2.2 Патронимдер мен матронимдердің жасалу үлгілері Кейіпкер фамилиялары – көңіл қоярлық, аса қызық мәселелердің бірі. Көркем туындыдағы кейіпкердің фамилиялары Ресей поэтикалық ономастикасында «сөйлейтін фамилия», «ойдан шығарылған», «жасанды», «энциклопедиялық» т.б терминдермен беріліп жүр [Карпенко М.В., 1970, 142].
Қазақ сатирасы мен юморында күлкілі аттар ғана кездеспейді, сол шығармада бастан-аяқ жүретін «әртіс» іспетті, олардың аты-жөні, яғни фамилиялары да болады. Кейіпкердің аталуы сықақшының қиялы мен қаламынан «туатындықтан», миға қонымсыз, ойға сыйымсыздау фамилияларды ұшыратамыз. Кейіпкердің аты-жөні, әке аты, тегі, тіпті шеше атынан жасалған фамилиялардар да кездесті.
О.С.Ахманованың сөздігінде көрсетілгендей [Карпенко М.В., 1969, 224], ары қарай патронимдер (patronyme – әке атауы ) мен матроним (matronymic– ана атауы) деп қолданатын боламыз.
Фамилия – ұзақ жолдан өткен, сан ғасырлық тарихы бар, бірден пайда болған құбылыс емес. Сол заманда фамилияның орнына прозванья сөзі қолданылғанын В.И.Дальдің сөздігінен көруге болады: «Ты как прозыавешься? – как фамилия твоя. Прозванья – проименованье, фамилия человека, придаточное имя, какое носит вся семья» [В.И.Даль, 538].
В.И.Дальдің сөздігінен фамилия «тек», «тұқым», «отбасы» мағынасын білдіргенін білуге болады. М.Фасмердің сөздігі бойынша поляк тілі арқылы қабылданған «фамилия» орыс антропонимиясында славян төркіндес терминдердің арасынан басқа тілден енген сөз ретінде ерекшеленеді. Бірақ орыс тіліне латын тілінен (лат. famіlіa «үй, семья») еш өзгеріссіз енген. «Фамилия» сөзінің мағынасы ұзақ уақыттар бойына латын тіліндегідей мағынада ұғынылды.
Орыс фамилияларының тарихи қалыптасуын А.В.Суперанская ХІV–XV ғғ. деп көрсеткенімен [А.В.Суперанская, 1990, 91], Ю.Федосюк одан да бұрынырақ пайда болуы мүмкін екендігін, себебі көне орыс қолжазбаларында кездесетіндігін айтады [Федосюк Ю.,1972, 5].
Көне Рим мемлекетінде фамилия «отбасылық, әлеуметтік», «заң» жөніндегі бірлік ұғымын білдірген, кейін XVІІІ–XІX ғғ. бұл сөздің мағынасы кеңейіп, «нәсіл», «тек», «отбасы» сияқты ұғымдарды иелене бастады. «фамилия» сөзі төмендегідей ұғымдарды берген: 1.Семья атына жалғанатын, тұқым қуалай берілетін мұрагерлік ат; 2.Бір атадан тараған ұрпақ, тек; 3.Ежелгі Римде семьяға қатысты заңды шаруашылық билігі, бір сөзбен айтқанда, қоғам дамуымен байланысты болатын тарихи категория.
Патронимдердің семантикалық өрісінің өресі және экстралингвистикалық табиғатын анықтау, фамилия тұлғалы кейіпкердің ерекшелігін көрсету үшін мағыналық жағынан талдау жасалынды.
Патронимдік және матронимдік фамилиялардың жасалу жолдары, құрылымдық түрлері мен сандық көрсеткіштерінанықтадық, барлығы 500-ден астам аты-жөні түрліше қойылған онимдік бірліктерді хронологиялық тұрғыдан талдап шықтық. Олардың ішінде -ұлы (80), -қызы (20), -ов (120), -ев (100), -ова (50), -ева (30), -ович (40), -евич (30), -овна (15), -евна (10), -ин (12), -ина (3), түркі изафеті (15), -ич, -еш, -ыч, -ыш, -ыбыш (15), еш қосымшасыз (6), -и (3), -тегі (1), тархан (1), -ский (1). 1. Түркі изафеті түріндегі патронимдер. Халық ауыз әдебиеті нұсқалары негізінде жасалған: Талтақтың Сүлігі, Тазыбайдың Қаншығы, Телпектің Тентегі, Басабайдың Бөдені, Таңқыбайдың Тәмпіші, Тәмпіштің Таңқыгүлі, Дырылдақтың Бөрібасары, Торсықтың Титығы, Күйікбайдың Кетігі, Итаяқтың Ұлтарағы т.б. «Сіздерді келді дегенді естіп, іздемеген жеріміз жоқ. Таптық-ау, ақыры. Сағындық қой, ағайындар-ай!» ,– деп бота-бота боп жылап, мойынымызға асылады. Сөйтсек, Телпектің Тентегі мен Талтақтың бұрынғы сумұрын Сүлігі. Өздері шала мастау екен. «Кеңірдегіміз кеуіп, ішектеріміз шұрылдап барады»,–деп безектеді (Е.Жаппасұлы. Ой, қытығым келеді.)
2. -и үлгісі. Бұл үлгі аталу шыққан жерін білдіретін көне түркі дәуіріне (әл Фараби, Махмұд Қашғари, Хайдар Дулати т.б.) тән қосымша болғанмен, қазіргі кезде архаизмді факторға айналып отыр [Жанұзақов Т., 1971, 100 б]. Мұндай үлгідегі патронимдер өте аз кездесті: Бұлаққұйрық Бәстеми, Жалпақбет Жұмалақи, Менменхан Жолтапқани. 3. -тархан. Бұл сөздің шығу тарихы тереңде, түркі тайпалары тілінде қолданылған. Орхон-Енисей жазбаларында, М.Қашғари сөздігінде арғу тілінде «бай» деген мағынаны білдірген. Ғалым С.М.Шапшал «Бұл тархан сөзі әуелде монғол тілінде дархан формасында айтылып, «ұста», «ерікті адам» мағыналарында қолданылған болу керек» [Әбушәріп С., 2003, 302] ,–деген пікірді айтады. Көне түркі дәуірінде тархан сөзі алым-салық төлемейтін басы бос, еркін адам болған, жанама есім, дәреженің бір түрі деп есептелген. Бұл үлгіде патроним Қайрақ Егеу-бек Тасқайрақ тархан Малтатас жалқы кездесті.
4. -тегісөзімен келген патроним өмірде жиі кездесетін антролексема болғанымен, сатирада жалқы кездесті: Сәндіаяқ Дөңгелекұлы Машинатегі. Махмұд Қашқари «тегін» сөзіне қызықты түсінік берген: «Тегін – бұл сөздің түп-төркіні құл еді. Сондықтан, түр-түсі күмістей құлпырған құлды Күміш тегін, батыр құлды Алып тегін, құтты аяқ, майлы аяқ құлды Құтлығ тегін деп атайтын. Бертін келе тек қана қағанның балаларына бағышталып қалды. Тіпті, бұл сөз кейбір жыртқыш құстардың атымен қосарланып қолданылатын болды. Мәселен, Чағры тегін – Қаршыға тегін, Құч тегін – Күшті тегіндеп атайтындары сияқты. Бұл сөздің Афрасиабтың ұлдарына қалай көшкеніне келер болсақ, олар өздерінің аталарын аса құрметтеп, ерекше теңдессіз көретін. Сондықтан, олар кез келген атасына жүгіне қалса немесе хат жазса, өздерін мүлдем төмен ұстап, «Құлыңыз оны былай істеді», «Құлыңыз бүгін мынадай іс бітірді» дейтін. Кейіннен бұл сөз олардың өздеріне атақ, жанама есім болып қалды» [Әбушәріп С., 2003, 26 б].
5. -ұлы, -қызы сөздері арқылы жасалған патронимдер XІX ғ. дейін белсенді түрде қолданылып келген [Жанұзақов Т., 2003, 7 б]. Бұл тұлғалар Орхон-Енисей жазбаларынан да, батырлар жырынан да көптеп кездеседі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда жарық көрген туындыларда осы қолданыс түрі жаппай орын алып, ұлы, қызы антропонимдік қосымшалары өмірге мықтап енді.
Аталған қосымшалы тұлғалардың ішінен -ұлы, -қызы, -тегі тұлғаларымен келген патронимдерді ұлтымызға тән этникалық нышан деп қарастыруға болады. Бұл жолмен жасалған патронимдер көп кездесті: Ақылбай Несиеұлы, Әпербақан Тоңмойынұлы, Әйтеуір Бірдеңеұлы, Дәмесін Қарайгөрұлы, Маубасқұл Есінеұлы, Қысқабай Нұсқабайұлы, Асаған Жасағанұлы, Аңғалбек Жаңғалақұлы, Момын Аңғалұлы т.б. Әйелге байланысты -қызы сөзімен жасалған матронимдер саусақпен санарлықтай: Әйпін Әрекеқызы, Ирек Шапанқызы, Қайынсіңлі Бикешқызы, Ойбике Ойбайқызы, Ойбике Сұрқияқызы, Тиын Тебенқызы, Төркінгүл Некебұзарқызы, Бәтіңкеқызы.