бiрiне ыңғайлас, аузының сөзге ебi бар адамдардың, сонымен қатар шешен-билердiң өзара жеңiл сөз қақтығысуларында қолданылатын тәсiл, әдiс.
Достарыңызбен бөлісу: |