Психологиялық тренинг технологиясына кіріспе оқу-әдістемелік құрал Алматы 2011



бет10/82
Дата15.02.2023
өлшемі303,94 Kb.
#68025
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   82
«Марафон» деп аталатын тағы бір нұсқа бар. Марафон әдетте түскі тамаққа арналған үзілістерімен бір тәулікке немесе тіпті екі тәулікке созылады. Егер әлдекім ұйықтап қалатын болса, онда сол топта отырып-ақ ұйықтайды, бірақ топтан ешкім де сабақ аяқталғанша кетпейді. Мұндай нұсқаның тек тұлғалық өсу топтары, яғни, терапевттік топтар үшін ғана мәні болады. Шеберліктер тренингі үшін бұл асыра сілтеушілік болады, бірақ ол команда қалыптастыру тобына жарамды болуы мүмкін. Әрине, мұндай жұмыс, жаттықтырушының арнайы дайындығынан басқа, ерекше төзімділікті талап етеді. Мұндай жағдайда, бәлкім, тек жұппен, мүмкін, бір-екі ассистентпен де жұмыс істеу қажет. Бірақ бұл жерде, барлық жағдайлардағыдай, дұрыс мәнге сүйенген абзал – егер жақсы тренингті мұндай құрбандықтарсыз-ақ өткізуге болатын болса, онда өзіңе де, тренинг қатысушыларына да қиындықтар туғызудың қажеті жоқ.
Бір күн ішіндегі сабақтардың ең көп ұзақтығы әдетте 8-10 академиялық сағатты, сирек жағдайларда 12 сағатты құрайды. Кейде көшпелі топтарда сабақтар кешкі тамақтан кейін де жалғасады. Мұндай жұмыстың мақсаттары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, топтың жақсырақ танысып, жақындасулары үшін. Мұндай жағдайда тренингтің өзі, әдеттегідей, кешкі тамаққа дейін аяқталады да, ал кешкі тамақтан кейін топ жиналып, барлығы, мысалы, «мафия» ойынын (ойын төменде сипатталған) ойнайды немесе қандай да бір жарыстар ұйымдастырады, мысалы, хауыздағы баскетбол (егер хауыз болса). Тағы бір мақсат қатысушылардың тренингтен кейін ішімдік ішулерінен қауіптенетін, ал бұл басшылықтың жоспарына кірмейтін жағдайда туындайды. Және олардың мұндай мүмкіндіктері болмауы үшін, оларды кешкі тамақтан кейін де алдандыруға болады. Нәтижесінде топ үшін өте пайдалы және қызықты уақыт оздыруға болады.
1.5. ТРЕНИНГТЕ ҰПАЙДЫ ҚАЛАЙ ЖИНАУҒА БОЛАДЫ?

Топқа жаттықтырушы ұнаса, тренингтің өзі де көбірек ұнайтындығы және оның әсері ұзағырақ созылатындығы тренингтегі маңызды мезет болып табылады. Сондықтан жаттықтырушы саналы түрде топқа ұнауға тырысуы тиіс. Мен мұны «ұпай жинау» деп атаймын.


Негізгі идея – топқа жанама әсер ету, яғни, жаттықтырушы саналы түрде топ міндетті түрде байқайтын және оң бағалайтын нәрсені жасайды. Топ жаттықтырушының көп нәрсені жасай алатындығын, көп білетіндігін және олар үшін маңызды нәрсені жасайтынын байқайды.
Алғашқы ұпайды топта бір-бірін танымайтын адамдар жиналғанда, танысу кезінде-ақ жинауға болады. Жаттықтырушы алғашқы 5-10 минутта барлық қатысушылардың аты-жөндерін есте сақтап қалуы, содан соң, бүкіл тренинг бойы, олармен тек аттарын атай отырып сөйлесуі тиіс. Ол барлығын есте сақтағанын топқа әдейі, бірақ өте мұқият көрсетеді. Және көбінесе тренингтен кейін кейбір қатысушылар жақындап келіп, есте сақтау қабілетін қалай жаттықтыруға болатынын және дәл осындай нәтижелерге өздерінің қалай қол жеткізулеріне болатындығын сұрайды. Мүмкін, олар бұны топта талқылаған да болар, және оларда тренингті керемет кәсіби маман жүргізеді деген пікір қалыптасқан шығар. Әрине, мұндай жаттықтырушымен топ жақсырақ жұмыс істейді. Аттарды қалай есте сақтап үйренуге болатындығын мен кейінірек, танысу процедурасының өзі туралы әңгіме болғанда айтып беремін.
