Ғылыми парадигма – барлық ғылыми қауымдастықтар мойындаған, жаңа ғылыми зерттеулер үшін негіз бола алатын ғылыми жетістіктер жиынтығы. Ғалымдардың берген анықтамасы бойынша, ғылыми парадигма бұл тек қана теория емес, ғылымдағы іс-әрекеттер тәсілі, зерттеу міндеттерін шешудің үлгісі. Парадигма ғылымда екі жақты рөл атқарады; бір жағынан ғылыми мәселелерді шешуді жеңілдетеді,ал екінші жағынан, жаңа идеяларды қабылдауға тосқауыл болады, себебі белгісіз, дәстүрлі емес бағыттағы ғылыми ізденіске шектеу жасалынады, яғни жаңаның өмірге келуіне кедергі жасайды.
Ғылымтанушылардың пікірінше, ғылыми парадигма бұл тек қана парадигма емес, сонымен қатар ғылымдағы тәсіл, модель, зерттеу міндеттерін шешу үлгісі. Басқаша айтқанда, парадигма – бұл ғылыми мәселелер мен оларды шешу әдістеріне жататын ақиқаттың тиісті аспектісін ғылыми айналымда көрінуінің белгілі бір айқындалған тәсілі.
Қазіргі кезде «парадигма» термині мәдениет тарихының ірі ілгерілеуінің, әртүрлі ғылым мен ғылыми мектептер негізі болып табылатын өмірлік түсініктер кешенінің мағынасы ретінде қолданылады.
Білімдік парадигма – педагогикалық қауымдастықтың қабылдаған теориялық, дүниетанымдық алғышарттарының жиынтығы. Парадигма ғасырлар бойы мәдени-тарихи жағдайларға сай білімнің әлеуметтік феномен ретіндегі негізгі параметрлерінің басым болуымен қалыптасады. Белгілі парадигмалар ішінен білімге тұрақты қызмет атқарған екі парадигманы ашып айтуға болады, олар: ізгілік және классикалық парадигмалар.