3.7 Этимологиялық этюдтер Кейіпкер аттарының жасалу жолдары, лексикалық құрамы жағынан сан алуандылығымен ерекшеленеді. Кейбір аттардың құрамы көне заманда қолданылған, шығу төркіні белгісіз болып келсе, енді бірі араб, парсы, монғол немесе славян, роман тілдерінен енген. Проф.ТЖанұзақов «Жалқы есімдерді этимологиялық тұрғыдан талдап түсіндіру, жалпы есімдерге қарағанда олардың көптеген ерекшеліктерге ие екендігін анықтай түсудің де маңызы зор»,– екендігін баса айтады. Сондықтан олардың этимологиясын (шығу төркіні) анықтау, зерделеудің ғылыми маңызы айтарлықтай нәтиже берері сөзсіз.
*Аңырақай шал. Аңырақай ↔ аңырақай деген атау бізге «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» зобалаңынан таныс. Кезінде жоңғарлармен 44 күн ұрыс болған, ірі жеңіске жеткен жер ретінде, яғни Далатаудағы ұрыс Аңырақай соғысы аталып кеткені белгілі. Халқымыздың жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ең ірі жеңісі 1729 жылғы Балқаш бойында болған. Қазақ жақтан Шапырашты Бөлек батыр шығып, қалмақтың батыры Аңырақты өлтіреді. Ел аузында «ойраттың аңыраған дауысынан ұрыс даласы Аңырақай атанған» деген сөз бар. Жер атауы қалмақ батырдың атынан шыққан ба әлде төл сөзіміз бе деген сұрақ туындайды. Көптеген ғалымдардың (Э.Мурзаев, А.Әбдірахманов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов) осы сөздің шығуы жөнінде біраз пікірлерін білдірген. Сөздің шығу төркініне назар аударсақ, атаудың негізгі түбірінде аң сөзібар. Акад.Ә.Қайдардың пайымдауы бойынша, аң – «жарық, сызат», аңқай < аң+қай «аңыраю, айқара ашылу», проф. Т.Жанұзақ «тау ортасындағы ашық алаң, кең жер, алқап» дегенге саяды.
Сөздің топонимдік уәжділігі жөнінде ғалым Б.Ақпанбектің келтірген дерегі қызықтырады: «Аңырақай –қазақша Марс сайранының (планета) аты. Тағы бір атауы – Арай, аңырақай – Арай – арғы ай деген сөзден шығады. Арғырақ тұрған ай – арғырақ ай – аңырақай болып қалыптасқан. Ал, ар (ғы) ай үндестік заңына сәйкес «Арай»болып қалыптасқан» [Б.Ақпанбек, 122 б] дейді.
Аңырақай деген атаудың өзі бірнеше ғасырды кешіріп келеді. Кейіпкердің Аңырақай деп аталуыныңуәжі шығармада шал адамның бейнесі, яғни қарттық пен көнеліктің белгісі даламен салыстыру ретінде қолданылған деуге болады.