3. Хан – түрік-моңғол ел билеушілеріне берілген шонжарлық лауазым, дәреже. Ханды ақ киізге көтеріп сайлаған, содан тілімізде хан көтеру құрметтеу дейтін ұғым қалыптасқан. Ханда қырық кісінің ақылы бар дейді. Қазақ даласында хандық дәуір Кеңес өкіметі орнағанға дейін өмір сүріп келді. Тарихта Жәнібек, Керей, Есім, Қасым, Абылай, Әбілқайыр сияқты атақты хандар ғұмыр кешті. Хан аты – киелі, қасиетті. Сондықтан болар - хан формантымен келетін кейіпкер аттары да некен-саяқ кездесті: Бу+хан, Бөрлі+хан, Елік+хан, Елес+хан, Жайсаң+хан, Жалау+хан, Зарлы+хан(ова), Күлмес+хан, Қарыз+хан, Масыл+хан, Менмен+хан(ова), Мұнай+хан, Ой+хан, Ойрат+хан, Орда+хан (ов), Өгіз+хан, Өлмес+хан, Памфлет+хан,Уыз+хан, Ұрме+хан, Хан+өлмес (ов). Ойрат+хан.
Бай, бек сөздері әрі тура мағынасында, яғни терминдік мәнде, әрі жалпы атау ретінде қолданыла береді. Мысалы, бек сөзі Бухарда жалпы ел билеуші деген мағынада хан сөзінің синонимі ретінде еркін жұмсалған. Сондай-ақ кейін XІX ғасырда, көбінесе орыс империясының монарх титулын білдіретін патша сөзін XVІІ ғасырдың әдеби үлгілері хан, төре, бек сөздерінің дублеті немесе синонимі ретінде пайдалана берген [Сыздықова Р. 1993,156].
4. Патша – төңкеріске дейінгі Ресей монархының титулы, қазақ ұғымында ел басқарушы, әмірші (Ақ+патша, Бай+батша, Нар+батша).Маңғыстау өңірінде ақ патша сөзін баласын еркелету түрінде қолданылады.
5. -қожа:Жаман+қожа, Қожа+берген, Қожа+насыр, Сәни+қожа, Тұқым+қожа. Қазақ даласына алғаш ислам дінін уағыздаушы және оны таратушылар өздерін қожалармыз деп таныстырған. Олар діни сауатты адамдар болған, қазақтан қыз алып, бірақ қыз бермей, халық арасында өздерін оқшау, жоғары ұстаған, діни алым-салықтар жинап, еңбексіз ел үстінен күнелткен. Қожалар – башқұрт, татар, өзбек арасынан шыққан да, Қазан, Уфа, Бұхара, Ташкент, Түркістанның медресе-мешіттерінде оқыған адамдар. Қожа сөзін сатириктер көп пайдаланбаған.
Бұл аттардың ішінде Б.Соқпақбаев мүсіндеген бала кейіпкер Қожаберген юморлық бояуымен ерекшелененіп тұр. Жаны тұнық, таза, бірақ жүрген жері айқай-шу ауыл баласына ат таңдауда жазушы Қожанасыр бейнесін елестететкені анық. Қожаның балалар арасында «Қара Қожа», «Қара көже» деп аталуының өзі қазақтың ұлттық танымын, қарапайым ақыл-парасатын танытып тұрғандай. Қара көже – қарабайыр болса да, қазақтың ұлттық асы. Дегенмен, айналасын билеп-төстеген бірде тентек, бірде сүйкімді Қожадай баланың әрбір үйден табылары анық. «Қожа бейнесі қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен тайталасып, соларға жетеғабыл жүруінің өзі әдебиетіміз үшін аз бедел емес» [А.Мұсаев. 46],–деп түйіндейді ғалым А.Мұсаев.
6. -ғали: «Біріккен тұлғалы кісі аттары сыңарларында келетін ғали сөзі Батыс Қазақстан тұрғындары тілдерінде басым кездеседі» [Жанұзақов Т., Есбаева К.;1988,463] Әйдік+ғали, Бұта+ғали, Жас+қали, Жапа+ғали(ев), Жүйкіт+қали, Зыттты+ғали, Иіс+қали, Кәрі+ғали, Көрші+ғали, Қу+ғали, Қуса+ғали, Құда+ғали, Мес+ғали, Монша+ғали, Нәр+ғали, Опа+ғали, Пародия+ғали, Саңлақ+ғали, Сайра+ғали, Сыпырғали, Танау+ғали, Той+ғалиев, Үрей+ғали.