2.3.1 Ер адам аттарының жасалу жолдары Қазақ тіліндегі ең құнарлы сөзжасамдық үлгі болып табылатын композиттік жасалымды біріккен және кіріккен сөздердің негіздерін мынадай топтарға жіктеуге болады: біріккен тұлғалы ер және әйел аттары. Олардың құрамын зерттеу арқылы қандай антролексемалармен жасалғандығын анықтап, гендерлік жағынан ер мен әйел, яғни патроним және матронимдік тұрғыдан қарастырдық. Кейіпкер аттарында гендерлік жүйе бойынша тірек сыңар ретінде келіп, ер және әйел атын жасайтын сөз болып келеді.
Түркі тілдерінде сословиелік титулды үшке жіктеп қарастырады. Бірінші, түркі тілдерінен – хан, тегін, оғлу, бек, би, бай, бике, қатын, ханша, шора, тархан, жалшы; екінші, араб тілінен – сұлтан, шейх, әмір, ахун, қажы, молда, мәулен; үшінші, парсы тілінен – шах, мырза, қожа [Саттаров Г.Ф., 1970, 52 б].
Патронимдерді құрылымдық жағынан зерттегенімізде, түбір сөзден және екі не үш сөздерден құралған күрделі тұлғалы болып келетіндігі анықталды: бай (150), -бек (100), -хан (20), -қожа, -ғали, -құл, -тай, -жан, -патша. 1. «Бай» сөзі сыңарында келген біріккен тұлғалы СЮП-тер көп кездесті. Олардың жасалу уәжінің түрліше және бай сөзі қазақ тілінде көп мағыналы болып келеді: олардың бірсыпырасы Түйебай, Жылқыбай, Байбол тәрізді аттар «байлық, молдық» ұғымымен байланысты болып келсе, бірсыпырасы кейіпкер атын жасаушы антрополексема түрінде жұмсалып, неше түрлі стилистикалық мағынада жұмсалады.
Бірікккен тұлғалы кісі аттарының синтаксистік жүйесіне, оның дыбыстық және морфологиялық құрылымына ерекше назар аударып, терең ғылыми ой-пікір қорытқан Қ.Жұбанов болды. Итбай, Қасқырбай деген аттардың қойылу уәжін профессор Қ.Жұбанов: «Қасқырға, итке бай кісі болмайды. Адамның негізгі байлығы – мал. «Бай» анықтауышы белгілі бір адамдардың мәртебесін, дәрежесін көрсетеді. Ол «ит» сөзіне анықтауыш бола алмайды, өйткені кедейлік пен байлық мөлшері итпен өлшенбейді» [Жұбанов Х., 1963, 62 б] ,– деп түсіндіреді.
Зерттеу көрсеткендей, бұл құбылыс сатирада ерекше байқалады. Профессор Е.Жанпейісов мұны былай түсіндіреді: «Дағдылы ауызекі тілде кекесінді, юморлық сарында кейбір адам жөнінде сөлпекбай немесе бөспебай деп те өзара айтылады. Осы әдісті кейбір автор таза стильдік мақсатқа, көркемдік ұтымдылық үшін пайдаланады» [Жанпейісов Е., 1968, 151 б]. Қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар проф.Т.Қордабаев бір мақаласында Абайдың бір шумағын келтіреді:
«Жамантайдың баласы Көжек деген
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досың келіп досыңа жамандайды
Шіркінде ес болсайшы сезед деген». Ғалым осы Көжек деген атты қолдана отырып,ғылымдағы күншілдік, бақталастықты көжекбайлық деп сынайды. Кейіпкер аттарының бай арқылы жасалуы стильдік жалпыламалық сипатқа ие. Мысалы ауызекі тілде бос жүрген адамды – Селтеңбай, бұзақыны – Содырбай, сараңды – Шығайбай, Қарынбай, дөрекіні – Дөкірбай, қорқақты – Қоянбай, қуды – Түлкібай, жеңілтекті – Елпекбай, семізді – Бөшкебай деп айту үрдісімізде бар. Ғалым Ж.Исаева: «Қазақ тілінде пәленбай адам, түгенбай деген кісі деп айтыла береді, қазақбайшылап» деп те қолданылатынын [Исаева Ж., 2004, 96] айтады. Сонымен, тілдік қолданыста «қазақбай» сөзі, қазаққа тән ерекшелікті, қазақилықты білдіреді десек, ол кейіпкер аттарынан көрініс тапқан.
«Жас Алаш» газетіне Б.Қайратұлының «Қазақбайдан туған сиам егіздері» атты ертегі жарияланыпты. Ертегінің қысқаша мазмұны мынадай: ертеде Сәбетбай деген шал өмір сүріпті. Оның төрт әйелінен он бес ұл болыпты. Бәйбішесінен Орысбай атты жалғыз ұлы, тоқалынан Беларыс, Укірайна, Ләтіп, Литіп, Естен, Молдабай атты арыстай алты ұл, екінші тоқалынан Гүржан, Арымжан, Әзірбайжан атты үш ұл, кіші тоқалынан Өзбекбай, Тәжікбай, Қырғызбай, Түрікмен, Қазақбай атты тағы бес ұл сүйіпті. Күндердің күнінде, мешін жылы, 74 жасында Сәбетбай шалды мерт деңдеп, бір күні жарылып кетіпті. Әрең шыдап отырған ұлдары жан - жаққа тұра қашыпты. Жеке - жеке туларын тігіп, той жасапты. Сорлы Қазақбай болса, желтоқсан айының ортасында ғана туын тігіп, жеке шығыпты. Қазекеңнің әйелі сегіз ұл туыпты. Онысы – сиам егізі екен. Екеуі екі тілде сөйлейді. Бірі орысбайша, екіншісі - қазақбайша. «Қазақбайдың сиам егіздерінен қандай бала туады?» әлем таңдана отырған секілді [Қайратұлы Б. «Қазақбайдан туған сиам егіздері» // Жас Алаш. –2003. –№ 7.] Бұл жерде қаламгер айтайын деген ойын, яғни қос тілділікті сынау үшін әдейі стилистикалық мақсатпен осындай аттарды таңдап алған.
Мұндағы кейіпкер аттарында орфографиялық өзгерістер болмаса, сөздің мағынасы түсінікті. Нақтылағанда: Сәбетбай – Совет елі, Орысбай – Русь/Ресей, Беларыс – Беларусь, Укірайна – Украина, Ләтіп - Латвия, Литіп - Литва, Естен – Эстония, Молдабай – Молдавия, Гүржан – Грузия, Арымжан – Армения, Әзірбайжан – Әзербайжан, Өзбекбай –Өзбекстан, Тәжікбай –Тәжікстан, Қырғызбай – Қырғызстан, Түрікмен – Түркменстан, Қазақбай –Қазақстан. Ертегіде бұдан басқа Керман (Германия), Әмірикан (Америка) сияқты этнонимдер бар. Ұлт атауын білдіретін Әдігей – адыгей, Кәрісбай –кәріс, Өзбекулла – өзбек және Сартбек (саудагер ) өзбек халқын ауызекі тілде сарт деп атау кездеседі.
Сонымен, «бай» сөзімен келген СЮП-терді келтірсек төмендегідей тізім шығады: Адырнабай, Айдаубай, Айқайбаев, Айтбай, Алаңбай, Алқамбай, Анаубай, Аңғалбай, Аңқылбай, Арақбай, Арқабай, Атайбаев, Аудашбай, Аюбай, Әгібай, Әккібаев, Әктібаев, Әкімбай, Әңгірбаев, Әңкібаев, Әпішбай, Әрдеңбай, Әртісбай, Әрубай, Бақабай, Бақсыбай, Балшықбай, Баспақбай, Батпақбай, Бергенбай, Бестібай, Битбаевич, Бозабай, Борпаңбаев, Борсықбай, Босаңбай, Бөртебаева, Бөрікбай, Бөсербай, Будабай, Бұйрықбаевич, Бұқабаев, Бұлбай, Бүйенбаев, Бүйлібай, Бүлдірбай, Бүргебай, Бүргембай, Былықбай, Быршымбай, Білгішбай, Бітесбай, Дабылбай, Дайрабай, Далабай, Дарабай, Дәркібай, Дедекбай, Дөкірбай, Дүмшебай, Дүбірбай, Дүңгірбай, Діңкебай, Діңгірбай, Елімбаев, Елтірбай, Есекбай, Жансаубай, Жатырбай, Көжекбай, Көпесбаев, Көпірбай, Көсекбай, Қазақбай, Қалтақбай, Қарабай, Қойынбай, Құмалақбай, Қысқабай, Қырғызбай, Мәндібай, Мәнсізбай, Мәңгүртбай, Мойынбай, Молдабай, Мұрбай, Мықтыбай, Мырқымбай, Ноқтабай, Өзбекбай, Оңшылбаев, Пышақбай, Сәбетбай, Солшылбаев, Спиртбай, Сырабай, Сіркебай, Тәжікбай, Тесікбай, Түбекбай, Тұзбай, Түйнекбай, Тіреубай, Ұйқасбай, Үкімбай, Шақшабай, Шоңбай, Шілдебай, Ылаңбай т.б.