8. Шылау сөздерден жасалған СЮП-тер. Шылау – өздері тіркескен сөзге әрқилы реңк жамап, мағынасын айқындап, толықтырып отыратын көмекші сөздер. Кейіпкер аттарының эмоциональды ыңғайда жұмсалу аясының кеңдігі, көбінесе аффикстердің қызметіне байланысты. Тіліміздегі –ай, -екеш, -да қосымшалары ұнамсыз реңк тудырып, қомсыну, мысқылдау, кекету сияқты жағымсыз әсерді күшейтеді.
Ұятай > ұят+ай. Қазақта соңғы туған баланы Кенже деп атау үрдісі бар.Көп балалы ана Ақкүміс әже Кенжебек, Кенжегүлден кейін туған баланы «ел-жұрттан ұят болды, осы да жетер, қызалақтың атын Ұятай қойыңдар» дейді.
-ай – сөздің мәнін күшейтетін демеулік шылау таңдану, таңырқау мәнін үстейді. Ай+қап, Обал+ай, Елім+ай сияқты СЮП-тер бар.
-екеш – кемсіту, қомсыну, мұқату реңктерін білдіреді: Сом+екеш, Құл+екеш. -да – Айдабол < ай+да+бол, Ұрдажық < ұр+да+жық < ұру, сабау, соғу, түйгіштеу, жығу, құлату, сұлату, алып ұру, жеңу дегенді білдіреді, Ұрдажық сөзі жалпыланып’, дөрекі, дөкір, төбелесқұмар’ деген ұғымда жұмсалады. Бұл жерде де шылауы ұржәне жық сөздеріне үстемелеп, күшейту үшін дәнекер ретінде жалғауыш болып тұр.
Айдабол атын жіктесек, айда, бол деген императив тұлғалы сөз шығады. Ауызекі сөйлеуде айда сөзі жарайды, құп дегенді білдіреді. Бұл сөз орыс тілінде де кездеседі, бірақ ол орыс тілінде кірме сөз ретінде қабылданған, Мысалы, украин тіліндегі гайдамак атауын Н.К.Дмитриев түркі сөзінен алынған дейді [Русская фразеология., 1986, 20].
Айдабол, Ұрдажық, Ұятай – бұл бейнеленген кейіпкерлер – біз өмір сүріп отырған заманның «жемістері», осылардың бәрін бір адамның бойына сиярлық етіп шебер суреттеудің негізінде образы біздің көз алдымызда тұрады.
9. Аббревиатураланған СЮП-тер Қазақ аббревиатурасының жасалу, қалыптасу жайы сонау қазақтың ауыз екі сөйлеу тілінен, оның орфографиялық, кейде нақыштық, бейнелеу, сөз шеберлігі дәстүрімен байланысып жатыр.
Деректерге жүгінсек, қазіргі қазақ тіліндегі апар, әкел, әпер, әпербақан осылардың бәрі дерлік біріккен немесе кіріккен сөздер деп аталынып жүрсе де, шынтуайтқа келгенде, қысқарған сөздер – бір-бірімен жымдасып кеткен, яғни аббревиатураға ұшыраған. Тіл-тілдегі сөз жасаудың өнімді тәсілдерінің бірі болып табылатын аббревиатуралаудан кейіпкер аттары жасалған.
Мұндай жолмен жасалған СЮП-тер зерттеуімізде аз да болса, кездеседі: Әпербақан < алып+бер+бақанды, Совхозбек < советское хозяйство, Двкәлі < ДВК < Демократический Выбор Казахстана+әлі, Касемсот < К-700, Колхоз+бек < коллективное хозяйство, Спидбек < СПИД+бек. Бұл аттардың ішінде Касемсот – келінніңат тергеуінде, Двкәлі – саяси кейіпкер ретінде аталады. «Тіл феноменін – тіл әлемін этностың өзін танып білудің қайнар көзі, біліктіліктің кәусар бұлағы» [Кайдар А.,2003, 11] деп академик Ә.Қайдар айтқандай, қазақты этнотұлға ретінде тануға сөз табының барлық түрінен жасалған СЮП-тер уәж бола алатындығына көз жеткізуге болады.