Психология пәні бойынша дәріс материалдары
1.1
Психологияға кіріспе
Психология ғылым ретінде. Адам туралы ғылымдар жүйесіндегі
психологияның орны және міндеттері. Заманауи тұлғаның қалыптасуы мен
қоғамдық сананы жаңғырту жағдайындағы психология мен психологиялық
білімдердің мәні. Психологияның әдістері мен әдістемелері. Психология тиімді өмір
сүру факторы ретінде (бизнес, спорт, денсаулық сақтау, жарнама психологиясы
және т.б.).
Психология (гр. psyche – жан, logos – сөз, түсінік, ілім) ғылымының теориялық
бастауларын білімнің жеке саласы ретінде біз ежелгі грек философиясынан екі мың
жылдан астам уақыт бұрын табамыз. Аристотель "жан туралы" трактатында алғаш рет
жан мен тірі дененің бөлінбейтіндігі туралы идеяны ұсынды. Ол тірі тіршілік иелерінің
ақылға қонымды және ақылға қонымсыз әрекеттерін бөліп көресетеді. Ақылға қонымсыз
немесе ақылсыз бөлігі өсімдік (вегетативті) және жануарларға тән деп көрсетеді.
Ақылға қонымды бөліктерде: сезім, жады, ерік, түсінік, ақыл қасиеттерінің өз
деңгейлері бар. 1590 жылы Рудольф Гоклениус "Психология" терминін алғаш рет жан
туралы ғылымды белгілеу үшін өзінің еңбегін «Психология» деп атауда қолданды.
"Психология терминін адамның жетілуі туралы, жаны туралы және ең алдымен оның
пайда болуы туралы" деп пайдаланды. Христиан Вольфтың жұмысы пайда болғаннан
кейін, "Эмпирикалық психология" және "рационалды психология" деп аталатын
психология бойынша алғашқы оқулықтар пайда болды. Адам психикасының
эксперименталды, қатаң ғылыми зерттеулері неміс ғалымы Вильгельм Вундттың алғашқы
эксперименталды психологиялық зертхана құрған кезде 150 жыл бұрын басталды. Осы
уақыттан бастап психология тарихта дербес эксперименталды ғылым ретінде қабылданды.
Психология дамуының негізгі кезеңдерін атап көрсетер болсақ, психология
объектісін, пәні мен мақсаттарын түсіну оның тарихи дамуы барысында өзгеріп
отырғанын айта кеткен жөн. .
I кезең – психология «Жан» туралы ғылым ретінде. Көптеген ғасырлар бойы,
ежелгі Грециядан бастап, Орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірін қоса алғанда, жан
философтар мен діни ұстанымдардың мәні болып табылады, сондықтан осы даму
кезеңінде психологиялық білімнің мәні, зерттеу пәні жанның түсінігі болып табылады.
II кезең - (XVII ғ.бастап) психология «Сана» туралы ғылым ретінде. "Жан" ұғымы
"сана" ұғымына айналды. Адам санасын қалыптастыру жолдары, әлем мен өзін тану
процестері - осы кезеңдегі психологияның негізгі ғылыми мәселесі болып табылады.
III кезең - (XX ғ.) психология «Мінез-құлық» туралы ғылым ретінде.
Психологияның міндеті - адамның сыртқы бақылаудағы реакцияларын, әрекеттерін тіркеу
мен талдаудың объективті әдістерін пайдалана отырып, эксперимент жүргізу және
адамның мінез- құлқын, реакцияларын бақылау жүзеге асты.
IV кезең - (қазіргі заманғы) психология «Психиканың» объективті заңдылықтарын,
көріністері мен механизмдерін зерттейтін ғылым ретінде. Қазіргі кезеңде психологияның
зерттеу пәні – психиканың табиғи құбылысы, оның жеке жағдайы, адам мен жануар
психикасы болып табылады.
Психологияның негізгі объектісі
- дене, биологиялық және әлеуметтік әлеммен
қарым-қатынас жасайтын, іс-әрекет, таным, қарым-қатынас субъектісі ретінде әрекет
ететін субъект ретіндегі адамның психикасы. Психология адамның өзі түсінетін немесе
түсінбейтін субъективті (жан) құбылыстардың, процестер мен жағдайлардың ішкі әлемін,
сондай-ақ оның мінез-құлқын зерттейді. Осылайша, бүгінгі таңда психологияны мінез-
құлықты және ішкі психикалық үдерістерді ғылыми зерттеу ретінде, сондай-ақ
психологиялық алған білімді іс жүзінде қолдану ретінде анықтауға болады.
Психология ғылымының негізгі міндеттері:
психикалық құбылыстардың мәнін және олардың заңдылықтарын түсінуді оқып-
үйрену;
психикалық құбылыстарды басқаруды үйрену;
психологиядан алған білімдерін практиканың әр түрлі салаларында адамдардың
қызметінің тиімділігін арттыру үшін, сондай-ақ олардың күнделікті өмірінде адамдардың
психикалық денсаулығын, қанағаттануы мен адамзат бақытын арттыру мақсатында
пайдалану.
Психологияның жеке ғылым ретінде қалыптасқан уақыты ХІХ ғасырдың екінші
жартысынан басталатын әр түрлі мақсаттағы зерттеулер әр түрлі зерттеу әдістерін
пайдаланатын өзара ауыспалы теориялардың үздіксіз күресіне ұласты. Сананың
құрылымының, мазмұнының және белсенділік деңгейінің әр түрлі сипатталуы –
интероспективтік психология шеңберіндегі теориялар арасындағы негізгі айырмашылық
болып саналады. Осы тұрғыдан идеалистік сана психологиясы өз зерттеулеріне 5 бағытты
қарастырады:
сана элементтер теориясы, негізін салғандар В.Вундт және Э.Титченер;
саналық әрекеттер психологиясы, Ф.Брентаноның есімімен байланысты;
саналық ағым теориясы, У. Джемс негізін салған;
дербес құрылым психологиясы, гештальтпсихология;
Дительдің сипаттамалық психологиясы.
Осы кезде психологияда эксперименттік әдістің болуына қарамастан, бұл
теориялардың бәріне тән ерекшелік – психикалық құбылыстардың мәнін түсіндіру емес,
тек қана суреттеп сипаттау болды. 1879 жылы В. Вундт Лейпцигте алғашқы
экспериментальды лабораторияны ұйымдастырды. Сана психологиясын экспериментті
зерттеу мүмкіндігі ашылды.
Психология сан-салалы ғылым. Қазірде оның 40-қа жуық саласы бар. XIX
ғасырдың екінші жартысына дейін психология философия ғылымының бір саласы болып
келіп, жаратылыстану, медицина, әдебиеттану ғылымдарымен де сабақтасып, байланысып
жатты. Психологияның қоғамдық ғылымдармен тарих, әдебиет, лингвистика, география,
антропология, өнер ғылымдарымен де байланысы зор. Адам психологиясын жақсы
білмейінше, оларға әсер етіп, жігерін қозғап, жүрек сезімдерін толғандыратын, көркем
шығармалар туындату мүмкін емес деген.
XIX ғасырдың екінші жартысынан басталған, психологияның жеке ғылымға
айналуына, оның табиғи біліммен бірлесуі себеп болды.
Достарыңызбен бөлісу: |