Әдебиет: Әлемдік философиялық мұра. Т. 6. Мұсылман философиясы. Алматы: Жазушы, 2006.
БАБЫР, Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр (14.2.1483, Ферғана аңғары, Ахси қ. – 26.12.1530, Үндістан, Агра қ.) – Темір әулетінен шыққан ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы, Үндістанда Моғол империясының негізін қалаушы, тарихшы, ақын. Б. – өмірбаяндық атақты «Бабырнама» кітабының, өлеңмен жазылған «Мубаин» (Темір әулеті ұрпақтарының ел басқару ісіне де қатысы бар) атты шығарманың, «Бабыр жазуының» («Хатт-и Бабури») авторы. Оның басқа еңбектері бізге толық жетпеген. Б-дың қызы Гүлбаданның «Құмайыннама» кітабында Б., оның ұлы Құмайынның өмірі, елдің тарихы жайында деректер берілген. Б. Агра қ-нда қайтыс болды, сүйегі Кабул қ-на әкелініп, Шердарбаза тауының етегіне жерленді. Бұл жер «Бабыр бағы» («Баг-и Бабыр») деп аталады.
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ Ахмет (1873 – 1938) – ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). 1882 – 84 жж. ауыл мектебінде оқыды. 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895 – 1909 жж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды. 1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді. 1918–19 жж. Алашорда қатарында болады. 1919 ж. маусымның 24Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады. 1922–25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер. 1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. 1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен А. Б. босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында А. Б. тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы« есебінде атылған. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Б-ның екінші кітабы – «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Б. демократиялық, ұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырады. Б. орасан еңбегі араб графикасындағы қазақ әліпбиін жасауы. Б. ұлы Абайдың тұлғасы мен шығармашылығын алғаш насихаттаған ойшыл. Ал педагогика саласында көп еңбек сіңірді. Б. ойынша баланың тілі ана тілінде шығып, алғашқы үш жыл бойы тек ана тілінде сөйлеуі тиіс. Сонда ғана ол тіл оның қанына сіңеді. Егер Б. дүниетанымына келсек, ол өзін еуропалық рационализм бағытында тәрбиелеген, саяси ұстанымы жағынан либералды демократ болған, мәселелердің бәрін бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Міне, осы нәрселердің бәрі Б. ұлт зиялысы, көрнекті тұлғасы деңгейіне, қазақ ұлтының руханилығы жоғары азаматы тұғырына дейін көтереді.
БАҚ – қазақ мәдениетінде бақыт, құт-береке, дәулет түсініктеріне жақын мағынада қолданылатын ұғым. Б. – кісілік қасиеттердің ерекше бір көрінісіне жатады, адамның тіршіліктен күтетін үмітін, ниетін, арманын білдіреді. «Таудай талап бергенше, бармақтай Б. берсін» деген халықтық нақыл сөз бар. Бағы жанған адам таусылмас дәулетке, құтты өмірге, адамдық сыйластыққа жеткен тұлға. Халықтық дүниетанымда Б. өмір жолын таңдап алумен байланыстырылады, оның басты кепілі – адам қасиетті жоғалтпау болып табылады.