Екінші ұпайды да сондай-ақ танысу кезінде жинауға болады. Әдетте тренингтің басында барлығы кезекпен өз аты-жөндерін және өзі туралы тағы бірдеңелерді айтады. Мысалы, өз ұраны, өмірінің мақсаты, немесе қарым-қатынас жасау кезінде оларға көмектесетін немесе кедергі жасайтын қасиеттері, немесе тағы басқалары туралы. Жаттықтырушы аты-жөндерін қатесіз есте сақтап үйренісімен, жекелеген қатысушылардың айтқандарынан тағы бірдеңелерді есте сақтай алады. Мысалы, топтағы қатысушы былай дейді: «Менің есімім –Света. Маған қарым-қатынас жасау кезінде менің ұялшақтығым кедергі жасайды, мен жауапты жағдайларда абыржып қаламын». Жаттықтырушы тек осы айтылғанды есте сақтауы мүмкін. Бір немесе екі күн өткеннен кейін қандай да бір ойын үстінде Света өзін жақсы жағынан көрсеткенде, жаттықтырушы ойынды талқылау кезінде былай айтуы мүмкін: «Светаның танысу кезінде мұндай жағдайларда абыржып қалатындығы туралы айтқаны сіздердің естеріңізде бар ма, ал енді оның осы ойында өзін жақсы жағынан көрсеткенін көріп отырсыздар». Осылайша, жаттықтырушы Светаның жетістігін де атап көрсетеді, ал бұл тек оның өзі үшін ғана емес, сонымен қатар, топ үшін де өте маңызды, өйткені топ өздерінің барған сайын жиірек қол жеткізе бастаған табыстарын байқай бастайды. Әрине, топтағы бірнеше адам: «шынымен де, ол осылай айтып еді, біз оны ұмытып кеттік, ал жаттықтырушы оны ұмытпапты», - деп атап өтеді.
Жаттықтырушы көбірек есте сақтауға үйренгенде, бұнысын топқа көрсету мүмкіндіктері де молая түседі. Әрине, асылында, жаттықтырушы топта болып жатқанның бәрін, - кімнің не айтқанын және тіпті кімнің және қалай кімге қарайтындығын есте сақтауы тиіс. Жақсы жаттықтырушы барлығын дерлік есте сақтайды, бәрін көреді және байқайды. Бұл жаттықтырушыда оқиғаларды алдын ала болжап біліп отыру мүмкіндігі пайда болатындықтан да маңызды: көптеген жағдайларда жаттықтырушы ары қарай не болатындығын болжай алады. Адам енді ғана әлденені айтайын десе, оның не айтуы мүмкін екендігі түсінікті болады. Топ әлденені бірнеше рет қайталап айтып, талқылайтын және көптеген қатысушылар шаршап, үдерістен шығып қалатын шеңберді айналып жүрулердің барлығынан құтылу мүмкіндігі пайда болады.
Жаттықтырушы үшін рольдік ойындарға қатысушыларды таңдай білу өте маңызды. Жаттықтырушы қатысушылардың барлық ерекшеліктерін байқайды да, есте сақтап қалады, және бір немесе екі сағат жұмыстан кейін олардың көпшілігі туралы олардың қандай да бір ойында өздерін қалай ұстайтындықтарын айта алады. Ары қарай бәрі оңай: тіпті сіз адамдарды ойынға еріктілік қағидаты бойынша таңдап, сізде үш ерікті болса да, сіз олардың арасында рольдерді қалай бөлу керектігін білесіз. Бұл өте маңызды, өйткені егер сіз рольдерді ойдағыдай бөлсеңіз, ойын өте көңілді өтеді, барлық маңызды мезеттерді көрсетеді, және ол кезде ойынның талдауын топтың өзі жасайды да, жаттықтырушы тек қана қорытындысын шығарады. Ал егер рольдер дұрыс бөлінбесе, ойын да қызықсыз өтеді, талдау кезінде де айтатын ештеңе болмайды. Ал енді мынау былай ойнағанда, ал анау былай ойнағанда, біз көрер едік деп айту – бұл тренинг емес.
