Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007.
ӘЛЕМ – болмыстың даму процесінде алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын бүкіл дүние. Ә-нің кеңістік пен уақыт бойынша шеті де шегі де жоқ. Ә-ді зерттеу мен тікелей шұғылданатын ғылым – астрономия. Әлем жөніндегі ұғымның дамуын бірнеше кезеңге бөледі. Ә-нің шексіздігі туралы алғашқы пікір ертедегі грек ғалымы Гераклит (б.з.б. V ғ.) еңбектерінде кездеседі. Ол – әлем мәңгілік аспан денелерін құрайтын материя жаңадан жасалмайды және жойылмайды деп тұжырымдаған. Жердің шар тәрізділігі туралы түсінікке сүйеніп, грек философы Филолай (б.з.б. V ғ.) және грек астраномы Аристарх Самоскийлер (б.з.б. ІV-ІІІ ғғ.) жердің қозғалатыны жөнінде жорамал жасаған. Коперниктің «Аспан әлемінің айналысы туралы» кітабы әлем тануда ғылыми зерттеуге жол ашты. Кейінгі замандарда әлем туралы Ньютон, Энштейн тұжырым жасады. Егер ХХ ғ-ға дейін әлем туралы ілім Ньютонның бүкіл әлемдік тартылыс заңы мен Евклидтік геометрияға негізделсе, қазіргі заманғы ғылым әлем танудағы өзіндік теориялық тұжырымына Энштейннің жалпы салыстырмалық теориясы мен евклиттік емес геометрияны пайдаланды. әлем кеңістік тұрғысынан да, уақыт тұрғысынан да шексіз, оның басы болған емес, ақыры да болмайды. Әлем мәңгі. Әлемді құрайтын материя ешқашан да жойылмайды. Ол үнемі бір түрден екінші түрге ауысып отырады.
ӘЛЕУМЕТТАНУ – қоғамды құрайтын әлеуметтік құрылымдар жүйесі туралы, қоғамның әлеуметтік даму заңдылықтары, әлеуметтік процестер, әлеуметтік институттар, әлеуметтік қатынастар туралы, қоғамның әлеуметтік құрылымы мен әлеуметтік қауымдастықтар туралы, қоғамның әлеуметтік қозғаушы күші және адамдардың әлеуметтік мінез-құлқы туралы ғылым. «Әлеуметтану» термині тура мағынасында «қоғам туралы ғылым» немесе «қоғам туралы ілім» дегенді білдіреді. Бұл терминді алғаш қолданған және ғылыми айналымға енгізген француз әлеуметтанушысы Огюст Конт болды. Қоғамның әлеуметтік санасын, қоғамдық іс-әрекеттің және адамдардың әлеуметтік мінезі сипатын, әлеуметтік жағдайды, қоғамның рухани өмірінің сипатын анықтайтын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің жиынтығы Ә-дың пәні болып табылады. Ә. құрылымы: жалпытеориялық Ә., салалық Ә., микроәлеуметтану, әлеуметтік инженерия, қолданбалы Ә. сияқты элементтерден тұрады. Салалық Ә.: әлеуметтік топ, қала, ауыл, саясат, білім, мәдениет, еңбек, құқық, халықаралық қатынастар, жастар, отбасы, үгіт-насихат Ә.-уы, этноәлеуметтану, экоәлеуметтану сияқты тармақтарға жіктеледі. Ә-дың зерттеу әдістері: 1) құрылымдық-қызметтік талдау; 2) іріктеп зерттеу; 3) оқиғаның басы-қасында зерттеу; 4) құжаттарға тарихи талдау жасау; 5) экперименттік әдіс. Ә. қызметіне: 1) теориялық танымдық; 2) идеологиялық; 3) практикалық; 4) тәрбиелік қызмет жатады. Ә. ғылымның қалыптасуы тұрғысында оның алғышарттары Конфуцийдің, үнді, ассириялық және ежелгі египеттік ойшылдардың еңбектерінде қаланды. Әлеуметтік идеяларды негіздеуде ежелгі грек философтары: Платон, Аристотель ерекше орын алды. ХVІІІ ғ. француз ағартушылары – Жан-Жак Руссо, Шарль Луи Монтескье, Вольтер, Дени Дидро, утопиялық ой өкілдері – Томас Мор, Томмазо Кампанелла, Клод Анри Сен-Симон, Шарль Фурье, Роберт Оуэн қоғамның шынайы даму мүмкіндіктері туралы идеяларды дамытты. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ә.-дың дамуының алғашқы кезеңі – әлеуметтанудың ғылыми негіздерінің қалыптасу кезеңі басталды. О.Конт қоғамды табиғатпен теңестіре отырып, әлеуметтік құбылыстарды табиғи заңдылықтар арқылы зерттеуге болады деп есептеді, сондықтан оның Ә-уы «әлеуметтік физика» деп аталды. Әлеуметтік-биологиялық мектептің негізін салушы – Г.Спенсер қоғамды тірі организмнің дамуымен салыстыра отырып, әлеуметтік өмірді тануда биологиялық заңдарды қолдануды ұсынады. Осы ғасырда Ә.-мен әлеуметтік-психологиялық мектеп те айланысты. Оның өкілдері: Г.Тард, Г.Лебон, Ф.Теннис, Н.К.Михайловсий, Н.И.Кареев, Е.В.Де Роберти жеке тұлға мәселесіне баса назар аударды, себебі адам биологиялық және әлеуметтік бастамалардың тоғысы ретінде, ал қоғамдық өмір адамдар әлемінің ерекше көрінісі ретінде қарастырылды.