БАҚСЫ (ежелгі түрік тілінде – бақ, яғни көру, қарау) – емші, сәуегей, дәнекер, тылсым дүниемен сұхбатта болатын – медиум, жыршылық, музыкалық т.б. ерекше қасиеттері бар шамандық наным өкілі. Бақ – ежелгі түркі сөзі, қазақ тілінде, «бақ», «бақылау», «кесел бағу»сөздерімен төркіндес. Б. типтес адамдар жер бетіндегі көптеген халықтарда бар, олардың әсіресе түрік-моңғол халықтарының өмірінде алар орны ерекше. Б. «шаман» дінінде пайда болды. Көне сенім бойынша, адам қайтыс болған соң, жан денені тастап, ерекше бір тылсымдық дүниеге рух түрінде енеді. Қазақы түсінікте ол аруаққа айналады. Аруақтар адамдарды не қолдап отырады, немесе кесірін тигізетін де аруақтар бар. Б. осы «жын-рухтармен» тылсымдық байланысқа түсіп, оларды өз мақсаттарына пайдалана алады. Шамандық демонологиядағы кесірлі рухтарға албасты, жезтырнақ, сөрел, марту, обыр т.б. жатады. Кейін ислам діні орныққан соң олардың қатары жын-пері, шайтан, диюлармен толықтырылған. Ал, періште, перизаттар да қорғаушылардың санын толықтырған. Исламға дейінгі Б. «қам» жасаумен /»камлание»/ әрекеттенсе, кейін зікір салу да Б-ның «жын шақыру» құралына айналған. Бұл дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі діни синкретизмнің бір көрінісіне жатады. «Шақырылған» жындарының көмегімен Б. гипноздық өнер көрсете алған. Әсіресе, Б-ның емшілік әрекеттері халық арасында кең тараған. Адамның тылсым дүниесіне тікелей әсерету қабілеті арқылы Б. әртүрлі жүйкелік аурулар мен ісіктерді, функционалдық ауытқуларды емдей алған. Тарихи куәліктер Б-ның бедеулік пен қатерлі ісіктерді, сынықтарды жаза алатындығын көрсетеді. Б. емшілікпен қатар балгерлік, құмалақ ашу, сәуегейлікпен де шұғылданған. Мыс., ғұн патшасы Еділдің айналасындағы Б-лар 451 жылғы Каталун шайқасының тағдырын алдын ала болжай білген.Б-ның негізгі музыкалық аспабы қобыз болды. Қобыз сарындарында Б-лар зарлы не қаһарлы үн шығарып, жындарымен тікелей байланысқа түсе алған. Түркі мәдениетіндегі ең атақты Б. дана – Қорқыт Ата. Қазақ халқының жадында сақталған атақты Б-лар Қойлыбай, Балақай, Жанақ Шөмен т.б. Б. өнері туралы дәлелді мәліметтер бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823 – 55), қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835 – 65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795 – 1881) еңбектерінде кездеседі. Б-лық ертедегі шаман дінінен сақталған ұғым. Ол кездегі сенім-нанымда: жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп-біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем – фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерін басқаратынын аруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратынын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша Б-лық – әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Б-тың «жын-рухтарының» аты болады. Жекелеген индивидиум ретінде қажетті кезде олар өз бақсысының алдында әйел, шал, қыз, т.б. бейнелерде тізіліп тұрады-мыс. Б. шақырған жындарының «көмегімен» гипноздық өнерде көрсете алады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5 – 10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай кесіліп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп, кірпіш үйдің қабырғасы қақ айрылады. Көрермен жұрт мұның бәрі бақсы шақырған «жарғыш жындардың» әрекеті деп біледі. Қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды, өткір пышақпен өз мұрнын «кесіп» тастайды. Ақыр аяғында денесінде бірде бір жара немесе сызат, белгі қалмайды. Әйел бақсыны халық «елті» деп атаған. Б-ларға тән қасиеттердің бірі – емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психолгиялық тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ Б-лары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, «жынын шақырып» зікір салу немесе гипноздық, т.б. «керемет» көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырып, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Б-лар емшілікпен қатар балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адам тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрында, кейінде сенеді. Оған негізде жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. V ғ-да Еділдің айналасында көптеген даңқты Б-лар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 ж. Каталауын шайқасының тағдырын бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Түркі-моңғол Б-лары бас киімді көбіне «тымаққа» ұқсас етіп, құс қауырсындарынан қадап жасайды. «Жындармен» күрескен кезде Б-лардың киімі сауыт ретінде түрлі тылсымдық рөл атқарады; бақсылық тұқым қуалайды, ол адал, жаны таза, иамнды адамдарға қонады, өз жолын дұрыс ұстай алмаса «қасиеті таяды» немесе «Б. буып» кемтар болып қалуы да мүмкін делінеді. Қазақта ең атақты Б. бағаналы Қойлыбай – барлығының пірі қорғаушысы. Онан соң бағаналы Балақай Б., Жанақ Б., Көкшетау даласында Шөмен Б., т.б. болған. Б-ны басқа тілдерде: шаман, спиритуалист, т.б. деп айтады. Қазақ жеріне мұсылман діні ене бастағаннан кейін ел өмірінде Б-лардың орны мен рөлі төмендеді. Коммунистік идеология кезінде Б-лыққа мүлде жол берілген жоқ. Б. және Б-лық туралы кейбір мәліметтер П.С. Паллас пен П. Рычковтың экспедициясы жазбаларында (18 ғ.), бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823 – 55), қазақ ғалымы Шоқан Уалихановтың (1835 – 65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795 – 1881) еңбектерінде кездеседі.