Ұпай жинаудың тағы бір мүмкіндігі. Енді ғана басталған даулар мен егестерді тоқтатып, бұл қуатты оң арнаға бағыттау қажет. Мысалы, жаттықтырушы жағдайды талқылау кезінде қатысушылардың ашулары қоза бастап, біреуі тіпті дөрекі немесе қатты сөз айтуға дайын сияқты екендігін көріп тұрса. Жаттықтырушы пікірталасты тоқтатып, былай дейді: «Бұл жағдайдың шешімін жеңілдету үшін бізге оны рольдік ойында ойнап көрген дұрыс. Маған үш қатысушы керек». Эмоционалдық тұрғыдан үдеріске кіріп кеткен, ашу кернеген адам ойнауға ықылас танытады. Жаттықтырушы рольдерді бөліп береді, және жаңағы қатысушы ойында қалай да өз эмоцияларын шығарады. Егер ол өзін қолға алып, өте жақсы ойнаса, талдау кезінде жаттықтырушы осыны атап көрсетіп, егер ол өз эмоцияларын ұстай алмай қалған күнде не болар еді деп айта алады. Егер керісінше жағдай орын алса, талдау кезінде бұны оның өзі де, барлық қатысушылар да байқайды. Осылайша, топ қандай да бір маңызды механизмдерді және жағымсыз эмоциялардың жұмыста пайдаланылуы мүмкін екендігін түсінуде ілгері жылжиды, ал қатысушының өзі болса, өзі үшін жаңа мінез-құлыққа үйрене алады.
Жаттықтырушының топта жазбаларды пайдаланбауымен: ақпаратты конспектіден оқымауымен, топ жұмысы барысында әлденені жазып алмауымен тағы бір ұпай жинауға болады. Бұған қол жеткізу оңай. Негізгі материалды жаттап алу қажет, ал үзіліс кезінде өз жазбаларыңнан әлденені қарап немесе жаңа бірдеңені белгілеп алуға әрқашан болады. Күннің соңында кез келген жазбаларды жазып алып, келесі күнге дайындалуға болады – бұл жаттықтырушы үшін өте пайдалы.
Әр түрлі топтарда бірдей ақпаратты беру мүмкін емес. Бір топта бір нәрсеге баса назар аударылса, екіншісінде басқаларына екпін түсіріледі. Бұл көптеген факторларға – қатысушылар қызметінің ерекшелігіне де, жаңа ғана ойнап көрсетілген жағдаймен сабақтастыққа да, қатысушылар қоятын сұрақтарға да байланысты болуы мүмкін. Осының бәрі және көптеген басқа да мәселелер жаттықтырушының хабарламасына ықпал етеді. Тәжірибе жинақтай келе, жаттықтырушы көп ақпарат жинайды, және ол кез келген ойынды қай жағынан да талқылауды жүргізе алады. Әрбір нақты топта жаттықтырушы дәл осы топ қатысушылары үшін ең маңызды ақпаратты таңдайды.
Жаттықтырушы үшін барлық топтардың әр түрлі болғандығы жақсы – соның ішінде ақпарат бойынша да. Оны біркелкілік жалықтырмайтын болады: көптеген топтарды қатарынан өткізіп, және кез келген топпен жұмыс істеу бірдей дәрежеде қызық болады.
Келесі ұпайды сіздің тобыңыз айналысатын қызметтің ерекшелігімен сабақтастықта жинауға болады. Мысалы, сіз тренингті жұмыс ерекшелігін сіз мүлде түсінбейтін ұйымда жүргізесіз. Олар қандай да бір ерекше тауарды немесе ерекшеліктері бар, және көптеген адамдар олар туралы білмейтін, немесе кәсіби «құпияларға» жататын бірдеңесі бар тауарды сатады делік.
