Зейіннің көлемі деп бір уақыттың ішінде оның қамтитын, объектілерінің санын айтады. Зейін көлемін анықтауға байланысты жасалған тәжірибелер тахистаскоп деген аспаппен тексеріледі. Адам бір мезгілде (секундтың 1/10 бөлігінде) орта есеппен әр түрлі 5—9 әріпті қамти алатынын, 12—14 әріптен тұратын мағынасы бар сөзді де осы мерзімде қамтитынын көрсетіп отыр. Мектеп оқушыларының, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының зейін көлемі ересек адамдардың зейін көлемдеріне қарағанда шағын болатындығы сабақ үстінде мұғалімнің есінде болуға тиіс, сондықтан да оқушыларға бір мезгілде сан жөнінде де, сапа жөнінде де белгілі зейін көлемінен артық мөлшерде материал беруге болмайды. Оқушылардың зейін көлемі бір-бірімен байланыспаған элементтерді қабылдаса, нашар өсетіндігін, ал логикалық байланысы бар элементтерді қабылдаса, олардың зейін көлемін өсіретіндігін мұғалім еске алуы қажет.
Зейін көлемін арттыру үшін мұғалім балаларды комплекс заттарды байқай алуға, оларды бір объект ретінде қабылдауға машықтандырғаны дұрыс. Көрнекі құралдардағы сөздер тым ұзақ болмай, ондағы сөздердің ең бастыларын бірден оқып түсіну үшін әріптерді түрлі бояумен безендіру қажет. Соңғы айтылған тәсіл де бала зейінінің көлемін өсіруге жағдай жасайды. Физиологиялық тұрғыдан зейін көлемін өсіріп, ұлғайту мидағы оптималдық қозуы бар алапты кеңейте түседі. Бұл бірнеше қозулардың бір қозу жүйесіне бірігуі болып табылады. Бірден біраз нәрсені қамти алатын зейінді көлемі кең зейіндейді де, объектілерді жөндеп қамти алмайтын зейінді көлемі тар зейін дейді. Зейіннің тар, көлемдісі де жарамсыз қасиет емес. Әңгіме істен дұрыс нәтиже шығара алуында. Адамның мамандығы, айналысқан ісі оның зейініне әсер етпей қоймайды. Мәселен, өне бойы сағат механизмімен шұқшия жұмыс істеп отыратын мастердің зейін көлемі айтарлықтай болмайды. Микроскоппен жұмыс істейтін ғалымның зейіні де осы іспеттес келеді.
Алаң болушылықдеп белгілі бір объектіге саналы түрде зейінді ұйымдастыра алмаушылықты айтады. Әр нәрсеге ауып кете беретін жаңғалақ адамдардың зейіні көбінесе осындай болады. Алаң болушылық сондай-ақ адам қатты шаршап, болдырған кезде де жиі кездеседі. Мұндай жағдайда оның миында біркелкі тұрақты қозу алабы жасалынбайды, қозу мен тежелу процестері бір-бірімен алмасуы тәртіппен жүріп отырмайды. Зейіннің осы қасиеті адам психологиясынан тұрақты орын алса, оған берекелі әрекет ету қиынға соғады.
Мектеп жасына дейінгі балаларда алаңдаушылық жиі ұшырайды. Өйткені олар әлі күрделі іс-әрекетпен айналыспағандықтан, зейіннің жоғары түрлері өз дәрежесінде болмайды.
Алаң болушылыққа ұқсас көріністер адамның бір жұмысқа қатты беріліп істеген кездерінде де байқалады. Адам қатты үңіліп жұмыс істеген кезде басқа еш нәрсені сезбейді, елемейді. Осындай жағдайда ол айналасындағы өзгерістерді байқамайды. Мұндай адамдардың зейінін уақытында бөле алмаушылықтың кемшілігі зейіннің көлемі өте тар және икемсіз келетіндігінен.