Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ЭЛИТА ТЕОРИЯСЫ (франц. elіte – үздік, таңдаулы) – қоғамның ілкі топтарының ерекше миссиясы мен әлеуметтік-саяси және интелектуалдық белсенділігі және қалған адамдардың енжарлығы туралы теориялар. Бұл теориялар негізделуіне байланысты ажыратылады. Биол. теориялар бойынша биол.-генетик. белгілеріне байланысты (Р.Уильямс, Э.Богардус) адамдарды аса көрнекті және қатардағы, белсенді және енжар, ақыл-есі дұрыс немесе кеміс деп негіздейді. Психол. теорияларда (Г.Джилберт, Б.Скиннер) – біреулердің қабілеттілігі мен екінші біреулердің қарабайырлығына түрткі болатын психол. қасиеттерге сілтейді. Осы сияқты психик.-аналитик., әлеум.-психол., технократтық және ғыл. теориялар бар. Белгілі бір мәселелерді түсіндірудегі алуан түрлі өзгешеліктеріне қарамастан барлық Э. т. үшін: қоғамды әрқашан элитаға және бұқараға бөлетін – адамдардың табиғи тең еместігі туралы; ғыл.-тех. және әлеум. прогрестің қозғаушы күші ретінде элитаның қажеттігі туралы; біреулердің сөзсіз үстемдік етуі және басқалардың сөзсіз бағынышты болуы туралы; көпшіліктің үстінен қарайтын билеуші азшылықтың толық құқылығы мен заңдылығы туралы; тарихи процеске ешқандай игі ықпал етпеуін былай қойып, өз бойына өркениет жетістіктеріне қарсы шығуы мүмкін «іріткі күштерді жинақтаған» бұқараның енжарлығы мен аморфтығы туралы жорамалдар ортақ болып табылады.
ЭПИСТЕМА (грек. epіstemos – білім) – нақты тарихи кезеңдегі білім шеңберін белгілейтін тәжірибеден бұрын ерілген тарихи өзгермелі құрылымдар. Э. ұғымы М.Фуконың «Сөздер мен заттар. Инсаният ғылымдарының археологиясы» төмендегідей жіктелген: Қайта өрлеу (XVІ ғ.), классикалық рационализм (XVІІ-XVІІІ ғ.), қазіргі Э. (XІX-XX ғ.). Бұл жіктеудің негізі – сөз бен зат арасындағы қарым қатынас, немесе, тілдің мәдениеттегі маңызы. Қайта Өрлеу кезеңі үшін сөз бен зат арасында сәйкестік тән, яғни, тіл зат арасындағы зат, классикалык рационализмде тіл ой әйгілеудің құралы, қазіргі кезде тіл өзара дербес күш. Фуконы әртүрлі әңгімелеу рәсімдерінің мүмкіндік аясы қызықтырады. Ол сана мен мәдениеттің түрлі дәрежелік жүйесінде әйгіленетін құрылымдар мен тәуелділіктерді қалтықсыз қағазға түсіруге тырысады.Таным ақылға сиымды құндылықтар мен дербес қалыптардан тыс қарастырылады. Зерттелуге тиісті нәрсе өрлеу, өңделу барысындағы танымның тарихы емес, оның мүмкіндік кеңістігінің тарихы. Фуконың пікірінше зерттеудің нәтижесінде «тәжірибелік танымның алуан түрлі нұсқасын келтірген білім кеңістігінде пайда болатын кескіндер әйгіленуге тиіс. Мәселе дәстүрлі ұғымдағы тарихтан гөрі археология ұғымына жақындау». Э. мен парадигма белгілі дәрежедегі ұқсастық пен айырмашылық бар. Бұл екеуі де белгілі кезеңнің құрылымдық ерекшелігіне мегзейді. Бірақ егер парадигма ғылымдар арасындағы тәртіп негізіне сүйенсе, Э. танымдық ұстанымның мәдени-тарихи шекарасын ашып береді.