Директормен немесе тренингке тапсырыс берушілердің бірімен әңгіме барысында сіз, мысалы, олардың терезе жасайтындықтарын білдіңіз. Сіз «шыны пакеті» деген сөзді есте сақтап қалдыңыз, арматураланған немесе арматураланбаған профиль болатындығын немесе тағы басқа бірдеңелерді есте сақтадыңыз. Және тренингте топқа тапсырма берген кезде: «Сіз клиентке келіп, сізден терезелерді сатып алуын ұсынасыз және клиентке шыны пакетінің барлық күшті жақтарын сипаттап беруге тиіссіз», - деп айта аласыз. Қатысушылар мұндай тапсырманы естіген кезде, ойынның өздерінің жұмыстарының мысалында құрылғанын түсінеді. Бұдан басқа, олар сіздің терезелер туралы білетіндігіңізді байқайды, оларда бірден жаттықтырушы өздерінің тауарын түсінеді деген әсер қалады.
Әрине, сауда-саттық тренингін жүргізетін жаттықтырушыға тауарды білудің еш қажеті жоқ. Жалпы алғанда, не сатсаң да, бәрі бір, сауда-саттықтың ортақ қағидаттары болады. Бірақ топтың алған әсері не оң жағына, не теріс жағына қалыптасады. Әрине, тәжірибе жинақтай келе, жаттықтырушы барған сайын молырақ ақпарат алатын және тіпті кейбір тауарлар туралы сатушылардың өздерінен де көбірек білетін болады, бірақ басында осы тәсілді қолдануға болады.
Кезекті ұпайды алдыңғы тәжірибеге сүйене отырып, жинауға болады. Бірінші нұсқа. Мысалы, жаттықтырушы, талдау жүргізе отырып, соңғы топтардың бірінде де «Бұзылған телефон» ойынында өте күлкілі болғанын, және қатысушылардың ұзақ уақытқа дейін тыныштала алмағанын айтады. Ал біреуі олардың жұмысында бәрі дәл осылай екендігін айтқан кезде, барлығы өте тез тыныштала қалды. Ендеше, біз де бұл туралы сіздердің жұмыстарыңызға қатысты сөйлесіп көрелік. Осылайша, жаттықтырушы қатысушылардың көңілділігін сындарлы арнаға бағыттайды және жол-жөнекей топқа алдыңғы топтар туралы әңгімелеп береді.
Екінші нұсқа. Жаттықтырушы нақты бір топтың тәжірибесіне сүйене алады, яғни, тренинг өткізілген ұйымды атайды. Бұл мысал жақсы болған және жаттықтырушы жабық ақпаратты таратпайтын жағдайда мүмкін болады. Егер осы фирма атауының да қатысушылар үшін қандай да бір маңызы болса, бұл да жақсы болып шығады. Мысалы, жаттықтырушы былай дейді: «Ал Дүниежүзілік Банктің бағдарламасы бойынша оқытып-үйретілген топта біз қызметші құрамды уәждеу проблемаларын және, атап айтқанда, қызметші құрамды ерекше нұсқалар арқылы уәждеуді талқыладық. Топта шылым шекпейтіндерге арналған арнайы бөлме жасауды және оны «тыныс алу бөлмесі» деп атауды ұсынды. Ұсыныс топқа өте ұнады, және одан әрі тағы да көп қызықты нұсқалар ойлап табылды». Әрине, жаттықтырушыға өзі тренинг өткізген барлық ұйымдар туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл табиғи болып шығуы тиіс. Бүкіл тренинг бойында бір рет айтудың өзі жеткілікті. Ең бастысы, бұл жаттықтырушы жарты сағат бойы өз жетістіктерін тізбелеп отырғандай болып көрінбеуі тиіс.
Жаттықтырушы бүкіл тренинг бойында топтың жекелеген қатысушыларының арандатушылығына бой алдырмай, дауласпай және өз пікірін зорлап міндеттемей, тағы бір ұпай жинай алады. Кез келген жағдайларда жаттықтырушы сабырлы және орнықты болып қалады, ал егер әлдекім жаттықтырушымен дауласқысы келсе, ол жай ғана: «Иә, бұл да дұрыс. Әр түрлі жағынан келуге болатын жағдайлар өте көп», - деп айтады. Егер қатысушылардың бірі жаттықтырушы онымен келісе алмайтын әлденені айтса, ол: «Мен мұнымен келіспеймін, бірақ бұл – менің пікірім, ал сенің пікірің басқа болуы мүмкін», - дей алады. Ең бастысы, жаттықтырушы жағдайға эмоционалдық тұрғыдан кіріспейді. Ол жағдайды сырттан бақылайды және топтық үдеріске тек қажет болған жағдайда және өте жұмсақ түрде араласады. Нәтижесінде топ мүшелерінде жаттықтырушы туралы дау-жанжалға жоқ адам ретінде пікір қалыптасуы мүмкін, ал бұл осылай болуы да тиіс. Өйткені біз тренингте адамдарды осыған үйретеміз ғой.
Қосымша ұпайды өте оңай жинауға болады – жаттықтырушы жай ғана жақсы, жағымды, сыпайы, кішіпейіл адам болуы тиіс. Жаттықтырушы өзін басқалармен тең ұстап, топқа қысым көрсетуге тырыспай, өз пікірін зорлап міндеттемей, топтың өзінің қандай да бір маңызды қорытындылар шығаруына мүмкіндік беретін болса, топ мұны өте бағалайды.
Жоғарыда айтылғанның бәрін қорытындылаудан бұрын мынаны атап өту қажет: осы механизмдердің барлығы манипуляция емес. Сонымен, манипуляция дегеніміз – басқаларға зиян келтіретін немесе тек өзінің ғана пайдасына жасалатын нәрсе. Жоғарыда аталған механизмдердің барлығы топтың пайдасына жұмыс жасайды, және жаттықтырушы оларды қолдануға міндетті, өйткені бұл тренинг нәтижесін күшейте түседі. Және осының бәрі топ үшін пайдалы болатын болса, неліктен көңілді, жеңіл, жылдам оқып-үйренбеске?!
1.6. ТРЕНИНГТІК ТОПТАҒЫ ҚИЫН ҚАТЫСУШЫЛАР
Кез келген тренингтік топта әрқашан тренингті өзін танытудың өте қолайлы тәсілі деп шешетін қатысушылар табылады: үлкен аудитория, бәрі шеңбер құрып отырады, барлығы жақсы көрінеді және өзін де көрсетуге болады.
Қиын қатысушылардың бірнеше категориялары болады.
Мысалы, жаттықтырушыға жиі қарсы келе отырып, оған белсенді түрде кедергі жасайтын қатысушылар. Осылайша, жаттықтырушы топқа тапсырма бергенде, мұндай қиын қатысушы өмірде барлығы бұлай емес, және мұндай ойынды ойнаудың еш пайдасы жоқ деп мәлімдеуі, немесе бұның еш жақсылыққа апармайтынын айтуы мүмкін.
Әрине, мұның себебі бұл қатысушының жай ғана қорқатынында, және оның түсініктемелерінің барлығы оған ықтимал жеңілістен қорғану үшін керектігінде болуы мүмкін. Бірақ егер тренинг қатысушыларының бір бөлігі де қорқатын болса, олар да оны қолдауы мүмкін.
Жаттықтырушының мінез-құлқы мұндай жағдайда топтың қауіптенулерін жоққа шығаруға бағытталуы тиіс. Жаттықтырушы басынан бастап барынша тілектестік райда жұмыс істеуге тырысады. Тренингтің бас кезінде жүретін ойындар топ үшін қорқынышты болмаулары тиіс, олар жаппай сипат алулары және мүмкіндігінше көңілді және қызықты болулары тиіс; ойындардың арасында көңілді қозғалыс жаттығуларын, мысалы, «Хайуанаттар паркі шапалақтаулармен» ойынын (ойынның сипаттамасын ары қарай қараңыздар) енгізу өте маңызды. Мұндай жаттығудан кейін қатысушылардың көпшілігі көптеген ойындарға өз еріктерімен сұранады, және ешқандай қарсылық көрсетпейді.
Екінші нұсқа, қатысушы жаттықтырушымен ойын ойнауға қорыққаннан емес, ал топтың оны батыл, тапқыр адам ретінде бағалауы үшін дауласады. Ол жай ғана ерекшеленгісі келеді.
Мұндай жағдайда жаттықтырушы бұл қатысушының кез келген дұрыс ескертулерімен және қарсылықтарымен келіседі және былай дейді: иә, мен сізбен келісемін, сіз әбден дұрыс айтасыз, сондықтан да біз барлық жағдайларды бөліктерге бөліп – бір бөлігін бір ойында, екіншісін екінші ойында ойнайтын боламыз. Ал нәтижесінде біз барлық жағдайларды талқылап, ойнайтын боламыз. Егер ескертулер онша дұрыс болмаса, кез келген мұндай сөзді бұл ескертудің маңызды емес екендігімен барлығы келісулері үшін топта талқылау қажет. Мысалы, қиын қатысушы мұндай талапшыл клиенттер мүлде болмайды деп айтады. Сіз топтан бұның осылай ма екендігін сұрайсыз, және топтағы бірнеше адам өздерінде мұндай ғана емес, сонымен қатар, әлдеқайда жаманырақ та клиенттер болғанын айтады. Әдетте осындай бір талқылаудан кейін «қиын» басылады.
Бірақ қиын қатысушының мүлде сындарлы емес позицияны ұстанатындығы және тек қана жай дауласу үшін дауласатыны болады. Мұндай жағдайда оған кез келген мәселе бойынша пікірін білдіруге мүмкіндік беріп, бірден өз сөздерін ойында дәлелдеп беруді ұсыну жеткілікті болады. Жаттықтырушы оған жаңа өзі айтқандарының бәрін ойында көрсетіп беруді ұсына алады және, әрине, көп қателіктер жіберілетін осындай рольді бере алады. Ал кейінірек ойынды талдау кезінде оған айту мен істеудің әр түрлі нәрселер екендігін жұмсақ түрде көрсетуге болады. Мұндай қиын қатысушылармен қысымды үдете түсу қағидатын ұстану қажет – алдымен жұмсақ, ал егер оған әсер етпесе, адамды барған сайын қаттырақ орнына қою керек. Жұмсағырақ болғаны жақсырақ, бірақ кейде адамның бүкіл тренингті бүлдіргенінен гөрі, оны басында тәубасына келтіріп алған дұрыс.
Топта жаттықтырушыға қарсы белсенді түрде жұмыс істейтін біреу болғанда, нені істемеген дұрыс? Мұндай қатысушымен дауға кірісуге болмайды. Жаттықтырушы беріліп кетіп, соғыс басталып кетуі мүмкін. Топ біреуінің жағына шығады. Егер ол жаттықтырушының жағына шықса, адамды психологиялық тұрғыдан талап тастаулары мүмкін. Бірақ топтық қысым – ықпал етудің өте күшті механизмі, және оған тек аса қажет болған жағдайда ғана иек артуға болады. Ал егер топ жаттықтырушыға қарсы біріксе, оны топтан «алып шығуы» мүмкін.
Қиын қатысушылардың тағы бір категориясы – жаттықтырушыға қосылып, өзіне бедел жинап алғысы келетіндер. Мұндай «көмекші» жаттықтырушының барлық сөздеріне түсінік беріп, үнемі былай дейді: иә, мен білемін, бұл өте пайдалы, мен мұның өте маңызды екендігін психология бойынша кітаптан оқығанмын, және т.с.с. Немесе: «Мен білемін, жаттықтырушы сендерге, ақымақтарға, үйретіп жатқанда үйреніп алыңдар деп дұрыс айтады. Мен бұндай нәрселерді түсінемін, жаттықтырушыны тыңдаңдар» - және т.с.с. Мұндай адамды да жұмсақ түрде тыныштандыруға әрекеттеніп көруге болады. Егер көмектеспесе, сөзден ұстап, тәжірибелі адам ретінде, ойындағы ең қиын рольді беру керек. Әдетте бұл жеткілікті болады, және ары қарай бұл адам өзін әлдеқайда ұстамдырақ ұстайды. Әрі бұндай «белсендіні» топтың шоқып тастамауын қадағалау қажет. Оны ең басында тоқтатқан дұрыс, өйткені топ мұны айтарлықтай дөрекі жасауы мүмкін.
Енжар қатысушыларды да қиын қатысушылар деп атауға болады. Олар әдетте өздерін өте тыныш ұстайды және еріктілер қажет болатын ешқандай ойындарға қатыспауға тырысады. Бұдан басқа, олар топтық пікірталастарға қатыспайды немесе өте қысқа сөз орамдарымен шектеледі. Бұл қатысушылар қорқатын және осылайша өз қорқыныштары мен алаңдаушылықтарын көрсететін болулары керек.
Жаттықтырушының мінез-құлқы бұл жерде ең дәстүрлі түрде қалады. Басынан бастап топтың барлық қатысушыларына бұл жерде мүлдем қауіпсіз екендігін айтып қана қоймай, сонымен қатар, көрсету де қажет. Бұл үшін ең басында жаттықтырушы тренингтің мақсаттарын түсіндіреді, тренингте қандай да бір күрделі және қауіпті жағдайлар болмайтындығын айтады. Өте жақсы нұсқа – тренингтің бас кезінде қатысушылардан олардың қауіптенулері мен үміттері қандай екендіктерін сұрау, және егер қатысушыларда қандай да бір қауіптенулер болатын болса, осы қауіптенулерді жоққа шығару үшін әрбір сөз бойынша түсінік беру қажет. Бұдан басқа, жаттықтырушы басынан бастап өзін өте сыпайы ұстайды, топты орынды қалжыңдарымен босаңсытуға тырысады.
Бірақ, әрине, топтағы ең қауіптілер бәрі бір өздерін айтарлықтай енжар ұстаулары мүмкін. Мұндайды еңсеруге болады. Бұл үшін оларды әр түрлі ойындарға, бірақ тек еріктілік қағидатында қосуға тырысу қажет. Егер топта әлдекім өзін осылайша ұстайтын болса, алдымен мұндай адамға үйренісіп алуға мүмкіндік беріп, оған тренингте түскі үзіліске дейін, ал кейде бүкіл бірінші күн бойы белсенді қатысуды ұсынбау қажет. Жалпы, бірінші күнге барлығы қатысатын көп ойын жоспарлаған жақсы, сонда осындай сақ қатысушылардың барлығымен бірге жұмыс істеулеріне тура келеді. Бұдан басқа, барлығы үш, төрт, бес, алты адамнан шағын топтарға бөлінетін ойындар қажет, және топтардың құрамын үнемі ауыстырып отыру керек.
Басынан бастап осындай енжар қатысушыларға көңіл аударып, оларды біреудің кездейсоқ ренжітіп алмауы үшін, оларды сақтау қажет. Олардың аздап бойлары үйренісе бастағаны байқалса, кейде оларды қандай да бір рольдік ойындарға қатысуға шақыруға болады. Әдетте жаттықтырушы қалыптастыратын жақсы және тілектестік ахуалда, екінші күннің басынан бастап топта енжар қатысушылар болмайды. Оның үстіне, көбінесе ойындарға қатысуға еріктілердің саны рольдерден гөрі көбірек болып кетеді де, қайсыбір кезекті белгілеуге тура келеді.
Қиын қатысушылардың тағы бір категориясы – тренингке дейін де бәрін білгендіктерін, өздерінің жаңа ештеңе үйренбегендіктерін, немесе тағы осыған ұқсас бірдеңелерді айтуды жақсы көретіндер. Мұндай сөздерге, менің ойымша, мүлде көңіл аударудың қажеті жоқ. Біріншіден, тренинг дегеніміз – жаңа ақпаратты беру емес, ал жаттығу. Екіншіден, әрқашан қандай да бір жаңа ақпарат болады, ал барлық осыған ұқсас сөздер – өзін танытуға әрекеттенуден басқа түк те емес. Және осындай сөздерге ешбір жағдайда қарсылық білдіруге және ашулануға болмайды. Иә, тамаша, тренингте тек сіздердің мінез-құлықтарыңыз, жағдайларды сіздердің түсінулеріңіз ғана жаңа болуы мүмкін, біздің айналысатынымыз да осы деп айтуға болады.
