Конституциялық бақылаудың еуропалық (немесе австриялық) моделіне келетін болсақ, онда алғашқы Конституциялық Сот 1920 жылы Австрияда құрылды. Конституциялық бақылаудың еуропалық моделі бойынша соттық немесе квазисоттық органдар құрылады (ол «конституциялық сот», «конституциялық трибунал», «конституциялық кеңес» және т.б. болып аталуы мүмкін). Бұл органдар заңдарды немесе басқа да нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануға құқықтары бар. Ал басқа соттардың, яғни жоғарғы соттардың мұндай құқықтары жоқ. Жалпы соттарға тек Конституцияға қайшы нормаларды анықтауға және оларды нормативтік құқықтық актілер кеңістігінен жою туралы өтініш беруге құзірет берілген. Алғашқы конституциялық сот Австрияда құрылғандықтан тиісінше австриялық модель пайда болды. Сондықтан мұндай конституциялық бақылаудың моделін анықтағанда «батысеуропалық», «еуропалық», «австриялық» терминдері қолданылады.
Конституциялық құқықтың сақталуын бақылау алғашқы рет 1891 жылғы Бразилия Конституциясының тікелей әсер етуімен 1911 жылы Португалияда құрылған болатын. Онда нормативтік актілердің конституциялығын нақты бақылауда солтүстік американдық үлгі қолданылған. Конституциялық бақылаудың «Португалиялық жүйесі» 1933 жылы Конституция қабылданғаннан бастап өмір сүре бастады, революциялық өзгеру кезеңінде де (1974-1976 жылдары) әрекет етті. 1976 жылғы Конституцияның негізінде Португалияның Конституциялық Трибуналы өте үлкен құзіреттерді иеленді. Олардың негізгілері – Трибуналмен жүргізілетін алдын ала бақылау (278-бап), нақты бақылау (280-бап) және жалпы бақылау (281-бап) процедурасын жүзеге асыру кезіндегі нормативтік құқықтық актілердің және халықаралық шарттардың конституциялығын бақылау [35, 22б.].
Соғыс аяқталғаннан кейін адам құқықтарын қорғайтын арнайы орган – конституциялық бақылау органының құрылуы көп талқыланды. Алғаш рет мұндай орган 1948 жылы Испанияда, 1949 жылы ГФР-да, ал содан соң Конституциялық Соттар Испания мен Түркияда, Конституциялық Трибунал – Португалияда құрылды. Францияда заңдардың конституциялығын бақылайтын квазисоттық орган – Конституциялық Кеңес құрылды. Швейцария мен Грекияда Конституциялық Сот органдары жоқ, бірақ Швейцарияның Одақтас Сотының кантонталды заңнамаға қатысты нақты бақылау құзіреті бар (американдық модельге ұқсас). Ал Грекияның Жоғарғы арнайы соты мемлекеттің заңдарына қатысты кейінгі бақылауды жүзеге асырады. Швеция мен Нидерланда мемлекеттері 70 жылдары мұндай конституциялық бақылау органын құруға қарсы болды [35, 24б.].
Австралиялық модель өзінің дамуын Батыс Еуропадан бастап, барлық Азия, Африка, Латын Американың барлық жаңа мемлекеттерінде алды. Сол секілді қазіргі таңда бұл модель өзінің жалғасын бұрынғы кеңестік мемлекеттердің орнына келген жаңа мемлекеттерде де көрсете бастады. Осы тұста конституциялық емес заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жалпы соттардың анықтауы мен оларды нормативтік құқықтық актілер кеңістігінен жою туралы жұмыстың ерекшеліктеріне тоқталып өтер болсақ, онда Германияның Конституциялық Сот өндірісі жүйесіндегі нормативті қарастырылған және іс жүзінде әрекет етуші соттардың өтініш беру институтын айтуға болады. Неміс зерттеушісі Маттиас Хартвигтің айтуы бойынша, «бүгінгі күні Германияның тәжірибесінде осы бақылаудың нысаны бірінші кезекте адамның негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған». Германияның 1949 жылғы Конституциясы, 1951 жылғы «Федералды конституциялық сот туралы» заңы Германияда соттың өтінішпен жүгіну институтының құқықтық негізін бекітті. Германия Конституциясының 100-бабына сәйкес қандай да болмасын сот нақты істі қарастыру барысында заңды конституциялық емес деп танитын болса, онда іс тоқтатылады да, егер мәселе жер Конституциясының бұзылғандығы жайында болса, конституциялық дауларды шешуге құзіреті бар жер сотының қарауына беріледі. Егер де тексерістің нәтижесінде Конституцияның бұзылғандығы анықталса, онда шешім шығару федералды Конституциялық Соттың құзіретіне кіреді. Бұл мемлекетте Конституциялық Сотқа заңды конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішпен жүгіну құқығы жалпы юрисдикциядағы барлық соттарға 1956 жылдан бері берілген (бұрын өтініш федералды соттар арқылы берілетін). Қазіргі уақытта конституциялық бақылау органының қарауына келіп түсетін өтініштің ауқымды бөлігі бірінші сатыдағы (инстанциядағы) соттардан, сондай-ақ, 4%-ға жуық істер федералды соттардан келіп түседі. Германияда жалпы соттар Федералдық Конституциялық Сотқа келесі жағдайларда өтінішпен жүгінуге құқығы бар:
- сот процесі кезінде заңның конституциялығы туралы сотта күмән пайда болса;
- халықаралық құжаттардың федералды құқықтық жүйеге енуіне байланысты мәселелер туындаған жағдайда (Германия Конституциясының 100 (1), 100 (2) баптары, Германияның Федералды Конституциялық соты туралы заңының 80 параграфы) [41].
Конституцияға қайшы норманы немесе заңды толығымен нормативтік құқықтық актілер жүйесінен жою туралы өтініш нақты істі қарастыру кезінде процеске қатысушы тараптардың көзқарастарына қарамастан соттармен тікелей беріледі. Мұндағы өтініш беру соттың конституциялық емес заңы бойынша күмән келтіруімен байланысты, ал оны конституциялық бақылау органына жіберу сот процесі кезінде дау тудыратын нақты ережені қолданумен байланысты. Германиядағы жалпы соттар норманың конституциялығы жөнінде абстрактілі бақылауды жүзеге асыра алмайды. Тексеру пәні болып тек Германияның ресми заңдары табылады. ГФР-да сол сияқты федерация субъектілерінде де конституциялық бақылау органдары құрылған. Аталған субъектілердің конституциялық бақылау органдары Конституцияны талқылау барысында осы соттың шешімі федералды Конституциялық Сотпен қарама-қайшы келіп жатса немесе басқа жердің Конституциялық Сотымен қарама-қайшы келіп жатса, Федералды Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие болып табылады (ГФР-дің Федералды Конституциялық Соты туралы заңының 13 бөлімінің 13 параграфы). 1949 жылы қабылданған Германия Федеративтік Республикасы Конституциясы 1-ші бабында адам құқықтары мен бостандықтарына, жалпы табиғи құқыққа зор мән берілген. Атап айтатын болсақ, онда адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Оны құрметтеу мен қорғау – барлық мемлекеттік биліктің міндеті. Неміс халқы осының негізінде бөлінбейтін және ажыратылмайтын адам құқықтарын оны барлық адамдардың қауымдастықтарының, бейбітшіліктің және өмірдегі әділеттіліктің негізі ретінде мойындайды. Конституцияда көрсетілген негізгі құқықтар тікелей іс-әрекет етуші құқық ретінде заң шығару, атқару биліктеріне және әділ сотқа міндетті [42]. Германия Конституциясының 100-бабына сәйкес, егер сот істі шешу барысында оның шынайылығы, ақиқаттылығы туралы заңды конституциялық емес деп таныса, онда істі талқылау тоқтатыла тұрады да, егер мәселе жердің Конституциясын бұзғандығы турасында болса, конституциялық дауларды шешуге тиісті жер сотының шешімін, егер осы Негізгі заңның бұзылғандығы жайында мәселе болса, онда федералды Конституциялық соттың шешімін алу қажет. Бұл тәртіп жер заңының осы Конституцияны бұзғанда да немесе жер заңының федералды заңмен сыйыспайтын жағдай туралы мәселе болғанда да әрекет етеді.
Нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын бақылау және қадағалау институты Батыс Еуропа мемлекеттерінде XIX ғасырға дейін жақсы қалыптасып орныға алмады. Оның орныға алмауын екі жағдаймен түсіндіруге болады:
1) Көптеген мемлекеттерде актілердің конституциялығын тексерте бермейтін монархиялық басқару нысаны болды. Сондықтан да, XIX ғасырда қабылданған Конституциялары әрекет ететін мемлекеттерде конституциялық бақылау институты жоқ (Бельгия, Нидерланды, Люксембург).
2) Сол уақытта өмір сүрген Ж-Ж. Руссоның халықтық егемендік туралы теориясына сәйкес, сайланбалы мекемемен қабылданған заңның дұрыс емес болуы мүмкін емес еді. Бұл идея 1789 жылы қабылданған адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары декларациясында жарық көрді [43].
Австрияның заңнамасы бойынша Конституциялық Сотқа нақты істі қарастыру барысында қолданылатын немесе қолданылуға тиіс заңның конституциялығын тексеру бойынша өтінішпен жүгіну құқығына 1929 жылдан бері мемлекеттің әкімшілік және жоғарғы соттары иеленген. 1975 жылдан бері мұндай құзіретті алғашқы сот талқылауын жүзеге асыратын төменгі сот органдары және істерді екінші саты (инстанция) ретінде қарастыратын соттар иеленді (Австрия Конституциясының 88-2; 139.1; 139а;140.1 баптары) [44].
Австрияның Конституциялық Сотына жалпы және арнайы соттардың өтініштері бойынша тексеру объектілері ретінде бірталай актілер болуы мүмкін. Біріншіден, бұл жалпы соттармен Конституциялық Сотқа берілетін конституциялық емес федерацияның немесе жер органдарының қаулылары және Конституцияға және заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін мемлекеттік келісім-шарттар.