Психологиялық тренинг технологиясына кіріспе оқу-әдістемелік құрал Алматы 2011



бет7/82
Дата15.02.2023
өлшемі303,94 Kb.
#68025
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   82
Байланысты:
психологиялық тренингтер

1-сурет. Қатысушылардың эмоционалдық жай-күйі мен белсенділігінің динамикасы

Топ бес өте қарқынды және өте эмоционалды күндердің қатты титықтататынын түсінеді. Қатысушылардың осы уақыт ішінде көптеген таптаурындар мен мінез-құлықтың үйреншікті тәсілдерінен бас тартуына, мүмкін, өмірінде алғашқы рет бөтен адамдармен осылай қарқынды және осылай ашық қарым-қатынас жасауларына тура келеді. Бұл қуаттың табиғи төмендеуін тудырады. Тренингтің алғашқы күнінің аяғында эмоционалдық жүктеменің шамадан тыс болуынан кейбір қатысушылардың тіпті бастары да ауыруы мүмкін. Бірақ төртінші күні-ақ екінші тынысы ашылып, қатысушылар қарым-қатынастың жаңа тәсілін, өмірдің жаңа стилін десе де болады, меңгере бастайды. Көп жаңа қуат пайда болады, тренингтің көптеген үдерістері жеделдей түседі. Және, әрине, жаттықтырушы тренингтің аяқталуы өрлеу сатысымен тұспа-тұс келуіне ұмтылуы тиіс: өрлеу неғұрлым жоғары болса, тренингтен алынатын әсер де соғұрлым күшті және ұзақ болады. Сондықтан бірінші және екінші күні ол топтың қарқынын үдетіп, топтық үдерістерді барынша жеделдетуге тырысады. Үшінші күні, егер топтың шаршағаны байқалса, аздап жылдамдықты азайтып, топты тым қалжыратпай, жеңілірек ойындарды алдын ала жоспарлау қажет. Көбірек көңілді қозғалыс жаттығуларын жасаған дұрыс... Жалпы, күнді жеңілірек өткізу қажет. Және, сәйкесінше, төртінші күннен бастап, бесінші күннің соңында өрлеу сатысында болулары үшін, топтың қарқынын қайтадан аздап үдету керек.


