Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ӘЙТЕКЕ БИ – Әйтек Байбекұлы (1644 – 1700) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, қоғам қайраткері. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейтқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары болады. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Ол алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі «Тіллә-қари» (Алтынмен апталған), «Шердор» (Арыстанды) медресесінде білім алады. Нәтижесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шығады. Ақша бабасынан елшілік, ел басқару жолдары мен тәсілдерін үйренеді. Ал Жалаңтөстен әскери қолбасшылық дағдыларын үйренеді. Медресені тамамдаған Ә. туған ауылына оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. Жиырма бір жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады. Ал 25 жасында Кіші жүз оны бас би етіп сайлайды. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша ат салысады. Кейін Тәуке хан құқықты «Хан кеңесін» сайлап, Әйтеке Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болып сайланады. Осы тұста елге жаңа заң үлгілерін жасау керек болды. Тәуке хан, Әнет баба, Соқыр Абыз, Майлы, Төле, Қазыбек т.б. билердің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» қабылданды.
«Жеті жарғыда» Ә. ұсынған баптардың ішінде – «Сүйек құны», «Өнер құны» белгілі. 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы үлкен жанжал дауға айналып кете жаздайды. Әлі сұлтанның тентек ұлы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына дегеніме көнбедің деп өшігіп, бір күні қып қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйілтіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді. Ашынған ағайындары төреден құн сұрайды. Әлі сұлтан барған адамдарды маңына жолатпай, келген билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры ел арасы екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Ә. биге келіп өтініш жасайды. Ол қасына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Ә-нің айбарынан ығысатын Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Ә. қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп, Ә-нің қаһарынан қаймыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болады. Бұл оның ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.
Ел аузында Ә. айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Биді халық «айыр тілді Ә.» деп атаған.
ӘЛЕМ картинасы, әлем суреті– тарихи кезеңдерді мәдени типология бойынша бейнелеу үлгілеріне қатысты ұғым. Белгілі неміс мәдениет тарихшысы Р.Гвардини «Жаңа заманның ақыры» атты кітабында Ә.к-сы жөнінде өзінің тартымды концепциясын ұсынады. Ол адамзат тарихын үш кезеңге (антикалық, орта ғасырлық және Жаңа замандық) бөледі. Антикалық адам, деді ол, әлемнің сыртына шықпайды, оны ішінен суреттейді. Әлем әркімнің орны алдын ала белгіленген тұтастық емес, сондықтан адам әлемде өзін еркін сезінеді. Антикалық адам үшін әлем құдайылық бастаудан құралады. Адам әлемде өмір сүргені тәрізді, әлем де адамның ішінде болады. Антикалық әлем, ғылым-білімдердің жай жинағы емес, ол әртүрлі көзқарастар мен типологиялардың жинағы. Гректер Элладаны қолдарынан келмегендіктен емес, бір-бірімен толассыз тартыста болғандықтан біріктіре алмады. Ортағасырларда Ә.к., Гвардини бойынша, мүлдем өзгеріп кетеді. Құдай әлемді жаратқанымен, одан тыс тұр. Адамдық болмыстың тірегі осы құдайға жету жолымен айқындалады. Діни философ ретінде ол ортағасырлық адамды рухани ізденігіштігі үшін жоғары бағалайды. Ортағасыр адамы әлемнің символикалық бейнесін қалыптастырды.Жаңа заман суреті, философ бойынша, XVII ғ-ға таман қалыптасады. Ғылым мәдениеттің дербес саласы ретінде діни бақылаудан босанады. Макиавели саясаттың аморальды принципін жариялайды: мемлекеттік мақсат мораль мен азаматтық еркіндіктерден жоғары тұрады. Т.Гоббс бәрі бәріне қарсы күрестегі адамдық тіршіліктің қожасы болып табылатын мемлекеттілік идеясын негіздейді. Дж.Бруно жаңалықтары негізінде шексіз әлемдер түсінігі қалыптасады, бұл Жердің әлем орталығы болудан қалуына әкеледі. Библиялық дүниелік болмыстың ақыры туралы эсхатологиялық ілім күмәнға алынады. Осыдан келіп адам жер бетіндегі тірегінен айырылады: басқа жағынан алғанда, адам өзіне өзі шексіз еркіндік жариялайды. Адам өзін өзі абсолютты құндылық деп есептейді, әлем жаратылған дүние болудан қалып, «табиғатқа» айналады, адам өзін оның иесімін деп жариялайды. Бұл адамдық құлдырауға әкеледі. Қазіргі заманда адам әлеммен қайта тұтасуға ұмтылады және осы үшін жаңа діни мағына іздейді.