Сенсорлық қызметтердің дамуы Сенсорлық қызметтерге көру, есту, дәм сезу, иіс сезу және жанасуды сезіну жатады. Осылардың ішінен көру мен есту адам үшін ең маңыздылары болып табылады. Көру анализаторының онтогенезінің өзіндік құрылымы мен жүйелілігі бар. Көз алмасы мен көру жүйкесі алдыңғы ми көпіршігінен дамып, мидың бір бөлігі болып табылады және онымен ортақ қантамыр жүйесі және көру жүйкесін жауып тұратын ми қабықшалары болады. Құрсақ ішіндегі дамудың алғашқы апталарында-ақ медуллярлы түтіктің алдыңғы ұшында көз көпіршіктері пайда болып, одан көз торсығы дамиды. Сосын көз торсығының қабырғалары көз алмасына айналып, пигментті қабат пен торшаны түзеді, ал торсықтың аяқшаларынан көру жүйкесі қалыптасады. Көру жүйкесі торшаның ганглиозды жасушаларынан басталады, олар биполярлы жасушалар арқылы торшаның көру жасушаларымен байланысқан. Құрсақ ішіндегі дамудың екінші айында көз алмасының құрылымдары қалыптасады, көру жасушалары таяқшалар мен құтышаларға бөлінеді, көздің қасаң қабығы, қабақтар, жас жолдары түзіледі. Үшінші айда көру анализаторының дамуының эмбрионалды кезеңі аяқталады, бірақ та оның жетілуі мен күрделенуі жалғасып жатады. Әсіресе көру жүйкесінің мидың басқа құрылымдарымен: ортаңғы және артқы мимен, мишықпен байланыстарының маңызы артады. Туылатын кезде жүйке жүйесінің құрылымдары көз алмасының қозғалысын қамтамасыз ететін бас-ми жүйкелерінің ядроларымен бірлесе қызмет атқаруға дайын болуы керек. Көз-қимыл, шығыр және сыртқа әкеткіш – осы үш жүйкемен жүйкелендірілетін көз қозғалысының көру қызметі үшін маңызы өте зор. Екі көздің бірлескен қозғалысы үшін қажет көз бұлшық еттерінің жеке ядролары арасындағы байланыс аралық нейрондардың қысқа аксондарынан және артқы тік шоғыр жүйесінен түзіледі. Артқы тік шоғыр көзді қозғалтатын жүйкелердің ядроларын торлы құрылыммен, мишықпен, гипоталамуспен, вестибулярлық жүйемен және бастың қозғалысын басқаратын аппаратпен (жұлынның мойын бөлімі мен бағанының торлы субстанциясы) байланыстырады. Кеңістікті бағдарлау үшін бұл механизмнің биологиялық маңызы өте зор, себебі бастың әрбір қозғалысы көру өрісін ауыстырады, ал бас пен көздің үйлестірілген қозғалысы қоршаған ортаны бағдарлау үшін айтарлықтай үлкен мүмкіндік туғызады (М. Б. Цукер). Көздің ұштастырыла бірлескен қозғалыстары ерікті болып келеді және ми қыртысында өзінің белгілі жерлері болады. Туылғаннан соң баланың көруінің дамуы бірнеше кезеңдерден өтеді. Алғашқы күндері баланың көзі қысқа уақыт қана ашық болады, асимметрия жиі байқадады (бір көзі ашық, екіншісі жабық). Көз алмаларының қозғалысында да асимметрия байқалады, ол бірте-бірте 10-14-ші күнде қалпына келеді. Нәрестенің көз алмалары бір-біріне байланыссыз қозғалыстар жасай алады, бұл ұштастырыла бірлескен қозғалыстың жоқтығын көрсетеді. Назар тоқтату механизмі 1-1,5 айда қалыптасып, бірте-бірте көздің үйлестірілмеген қозғалыстары жоғалады және оның біріккен әрекеті пайда болады. Екі-үш ай болғанда назардың тоқтатылуы ұзағырақ созылады. Бала тек алдында тұрған заттарды тауып қана қоймай, оның заттарды белсенді түрде іздеуі қалыптасады (бас пен көзді бұруы). Өз қызметі бойынша көру анализаторы естумен және вестибулярлық жүйемен тығыз байланысты. Есту және вестибулярлық жүйелер ішкі құлақта орналасады және сәйкес жүйкелермен ОЖЖ-мен байланысады. Жануарлардың кеңістікті бағдарлауына мүмкіндік жасайтын статико-динамикалық жүйе ретінде вестибулярлық жүйе филогентикалық тұрғыда ежелгі болып табылады. Вестибулярлық аппарат екі рецептордан тұрады: отолиттерден және жартылай иірім түтікшелерінен. Дененің белгілі бөлімдерін, әсіресе басты денеге қатысты ұстап тұрудың (тұрақтылық) жануар үшін маңызы өте зор. Кеңістіктегі дене қалпының өзгерісі тепе-теңдіктің бұзылуын шақырады, оны вестибулярлы аппарат қабылдап, мишыққа сәйкес реакция береді. Мишықтық жүйе экстрапирамидалық жүйемен, торлы құрылыммен, артқы тік шоғырмен, жұлынның қозғалыс жүйесімен және диэнцефалдық аймақпен байланысы арқасында рефлекторлы түрде тепе-теңдіктің бұзылысының алдын алады. Вестибулярлық аппарат (тепе-теңдік мүшесі) онтогенез