13. ПЕНДЛТОН ОРМАНЫНДАҒЫ ОҚИҒА Поллианна шіркеуден шыққан соң үйге қарай емес, Пендлтон өріне қарай бет алды. Бұл көңілін құлазытқан алғашқы «демалыс күні» еді (ол киім тігіп, тамақ істемейтін күндерді демалыс деп атайтын). Оған енді өзін жұбатып, ойын жинақтау керек. Дәл қазір Пендлтон орманындағы мүлгіген тыныштық пен көк шалғын ғана жанына қуат бола алатынын сезіп келеді. Күннің күйіп тұрғанына қарамастан, Пендлтон жақты бетке алып, өрлеп келеді. «Алты жарымға дейін үйде мені ешкім күтпейді, – деп ойлады ол жолай, – маған осылай жүріп, орман аралаған ұнайды».
Ол бұрын да Пендлтон орманында болып, сұлулығына тамсанып қайтып еді. Бүгін бұрынғыдан да ерекше қуанышқа бөленді. Айналасына сұқтана қарап, қуанғаны сонша, «Ертең Жимми Бинмен кездесіп, оған жайсыз хабарды қалай жеткіземін?» деп жанын жегідей жеген ойды да ұмытқан.
Поллианна басын көтеріп, көкке қарады. Ағаштардың қанық түсті қалың жапырақтарының арасынан зеңгір көкті көрді, жарқыраған алтын күн сәулесі жапырақтар арасынан сусылдай төгіліп, әлем құлпырып тұр.
«Әйелдер көмегіндегі» ханымдар осындай таңғажайып құбылыстарды байқай бермейтіні өкінішті, – деп ойлады Поллианна. – Олар осында келсе, тамақтары қарлыққанша құр айғайлай бермей, Жимми Бинге басқаша қарап, тіпті бәз біреуі үйіне әкетер ме еді». Поллианнаның неге дәл бұлай ойлағанын кім білсін, әйтеуір, ол «Әйелдер көмегіндегі» ханымдар осында келсе, Жимми Биннің тағдырына басқаша қарайтынына шек келтірмеді.
Бір уақытта Поллианна жақын маңнан иттің үргенін естіді. Ол тоқтап, тың тыңдады. Әупілдеген дауыс бірте-бірте жақындай түсті, міне, тіпті кішірек бір иттің өзі де көзге көрінді. Ол оны бірден таныды.
– Сәлем-сәлем, күшігім! – деп қуанды Поллианна.
Бұл оның Бейтаныс танысының күшігі еді. Енді Поллианна иттің иесі қашан шыға келер екен деп сүрлеуге тағатсыздана қарады. Бірақ бір таңғаларлығы, біраз уақыт өтсе де, Пендлтон мырза шықпады. Ол итке бажайлай көз тастады.
Иттің бойынан мазасыздықты анық көрді. Ол біресе үріп, біресе қыңсылап, әлдене айтқысы келіп тұр. Келген жағына қарай бірнеше рет жүгіріп барып, қайта келді. Поллианна оның ізімен жүріп отырды. Біраз уақыттан соң сүрлеу екіге бөлінді. Поллианна тіке кетіп еді, ит екіншісіне қарай жүр дегендей жалынышты көзбен қарап, қыңсылады.
– Бірақ мен үйге бара жатырмын ғой, – деп Поллианна итке күліп қойып, өз жолымен кете берген.
Сол сәтте кішкентай ит ақылынан адасқандай екі сүрлеудің арасында ары-бері жүгіре берді. Біресе алға, біресе артқа жүгірген иттің әр қылығынан жалынышты аңғаруға болады. Осыны түсінген Поллианна екінші сүрлеуге түсіп, иттің соңынан ерді.
Оның келе жатқанын көрген ит алға ентелей түсті. Бірнеше қадам ілгері басқан соң, Поллианна бәрін түсінді. Құз жақта бір адам жатыр екен. Поллианна соған қарай жүрді, оның аяғының астындағы бұталар бырт-бырт сынып жатыр. Ер адам басын көтерді. Зәресі ұшқан Поллианна оған қарай тұра ұмтылды
– Мистер Пендлтон! Мистер Пендлтон! Сізге не болды? Сіз жарақаттанып қалған жоқсыз ба?
– Жарақаттану? О, жоқ, мына тамаша жерде күншуақта біраз жатып демалып алсам деп шештім, – деп ол қисық сөйледі. – Тыңдашы, сен жағдайды түсінуге қабілеттісің бе? Немесе жөні түзу бірнәрсе істей аласың ба?
Оның дөрекі сауалы Поллианнаның көңіліне келіп, көмейіне өксік кептелді. Бірақ ол бәрін тура қабылдайтындықтан, мистер Пендлтонның сұрақтарына барынша байыпты жауап беруге тырысты.
– Негізі, мен көп нәрсені білмеймін де, түсінбеймін де. Көп нәрсені дұрыс істей де алмаймын, мистер Пендлтон. «Әйелдер көмегіндегі» миссис Роусоннан басқасының бәрі мені ақылды дейді. Мен мұны кездейсоқ естіп қалдым, олар менің тыңдап тұрғанымды байқамай қалды.
Мистер Пендлтон күлгісі келмесе де езу тартқан болды.
– Жарайды, сен мені кешір, балапаным. Бұның бәрі мына қарғыс атқыр аяғымның кесірі. Енді мені мұқият тыңда. – Ол қиналып шалбарының қалтасынан бір бума кілтін алып шықты да біреуін шығарып Поллианнаға беріп:
– Мына соқпақпен тіке жүре бер. Бес минуттан соң менің үйіме жетесің. Порткошердің бүйір жақ есігіне жетіп, осы кілтпен оны аш. Порткошердің не екенін білесің бе?
– Білемін, сэр. Полли тәтемде де бар. Оның үстінде әдемі жалпақ шатыры бар терраса орналасқан. Мен ол жерде бір күні ұйықтағам, нақтырақ айтсам, ұйықтап қалған мені сол жерден тауып алған.
– Не? А? Иә, сол, үйге кіресің, дәлізден өтіп, холлға кіріп, соңғы есікке дейін барасың. Оны ашып, ішке кір. Бөлменің дәл ортасында жазу үстелі тұр, оның үстінде телефон бар. Телефон қолдана аласың ба?
– Иә, сэр. Бірде Полли тәтем…
– Сенің Полли тәтеңмен не болғаны маңызды емес, – деп шыдамсыздана сөзін бөлді мистер Пендлтон. Ол кішкене қозғалмақ болған, бірақ ауырсынып, бет-аузын қисайтты. – Томас Чилтонның телефонын ізде, – деді ол қинала сөзін жалғап. – Телефонның жанында бір анықтамалық бар, ол сонда жазулы. Негізі ол анықтамалық бір ілгекте ілулі тұратын, бірақ қазір ілулі тұрмаған шығар. Жақсылап іздегейсің. Сен телефон анықтамалығын білесің бе?
– О, иә, сэр. Мен Полли тәтенікін қарағанды жақсы көремін. Онда небір қызық аттар мен...
– Доктор Чилтонға былай де, – деп Пендлтон мырза тағы сөзін бөлді, – Кіші бүркіт жартасының бөктерінде Пендлтон орманында мистер Пендлтонның аяғы сынып жатыр де. Ол мұнда тезірек келсін. Зембілін ұмытпасын. Жанына екі жігіт ерте келсін. Қалғанын өзі түсініп алады. Тек менің үйімнен бұл араға осы сүрлеумен келу керек екенін айтуды ұмытып кетпе.
– Ойбуй, сіз аяғыңызды сындырып алдыңыз ба, Пендлтон мырза? Ой, масқара! – аяғаннан даусы қаттырақ шығып кетті. – Бірақ мен мұнда келгеніме қуаныштымын! Мен тағы бір нәрсені ...
– Дәл не нәрсеге шамаң жетеді, соны істегің келмей тұрған сияқтысың ғой, меніңше. Менің қазіргі өтінішімді ықыласпен тезірек орындай аласың ба? Қазір әңгімелесетін уақыт емес, – деді ол ыңырсына.
Поллианна үйге қарай құстай ұшты. Зеңгір аспан қалың ағаш арасынан бағанадағыдай мөлдіреп көрінеді, бірақ Поллианнаның оған қарауға да шамасы келмеді. Бар ойы ағаштың көлденең бұталарына яки тастарға сүрініп кетпей, тездетіп үйге жету болды.
Ол межелі жерге де жеткен сияқты. Бұрын бұл үйді алыстан көргені болмаса, жанына жақындап көрмепті. Енді бұл тастан өрілген, биік мұнаралы бірнеше бөлмесі бар, есіктерінің өзі ерекше өрнектелген кең сарай оны үрейлендіріп тұр. Бір сәтке сасқалақтап тұрып қалғанымен, есін тез жиып, алға ұмтылды. Күтім көрмеген көкшалғыннан өтіп, үйді айналып, бүйір есіктің алдынан бір-ақ шықты. Пендлтон мырзаның жанынан кете бере кілтті қолына қатты қысып ұстап алған еді, қолы қарысып қалыпты, Поллианна құлыпты әрең ашты. Зілдей есік сықырлай ашылды.
Зәресі ұшқан қыз табалдырықтың алдында тұрып қалды. Ол қараңғылау дәлізге үреймен көз салды, ары қарай не істерін білмеді. Сосын жұрттың Пендлтон мырзаның үйін құпиясы көп үй дейтіні, бір жерінде жасырылған қаңқа сүйек бар деген гу-гу әңгімесі де есіне түсті. Бірақ оның бәріне қарамай, үрейлі үйге кіріп, дәрігердің телефонын тауып, оған Пендлтон мырзаның қазіргі күйін жеткізу керек екенін біледі. Поллианна жан-жағына жалтақтамай, алға жүріп, түкпірдегі бөлменің есігін ашты.
Ол бір үлкен әрі қараңғылау бөлмеге кірді. Кіре берістегі сияқты оның да қабырғалары қошқыл түсті ағаштан жасалған, ал терезедегі перденің түсі алқызыл екен. Көңілге жылылық ұялататын нәрсе – батыс жақ терезеден төгілген күннің сәулесі ғана. Күн сәулесі каминнің (алды ашық пештің) темір торына түсіп, одан бөлменің ортасындағы үлкен жазу үстелінде тұрған телефон аппаратының никеліне шағылысып ойнап тұр еді.
Поллианна аяғының ұшымен жүріп байқатпай үстелге жақындады. Телефон анықтамалығы ілгекте жоқ екен. Поллианна оны еденнен тауып алды. Саусақтары дірілдей бағана бойымен төмен жылжи отырып, доктор Чилтонның атына жеткенде барып бір-ақ тоқтады. Бірер секундтан кейін ол дауысы дірілдеп Пендлтон мырзаның айт дегендерін дәрігерге түгел баяндап берді. Сөз арасында дәрігер де кей жайттарды анықтау үшін бірнеше сұрақ қойып, нақтылап алды. Тұтқаны қойғанда ғана, Поллианна жеңілдеп қалғандай сезіп, үф деді.
Бұдан кейін де ол өзіне жан-жағына мұқият қарауға мұрша бермей, бөлмеден атып шықты. Оның жадында тізілген кітап сөрелері, алқызыл перде, шашылып жатқан үстел, қоқыс пен бейберекетсіздік жайлаған бөлме мен сансыз есіктер (олардың әр қайсысының артында қаңқа болуы мүмкін ғой) күңгірт әрі аласапыран естелік қалдырды. Ол демде ашық қалған есіктен шығып, қайтадан Пендлтон мырзаның дәл алдына келді.
Пендлтон мырза аурудан жаны қиналып жатса да, Поллианнаның зымырап барып келгенін байқады.
– Иә, не айтасың? Үйге кіре алмадың ба? – деп күдіктене сұрады. Ал Поллианна оған таңдана қарап:
– Жоғаа, мен кірдім. Мен тіпті қайта оралдым да ғой, – деді. – Кіре алмасам, мұнда қалай келер едім? Дәрігер барынша тезірек келемін деді. Екі жігіт, тағы басқа керек нәрселдерді де ала келеді. Ол сіздің дәл қай жерде жатқаныңызды да білетінін айтты. Мен оны күтпей осында келдім. Сіздің қасыңызда болғым келді.
– Қойшы, – деп мұңдана мырс етті ол. – Сенің орныңда болсам, әлдеқайда көңілді орта іздер едім.
– Сіз өзіңізді тым ашушаң адаммын дегіңіз келе ме?
– Ойыңды ашық айтқаның үшін алғыс айтамын. Мен дәл солай дегім келген.
– Сіз тек ызалы боп көрінесіз, – деп үнсіз жымиды Поллианна. – Шын мәнінде, сіз тіпті басқаша жансыз.
– Сен оны қайдан білесің? – деп таңданды Пендлтон мырза сынған аяғын ауыртып алмайын деп, ыңғайлап қойып жатып.
– Мәселен, мен сіздің итіңізбен қалай қарым-қатынас жасағаныңызды көрдім, – деді Поллианна. Ол Пендлтон мырзаның салалы саусақтарын итінің басына қойғанын көрген еді. – Қызық, – деп ойлана сөзін жалғады ол, – иттер мен мысықтар, қайдан екені белгісіз, адамдардың ең жақсысын айыра біледі. Сіз де солай ойлайсыз ба, Пендлтон мырза? Келіңіз, басыңызды сүйеп көмектесейін.
Поллианна басын сүйеп, ыңғайланып жатуына көмектескен кезде, Пендлтон мырза титтей де ауырсынып, қабағын шытпады. Енді қыз оның басын өз аяғына қойды, ол таста жатқаннан әлдеқайда жақсы болды.
– Иә, бұл бір тамаша болды, – деп ол риза кейіппен күбірледі.
Сосын біраз уақытқа дейін үнсіз қалды. Ол ұйықтады ма, жоқ па деп Поллианна оның жүзіне байыптап қарады да, оның әлі ояу екенін көрді. Ол қиналғанын білдірмеу үшін, қатты тістеніп алыпты.
Поллианна жанарын оның жүзінен тайдырып, көкшілдеу, алып денесіне қарады. Оның әл-дәрмені кеткен денесі жерге жайылып кеткендей, мұны көріп, жаны ашыған Поллианнаның өзі қиналып кетті. Тас қып жұмып алған жұдырығын әрірек қойды, екінші қолы бағанадағыдай итінің басында. Иті де мұңды әрі адалдық ескен жанарын иесінен алмады.
Кеш батуға таяу. Күн көкжиекке таяп қалды, ағаш көлеңкелері сорайып барады. Поллианна қимылсыз отыр. Ол Пендлтон мырзаның бір жерін ауыртып алмасам деп уайымдағаны сонша, демін де абайлап алады. Айналадағы аң мен құс атаулы да бәрін түсінгендей, тіпті олар кездейсоқ жиналған топтан қымсынбады да. Ал бір құс болса ұстап алуға болатындай қашықтыққа жақындады. Бұталардан секектеп жүрген ақтиын көрінді. Ол да қолсозым жерге дейін келіп, үлпілдеген құйрығымен Поллианнаның танауын қытықтады, сосын иттен қауіптеніп тарбиып тұра қалды. Бірақ оған қарайтын ит көрінбеді, қимылсыз сол қалпы жатыр.
Бір кезде ит құлағын жымқырып, ақырын қыңсылап, бір-екі рет әупілдеді. Поллианнаның да құлағына бір дыбыстар жетті. Ағаш арасынан әлдекімдер көрінді. Олар зембіл, тағы басқа да саймандарын ала келіпті. Олардың артынан дәрігер келе жатты. Көздері мейірімге тұнып тұратын, сымбатты, үнемі қырынып жүретін бұл дәрігерді Поллианна білетін еді. Ол жақындап келіп, күлімсірей қарады:
– Сонымен, менің кішкентай ханшайымым, сіз қайырымды мейірбикенің ойынын ойнаймын деп шештіңіз бе?
– О не дегеніңіз, мырза? – деп Поллианна да күлімдей тіл қатты. – Менде тіпті дәрі-дәрмек те жоқ. Мен жай ғана ол кісінің басын сүйеп отырдым. Бірақ мен осында келгеніме өте қуаныштымын!
– Мен де! – деп басын изеді дәрігер, сосын науқасқа жәрдемдесе бастады.