Алғашқы кезеңде, яғни 1990-1995 жылдар аралығында мемлекеттік билік пен басқару бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдау жүзеге асырылды. Мемлекетке маңызды деген заңнамалық актілер қабылданды:
1990 жылғы 24 сәуірдегі «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау туралы» Заңы;
1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендік декларациясы туралы» Қаулы;
1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы;
1991 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы Азаматтық туралы» Заңы;
1993 жылғы 13 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы;
1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-территориалдық құрылыс туралы» Заңы;
1994 жылғы 6 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Астанасын ауыстыру туралы» Қаулы;
1995 жылғы 16 қазандағы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңы;
1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңы;
1995 жылғы 18 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңы;
1995 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық Заңы.
1990-1995 жылдары өнеркәсіптің, тауарлар мен қызмет көрсетудің едәуір құлдырауы орын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тауарлық-қаржылық қатынастардың бұзылуы, бәсекелестіктің болмауы, кедендік және ақша-несиелік саясаттың жөнге қойылмауы, жалпы өндіріс ошақтарының тоқтауы (ТМД деңгейінде кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары байланысының үзілуі) мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа алып келді. Онымен қоса, мемлекеттік билік пен басқару жүйесінде де дағдарыс орын алды. Олай дейтініміз, 1995 жылға дейін билік тармақтарының өзара әрекеттестігі дұрыс тетікпен дамыған жоқ. Билік тармақтарының қарым-қатынасы кезінде тепе-теңдік және тежемелік жүйесі сақталмағаны былай тұрсын, бұл жүйе мүлде болған жоқ. Жоғарғы Кеңес (Парламент) өкімет билігінің абсолютті иеленушісі болып табылды. Президент пен Министрлер Кабинетіне, яғни Үкіметке өз бетінше жұмыс істеуге мұрша бермеді. Билік тармақтарының барлығы дерлік Жоғарғы Кеңеске тәуелділікте болды. Осы кезеңде республикада мемлекеттік шекараны, қарулы күштерді, дипломатиялық қызметті, кеден жүйесін және т.б. институттарды бекіту мен нығайту сияқты өзекті мәселелер тұрды. Мұның бәрін өз қолымызбен жасау керек болды. Бұл жағдайда, яғни қиын-қыстау кезеңде жайбарақаттанып жүру мүмкін емес еді. Шешімдердің барлығын тез арада қабылдау керек болды.
О. Сәбденнің пікірінше «Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «күнкөріс жылдары» болды деп бірнеше рет айтқан. 1990 жылдардың басында республикада бүкіл оның тарихында болмаған экономикалық құлдырау болды. Оған қоса инфляция тым жоғары дәрежеде болды, жаппай жұмыссыздық, кедейшіліктің көрсеткіші өсті. ІЖӨ 1998 жыл сайынғы қысқартулардың арқасында 1990 жылмен салыстырғанда 61,6%, Адам басына шаққанда ІЖӨ – 66,7%, жұмыссыздық деңгейі – 13,1%, өмір сүру көрсеткіші деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі – 39%. Инфляция 1992–1993 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті, сәйкесінше, 3 061% и 2 265%» [62]. Қазақстанның нарықтық экономикадағы тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы – қоғамның (адамдардың) өмір сүру тәсілін, ойын және әрекеттерін түбегейлі өзгертуді қажет етті. Нарықтық экономикаға көшудің алғашқы (1991-1995 жылдары) Өкіметтің жұмысы экономиканы жұмсартуға, яғни еркіндікке жіберуге және нарықтық қатынастарды реттеуге арналған заңнамалық және институционалдық базаны құруға арналды.
Үкіметтің басқа билік тармақтарымен бірлескен қызметінің нәтижесінде нарықтық экономиканың дамуына септігін тигізген бірқатар заңнамалық актілерді атап өтуге болады:
1990 жылғы 6 желтоқсандағы «Қазақ КСР экономикасын тұрақтандыру бағдарламасы және нарыққа өту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы;
1991 жылғы 24 желтоқсандағы «Республикадағы экономиканың тұрақтануы үшін қаржы-банктік әсер етуді күшейту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы;
1992 жылғы 18 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің жолы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы;
1993 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (жалпы бөлім);
1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банк және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 23 желтоқсандағы «Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы;
1998 жылғы 28 желтоқсандағы «Тауарларды импорттау кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (ерекше бөлім);
2003 жылғы 2 шілдедегі «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы [63].