тұрғысында кохлеарлық (есту) аппараттан ерте дамиды. Ішкі құлақтың алғашқы бастамасы төрт апталық ұрықта пайда болады. Артқы мидың беткейінен бөлініп шығатын есту көпіршігінен жартылай иірім түтікшелері мен ұлу пайда болады. Лабиринт ұлудан ерте қалыптасады. Есту қызметі вестибулярлыққа қарағанда онто- және филогенетикалық тұрғыда кеш дамиды. Вестибулярлық жүйе қызметін құрсақ ішінде атқара бастайды да, баланың белгілі қалпын, оның босану жолынан өтуге даярлығын және қозғалысын қамтамасыз етеді. Есту жүйесі ұлудан биполярлық жасушалармен басталады. Жүйке жасушаларының бір өсінділері кортий мүшесіндегі есту жасушаларына келсе, басқалары біріге отырып, есту жүйкесін құрайды. Есту жүйкесі вестибулярлық жүйкемен бірге самай сүйегінің пирамидасынан шығып, ми бағанасына жақындайды. Есту жолдарының жүрісі өте күрделі, бірақ ең соңында олар түрлі қыртыс асты түзінділеріне көптеген тармақтарын бере отырып және айқасып, мидың самай бөлігіне жетеді. Құрсақта дамудың соңғы айларында ұрық қоршаған ортаның дыбыстарын ести бастайтындығы маңызды: сабырлы және назды дыбыстар оны тыныштандырады, ал қатты және жағымсыз дыбыстар селк еткізіп, мазасыздандырады. Көптеген нәрестелер қатты дыбыстарға бет бұлшық етінің рефлекторлы жиырылуымен, тіпті бұлшық еттің дірілдеп тітіркенуімен жауап береді. Дыбыстарды ести отырып, алғашқы аптада бала ол жаққа қарамайды. Бұл реакция естуді вестибулярлық аппаратпен және қозғалыс үйлесімділігінің жүйесімен байланыстыратын жолдардың жетілуінен соң ғана, кешірек қалыптасады. Дәм сезу мен иіс сезу естумен және көрумен салыстырғанда филогенетикалық тұрғыда ерте дамыған. Ми қыртысындағы иіс сезу аймағы оның төменгі бөлімідерінде орналасады. Иіс сезу жүйкесі мұрынның шырышты қабатының астынан басталып, бастың қуысына бағытталады, оның ядросы мидың негізінде орналасады. Иіс сезу жүйкесі көптеген тармақтар береді және оның екі жақты өкілеттігі бар. Иіс сезу жүйкесі әсіресе ми қыртысының лимбикалық аймағымен тығыз байланысты. М. Б. Цукердің мәліметтері бойынша, алғашқы күннен бастап-ақ бала күшті иістерге мимикалық мускулатураның жиырылуымен жауап береді. Кейбір авторлар тіпті бала ұйықтап жатып түсіндегі жағымсыз иістерден көзін жұмып, мазасы кететінін, тіпті оянып кететінін байқаған. Емшектегі балалардың иіс сезімінің дамуын тағамды ішпей тұрып азық-түліктерге теріс реакция беретіндігі көрсетеді. Балалардың жасы үлкейген сайын иіске реакциясы сақталынады. Дәм сезудің дамуы балаларда ерте қалыптасады. Жаңа туған нәрестелерге ұнамайтын тағам берілсе (қышқыл су, сүзілген сүт), наразылық тудырып, жауап береді. Дәм сезуді қабылдау үштік және тіл-жұтқыншақ жүйкелерінің қызметіне байланысты болады. Тілдің артқы бөлімінің емізікшелеріне тіл-жұтқыншақ жүйкесінің талшықтары, ал алдыңғы бөліміне – үштік жүйкенің тармақтары келеді. Дәм сезу тітіркеністері бас-ми жүйкелерінің сәйкес ядроларына келіп түседі. Олар біріге отырып, жүйке жүйесінің жоғарғы деңгейіне (көру төмпешіктері мен ми қыртысына) жетеді, бұл кейіннен баланың дәм сезуге үйреншіктілігін анықтайды. Қарастырған сенсорлық түрлердің (көру, есту, дәм, иіс сезу, жанасуды сезіну) онтогенездегі кезеңдерінің дефектологиядағы маңызы өте зор.
Қорытынды Қорыта келгенде, жүйке жүйесінің қалыптасуы мен дамуы өте күрделі процесс. Ол пренатальды кезеңнен бастап ересек жасқа дейін жалғасатын нақты және келісілген кезеңдерде жүреді. ағзаның барлық
тіршілік үдерістерін қамтамасыз ететін мүшелер мен құрылымдардың жиынтығы - жүйке жүйесі арқылы басқарылады. Ағзаның әртүрлі өзгерістерге бейімделуіне, тіршіліктің қалыпты жүруін қамтамасыз ететін аса маңызды жүйе болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер: Қазақ энциклопедиясы, 4 том;
Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл.
Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: «Атамұра» баспасы, 2008.
https://melimde.com/
Джонсон, М.Х., және де Ханн, М. (2015). Тіл. М.Х. Джонсон, және М. де Ханн, Даму когнитивті неврология (Төртінші басылым,
P. 166-182). Вили Блэквелл.
Purves, D. (2012). Жылы Неврология. Панамерикандық.