ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеу жұмысы сатира мен юморлық кейіпкер аттар болғандықтан, оқырманын селт еткізер, есімі ерекше, «сөйлеп тұрған’’, «айқайлап тұрған’’, мағыналы, эмоциялы-экспрессивтік поэтонимдер талданылды.
Мұндай белгілі бір стильдік мәнде қолданылған поэтикалық аттар ономасиологиялық өрісте поэтонимдер деп колданылып жүргендігі атап өтілді. Сатиралық-юморлық поэтонимдерді зерттеу барысында ауыз әдебиетінен бүгінгі заман әдебиетіне дейінгі аралықты қамтылды. Кейіпкер аттарындағы эмоция, экспрессия, коннатация, сигнификат, пейоратив, деминутив, мелиоратив т.б тілдік құбылыстар танылды.
Қазақ фольклорындағы персонаждардан бастап, бүгінгі қазақ әдебиеті мен түрлі басылымдары бойынша сатиралық- юморлық аттар мен фамилияларды тізіп емес, керегін сүзіп, сараптап, алдық. Қазақ әдебиеті бойынша сатиралық-юморлық аттар түгелге жуық жиналып, жүйеленді. Жиналған екі мың алты жүзден астам кейіпкер атының жетпіс пайызы пейоратив, яғни жағымсыз бейнелер болып келеді, себебі жағымсыздық – әлеуметтік дамуға, тарихи ілгерілеу жолында көлденеңінен тұратын өмір құбылыстары.
Поэтонимдердің мағыналық топтарына лексика-семантикалық және тақырыптық тұрғыдан топтастырулар жасалып, олардың принциптері мен әдістері айқындалады. Семантикалық өріс мәселесі теориялық аспектіде шешімін тауып, соматикалық, зооморфтық, діни-мифологиялық, сандық және т.б. мағыналық-тақырыптар екшеленіп, олардың көп мағыналық, омонимдік, синонимдік, антонимдік, варианттылық қатарлары ерекше фразеологиялық категория ретінде зерттелінді. Бір жағынан, қазіргі қолданысымызда жоқ немесе өте аз ұшырасатын сөздерді айналымға түсіріп, тілдің байлығын арттырудың тағы бір жолын көрсетіп отырса, екінші жағынан, көркем бейнелер жасауда мүмкіндігінің молая түскенін дәлелдейді.
Зерттеуге алынған аттардың астарынан сатиралық-юморлық бейне жасауда стилистикалық мақсат қойылғандығын дәйектеуге талпыныс жасалды. Басқа тілден енген атаулардың кейіпкер атын жасауда белгілі бір дәрежеде стилистикалық рөл атқарғанына көзіміз жетті. Әр сөздің шығу төркінін анықтау арқылы қаламгердің ат қоюда өзіндік уәж болғаны анықталынды. Дегенмен, барлық ат бірдей осындай уәжбен алынған деп тұжырым жасауға болмайды.
Көркем шығармалардағы кейіпкер аттарын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу – ономапоэтиканың қызықты мәселелерінің бірі. Оларды жүйелеу арқылы халықтың қоршаған ортаға көзқарасы, дүниетанымы, этикалық дәстүрі, ұлттық психологиясы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен танымы туралы мағлұмат алуға болады, одан бүкіл этнографиясының пішім-бейнесі толық аңғарылады.
Этнолингвистика аясында зерттеліп отырған кейіпкер аттарын тек таза тілдік тұрғыдан қарастыру тым жеткіліксіз болар еді, өйткені ұлттық таным, мәдени құндылықтар, ментальді құрылым тыс қалар еді. Ұнамсыз есім жағымсыз кейіпкерді ғана танытады екен деп түсініп қалмау керек. Өйткені бұлардың арасында да аракідік кері қолданыс, яғни жағымды кейіпкерге әртүрлі себептермен байланысты қойылған мағынасы ұнамсыз есімдер ұшырасады. Мысалы, Мырқымбай, Дайрабай, Боқбасар, Бойбермес есімдерін алайық, бұлар мағынасы жағынан ұнамдылықты білдіріп тұрған жоқ, бірақ Б.Майлин мен М.Әуезов өз шығармаларында бұл аттарды жағымды кейіпкерлерге берілген. Өмірде де осындай кері қолданыс кездеседі. Баласы тұрмаған ата-ана көз тимесін деп ең жағымсыз мәндегі аттар қойған.
