2.1 Заң шығарушы биліктің өзге билік тармақтарымен өзара әрекеттестік тетіктерін талдау Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігі – бұл кәсіби түрде қалыптасқан билік тармағы. Парламенттің қалыптасуы эволюциялық жолмен дамыды. Заң шығарушының қалыптасу жолына біз алдыңғы бөлімдерде тоқталып өткен болатынбыз. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес, Парламенттің функцияларына мыналар кіреді:
заң шығару қызметін жүзеге асырады;
халықтың атынан өкілдік етеді (ең жоғарғы өкілді орган болып табылады).
Өкілдік ету функциясы Парламентке Конституцияның 3 бабымен беріліп отыр (3 баптың 3 тармағы). Заң шығарушы орган тікелей халықпен сайланатын болғандықтан, өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде халықтың мүддесін білдіріп, оның атынан өкілдік ету құқығына ие болады. Сондай-ақ, бұл функциялардан басқа аталған билік тармағы бақылау функциясына да ие болып табылады. Ол Конституцияның 49 бабында нақты жазылмағанымен, Парламент функцияларының мәні мен маңызын қарастыру кезінде, оның бақылау функциясына ие болып табылатынына көз жеткізуге болады. Дегенмен, Парламенттің бақылау функциясын иеленуі, оның билік жүйесінде «монополист» болды дегенді білдірмейді. Қалай болғанда да билік тармақтарының арасында тепе-теңдік және тежемелік негізде өзара әрекеттестік тетіктері жүзеге асырылады.
Парламенттің жоғарыда аталған функцияларына жеке-жеке тоқталып өтер болсақ.
Билік бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерінің теориялық мәселелерін қарастырғанда, біз заң шығарушы органның мемлекеттік басқаруда жоспарлау және болжам жасау функцияларына ие болып табылатынын баяндаған болатынбыз. Парламент мемлекеттік басқаруды тиімді жүзеге асыру үшін жоспарлау қызметімен айналысуы керек. Профессор Н.Турецкийдің пікірінше, «...заңнамалық жұмыстарды жоспарлау деп заң жобасының тақырыбы, әзірлеуші мемлекеттік орган және әзірлеу, келісу және Парламентке ұсыну мерзімі көрсетілетін арнайы құжаттарды (ағымдағы немесе алдағы жоспарларды)жасау және бекіту процесі түсіндіріледі...Заңнамалық жұмыстарды жоспарлаудың заңнамалық процестің жүйелілігі мен ашықтығы үшін маңызы зор. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектілерінің жоспарларын жариялау заң жобалары жұмыстарының барысы туралы қоғамдық бірлестіктерді, ғылыми мекемелерді, азаматтарды дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, заңнамалық жұмыс жоспарларын жариялау, олардың орындалуын қоғамдық бақылауға, неғұрлым маңызды жобаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми конференцияларды жұртшылықтың талқылауын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар азаматтарда заң шығару жұмысына қатыстылығын сезінуге жәрдемдеседі, мұның Конституцияның, халықтың мемлекеттік мәселелерді шешуге қатысуы туралы ережелерін іске асыру кезінде маңызы зор болады» [45, 139-140бб.].
Дегенімен, біздің пікірімізше, соңғы уақытта Парламенттің заң шығарудағы жоспарлау функциясы оңтайлы әрекет етпеуде және атқарушы биліктің функциясына айналып бара жатыр деп айтуға толық негіз бар.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, бірінші шақырылымдағы Парламент 1996 жылдың 30 қаңтарынан 1999 жылдың 30 қарашасы аралығында заңшығармашылық қызметпен шұғылданды. Осы кезең ішінде бес (5) сессия болып өтті:
Бірінші – 1996 жылдың 30 қаңтарынан 30 маусымына дейін;
Екінші – 1996 жылдың 1 қыркүйегінен 1997 жылдың 30 маусымына дейін;
Үшінші – 1997 жылдың 1 қыркүйегінен 1998 жылдың 30 маусымына дейін;
Төртінші – 1998 жылдың 1 қыркүйегінен 1999 жылдың 20 шілдесіне дейін;
Бесінші – 1999 жылдың 1 қыркүйегінен 1999 жылдың 30 қарашасына дейін.
I-V сессия жұмысы аралығында Мәжіліске 664 заң жобасы келіп түсті, оның 591 – Үкіметтен, 53 – депутаттардан. Депутаттармен 558 заң жобасы мақұлданды… 19 заң жобасы қабылданбады және заң жобасы бойынша бастамашыларға қайтарылып берілді. Заң жобаларын түрлі кезеңдерде талқылау барысында заң шығару бастамалары субъектілерімен 71 заң жобасы кері қайтарылып алынды (54 – Үкіметпен, 17 - депутаттармен), оның ішінде 17 – Мәжіліс қабылдағаннан кейін Сенаттан. Аталған кезең ішінде Президентпен 497 заңға қол қойылды (468 – Үкіметтің бастамасымен, 29 - депутаттармен) [46, 17б.]. 1999 жылдың 1 желтоқсанынан 2004 жылдың 16 маусым аралығында заң шығару жұмысының қарқыны келесі көрсеткіште болды: Мәжіліске 784 заң жобасы келіп түскен, оның 613 Үкіметтің бастамашылдығымен, 171 - Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен. Оның ішінде республика Президентімен Парламент палаталарының қарауы үшін шұғыл ретінде 11 заң жобасы жария етілді, басым ретінде – 5 заң жобасы… Мәжілістің 224 пленарлық отырыстарында қабылданып, Сенатқа 597 заң жобасы жіберілген, 24 заң жобасы қайтарылған. Заң шығару бастамашылығын иеленетін субъектілермен 84 заң жобасы кері қайтарылып алынды… ел Президентімен Парламент қабылдаған 563 заңға қол қойылды. Олардың ішінде жеке дара заңдар – 106, жеке дара заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – 204, жойылу, күшіне енуі бойынша – 17 заң. Аталған кезеңде 236 халықаралық шарттар мен келісімдер ратификацияланды. Мемлекет басшысымен қол қойылған заңдардың жалпы санының ішінде 50 депутаттардың заң шығару бастамашылдығымен болған [47, 153б.].
Қазақстан Республикасының Парламенті 2004 жылы – 117, 2005 жылы – 83, 2006 жылы – 94 заңдар түріндегі нормативтік құқықтық актілер қабылдаған [48].
Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 – 2012 жылдар аралығындағы заң шығарушылық қызметі келесідей болды:
- 2007 жыл – жеке дара заңдар (16), өзгерістер мен толықтырулар енгізу (53), халықаралық шарттарды ратификациялау (42), барлығы (111);
- 2008 жыл – жеке дара заңдар (9), өзгерістер мен толықтырулар енгізу (42), халықаралық шарттарды ратификациялау (54), барлығы (105);
- 2009 жыл – жеке дара заңдар (11), өзгерістер мен толықтырулар енгізу (67), халықаралық шарттарды ратификациялау (43), барлығы (121);
- 2010 жыл – жеке дара заңдар (16), өзгерістер мен толықтырулар енгізу (50), халықаралық шарттарды ратификациялау (89), барлығы (155);
- 2011 жыл – жеке дара заңдар (3), өзгерістер мен толықтырулар енгізу (11), халықаралық шарттарды ратификациялау (8), барлығы (22) [49].
Парламент Сенатының ресми қортындысына сәйкес, 2012 жылдың басынан 19 қаңтар аралығында, Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын Сенат орындады. Аталған кезеңде Сенат 22 заң қабылдады, олардың ішінде 3 дербес заң, қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу туралы 11 заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 8 заң.
Бесінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында, яғни 2012 жылғы 20 қаңтар - 29 маусым аралығында Парламент 36 заң қабылдады, олардың ішінде 1 дербес заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 17 заң, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 18 заң.
Бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясында, яғни ү.ж. 3 қыркүйек - 28 желтоқсан аралығында Парламент 36 заң қабылдады, оның ішінде 5 дербес заң, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 13 заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 18 заң.
Сонымен, 2012 жылы Парламент 94 заң қабылдады, олардың ішінде 9 дербес заң, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 42 заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 43 заң (кесте - 1).
2012 жылда қабылданған 9 дербес заңның ішінде 4 алғаш рет, ал 5 жаңартылған редакцияда қабылданды.
Депутаттар бастамашы болған заңдар [50]:
1.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы.
2.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
3.
«Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
4.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
5.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
Парламенттің заң шығару қызметінің 2012 жылғы жай-күйі:
Парламент қабылдаған заңдардың
жалпы саны
94
Сенаттың заң шығару функцияларын
орындау кезеңінде қабылдаған заңдары
22
Бесінші сайлаңған Парламенттің
бірінші сессиясында қабылданған заңдар
36
Бесінші сайлаңған Парламенттің
екінші сессиясында қабылданған заңдар
36
Әрекет етуші конституциялық заңнамаға өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заңдар
2
Жеке заңдар
9
Әрекет етуші заңдарға өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы заңдар
40
Халықаралық шарттарды және келісімдерді бекіту
(ратификациялау) туралы заңдар