Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің Қ.-ғын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы – сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі – адамды әрқашанда мақсат-мұрат тұт, оған ешқашанда құрал ретінде қарама – деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан «адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек» – деген тұжырым шықпау керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдетіп, үндесті (гармония) өмір сүруі қажет. Әлеуметтік әділеттің талаптарын іске асыруда мемлекеттің ролін асыра бағалау қиын. Гегель айтқандай, «мемлекет – адамгершілік идеясының шынайы болмысы», өйткені, оның негізгі мақсаты – қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету, төмендегі әлсіз әлеуметтік топтарға қамқорлық жасау. Тәуелсіз жас мемлекет алғашқы қадамынан бастап өзінің «әлеуметтік» мәнін шынайы түрде көрсете білді. Экономикадағы сан-қилы қиындықтарға қарамастан, пенсионер, мүгедектер т.с.с. әлсіз топтарға уақытында жәрдемақылар төленіп, олардың көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар, қоғам өмірінде мейрімділік, қайырымдылық рухы әрбір азаматтың ішкі дүниесіне айналуы керек. Бүгінгі таңда неше-түрлі қайырымдылық қорлар әлсіз топтарға көмек беріп, оларға моральдық қолдау жасайды. Іскер топтардың өкілдері де бұл игі істерге жыл сайын көбірек үлес қосуда. Талай жылдар бойы қорланып қалған қиын әлеуметтік мәселелердің бәрін шешуге біршама уақыт керектігі айдан анық. Әлеуметтік әділеттілік талаптарын мемлекет пен қатар бүкіл қоғам болып жұмыла шешу керек. Жоғарыда көрсетілген Қ-тарды өмірге еңгізудегі құқық нормаларының орны ерекше. Жалпы алғанда, құқық деп біз әлеуметтік нормалар мен қарым қатынастардың мемлекеттің күшімен қорғалатын, сондықтан, олардың талаптары жалпыға бірдей қадағаланатын ерекше түрлерін айтамыз. Олай дейтін себебіміз – қоғам өмірінде басқа да әлеуметтік нормалар бар, мысалы, діни, моральдық, эстетикалық т.с.с. Әдебиет: Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007: Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007
ҚҰРАН (араб. – дауыстап оқу, жатқа айту) – барлық мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы. Қ. 114 сүреден тұрады. Мұхаммедтің 610-632 жж. аралығында Мекке мен Мединеде пайғамбарлық аяндары түрінде айтылған уағыздарының жинағы. Аспаннан Алла тағаланың жіберуімен бірнеше рет түскен аяндар негізінде жазылған. Барлық мұсылмандардың қасиетті кітабы болғандықтан Қ-ның мұсылман әлеміндегі орны ерекше. Қ-ды әлемдік мәдниеттегі ең негізгі кітаптың бірі ретінде адамзат қоғамы мойындап отыр. Қ-ның «Қ-нан» өзге де есімдері мен сипаттары бар. Бұлардың негізгілері: 1) әл-Китаб. Бұл сөз Қ-да екі жүз отыз мәрте кездеседі, «Міне осы Кітапта күдік жоқ, Бұл тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Бақара 2/2). 2) әл-Фурқан. «Ақиқат пен жалғанды айырушы» мағынасындағы бұл сөз Қ-да алты рет кездеседі. «Күллі әлемге ескертуші болу үшін құлына Фурқанды түсірген Алла тағала ең ұлық» (Фурқан 25/1). 3. Нур, Мубин. «Расында сендерге Алладан нұр және «Мубин» ашық кітап келді» (Мәида 5/15). Қ-ның бұдан басқа да есімдері: Кәләм, Куда, Рахмәт, Шифа, Тәнзил, Уахи, Баян, Хақ, Адл, Бушра, Қасас, Азиз, Хикмәт, Хаблуллаһ, Рух, Муһәймин, Қайим, Зікір, Бәләғ, Мәжид, Уммул-Китаб, т.б. Қадір сүресінде айтылғандай, алғашқы Құдайлық аян (уахи) 610 ж. рамазан айының Қадір түні Мекке тауының Хира үңгірінде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Ғалақ сүресінің («Жаратқан Раббыңның атымен оқы!») бес аятынан бастап түсті. Ислам діні пайда болғанда араб жазуында әріптердің ноқаттары мен қаракеттері жоқ болса да, сахабалар өз тіліндегі Қ-ды қатесіз оқыған. Хижраның 1 ғ-ның 2-жартысынан бастап, өзге халықтың ислам дінін қабылдауы мен олардың араб тілін білмеулері себепті Қ-ды жаңылыс оқу белең ала бастаған. Осыған дейін Қ. жазуының Қарекеті мен ноқаты болмауынан туындаған қиындықты шешу үшін Әбул Әсуәд әд-Дуәли қаракеттердің жазылуын енгізді. Насыр ибн Асым (кейбір деректе Яхия ибн Ямәр) Қ. әріптерін бір-бірінен ажыратқан ноқаттарды қойды. Бұны ғалымдар «Ижам» деп атады.