Тренингке мақсатты түрде әлдене үшін күресуге келген қиын қатысушылардың категориясы болады, әсіресе тренингке басшылар қатысқан кезде. Мұндай «күрескерлер» кейде тренингте митинг немесе кәсіподақ жиналысын ұйымдастыруға тырысады. Оларға бізде жиналыс емес және тренинг жоспарына кірмейтін тақырыптарды талқылауға мүмкіндік жоқ екендігін түсіндіре отырып, айтарлықтай қатаң түрде тоқтату қажет. Барлық талқылаулар мен жиналыстарыңызды тренинг аяқталғаннан кейін өткізе беріңіздер.
Егер олар қандай да бір ойынның талқылауын басқа жаққа бұрып әкеткілері келсе, бізде «қазір және осында» деген ереже бар, әрқашан осы ережеге сүйенген орынды. Егер адам өте тынышсыз және сөзшең болатын болса, кезекті сөзінен кейін оған ұзақ сөйлеуге тыйым салуға болады – тек бір сөйлемнен және ойын үстінде бір реттен көп емес.
Қиын қатысушылардың тағы бір типі – экстрасенс, емші деп аталатындар және т.б. Олар топта қандай да бір жағдайларға түсінік беретіндіктерімен, арнайы терминологияны пайдаланатындықтарымен кедергі жасайды. Көбінесе олар мүлде зиянсыз, олардың бар болғаны өздерінің осымен айналысатындықтарын айтқылары, жақтастар мен құрметтеушілерін тапқылары келеді, бірақ топта мұны айтарлықтай теріс қабылдаулары мүмкін. Олар, мысалы, біреуге: «мен көріп тұрмын – сенің аураңның түсі өзгерді, бірақ сен қобалжыма, жай ғана тыныш отыра тұр, мен барлығын түзетемін», - деп айтулары мүмкін. Жағдайды шиеленістірмеу үшін, оларға үзіліс кезінде көп адамдардың мұның қаншалықты маңызды екендігін түсінбейтіндіктерін, сондықтан бұған жаман қараулары мүмкін екендіктерін, және топта енді мұндай ештеңе айтудың қажет емес екендігін сыпайы ғана айтуға болады. Әдетте олармен проблема болмайды, мүмкін, олардың қалағаны да осы шығар, бұл туралы жаттықтырушы білді – болды.
Қорытындылай келе, шын мәнінде «қиын» қатысушылармен болатын барлық осы жағдайлардың жаттықтырушыға ерекше қиындықтар туғызбайтындығын айтуға болады. Оларға байыппен қарау және топқа кедергі келтіруі мүмкін болғанда жөнге салу қажет. Және, ең бастысы, жаттықтырушы барлығына өте байсалды және тілектестікпен қараса, барлығы өз-өзінен шешіледі. Бүкіл топтың үнемі жаттықтырушыға қарайтынын, үнемі оны бағалайтынын және өздерін жаттықтырушының – оның мінез-құлқының, оның мақсаттарының үлгісінде ұстауға үйренетіндіктерін есте сақтау қажет – оның үстіне, тренингте әдетте осындай мақсаттар мен мінез-құлық меңгеріледі.
1.7. ЖҰМЫСТ Ы ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК?

Алғашқы топтар – кез келген жаңадан бастаған жаттықтырушы үшін ең күрделі топтар. Біріншіден, өте қорқынышты: «оларға ұнамай қалса ше, біреу осындай бағдарламада болып, барлығы әлдеқашан белгілі екендігін айтса ше, олар жаттықтырушының өзінің жаттықтыратын саласында қандай тәжірибесі бар екендігін, қанша топпен және кіммен нақты тренинг өткізгенін сұрай бастаса ше, және т.б.». Осындай қауіптенулердің себебінен, жаңадан бастаған жаттықтырушы көп қателіктер жіберіп алатындай немесе тіпті тренингті әбден бүлдіріп алатындай қатты қобалжиды.


Екіншіден, алғашқы топтарда қатысушылардан соншалықты қатты теріс баға алуға болады, мұндай жағдайда жаттықтырушы «жасып», енді қайтып тренинг өткізгісі келмейді немесе өткізе де алмайды.
Сондықтан алғашқы үш-төрт топ өте маңызды. Жұмыстың қалыпты тәртібіне оңайырақ ену және жақсы бейімделу үшін алғашқы топтармен жұмысты барынша жеңілдету қажет. Бұл үшін әр түрлі нұсқаларды пайдалануға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   82




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет