КОММУНИЗМ (лат. – ортақ) – маркстік-лениндік философияның басты категорияларының бірі. Адамзат тарихы өзінің даму барысында әртүрлі тап күрестерінің арқасында әртүрлі қоғамдық формациялардан өтіп, ақырында осы К-ге жетеді. Бұл адамдардың бәріне игілік, жақсылық әкелетін қоғам. Ондай қоғам туралы алғашқы ойлар Платонның, Аристотельдің, Фарабидің идеалды мемлекет туралы ілімдерінде кездесті. Жаңа заман кезінде Т. Мор, Т. Кампанелланың еңбектерінде, Асан қайғының қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған «жерұйық» туралы ойларында адамдарға байлық, бақыт әкелетін қоғамды аңсап, армандау жатыр. Маркстің, Лениннің, олардың ізбасарларының шығармаларында К. адамдарды тең қылатын, әділетті, жеке меншік жойылған, қоғамдық табыс адамдардың мұқтажы мен физикалық мүмкіндіктеріне қарай бөлінетін экономикалық-қоғамдық формация ретінде уағыздалады. Бұл ұлы ойшылдардың «балалық утопиясы» еді. Өйткені, нағыз рухани жетілудің көзі болып табылатын дін жоққа шығарылып, оның тек апиын деңгейінде сипаттау К. туралы ілімде басымдық танылады. КОММУНИКАЦИЯ (лат. communіcatіo – қатынас, байланыс) – қатынас, байланыс, хабарлау амалдарының жолдары. Адамдардың бір-біріне хабар беру (идея, образ, баға, белгі т.б.) жолдары, бір-бірімен хабар алысушыларды байланыстыратын канал, хабарды беру және алу процесі, хабарды алу және беру барысындағы байланыс т.б. К-ға жатады.
КОМПАРАТИВТІЛІК (лат. comparatіous – салыстырмалы) – мәдениеттануда салыстырмалы зерттеу арқылы мәдениеттегі жалпы және ерекше құбылыстарды анықтау, ондағы даму тенденциясын айқындау әдісі. К.әдісіне жататындары: салыстырмалы әдіс (әртүрлі текті объектілерді салыстыра отырып табиғатын ашу), тарихи типологиялық салыстыру (генезисі мен даму жағдайлары бірдей, шығу тегі жағынан түрлі құбылыстардың ұқсастығын түсіндіреді), тарихи – генетикалық салыстыру (құбылыстардың ұқсастығы олардың шығу тегі жағынан жақындығының нәтижесі) т.б. К. ағымы – тарих ғылымында, тіл білімінде, этнографияда, социологияда, заң ғылымында, әдебиеттануда кеңінен қолданыс тапты. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
КОНВЕНЦИОНАЛИЗМ (лат. – келісім) – философиялық қағида ретінде, логиканың қағидаларын тек келісімділіктің шарттары деп есептейді. Сирегірек, термин К. этикада императивтік пен конвенциалдықты (келісімділікті) бір-біріне қарсы қойғанда қолданылады. Р. Карнап К-ді жарасымдылық (төзімділік) қағидасы ретінде қарастырып, ғылымның және қоғамның ережелерін қалыптастырғанда тілдің рөлін ерекше атап өтеді. Егер «конвент» сөзінің ағылшын тілінде де, француз тілінде де заң шығарушы мәжіліс екенін, ал «конвенция» сөзінің келісім-шарт ұғымын беретінін ескерсек К-ді консенсустың идеялық платформасы деп қарауға және жеке адамдардың, топтардың, мемлекеттердің, әртүрлі саяси күштердің пікірлерін келістіру арқылы ортақ келісімге келуге мүмкіндік беретін саяси бағыт ретінде қарастыруға болады. К. саяси философия ретінде – қоғамның ашықтығының, қабылданған саяси шешімдердің сапасын тексеру мүмкіндігінің белгісі деп түсінуге болады.
КОНВЕРГЕНЦИЯ (лат. convergere – жақындасу, түйісу, қиылысу) – этнографияда әртүрлі халықтардың мәдениетінде қоғам дамуының жалпы заңдарының ықпалымен бір-бірінен тәуелсіз туған өзара ұқсас немесе бірыңғай мәдени құбылыстарды білдіру үшін қолданылатын термин.Ал мәдениет конвергенциясы – мәдениеттердің жақындасуын, бірігуге бейімділігін, процестерді айқындайтын термин. Мәдениет айырмашылығы күннен-күнге азаюда, бұның аяғы синтездік нәтиже беруі мүмкін деген болжам да жоқ емес.
КОНДИЛЬЯК Этьен де Бонно (1715 – 1780) – француз философы, қазіргі сенсуализмнің негізін қалаушылардың бірі. Қоршаған орта туралы деректер түйсік, қабылдау арқылы алынады да ақыл-ой, жігер арқылы өзгеріске түсіп, жаңа білімге айналады. Ол психикалық процестерді де – еске түсіруден бастап ойлауды қоса – жігердің, сезімдік қабылдаудың өзгеруінің нәтижесі деп білді. Бұл ретте адамның көңіл күйі т.б. субъективті қасиеттері үлкен рөл атқарады.