Үш күндік тренинг туралы айтатын болсақ, бұл ерекшеліктер сондай анық сақталмайды, кейбір топтарда олар тіпті байқалмайды да. Бұл жерде топтың қуатының барлық үш күнге жетуін және тағы да қалуын қадағалау қажет. Екі күндік тренингпен жағдай одан да екіұшты бола түседі: мұнда жекелік қағидат көбірек жұмыс істейді, яғни, бір қатысушылар барлық екі күнде де өрлеу үстінде болады да, оларға аз болып қалады, ал енді біреулері бірінші күннің соңында-ақ шаршап қалады. Бірақ жаттықтырушы қатысушылармен не болып жатқанын көріп отыруға және олардың кейбіреулеріне кішкене демалып алуға мүмкіндік беруге міндетті.
Сатыларды топтық динамикаға таңуға тырысудың мәні бар, бірақ әр сатының дұрыс диагностикасын жасау күрделі болып қала береді. Бұдан басқа, көбінесе сатылардың сипаттамасын авторлар психотерапевтік топтардың сипаттамасынан алады және ол тренингтік топтағы үдерістерді дәл сипаттамайды.
Сондай-ақ төрт саты: дайындық, жете түсіну, қайта бағалау және іс-әрекет бөліп көрсетілетін тәсіл қызықты болып табылады. Бұл сатылар аяқталған және тұтас блок ретіндегі тренингтегі әрбір ойынның барысына жақсы үйлеседі. Дайындық кезеңінде жаттықтырушы топ ойынға дайын болуы үшін белгілі бір стратегия құра отырып, кейде бірнеше сағаттың ішінде, топты қандай да бір тақырыпқа алып келеді. Ойынға дайындық топтың ұсынылған тақырыпқа қызығушылық танытуынан, онда әр түрлі көзқарастар туындап, қатысушылардың көпшілігінде осы мәселені түсінуге деген ынта-ықылас пайда болуынан көрінеді. Жаттықтырушы ойынды ой елегінен өткізіп, рөлдерді бөледі, нұсқаулар береді. Ойын барысында қатысушыларда қандай да бір маңызды заңдылықтар мен ережелерді жете түсінушілік пайда болады. Одан әрі өз тәжірибесін, мінез-құлықтың үйреншікті тәсілдерін қайта бағалау жүреді, жаңа мақсаттар қалыптасады, бұл жаңа әрекеттерге, жаңа алгоритмдерге және жаңа мінез-құлыққа алып келеді. Әрине, берілген сатыларды бүкіл тренинг бойында қайсыбір жиынтық үдеріс ретінде байқауға болады, және оның соңғы сатысы тренинг аяқталғаннан кейін де топ жұмысының қайсыбір жалпы нәтижесі ретінде жалғасады.
Бұдан басқа, әдетте екінші сатыны лабилизация сатысы деп атайтын тәсіл де бар. Өзара жаттықтырушылар бұл сатыны «үстелге тұмсықпен» деп атайды. Оның мәні ең басында, кейде бірден таныса салысымен, жаппай ойын өткізіліп, онда қатысушылардың көптеген қателер жіберетіндігінде. Талқылау кезінде жаттықтырушы барлығының үйренетін нәрсенің әлі көп екендігін түсінулері үшін бұл қателерді одан сайын баса көрсетеді. Осылайша, оқып-үйренуге деген түрткі қалыптасады деп есептеледі. Бірақ іс жүзінде көбінесе кері үдеріс болады: кейбір қатысушылар үшін, мүмкін, тіпті көпшілік қатысушылар үшін де жағдайдың жағымсыз бола түсетіндігі соншалық, олар тек өздерінің қанша көп қате жібергендіктері туралы ғана ойлайды. Сонымен бір мезгілде, топтағы кейбір адамдар мұны тіпті байқамайды немесе, одан да жаманы, қорғанып, бүкіл тренинг бойы кез келген себеппен, қайтсе де ақталу үшін жаттықтырушымен дауласа бастайды. Ал нәтижесінде ешкім де ештеңеге үйренбейді.
Сондықтан, лабилизацияны, әсіресе жаңа бастаған жаттықтырушыларға тренингтен мүлде алып тастаған дұрыс – олардың бүкіл жағдайды қадағалайтын тәжірибелері жоқ және дауласушылармен өзін ұстау тәжірибесі де жоқ. Бұдан басқа, көптеген қатысушылардың өздерінің өте маңызды нәрсеге үйренгендіктерін түсінулері тек тренингтің ең соңында ғана болуы мүмкін. Сайып келгенде, мен түрткіні қызықты материалдың, қызықты ойындардың және жақсы атмосфераның есебінен жасаған дұрыс деп ойлаймын.
Тренинг сатыларына деген мұндай – менің ойымша, «зиянды» – тәсіл терапевтік топтың сатыларын тренингке ауыстырып қолдануды білдіреді. Мәселен, психодинамикалық бағыттағы терапевтік топтарда жауығушылық сатысы болады, оны жаттықтырушыға қарсы жауығушылық сатысы деп те атайды. Терапевтік топтарда жаттықтырушы топтың тезірек ұйымдасып, жоғары ұйымшылдықтың негізінде нәтижелі жұмыс жасауы үшін топты саналы түрде жауығушылыққа итермелейді. Мұндай жауығушылықты тудырудың ең қарапайым нұсқасы – жаттықтырушының тым енжар ұстанымы. Жаттықтырушының күн енді басталғанда шеңберге отырып, бір сөз қатпай, қатысушылардың сұрақтарына жауап бермей отыруы мүмкін. Бұл өте күшті ширығуды тудыра бастайды, ал жаттықтырушының бір сағат, екі сағат немесе тіпті жарты күн үндемеуі мүмкін. Сәлден соң топ наразылық білдіре бастайды, қатысушылар өзара күңкілдесіп, сыбырласады және біраз уақыттан кейін жаттықтырушыға қарсы бірігеді. Жаттықтырушы өте күшті топтық қысым мен жауығушылық ахуалына ұшырауы мүмкін. Содан кейін топ жаттықтырушының мұны әдейі істегенін түсіне бастайды да, оны да топқа қосады, бірақ оған топтың бүкіл наразылығына шыдауына тура келеді.
Терапевтік топта мұндай мінез-құлық әбден орынды, өйткені топ тиімдірек жұмыс жасайтын болады, бұдан басқа, онда терапевтік жұмыс үшін пайдалануға болатын белгілі бір энергетика пайда болады. Бүкіл топтық жауығушылық күллі сессия бойына топ қатысушыларымен жұмыс жасау үшін материал болуы мүмкін екендігі де маңызды.
Бірақ тренингтік топта бұл материал және бұл қуат мүлде қажет емес. Тренингтік топ үшін жауығушылық сатысы да қажет емес, оның үстіне, қатысушылар үшін ол тіпті зиянды да. Терапевтік топтармен жұмыс жасамайтын жаттықтырушы үшін де бұл сондай-ақ жағымды сынақ емес, тіпті зиянды да болуы мүмкін, өйткені мұндай топтан кейін терапевтік көмек жаттықтырушының өзіне қажет болып шығуы ғажап емес.
Қажетсіз сатыларды, атап айтқанда, жауығушылық сатысын алып тастауға болады. Кратохвилдің пікірінше, топ әрқашан дамудың барлық сатыларынан өте бермейді. Жүргізуші алдымен топты ұйымдастырып, белсенділігін бағыттайтын, нормаларды жасап шығаруға көмектесетін, ал содан соң барып біртіндеп байқаушы тұрғысына ауысатын жол да ықтимал. Бұл тіпті жауығушылық сатысы көбінесе белгілі бір процедуралық бөлім ретінде енгізілетін терапевтік топта да мүмкін болады, бірақ тренингтік топта жауығушылық сатысын алып тастау айтарлықтай жеңілірек.
1.3. ЖАТТЫҚТЫРУШЫНЫҢ РОЛІ

Станислав Кратохвилдің «Невроздардың топтық психотерапиясы» атты кітабында жаттықтырушының абсолюттік диктаттан толық енжарлыққа дейінгі топта алатын барлық позициялары жақсы сипатталған. Бұл жіктеуді тренингтік топтарға қатысты да қарастыруға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   82




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет