Давид Анахт(жеңімпаз, V ғ. аяғы ─ VI ғ. бірінші жартысы) ─ армян философы, логикі. Неоплатонизмнің александриялық мектебінің өкілі. Александрияда оқып, сонда оқытушылық қызмет атқарған. VI ғасырдың 30 жылдары Арменияға оралып, ежелгі армян философиясының грекофильдік мектебіне жетекшілік жасады. өзінің «Философия анықтамасы» еңбегінде антикалық релятивизм және агностицизмнің өкілдерін сынады. Оның «Порфирийдің кіріспесін талдау», «Философияның анықтамасы» атты еңбектері грек тілінде жазылып, кейін армян тіліне аударылды. Ол философия ғылымын құдайлық және адамзаттық ұғымдар туралы ғылым ретінде, өнер мен ғылымның шыңы ретінде, мән-мағына туралы ғылым ретінде, даналыққа құштарлық ғылым ретінде қарастырды. Оның еңбектері армян философиясының қалыптасуына елеулі рөл атқарды. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.
Дағды – адамның мақсатты қозғалысты атқару мен реттеуін, автоматты түрде орындауын атайды. Қозғалыстың автоматталуының өрістеуі іс-қимылды саналы реттеудің ұлғаюымен қатар жүреді. Іс-қимылдың автоматтануының нәтижесінде оның құрылымдары өзгеріске ұшырайды. Іс-қимылды игеру нәтижесінде қажет емес қозғалыстар жоғалады. Яғни, қозғалысты орындау ырғағы жеделдетіледі. Сонымен, іс-қимылды атқаруда дәйектілік, үйлесімділік және қозғалыс жылдамдығы артады. Іс-қимылды сенсорлы бақылау әдістері өзгереді. Іс-қимыл нәтижелерін бақылау үшін маңызды бағдарларды жылдам ажырату мен айқындау қабілеті дамиды. Іс-қимылды орталық реттеу әдістері өзгереді. Д. – бұл саналы автоматтандырылған іс-қимыл. Д-ны қалыптастыруда басты құрал адамның бақылайтын және орындайтын іс-қимылын сөзбен жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, идеалды іс-әрекет – жүзеге асырылу тиіс іс-қимыл бейнесін «ақыл-ойында» бейнелеу. Адам дағдысы саналы автоматтандырылған іс-қимыл ретінде пайда болады. Д. іс-қимылды орындаудың автоматты тәсілі ретінде қызмет атқарады. Адам дағдысының қалыптасуына адамның бұрынғы тәжірбиелері де ықпал етеді. Әрбір дағды адамдағы дағдылар жүйесіне өзара әрекеттестік негізінде қосылады. Д. іс-әрекеттің қай түрінде де маңызды орын алады. Д-ланған іс-қимыл шапшаң және жылдам атқарылады. Д-ның нәтижесінде атқарылатын іс-қимыл нәтижелі болады. Д-ның нәтижесінде адам санасы іс-әрекеттің маңызды, шешуші сәттеріне жұмылдырылады. Д-ны бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, жазу, оқу, есептеу, спорт түрлеріне байланысты дағдылар, еңбек, мамандық машықтары және т.б.
Дай Чжэнь, Дай Дүнъюань (19.1.1723, Сюнин – 1.7.1777, Пекин) Қытай философы, жаңаконфуцианшыл. Хань кезеңіндегі конфуцияншыл классиктер мұрасын зерттеуге қайта оралуға шақырған бағыттың өкілі. Математика, астрономия, лингвистика, тарихи және география ғылымдарының дамуына үлес қосқан ғалым. Басты шығармалары «Мэн-цзы cөзінің мән-мағынасы», «Түсіндірмелер және куәгерлер көзімен», («Мэнь-цзы және Шу Чжэн» Пекин, 1961). Д. Ч-нің теориялық ой-пікірінің негізгі үдерісі – алдыңғы жаңа конфуцианшылдық мойындаған жалпы ұғымдық оппозицияларды үйлесімдендіруге ұмтылу. Барлық құбылыстар және заттар табиғи қажеттілікке бағынған. Дүние қалыптасу мен даму процесінде болып табылады. Д. Ч. принциптердің (ли) сезім мен құштарлықтарға қарама-қарсы қоюға қарсы шықты. Өйткені әрбір заттың негізгі ерекшелігін құрайтын болғандықтан принциптер, сезім мен құштарлықтар бөлінбейді. Алдыңғы жаңа конфуцианшылдықтан ерекшелігі Д. Ч. принциптер анық түрде адам жүрегінде болмағандықтан, принциптер терең талдау көмегімен анықталады. Д. Ч. бойынша, адамдардың танымдық қабілеттері от жалыны әр түрлі болуы тәрізді ерекшеленеді. Танымдық қабілеттер оқып-үйрену көмегімен жетіледі. Д. Ч. таным мен практикалық өмірдегі эмпирикалық-аналитикалық ыңғайдың басымдығын негіздеді. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006
Д’АЛАМБЕР Жан Лерон (16.11.1717, Франция, Париж – 29.10. 1783, сонда) – француз математигі және философы, Париж ҒА-ның (1741), Санкт-Петербург ҒА-ның (1746), т.б. академиялардың мүшесі. 1751 жылдан Д.Дидромен бірге «Ғылым, өнер және қолөнер энциклопедиясын» шығаруға қатысты. Д’А. осы энциклопедияның математика және физика бөлімдерін басқарды. 1757 ж. ол саяси қудалауға шыдамай одан шығып кетеді де, біріңғай ғылыми жұмыспен шұғылданады. Ол «Энциклопедияның» алғашқы томдарына арнап «Диффренциалдар», «Теңдеулер», «Динамика», «Геометрия» атты маңызды мақалалар жазды. Оның философиялық еңбектерінің ішінде «Энциклопедияға» жазған «Ғылымның пайда болуы және дамуы» (1751) атты кіріспе мақаласы көрнекті орын алады. Д’А-дің философиялық ой-өрісінің әлсіз жақтары таным теориясы жөніндегі көзқарасынан анық байқалады. Осыған байланысты Дидроның сынына ұшырайды. Ол музыка теориясымен музыка эсетика мәселелеріне де арнаулы еңбектер жазған. Осы еңбектерінде музыка өмірдің алуан түрлі құбылыстарын реалистік тұрғыдан бейнелей алады деп, Франциядағы опералық өнер мәселелерінің төңірегінде туған «буффондар ағысы» деп аталатын қызу идеологиялық күреске қорытынды жасады.