Ономастикалық фразеологиядағы этимологиялық қайнар көзі жан-жақты сан қырлы бастаудан: мифтер, аңыздар, әдеби персонождар, тарихи оқиғалар, нақыл сөздер, тіпті ауызекі қалжыңға айналып кеткен әзіл-оспақ сөздерден де көрінеді. Тұрақты тіркес құрамындағы жалқы есімдердің уақыт өте келе нақтылық мағынасы солғындап, біртіндеп жоғалып, абстракт мағынасы, яғни жалпыға өту тенденциясы байқалады. Көздеген нысанаға дәл тигізетін эмоциялы бояуы күшті, айрықша мәнді сипаттама беретін тілдік тәсілдер арқылы жазушы адам мінезінің толып жатқан қыр-сырын, оның ішкі жан дүниесін, портретін, жағымды не жағымсыз әрекетін бейнелейді, кейіпкерлерді ажуалау-сықақтау үшін аттарын да ирониялық тұрғыдан көрсетеді.
Тіліміздегі қарғыс мәндегі сөздер экспрессивтілік-эмоционалдық реңкте қолданылады. Бұлар – өзінің табиғатына қарағанда халықтың әр кезеңіндегі тұрмыстық, әлеуметтік тәжірибесінің негізінде жасалып, ғасырлар бойында атадан балаға ауысып, жалпыхалықтық сөйлеу тілінде сақталған элементтер. Балағат, қарғыс мәнді сөздер, фразеологиялық тіркестер – қазақтың көне, байырғы классикалық сөз өрнектері, оның қойнау қабатында небір деректер, сан сыр бар, сондықтан айрықша стилистикалық мәнде мінездеме беру мүмкіншілігі мол.
Кейіпкер аттары морфологиялық құрылысы жағынан түбірден, туынды сөздерден жасалып, біріккен тұлғалы, қайталанып келетін, сөз тіркесті және сөйлем сипатты болып келетіндігі анықталды. Лексикалық құрамы жағынан алғанда, ең алдымен, қазақтың көне сөздері мен кірме атаулардан, жергілікті сөйлеу ерекшеліктерінен, тіпті жаргондық қолданыстардан да жасалған.
Кейіпкер аттарының жасалу жолдары адам аты мен әке атауынан және фамилиядан, олардың құрылымдық үлгілері дәстүрлі есімдер мен ойдан шығарылған аттардан тұратындығын көрсетті. Олар гендерлік жағынан әйел, ер деп жіктеуден үлкен екі қатар түзетіндігін көрсетті.
Қазақтың тілінде оның басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр. Оның кейбір нұсқасы бүгінгі ұрпаққа тас мүсіндер мен жартастарға қашалаған жазулар арқылы ескі архитектуралық ескерткіштер мен ғимараттар арқылы жетуі мүмкін. Бірақ, бұлар өткен мәдени рухани өмірдің мың да бір елесі ғана, ал этностың шын мәніндегі болмысы мен дүниетанымы оның тек тілінде ғана сақталады. Олай болса, әрбір халықтың күлу ерекшелігі, күлкісі – психофизиологиялық күйінде ғана емес, тілінде.
Халық тіліндегі бейнелі оралымдардарда әзіл-сықақ көп. Соның көрінісі ретінде халықтың тұрмыс-тіршілік, өмір тәжірибесі, өсиет-өнегесі мақал-мәтелдердегі ұшқыр, қанатты сөздерден көрінеді. Фразеологиялық тіркестердің көпшілігі күлкі-ажуа, келеке, әзіл-сықақ, юморлық қасиетке бай.
Қазақ ұғымында туыстық атауларға байланысты жағымсыз қалыптасқан біраз ұғымдар бар: абысын – бәсекелестікті, күндестікті, жамағайын – бақталастықты, жиен – жиендік, яғни, ұрлық жасаушылықты, жеңге – жеңгетайлық жасаушы, қайынсіңлі – қайырымсыздықты, жезде – бос сөзділікті, білдірсе, қайнаға – сыншы, құдағи – мінші, немере – етін жеп, сүйегін беруші боп келеді. Сатириктердің кейіпкер атына туыстық аттарды беру уәжі – сол атаудың бойындағы жаман қасиетті көрсету.
Әр халықтың мәдени тұрмысын, әлемдік мәдениеттің, өркениеттің ауқымында сөз ету мәселесі тіл ғылымының тамырын тереңге жайған этнолингвистика саласының жан-жақты зерттелуінен туындап отыр. Этнографиялық тіл деректері – қазақтың қара сөзінің мазмұн-мәнін танытатын синкретті категория. Ономасиологиялық концепция бойынша, поэтонимдердің ішкі формасының пайда болуына себепші болған өз заманының өзекті құбылыстары, қазіргі тұрғыдан ақиқат шындықтың бейнесін, мағыналарындағы денотат, коннатат, сигнификат т.б тілдік құбылыстарды экстралингвистикалық факторлардан іздеуге болады. Тілдік таңбаның ерекше түрі болып табылатын ономастикалық бірліктерде ұлтымыздың мәдени кодтары жатыр.
Әр кейіпкер атының астарында ғасыр бойы қалыптасқан дүниетаным, ұлттық болмыс, ұлттық мінез, ұлттық дәстүр, ұлттық наным-сенімнен туындайтын құбылыс – этнолингвистикалық ерекшелік жатыр.
Сатириктер қолданған әлеуметтік символдық түстер – ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, рәсім, ырым, наным-сенім, мифтік түсінік, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Қаламгерлер кейіпкер атына түр-түсті жай әшекейлеу үшін емес, белгілі бір нысананы бағалауда, ойды қысқаша жеткізу, айтайын дегенін дәл беру, оқушының ой-сезіміне әсер ету, көркемдік сипатпен жеткізудің негізгі бір тәсілі ретінде, яғни стилистикалық мәнде әдейі қолданған. Нәзік табиғатты сезіну, түр мен түстің адам мен қоғам өмірінде қаншалықты маңыздылығын түсіну, оны өз орнымен пайдалана білу – нағыз суреткердің қолынан келетін іс, сөздің шұрайын жақсы білетін, лексикалық байлығымызды жете меңгергендігінің дәлелі, стилінің бір қырын көрсетеді. Мысалы, жасыл түспен кейіпкер атының жасалмауы халықтық дүниетанымының шегін көрсетеді. Сатира, юморда қолданылған сандық ұғымды кейіпкер аттары қазақ халқының өз тұрмысына, кәсібіне, салтына сай, нақышты, ұлттық өрнекті бейнелейді.
Тіл халықтың рухани байлығының ең қажеттілерін – мифологиясын өз бойына жинайды. Мифологиялық персонаждарды қолдану арқылы олардың мінез-құлқын, түр-сипатын, жағымсыз іс-әрекеттерін ұлттық дүниетаныммен байланыстырады. Осындай мифологиялық тіл фактілеріне талдау жасау мәдени тамырларымызға үңіле түсуге, оның құпия сырларын түсінуге септігін тигізеді. Кейіпкер аттарының мифтік танымға, әдет-ғұрыпқа, салт-санаға әкеп жүктеу, оларды бір-бірімен байланысты дүние ретінде қарастыруға, мәдениеттің құрамдас бір бөлігі, ұлттық тілдегі бейнесі деп тануға жол ашса, екінші жағынан, ғылымдар сабақтастығын (тіл, мәдениет, тарих, фольклор, этнология, әдебиет және т.б.) жан-жақты теориялық тұрғыдан аша түсуге мүмкіндік береді.
Сатиралық-юморлық кейіпкер аттары ойдан шығарылған, қиялдан туған жасанды аттар болғанымен, оның астарында қазақи мінез, әзіл-қалжың, ойлау дәрежесі, философиясы, тарихы, саясаты, мәдениеті жатыр. Қазақтың юморын еш халықпен салыстыруға болмайды. Сатиралық-юморлық кейіпкер аттарын тілдік жағынан талдау арқылы тіл мен ұлт, сөздің образдық берілісі халық мәдениетінің, танымдық болмысының қайнар көзі жатқанын барынша дәлелдеуге тырыстық.
Жоғарыда ғылыми тұрғыдан дәйектелген экстралингвистикалық факторлар кейіпкер аттарының уәжделуін, олардың ұлттық санамен, болмыспен, тарихпен, рухани мәдениетпен, халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен тығыз сабақтасқан жүйелілігін түсінуге жол ашады. Салт-дәстүр, өнер, мәдениет атауларынан туындаған аттардың жасалуы – ұлттық ерекшеліктің көрсеткіші, мәдениет пен тілдің байланысы мазмұн мен форманың диалектикасы болып табылады. Сатиралық-юморлық кейіпкер аттарын жан-жақты талдай отырып, мынандай қорытындыға келуге болады:
- ұлттық болмысты, этнос тарихын, ғасырлар шежіресіндегі халық өмірінен шынайы мағлұмат беретін, этносты танытатын ақпараттар көзі; ұлттық характер, образ сомдаудың шығармада ұлттық бояудың нақышын әрлендіретін тәсілдің түрі;
Достарыңызбен бөлісу: |