Жаттықтырушымен дауласатын қатысушыларға қалай ашуланбай сөйлеуге болады?
Мұндай жағдайға дұрыс қарау қажет. Біріншіден, әрқашан екі адам дауласатындығын есте сақтау қажет. Және егер жаттықтырушы қатысушымен дауласпайтын болса, дау да болмайды. Екіншіден, жағдайды дұрыс қабылдау қажет: егер адам қарсылық білдірсе, демек, ол әлденеге мүдделі және, дөрекі түрде болса да, өз мүддесін жеткізуге тырысады. Ал егер адам мүдделі болса, бұл әрқашан жақсы. Ешқандай қызығушылық болмаған әлдеқайда жаман. Жаттықтырушының міндеті – қатысушыларға белсенді түрде көмектесу. Осы жағдайды шешу үшін аздап күш салу ғана қалды: қайсыбір жерде адаммен келісіп, осылай да, басқаша да болуы мүмкін екендігін көрсету және т.с.с. Ең бастысы, қатысушыны материал қызықтырады, жаттықтырушы қызықтырады, және ол белсенді түрде жұмыс істеуге дайын. Мұндай қатысушының болғаны ашуландырмауы, керісінше, қуантуы тиіс. Ал адамды ештеңе қызықтырмаса, онда әлдеқайда қиынырақ болады, өйткені, алдымен оны қызықтыру, содан соң осы қызығушылықпен жұмыс істеу қажет.
Алға – мен жаттықтырушымын, және менің міндетім дауласу мен дәлелдеу емес, жаттықтыру деген мақсат қою керек. Егер қатысушы сіз сипаттаған жағдаймен анық келіспейтіндігін білдірсе, өмірде бәрі осылай еместігін айтса, сіз: «Иә, әрине, бәрі басқаша да болуы мүмкін. Дәл қазір бізде осы тақырыпқа ойын болады, және сендер бізге өз нұсқаларыңды көрсете аласыңдар. Және бұл өте жақсы, бізде мінез-құлықтың әр түрлі тәсілдерін салыстыру мүмкіндігі болады, себебі, мінез-құлықтың бір дұрыс нұсқасы болмайды», - дейсіз. Әрқашан сіздің қатысушыны сөзден ұстауға тырыспайтындығыңызды, барлық жаттықтырушылар үшін өш алмайтыныңызды, ал нәтиже үшін жұмыс істейтіндігіңізді өзіңіздің есіңізге салып отырыңыз. Сөзден ұстау – басқа тәсілдер іске аспағанда қолданылатын ақырғы шара.
Қатысушылар тренинг уақытына өздеріне бүркеншік ат ойлап таба алады ма?
Тренингтер туралы әдебиетте мұндай нұсқалар кездеседі. Кейде жаттықтырушы топта қайталанатын аттар болмауы тиіс ережені енгізеді. Мысалы: екі Ольга бар, онда біреуі, айталық, Ольга, ал екіншісі Оленька болсын – және оларды тек осылай атау керек. Өз басым мұны дұрыс емес деп санаймын. Біріншіден, мен бір Ольгаға қарап сөйлегенде, «Ольга», - деп, сонымен бір уақытта оны нұсқап көрсете аламын. Екінші Ольгаға қарап сөйлегенде, оған бұрылып қарап, атын атаймын. Және ешкім де оларды шатастырып алмайды. Ал екіншіден, біреуін тек Ольга деп, екіншісін тек Оленька деп атаса, онда аты жалған атқа, қандай да бір адамның жай ғана белгіленуіне айналады. Мен атты ауыстыруға болмайды деп санаймын, себебі, өмірде біз қандай да бір ойды, көңіл-күйді баса көрсету немесе адамға да, жағдайға да қалай қарайтындығымызды көрсету үшін көбінесе адамды әр түрлі атаймыз, мысалы, Сергей немесе Сережа. Яғни, егер біз аттарды қатаң бекітетін болсақ, осылайша осы механизмдерді пайдалана алмаймыз және осы арқылы қарым-қатынасымыздың ажарын кетіреміз.
Ал адам өзіне бүркеншік ат ойлап тапқанда, бұл тіпті жаман. Мәселе тренингте адамның өз атынан сөйлейтіндігінде. Және ол өз атын айтып танысқанда, сол арқылы өзіне өз мінез-құлқы, сөздері, қылықтары үшін жауапкершілік алады. Ал өзіне бүркеншік ат алса, ол бұл жауапкершілікті кемітеді. Ал тренинг адамдарды үлкен жауапкершілік сезіміне де үйретуге арналған.
Мысалы, менде топта өзінің өмір бойы осы туралы армандағанын айтып, Джек болуды шешкен адам болды. Ол өзін топта да Джек сияқты ұстады. Басқаларымен салыстырғанда, оны сабасына түсіру де әлдеқайда қиынырақ болды. Ол өзі «Джектің» мінез-құлқы үшін жауап берген жоқ, ол үшін топтағының бәрі ойын болды. Әрине, егер психотерапевт қандай да бір үдеріске бұның көмегі тиеді деп санаса, терапевтік топтарда бұл пайдаланылуы мүмкін, бірақ ӘПТ үшін бүркеншік аттардан ешқандай пайда жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |