Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет11/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   33
11. ЖИММИМЕН ТАНЫСУ

Тамыз айы да аяқталды. Ол Харрингтонға көптеген өзгеріс әкеліп, тосын сыйларымен қуантты. Тек Нэнсиге ғана бұл жаңалықтар онша әсер ете қоймады. Поллианна олармен бірге тұрғалы болған небір таңғажайып дүниенің бәрін ол қалыпты құбылыстай қабылдады.


Басында ол үйге мысық әкелді. Поллианна оны Харрингтон меншігінен төменірек жолдың бойынан тауып алыпты. Көршілердің сансыз сауалы Поллианнаны райынан қайтара алмады, ол жалынышты үнмен мияулаған марғауды өзімен ілестіріп, үйге алып келді.
– Оның иесіз марғау екенін білгенде, қатты қуандым, – деп Полли тәтесіне өз жаңалығын айтты. – Басынан-ақ үйге әкеткім келген. Мен мысықтарды қатты жақсы көремін. Бұл марғауды бақсам, сіздің ренжімейтініңізге, қайта қуанатыныңызға сенемін!
Поллианнаның қолындағы мамық жүнді мысыққа Мисс Полли үреймен қарады. Өйткені құрметті ханшайым айдаладан табылған жабайы мысық түгілі қолға үйретілген хайуандарға да мейіріммен қарап үйренбеген еді.
– Фу, Поллианна! Қарашы, қандай лас! Ол, тіпті, ауру әрі үсті-басы бит-бүргеге бөгіп жүрген шығар! – деп тыжырына сөйледі ол.
– Иә, білемін, Полли тәте, – деп сөзін бастап келе жатып, қолында дірілдеп отырған марғауына көзі түсіп: – Байқұс, марғау! Қараңызшы, ол дір-дір етеді. Бұл бақытсыз мақұлық бәрінен, тіпті бізден де қорқады. Ол әлі біздің асырап алатынымызды білмейтін де шығар.
– Бұны әлі ешкім де білмейді, – деп Полли тәтесі сөзін екіұшты аяқтады.
– Жоғаа, Полли тәте. Бұл нақты шешім! – деп Поллианна көздері ұшқын шаша тәтесінің ескертуінің астарына мән берместен өз шешімін айтты. – Мен жолда кездескеннің бәріне: «Мысыққа жаңа қожайын табылмаса, тәтем екеуміз міндетті түрде оны бағып аламыз» деп айтып қойдым. Сіз бұл шешімге қарсы болмайсыз ғой, солай ма? Қаңғыбас мысықты бағып алсақ, қуанатыныңызды білемін!
Мисс Полли әлдене айтқысы кеп оқталды да, дәл қазір үндемеген жөн деп шешті. Поллианна келгелі бері тәтесі өзінің қалыптасқан көзқарасы мен ұстанымына сай шешім қабылдай алмайтын сәттері көбейіп, өзін қызық сезініп жүр.
– Тәте, мен сіздің байқұс мысықтың тағдырына бей-жай қарамайтыныңызды білгенмін, – деп сөзін сабақтады Поллианна. Мәселен, мені тастаған жоқсыз ғой. Миссис Форд: «Тәтең рұқсат бермейді» дегенде, мен солай жауап бердім. Енді рас қой, тәте, көмекке мұқтаж мысықты далаға қаңғыртып жібере алмайсыз ғой? – деп Поллианна секіре басып бөлмеден шығып кетті.
– Бірақ сен мені басқаша түсіндің, Поллианна! – деп тәтесі де қарсылығын білдірмек болды. Оны Поллианнаның естімегені анық еді, өйткені ол асүйге қарай кеткен.
– Нэнси! Нэнси! – жүріп келе жатып бар дауысымен айқайлады ол. – Мынаған қарашы, қандай ғажап! Полли тәтем мысық бағуыма қарсы болмады! Біз бірге өмір сүреміз!
Сіңлісіне қарсылық білдіруге Полли тәтесінің шамасы келмеді.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деген. Келесі күні үйде күшік пайда болды. Ол мысықтан ары кір-қожалақ әрі аянышты еді. Полли тәтесі оны көргенде, мысыққа танытқан аз-маз мейірімін де көрсетуге шамасы келмеді. Әлемдегі иесіз хайуанаттарға қамқор пейілі бар жиенінің бұл ісін құптай да алмады, бірақ қарсылық танытуға да тым шарасыз болды.
Бұл аптаның басы тыныш басталғандай еді. Әдеттегідей берекелі бейсенбіде Поллианна миссис Сноуға арнайы тамақ апарды. Ол өздерінің сүйікті ойыны жайлы науқас әйелге айтқалы бері екеуі жақсы дос боп алған. Тіпті, миссис Сноу да онымен бірге ойнайтын болған. Әрине, оның ойыны баланікіндей әдемі өрілмеді. Ол өзін әбден аяп әдеттенгендіктен, сәл нәрсеге тез қуану да оңай тимеді. Бірақ өмірге ерекше құштар Поллианна асқан сабырмен оны үйретуден танбады, нәтижесінде ол әйел де жап-жақсы ойыншыға айнала бастады. Біз сөз етіп отырған бейсенбіде Сноу ханшайым Поллианнаны сондай қуантып, оның сиыр сирағынан жасаған тамағының өте дәмді болғанын айтты. Бүгін түскі асқа ол басқа емес, дәл сол тамақты жегісі келіпті. Бұл сөздер Поллианнаны екі есе қуанышқа бөледі. Өйткені оны босағадан көзі шалып қалған Милли бүгін таңертең пастордың әйелі де сиыр сирағынан тамақ дайындап әкелгенін сыбырлап айтқан еді.
«Иә, Сноу ханымды тану оңай емес!» – деп ойлады қуанып келе жатқан Поллианна қайтар жолда.
Дәл сол сәтте ол жол жиегінде жүзі әбден мұқалған пышақпен қолындағы таяғын жонып, көңілсіз отырған бір баланы көрді.
– Сәлем! – деп күлімдеді Поллианна. Бала оған алая бір қарап алып, түнерген қалпы таяғын жона берді.
Өзіңе айт сәлеміңді, – деп бұрқылдап қояды өзі.
Поллианна күлімсіреген қалпы:
– Сенің дәл қазіргі түріңе қарасам, тіпті сиыр сирағынан жасалған дәмді тағамға да қуана қоймайтын сияқтысың, – деп оның алдына тұра қалды.
Ол қайтпас қайсар мына қызға таңдана бір қарап, ісін ары қарай жалғастыра берді. Аузына құм құйып алғандай сөйлемейтін мына баланы қайтып сөйлетсем екен деп енді Поллианна ойлана бастады. Сосын ол баланың тура жанына отыра қалды. Поллианна «Әйелдер көмегіне» әбден үйреніп алдым, өзім қатарластарды онша керек етпеймін» деп өзін қанша сендіргенімен, өзі құралпы балалар оған керек екен. Бұл баланы кезіктірген соң, ол бақытынан айырылып қалмауды көздеді.
– Мен Поллианна Уиттиермін, – деп сыпайы тіл қатты ол. – Ал сенің атың кім?
Бала тербеліп орнынан тұра беріп, ойланып қалды.
– Жимми Бин, – деді зілдене.
– Тамаша! «Бір көрген таныс, екі көрген біліс» деген. Сенімен танысқаныма өте қуаныштымын! Кейбіреулер тіпті қалай танысуды да білмейді. Мен мисс Полли Харрингтонның үйінде тұрамын. Ал сен қайда тұрасың?
– Ешқайда.
– Ешқайда дейді? Қалайша? Бұлай болмайды. Бәрінің тұратын әйтеуір бір үйі болады, – деп сенімді түрде өз уәжін айтты Поллианнна.
– Мүмкін бәрінің үйі бар шығар, бірақ менің үйім жоқ. Мен ешқайда да тұрмаймын. Бұл жағдай уақытша деп санаймын. Қазір мен өзіме тұратын үй-жай іздеп жүрмін.
– Солай де. Ондай жер таптың ба?
Бала оған ашуланып, тыжырына қарады:
– Ақымақ екенсің! Ол жер қайда екенін білсем, іздеп нем бар? – деді. Поллианна да кейіспен бас шайқады. Оған бұлай дөрекі сөйлеген ұнамайтын. Бірақ бұл осы маңдағы жалғыз бала болғандықтан, «ақымақ» дегеніне де көніп, достасу керек болды.
– Сонда сен бұрын қайда тұрдың? – деді ол түк болмағандай.
– Тықақтап қоймадың ғой! – деп тістенді әлгі бала.
Амал жоқ, сондаймын, – деді Поллианна тағы да оның дөрекілігін елемей. – Сен өзің жайлы дым айтқың келмейді. Мен сенен ешнәрсе сұрамасам, тіпті де ештеңе біле алмас едім. Мен ашық-жарқынмын, ешкім ешнәрсе сұрамаса да, өзім жайлы айтып беремін.
Бала мырс етті. Өз қылығына ұялғанынан солай етті. Бірақ оның мысқылды мырс еткенінің өзі бағанағы қату қабағынан сүйкімдірек еді.
– Жарайды, тыңдашы, – деді ол сәл жұмсақ үнмен: – Мен Жимми Бинмін, менің жасым оннан асып, он бірге кетіп барады. Былтыр мен балалар үйіне түскенмін. Онда топырлаған бала көп. Онда өзімді ешкімге керексіз сезіндім. Сосын ол жерден кетіп қалдым. Әйтеуір бір тұрақтайтын үй табамын. Мені бауырына басып, қамқор көңіл танытатын жан болса деймін. Әйтпесе, қабағы қату қарауылдар балалар үйінде де жетеді. Бір шаңырақтың астында туғандарыңмен тұрғанға не жетсін?! Анам кеткен соң, біз әкем екеуміз қалдық. Кейін әкемнен де айырылдым. Содан бері төрт түрлі балалар үйінде болдым. Қайда жүрсем де, жаныма жақын жанашыр жандар іздеймін. Бірақ әлі таба алмай келем. Мен кездескен жандарға қарап отырмай, қызмет қылатынымды айтамын, бірақ ешкім бауырына баса қоймады. Міне, болған біткені – осы. Басқа саған айтарым жоқ, – деп даусы дірілдей сөзін аяқтады.
– Аянышты екен, – деді Поллианна жаны ашып. – Сені ешкім керек етпепті ғой. Байқұс-ай! Сенің жағдайыңды түсінемін. Тағдырлас екенбіз. Менің де әкем қайтыс болған. «Әйелдер көмегінен» басқа ешкімім қалмаған кезде, Полли тәте асырап алам дегенде..., – деп Поллианна сөзін аяқсыз қалдырды. Игі бір ой оның жанарында ойнады.
– Саған жайлы орынның қайда екенін мен білемін! – деп шаттанды ол. – Полли тәте сені бауырына басады. Жатсынбайды! Жатсынбайды! Мені де сөйтті ғой. Барар жер, басар тауы қалмаған Флафи мен Бафиді де қумады. Олар ит пен мысық қой. Жүр, кеттік! Сені Полли тәте жатсынбайды! Ол сондай мейірбан, тамаша жан!
Мұны естіген Жимми Биннің жүдеу өңіне қан жүгірді.
– Ол мені бауырына баса ма? – деп ол зор үмітпен қайта сұрады. – Олда-білдә, рас деші? Менің күшім көп! Мен жұмысты жапырып істеймін! – деп ол мақтанышпен сидиған арық білегін түріп жіберіп, күшін көрсетті.
– Олда-білдә! Әрине, сені қуып жібермесі анық! Ол менің анамнан кейінгі ең абзал жан. Бірақ анам қазір жұмақта ғой. Полли тәтемнің үйінде көп бөлме бар, – деп дабырлай сөйлеген Поллианна Жимми Биннің қолынан ұстап алып, Харрингтон меншігіндегі жайға қарай жүрді. – Бұл өте үлкен үй. Десек те, мүмкін саған алғашқыда үй төбесіндегі бөлмеде ұйықтауға тура келетін шығар, – деп ол кішкене кібіртіктеді. Менің де алғашқыда сонда тұруыма тура келді. Бірақ онда қазір шыбын-шіркейге тосқауыл болар тор бар, сондықтан мен сияқты қапырық түнде қиналып жатпай, терезені ашып ұйықтай аласың. Шыбындар да қанатымен түрлі микробты саған тасымайды. Олар қандай мықты микробтарды таситынын білуші ме едің? Мүмкін Полли тәте саған ол жайлы ақпарат берер, егер сен өзіңді жақсы... анығын айтсақ өзіңді жаман қылықпен көрсетпесең. О-о! Сенде де секпіл бар ма! – деді ол оның жүзіне зерттей қарап: – Онда ол жерде айнаның жоқтығына қуанатын боларсың, әрі терезеден көрінетін көрініс анау-мынау картиналардан да керемет! Қысқасын айтсам, сені сол бөлмеге орналастыратын болса, қарсыласудың да қажеті жоқ.
