70. Психологияны оқытуды әдістемесінде ұсынылатын материалдардың оқыту принципі талаптарына сай болуы
Психологияны оқытудың тиімділігі негізінен педагогтың оқу процесін психология ғылымының теориясы мен тәжірибесінің мазмұнына сай ұйымдастыру іскерлігіне байланысты болады. Осыған байланысты психология пәнінің оқытушысы психологияның теориялық сұрақтарымен бірге, студенттерде жоғары мектепте оқу барысында пайда болатын психологиялық мәселелерге қатысты сұрақтарына да жауап бере білуі керек болатыны түсінікті. Себебі, психологияны оқыту әдістемесі студенттердің ерекшеліктерін ескеруі міндетті.
Оқыту процесі студенттердің өздері қабылдап алған барлық білім, түсініктердің сана-сезімдеріне қандай әсер ететіндігін түсінуіне негізделген кезде ғана тиімді болады. Оқытушы шеберлігінің бірден бір көрінісі - өз пәнінің мақсаттарын адамның қоршаған ортамен және басқа адамдармен қатынастары тұрғысынан қарастыру, ғылыми пәнді социумның, өнердің, мәдениет пен тұрмыстың мазмұнына үйлестіре алу және студенттердің құндылық бағдарларын нақты оқу мақсаттарына айналдыра алуында екені анық.
Психологияны оқытудың мақсаты дәл осы мазмұнды қамтиды: өмірдің әр түрлі жағдайларында адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасын орнатудың теориясын және тәжірибелік білімдері мен әдістерін студенттерге меңгертуді көздейді. Психологияны оқыту басқа адамдардың ойлау бейнелері мен әрекет бейнелерін анықтайтын жағдайларды өзгерту мен түсіну тәсілдерін меңгертуге ғана емес, сонымен бірге, адамның өз тіршілік әрекеті мен санасын да өзгертуге бағытталған.
Қазіргі уақытта оқытудың тиімділігі мәселесі мемлекеттік деңгейдегі аса өзекті мәселеге айналып отыр. Психология ғылымының жетістіктерін өмірдің барлық салаларында пайдаланып жатқанда, білім беру міндеттерін шешуге қолданудың қажеттілігі анық.
Оқыту процесін ұйымдастыруда педагогикалық талаптар деңгейінен көрінумен бірге, психологиялық мәселелерін ескеру қажеттігі ертеден бері айтылып келе жатқанымен, дәл қазіргі уақытта оқытудың басты міндеттерінің біріне айналып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |