Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Әдебиет: ҚҰЭ. Т.3, 133б.
ДАЛАЛЫҚ таным – көшпенділер дүниетанымына негізделген баламалы білік. Д.т. ерекшелігі – ол ешқашан өзгермейді, мың жылдар бойы қабылдаған құндылықтарды сол күйінше ұстана береді. Мыс., егер иран тілдес халықтарды алсақ, олар зороастризм, манихейство, ислам арқылы өзінің рухани ділін өзгерткен халық. Ал көшпенділердің дүниетанымында осы діндердің элементтері бар да, ықпалы мардымсыз. Себебі көшпенділердің тіршілігі тек ритуалға, миф-аңыздарға негізделген. Ондағы ең басты қағида – «біз және өзгелер», қан тазалығына негізделген рулық қарым-қатынас.
ДАМУ – кері қайтарылмайтын, бағытталған, заңдылықты өзгерістерді білдіретін философиялық категория. Дүниеде өзгерістердің санқилы түрлері орын алатыны белгілі. Оларды сандық және сапалық өзгерістер деп екіге бөлуге болады. Сандық өзгерістер белгілі бір шекке дейін нәрсенің сапасына селсоқтық танытып, оның ішкі күйіне соқтықпай өтеді. Сапалық өзгерістер, керісінше, нәрсенің ішкі күйін, құрылымын түрлендіріп, оның басқа күйге ауысуына жетелейді. Бұлар кері қайтарылатын және қайтарылмайтын болып бөлінеді. Осы кері қайтарылмайтын өзгерістер философиялық мағынасындағы дамуға жатады. Философияда даму категориясымен сыбайлас жалпы, яғни кез келген өзгерісті білдіретін қозғалыс категориясы бар екені белгілі. Кез келген өзгеріс (қозғалыс) даму емес, даму қозғалыссыз болмайды, ол қозғалыстың айрықша деңгейі. Қозғалысты болмыстың айрылмас қасиеті, атрибуты – десек, даму да тап солай болмыстың өзіндік бір атрибуты болып табылады, яғни дамуға да жалпыламалық тән. Қазіргі ғылым (синергетика) мұны дәлелдеп, даму органикалық дүниеге ғана емес, органикалық емес дүниеге де іштей тән екенін көрсетіп отыр. Бұл даму туралы философиялық ілім болып табылатын диалектиканың әмбебаптығының, қуаттылығының тағы бір дәлелі. Даму түпкілікті философиялық мағынасында өзінің нақтылы формаларын объективті заңдар бойынша тудыратын іс-әрекетті субстанцияның әмбебап өмір сүру тәсілін өрнектейтін ұғым болып табылады. Әдебиет: Хамидов А.А. Развитие // Диалектическая логика. 4-х кн. Кн. 2. – Алма-Ата, 1987, -С. 498-542.
ДАНАЛЫҚ – адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім-білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс-әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті. Д. – ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған бір жақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Ол әдетте, надандыққа қарсы мәнде қолданылады. Д-тың мән-жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Өйткені, «философия» деген сөздің өзі грекше «Д-ты сүю» мағынасын білдіреді. Басқа ғылым түрлері тәрізді философиялық ілімдер де даналықтан бастау алады. Сократтың «Менің білетінім – өзімнің ештеңе білмейтіндігім, өзгелер оны да білмейді» деуінде үлкен мән бар. Білмейтінін біліп, түсінуге, әлем ақиқатын танып, ой түюге ұмтылу – адамды рухани кемелдікке, данышпандыққа бастайтын жол. Қазақ ойшылы Абай да «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп толғайды; ештеңені біліп-тануға ұмтылмайтын, қарны тойып, құлқыны тоят тапқанына мәз хас надандықты, тоңмойын тоғышарлықты мансұқ етеді. Қазақ халқында «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз қарғыстың ең жаманы саналады. Дүниенің, өмірдің және өз табиғатының сырын танып, білу үшін адам баласы оқу білімге ұмтылады, ғылымға ден қойып, логикаға, методологияға сүйенеді. Д-тың, көбінесе, білімділікпен, оқымыстылықпен шендестіріле қаралатыны сондықтан. Бірақ даналық білім аясында шектеліп қалмайды; оның негізгі өлшемі – түсінік. Әр нәрсені білу бір басқа да, түсіну – басқа: яғни білім оқумен келсе, түсінік оқығанды көкейге тоқумен, өз еркімен жақсылыққа ұмтылып, ой қорытумен, игілікті қам-қарекетпен қалыптасады. Білім – өткінші, уақытша, салыстырмалы, Д. яки түсінік жүйесі – мәңгілік нәрсе. Білімділер қай заманда да көп болған, қазіргі кезде де жетіп артылады, а дана кісілер, данышпандар бұрын да, қазір де аз. Гераклит «Көп білгеннен дана болмайсың» деп осы шындықты меңзеген. Ұлы Абай да «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Д-тың тарихи бастауы – мифтік аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан қайғы, Толағай, сондай-ақ Прометей, Сизиф, т.б. мифтік тұлғалардың ой-толғам, іс-әрекеттерінде өмірдің өкіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – Д. тәліміне талпыныс бар. «Дүние, қудым сені жалықпай-ақ, Ұстатпайсың судағы балықтай-ақ, Көрсетіп бірде алдыңды, бірде артыңды, Қойдың ғой дидарыңды танытпай-ақ» деген қазақтың қара өлеңінде халықтық фәлсафаның – өзін қоршаған әлемді, өмірді, дүниедегі өзінің орнын тануға құштарлықтың, экзистенциалдық түсініктің сарыны жатыр. Жалпы, дәстүрлі қазақы дүниетанымның өзі Д-қа, Ғ.Қараш айтқандай, «өмір пәлсапасына», ізгі түсінікке, рухани кемелдік аңсарына негізделген.