Осы тұста Поллианна бір сәтке тынышталып, терең дем алуға мәжбүр болды.
– Міне керек болса! – деп оның сөзінің мәнін дұрыс ұқпаған Жимми Бин таңдай қақты. – Сен жүріп келе жатып-ақ қанша сөз айтып тастайсың, тіпті саған артық сұрақ қоюдың да керегі жоқ.
Поллианна оған мәз боп күліп алды.
– Бұл жақсы емес пе?! Себебі мен сөйлей бастағанда жәй ғана тыңдап отырсаң жеткілікті.
Олар үйге кірді, Поллианна ешқайда жалтақтамастан оны тура Полли тәтесіне бір-ақ әкелді.
– О, Полли тәте! – деді салтанатты түрде. – Менің Сізге кімді ертіп келгенімді қараңызшы. Оны бағу Флафи мен Бафиді асырағаннан да жақсы болады. Қараңызшы, ол нағыз адам баласы. Оған Сіз алғашқыда үй төбесінен орын берсеңіз де қарсы еместігін айтты. Сонымен бірге ол жұмысты жапырып істейді екен. Бірақ, меніңше, оның жұмыс жасауға уақыты болмайтын сияқты. Өйткені ол екеуміздің ойыннан қолымыз тимейтін болар.
Алғашында Полли тәтесінің өңі бозарып, артынша қызарып кетті. Ол жиенінің сөзін толығымен ұға қоймаған еді, десе де түсінген сөзінің өзі оған жетіп артылатын.
– Бұл қай қылығың, Поллианна? Мына алба-жұлбасы шыққан баланы қайдан тапқансың? – деді тәтесі сұсты кейіппен.
«Алба-жұлбасы шыққан» деген сөз балаға қатты батты, сол сөзді қайталап, есікке қарай кейін шегіне бастады, ал Поллианна болса күлкіге басты.
– Ой, тәте! Менің жаңа досым қалай екен? А, иә, мен оның атын айтуды мүлдем ұмытып кетіппін. Оның қандай алабажақ кір екенін сіз байқадыңыз ба, Полли тәте? Флафи мен Бафиді сіз алғаш асырап алған кезіңізде, олар да кір қожалақ еді ғой. Меніңше, біз бұл олқылықты реттей алатын сияқтымыз. Біз оны Флафи мен Бафи сияқты жуындырамыз. Ой, тағы да ұмытып барамын, – деп қайта күліп алды. – Полли тәте, оның есімі – Жимми Бин.
– Енді ол мұнда не шаруамен жүр?
Поллианна қатты таңғалды.
– Қалай қандай шаруамен? Қазір ғана сізге бәрін баяндап бердім ғой, Полли тәте. Ол мұнда сізге келіп тұр. Мен оны осында тұрақтасын деп ертіп әкелдім. Жимми Бинге сенімді әрі жанашыр жақын адамдар керек, ол соны аңсайды. Мен оған сіздің мені, Флафи мен Бафиді қалай асырап алғаныңызды және сондай қайырымды әрі жақсы жан екеніңізді айтып бердім. Ол бізбен бірге болса жақсы емес пе әрі сіз де қуанатын шығарсыз? Әрине, Флафи мен Бафи де жақсы ғой, десек те, Жимми Бин ит пен мысықтан әлдеқайда жақсы емес пе?
Полли тәтесі орындықтың арқасына шалқайыңқырап, дірілдеген қолын тамағына жақындатты. Өзіне баяғыдан таныс қауқарсыздығы бойын қайта биледі. Бірақ бұл жолы Полли ханым өз ұстанымында табандап тұруға бекінді. Ішкі жан дүниесінің алай-дүлейіне қарамай, бар күш-жігерін жинап, иығын тіктеп:
– Осы да жетеді, Поллианна! Менің айтарға сөзім де қалмады. Қаңғыған ит-мысықты аз көріп, көшедегі қайыршы балаларды әкелетін болдың ба, және олар...
Бұл сөздерді естіген бала қалшылдап кетті. Басын тік ұстаған күйі, Полли тәтесінің жанына адымдап жетіп барып:
– Мен қайыршы емеспін, ханым! – деді қиқарлана. – Сізден де көк тиын сұрап келіп отырған жоқпын! Менің қол-аяғым сау, еңбек еткім келеді! Еңбек ақы, маңдай терім үшін жатын жер, ішер ас болса жетеді. Сіздің хан сарайындай бұл үйіңізге ешқашан қадам баспас едім, тек мына қыз сіздің сондай мейірбан, ғажап екеніңізді айтып, мендей баланы асырап алу – арманыңыз екенін дәлелдеп қоймай қойды. Бар болғаны – осы!
Ол ішіндегісін ірікпей айтып салып, кілт бұрылып, намысын таптатпаған өр күйінде кете барды. Бірақ бұл «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» кебі екені де белгілі еді.
– Ой, Полли тәте, – деді тарғылданған үнмен Поллианна, – Жимми Бинді бауырыңызға басуға қарсылық білдірмессіз, қайта қуанарсыз деп ойладым. Сіздің қуанғаныңызды ...
Мисс Полли «Қой, болды!» дегендей қолын сермеп қалды. Ашуға булығып тұр. Құлағынан әлгі баланың: «Тек мына қыз сіздің сондай мейірбан, ғажап екеніңізді айтып, мендей баланы асырап алу – арманыңыз екенін дәлелдеп қоймай қойды. Бар болғаны – осы!» деген үні кетер емес. Іштей аяп тұр. Бірақ алай-дүлей сезімін суық ақылға жеңдірді.
– Поллианна! – деп айғай салды. – «Қуанатыныңызды» деген сөзіңді қойшы осы! Таңның атысы, кештің батысы қуаныш туралы ғана айтасың да жүресің. Есімді екеу, түсімді төртеу ғып біттің ғой!
Поллианна не айтарын білмей сасып қалды.
– Бірақ… – деп булыға үн қатты ол: – Мен сізді қуантқым келді, сіз қуанасыз.... І-і-і-і!
Көмейіне келген өксікті тоқтата алмай, қос қолымен бетін басқан күйі ол бөлмеден атып шықты.
Ол Жимми Бинді қақпа жақта қуып жетті.
– Әй, бала! Бала! Жимми Бин! – деп алқынып жүгіріп келеді. – Мен сенен... Мен сенен кешірім сұраймын?!
– Не үшін кешірім сұрайсың? Сенің бұл жерде еш кінәң жоқ қой. Бірақ мен қайыршы емеспін, – деп нығырлай түсті ол.
– Әрине, қайыршы емессің! Бірақ сен тәтемді де кінәлама. Бәрі менің кесірімнен болды. Оған ойымды дұрыс жеткізе алмағанмын ғой. Менің тәтем өте жақсы, мейірімді жан. Мен оны білемін ғой. Оған сені дұрыстап таныстыра алмағаныма өкініп тұрмын. Бірақ бәрібір де саған тұратын үй табуға көмектескім келеді.
Ол иығын қиқаң еткізіп, бұрылып кетті.
– Алаңдама! Өзім-ақ тауып аламын. Мен күнін көре алмайтын қайыршы емеспін ғой.
Поллианна шарасыз күйге түсіп, қабағы түйіліп бір сәтке қалың ойдың құшағында қалды. Сол сәтте бір тамаша ой басына сап ете түсті
– Бізге не істеу керек екенін білемін! Бүгін «Әйелдер көмегінің» жиналысы болады. Ол жайлы Полли тәте телефонмен сөйлескенде естіген едім. Сонда барып, сенің жайыңды ортаға саламын. Әкем дәл солай ететін. Олардан әлдене керек болғанда, мәселен, дін жолындағыларды оқытқанда яки шіркеуге кілем керек болғанда мәселені ортаға салатын.
Бала тағы да ызалана теріс бұрылды.
– Бірақ мен дін жолындағы шәкірт яки жаңа кілем емеспін ғой! Сосын «Әйелдер көмегі» дегенің не?
– Түй бір, – деп Поллиана да кейіп алды, – Жимми Бин, сені қай жерде тәрбиелеген? «Әйелдер көмегі» дегенді де білмейсің бе?
– Айтқың келмесе, айтпай-ақ қой, – деп сабырлы кейіппен ары кете берген, оның артынан Поллианна тағы ентелей ұмтылып:
– Неге айтпайын, айтамын ғой. «Әйелдер көмегі» деген... ол... Қалай десем екен? Ол деген бірнеше әйел бірге отырып алып, тігін тігіп, кешкі ас ішіп, ақша жинап, әңгімелесетін орын ғой. «Әйелдер көмегі» деген сол. Олар өте мейірімді. Олардың көбі мейірімді болады. Мен бұрын тұрған жерде «Әйелдер көмегі» ұйымындағы тәтелер сондай болатын. Ал бұл жақтағы «Әйелдер көмегінде» кімдер барын білмеймін. Пайымдауымша, мұндағылар да жаман емес. Бүгін оларға барып, сен жайлы айтамын.
Бала тағы да қыртия қалды.
– Ойыңа да алушы болма! Сенің әлгі көмегіңнің алдында тұрып мені қайыршы дегенін естуге құлқым жоқ. Осы жерден тоқтай сал!
– Ол жерге сен бармайсың ғой. Ондағылардың бірі болмаса бірі саған қамқорлық танытатынына сенімдімін, – деп Поллианна да айтқанынан қайтпады.
Баланың жүрегінде үміт оты қайтадан жылт етті:
– Жақсы, онда менің жұмыс істеуге дайын екенімді, масыл болмайтынымды оларға да жеткізерсің, – деп қатаң тапсырды.
– Міндетті түрде айтамын, – деп жұбатты Поллианна. Жиммидің келісуі бар қиындықты артқа қалдырғанына титтей де күмәнданбаған ол сөзін былай жалғады: – Ертең сен олардың қайсымен бірге тұратыныңды айтамын.
– Ал мен сені қай жерде күтейін?
– Жол бойында. Бүгін сені қайдан таптым, сонда. Миссис Сноудың үйінің жанында.
– Жарайды, мен сонда келемін, – деп бір сәт үнсіз қалып, сосын амалсыздан жанын жегідей жеп тұрған сұрағын қойды: – Мүмкін бүгін мен балалар үйіне барармын? Басқа барар жерім жоқ қой. Олардан бүгін таңертең ғана кетіп қалғанмын. Ешкімге қайта оралмайтынымды ескертпеген едім. Енді қашып кеттім ғой. Олай етпесем, жібермес те еді. Жан баласы да сезбеген шығар кеткенімді, бәрібір мен оларға керек емеспін. Жандары ашитындай туғаны да емеспін.
– Байқұс-ай! – деп аяушылық танытты Поллианна. – Бірақ сен алаңдама. Бұл мәселе тек ертеңге дейін ғана созылады ғой. Біз қайта кездескенде, сен тұратын үй мен жаңа туыстарыңды тауып келемін. Олар сенің тағдырыңа бей-жай қарамайды. Жарайды, сау бол! Ертеңге дейін! – деп Поллианна кері қарай жүгіре жөнелді.
Бұл кезде ұнжырғасы түскен Мисс Полли қонақ бөлмедегі терезенің алдында екі баланың іс-қимылын бағып тұрған еді. Жимми Бинн кетіп бара жатқанда оның соңынан қамыға көз салды, көзден таса болғанша қарап тұрды. Сосын аяғына тас байлап алғандай ілби басып жоғары көтерілді. Ол ешқашан дәл осылай жай қимылдап көрмеп еді. Құлағында әлгі баланың өрлікпен айтқан: «Мына қыз сіздің сондай мейірбан, ғажап екеніңізді айтып, мендей баланы асырап алу – арманыңыз екенін дәлелдеп қоймай қойды. Бар болғаны – осы!» деген сөзі. Әлдебір құнды нәрсесін жоғалтып, таба алмай қалғандай жан дүниесі құлазып тұр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет