Құрметті turksoy халықаралық Түркі Мәдениет ұйымының Бас хатшысы Дуйсен Қорабайұлы Қасеинов мырза!



бет20/109
Дата10.05.2023
өлшемі0,89 Mb.
#91606
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   109
Байланысты:
sciPaper105546

Әдебиеттер тізімі:
1 Баласағұн Ж. Құтты білік - Алматы: Өлке, 2006. – 640 бет
2 Елеусинова Г. Мұхтар Әуезов шығармаларындағы педагогикалық ойларды жоғары оқу орындарының оқыту үрдісінде қолдану: Пед.ғыл.канд. ...дис.автореф.- Астана, 2010.-30 б.
3 Көшербаева А.Н. Тарихи-салыстырмалы педагогикадағы Жүсіп Баласағұнның ізгілік идеялары. -Білім. -2006-№5-Б.52-54
4 Сарбасова Қ. Орта ғасыр ғұламаларының педагогикасы: Оқу құралы - Астана:Күлтегін, 2009. – 200 бет
ЖҮСІП ХАС ХАДЖИБ БАЛАСАҒҰНИ ИДЕЯЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ДӘСТҮРЛІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨРІНІСІ


Бахтиярова Г. Р., педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан, Ақтөбе.


Резюме
В статье всесторонне проанализированы гуманистические идеи выдающегося мыслителя тюркского народа Жусуп Хас Хаджиб Баласагуни. На основе этнопедагогического анализа поэмы «Құттыбілік» автор рассматривает культуру и традиции, духовно морально-этический образ казазского народа и взаимосвязь идей мыслителя с народной педагогикой казахов. Автор подчеркивает роль и значение в традиционной педагогической культуре казахского народа творчество и идеи Жусупа Баласагуни. А также в статье автор отмечаеть важность использования идеи выдающегося мыслителя Жусуп Баласагуни в воспитании подрастающего поколения.
Summary
The article comprehensively analyzes humanistic ideas of outstanding thinker of the Turkic people Zhusup Balasaguni Has Hajib. On the basis of ethno-pedagogical analysis of the poem "KuttyBilik" the author considers the culture and traditions, spiritual, moral and ethical way Kazankh people and the relationship of the ideas of the thinker with the people's pedagogics of Kazakhs. The author emphasizes the role and importance of traditional pedagogical culture of the Kazakh people's creativity and ideas of Zhusup Balasaguni. Also as the author notes the importance of the use of ethno-cultural values of an outstanding thinker of Zhusup Balasaguni in the education of the younger generation.

Қазақ топырағында X-XII ғасырларда өмір сүріп төрткүл дүниеге кеңінен танылған, өздерінің түрлі ғылым салаларына қосқан үлестерімен дүниежүзілік мәдениеттің даму барысына айрықша ықпал еткен ғұлама ғалымдар: Әбу-Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмет Игүнеки сынды ойшылдар шығармашылығындағы дәстүрлі педагогикалық мәдениеттің көрініс табуы жөнінде, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталудың жөні бар.


Бүгінгі Ұлы түркі ғұлама ойшылы Жүсіп Баласағұнның1000 жылдығыныңтүркілер әлемінде өзіндік орныбар тәуелсіз Қазақ Елі жерінде,туған топырақта атап өтілуі заңды құбылыс.Өйткені есімі бүкіл шығыс елдеріне танылған данышпан ойшыл, ақын, шежіреші ғалым («Қас қажып»), белгілі қоғам қайраткері Жүсіп Хас Хаджиб Баласағұни (1021-1075 жж.) қазақ халқының әріден бастау алатын, өзіне ғана тән ұлттық педагогикалық мәдениетінен орнын алатын түркі тілдес халықтардың XI ғасырдағы аса көрнекті ақыны, қазіргі Жетісу өлкесі Шу өзенінің жағасындағы Баласағұн (Құз Орда) қаласында дүниеге келіп, сол қалада өмір сүрген. Бүгінде осы ұлы бабамыздың ұрпақ тәрбиелеудегі тәлім-тәрбиелік ойларын, өсиет-өнегелерін оның еңбектерінің мазмұнынан көптеп табуымызға болады.
Этникалық-дидактикалық сарында жазылып, ғибрат уағыздарды бейнелі көркем тілмен жырлайтын оның «Құтты білік» дастанында қарапайым халықтан бастап, түрлі дәрежедегі әлеуметтік топтардың, түрлі кәсіп иелерінің мінез-құлық нормалары қандай болуы керек, олардың әрқайсысының қоғамнан алатын орны қандай болуы тиіс екені баяндалады.
«Құтадғу біліг» дастаны әр елде әртүрлі аталады. Мәселен, Шың елінің (Солтүстік Қытай) адамдары «Адабул-мүлік» (Әкімдердің әдептілігі) деп, ал Машын (Оңтүстік Қытай) жұрты «Айнкул мамлакат» (Мемлекет тәртібі), Шығыс елдерінің адамдары «Зийнатул-умаро» (Әмірлердің сән-салтанаты), парсылар «Шаһноман туркий» (Түркілердің шаһнамасы), турандықтар «Құтадғу біліг» (Құтты білім) деп атайды. Бұл шығарманы зерттеуші ғалымдар да «Құтадғу білігті» орыс тіліне түрліше аударма жасап отырды. Мәселен, В.В.Бартольд кітаптың атын орыс тіліне «Патшаларды ақылға шақыратын білім» («Знание образующее царей»); С.Е.Малов «Бақыт кітабы» («Книга счастья»); А.А.Валитова «Басқару туралы білім» («Наука об управлений»); В.В.Радлов «Бақыт өнері» («Искусство сделаться счастливым»); С.Иванов «Құтты білім» («Благадатное знание») деп аударды. Бұл атаулардың қайсы бірі болмасын «Құтты білік» дастанының мемлекетті басқару істеріндегі моральдық-этикалық, адамгершілік мәселелеріне арналғанын дәлелдейді [1,Б. 188].
«Құтадғу білік» – түркі сөздері. Мұндағы «Құтадғу» сөзі «құт», «бақыт», «құтты» деген мағынаны, екіншісі – «білік» яғни «білім», «кітап» деген мағынаны білдіреді. Олай болса, «Құтадғу білікті» қазақша «Құтты білік» немесе «Бақытқа жету ғылымы» деуге болады [2,Б.106].
Тарихи деректер бойынша 73 тараудан 6407 бәйіттен, 12814 өлең жолдарынан тұратын бұл рухани мұра 1971 жылы Ташкент қаласында жарық көрді [3,Б.62].
Саяси, қоғамдық-әлеуметтік, философиялық мәні жағынан, педагогикалық терең тұжырымдарымен әлемге жақсы танылып үлгерген «Құтты білік» туындысынан туған еліміздің рухани моральдық-этикалық бейнесін, өз халқымызға тән мәдениет пен дәстүр белгілерін айқын көреміз.
Ж.Баласағұн елдің бірлігі мен бүтіндігін, бірыңғай, біртұтас мемлекеттігі жөніндегі идеяны өз туындысына өзек етіп, оны халық игілігіне айналдыруға өз шығармасының бүкіл рухани күш-қуатын бағыштады.
«Құтты білік» дастаны жөнінде қазақ тарихшылары: «Бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі халықтарының зайырлы әдебиетінің бізге дейін жеткен тұңғыш ескерткіші», - деп жазады [4,Б. 484].
«Құтты білік» дастаны – бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиелеуде басшылыққа алатын тәлім-тәрбиелік ой-толғамдарға өте бай педагогикалық рухани мұра.Оған осы бүгінгі қазақ даласындағы адам тәрбиесінің түрлі бағыттары мен қырларын зерттеп, зерделеудегі қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен TURKSOY Халықаралық Түркі Мәдениеті ұйымының қолдауымен түркілер әлеміне ортақ ұлы ғұлама ойшыл тұлғасы мен шығармашылығын терең тануға бағытталған халықаралық ғылыми басқосудың өтуі дәлел.
«Құтты білік» дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Өгдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат – ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одғұрмыш бейнесі арқылы әңгіме болады. Өмір, тіршілік, адамгершілік туралы сан қатпарлы философиялық толғамдар осы төртеуінің сұхбаты түрінде өрбиді. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық-саяси өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, т.б. жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды.
Кейбір ғылыми зерттеулерде: «Құтты білік» дастаны – мемлекетті басқару қағидалары мен принциптерін сөз ететін ел басқарудың ережелері мен заңдарын қамтыған көркем туынды, - десе [1,Б.188], енді бірінде: «Құтты білік» дастаны саясат, мемлекет басқару, әскерлік іс жөнінде педагогикалық трактат» деген біржақты пікірлерді кездестіруге болады [2,Б.7].
Дастан негізінен саясат, оны басқару ісі туралы көркем туынды болғандықтан бұл пікірлердің дұрыстығына ешкімнің күмәні де, еш таласы да жоқ. Бұл туралы өз зерттеулерінде: «дегенмен, саяси маңызы жағынан емес, поэтикалық, қоғамдық әлеуметтік мәні жағынан, философиялық терең тұжырымдарымен дүние жүзіне жақсы танылып, тарап үлгерген «Құтты біліктен» туған еліміздің рухани, моральдық-этикалық бейнесін, Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің бай тарихы мен дәстүрін көреміз. Демек, біздің пайымдауымызша, «Құтты білік» дастаны тек саяси маңызы бар құнды еңбек, әдеби мұра ғана емес, жас ұрпақ тәрбиесінде қашанда басшылыққа алынып отыратын танымдық-тәрбиелік маңызы зор, педагогикалық ой-толғамдарына толы рухани байлығымыз», - деп жазады ғалым, ізденуші Г.Р.Бахтиярова [5,Б.92].
Осы орайда, белгілі ғалым А.Егеубаевтың: «Құтты білік» – бұл бүтін бір тарихи кезеңнің сипат-белгілерін сіңірген, қоғамдық-саяси, әлеуметтік бітімі қанық, моральдық-этикалық, рухани қазынамыздың негізі, арқауы дерлік құнарлы дүние» деген пікірі поэманың түркілерге ортақ интернационалдық туынды ғана емес, ұрпақ тәрбиелеудегі сарқылмас рухани қазына көзі екенін дәлелдей түскендей [6,Б.15].
«Құтты білік» дастанын саяси және ғибрат-өсиет, ақыл айту түріндегі трактат, адамгершілікке үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық туынды деуге толық негіз бар [7,Б.91].
Шығарма мазмұнын талдау өзінің идеясы жағынан бұл дастан жалпы адамгершілік, гуманизм рухында жазылған дидактикалық еңбек екендігін айғақтайды.Онда жеке адамның өзін қоғамдық орындарда, отбасында қалай ұстай білу керектігінен бастап, хандар мен бектердің өз қарамағындағы әрбір қоғамдық топтарға қалай қарауға тиіс екендігі жөніндегі көптеген мәселелер айтылған.
«Құтты білікте» түгелдей дерлік тәлім-тәрбиелік мәселелер әр қырынан сөз болады. Бұлардың бірінде адамға білім мен ғылымның не үшін қажет екендігі (6, 10, 28-тараулар) айтылса, енді бір тарауларда автор адам бойында кездесетін жақсы, жаман қылықтарын (9, 16-тарау) сөз етеді. Бұл туындыда болашақ ұрпақ тәрбиесін жүргізетін ұстаз-тәрбиешілердің кәсіби мәдениеттілігін көрсететін адами құндылықтардың бірі – сөз өнері, шешендік қасиет (7, 11, 12-тараулар) дәріптеледі [8,Б.108]. Ол әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл мәдениетінің жоғары болуы, тіл әдебінің сақталуы деген қорытынды жасайды.
Дастанның жетінші тарауы түгелдей бүгінгі көкейкесті мәселе – тіл мәдениеттілігіне, тіл әдептілігіне, яки, мәнерлі, мәнді, сыпайы, өз орнымен сөйлей білу өнеріне арналған. Ж.Баласағұнның:

Ақыл, білім, тілмашы – тіл, бұл кепіл,
Жарық төгіп, елжіретер тіл деп біл!
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.
Тілесең сен есендікте жүруді,

Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді.
Біліп айтқан сөз білікті саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар...
Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,
Көп сөз басты қара жерге кеп тығар...-

деген өлең жолдарында тіл адам баласының өміріне жарық нұр беретіндігі де, басына бақ пен сор әкелетіндігі де баса айтылады [6,Б.64-67].
Бұл автор идеясының бүгінгі ұрпақты тіл мәдениетіне тәрбиелеуде маңызы зор. Осы өлең жолдары арқылы ғұлама ақын тіл әдебі мен мәдениетін сақтамаған адамның сәтсіздікке ұшырайтынын да ескертеді. Мына бір шумақтарда көпсөзділік сияқты жаман қасиеттердің тұлға мәдениеттілігіне жатпайтынын анық аңғартады. Бұл орайда ақын:
Көп сөйлеме, тілді бағып, аралас,
Көп сөйлеген сөзде қадыр қалар аз, -
деп ойын тұжырымдай отырып, кейінгі ұрпақты ұстамды болуға, білікті, жүйелі, мағыналы сөз сөйлеуге шақырады. Қоғамда адам қандай әлеуметтік орын алмасын оның беделін арттыратын күш тек – тіл екендігін былайша жеткізеді:
Білікті сөз – тіні барлық дауаның!
Шықпасын тез сауалынан – жауабың!...
Жүйелі сөз – ұлылық,
Өсірер ол құлдың дағды құзырын...
Сондай-ақ, дастандағы «Ақылды сөз – алысқа атар сұр жебе», «Білікпенен сөйлегейсің сөзді сен», «Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен», «Тілге ие бол. Байлық сөздің нарқында», - деген ой-толғауларынан жоғары педагогикалық мәдениеттің негізгі басты белгісі – сөйлеу мәдениетін қалыптастыру туралы ақыл-кеңестерді көптеп табуға болады.Ж.Баласағұн:
Білгің келсе кісі әсілін анықтап,
Көңіл, қылық, тіл – бұл істі танытпақ.
Ізгі қылық, түзу қабақ, көңіл, тіл,
Куә-белгі танытатын төгілтіп, -
деп, шынайы адам болмысының қандай екендігі оның мінезінен, қылығынан, көңілінен және сөйлеу тілінен көрінетіндігін айта отырып, келесі бір дастан жолдарында:
Тіл, көңілді түзе, қыңыр түспеген,
Қайда жүрсең, құтты қылық істегін...
Білікті жан билер тіл мен құлқынын,
Бұл екеуін тиған, құлы жұртының! -
деп, мәдениетті адам өз тілі мен құлқын тек ақылмен билеуі тиіс деп тұжырым айтады.
Дастанда жас ұрпаққа аға ұрпақтың айтқан сөзінің мирас болып қалған мол баға жетпес рухани байлық, пайда мен құт-береке әкелетіндігі ескертіледі:
Қалар мұра – сөз, кісіден кісіге,
Сөзді мұра тұтсақ, пайда ісіңе.
Кісілерге мирас ата сөзі ғой,
Ата сөзі – ұқсаң құттың көзі ғой...
Сонымен бірге ұлы ойшыл:
Сөзін тыңда, сыннан өткен кісінің,
Сынап білген сырын тірлік ісінің.
Көңіл аудар даналардың сөзіне
«Адал жанды өнеге тұт өзіңе» -
деп жастарды өмірде тәжірибесі бар үлкен адамның сөзіне құлақ түріп, өнегелі, жаны таза, адал, мәдениетті адамдардан үлгі-өнеге алуға шақырады.
Шығарма авторы тілдің маңызын өз тыңдаушысына түсіндіруде небір тапқыр сөз иірімдерін шебер қолдана білген. Оның өлең жолдарында, тіл өнерінің қасиет-сипаты, сөздің қадір-қасиеті туралы айтқан ойларынан орынды тауып айтылған сөз – ақылдылық куәсі, ал ақылды сөз адамға – бақыт, жұғымсыз сөз адамға – қасірет әкеледі, сондықтан, адамның өз тілі өзіне бірде дос, бірде қас, тіліңе сақ бол, әр сөзді ойлап айт, сөзге мән бермесең басыңа сор болып тиеді деп келетін терең тағылымдық мәнге ие пікірлерді анық аңғаруға болады. Бұл ұлы ғұлама ойларының қазақ халқының «Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жақсы сөз, жанның ырысы» немесе «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген даналық тұжырымдарымен астарласып жатырғандығын аңғартады. Осы айтылған ойлардың түбегейлі сарыны адамды адастырмау, оны тежеп ойға түсіру, айтар сөзді жүрек пен ақылға бағындыртуға, ақылды іс істеуге шақыру. Сол сияқты дастанда ізгілік, адалдық, сабырлылық, мейірімділік, арлылық, әдептілік, ұстамдылық, адамшылық, ұятты сақтау сынды жағымды қасиеттер кеңінен жырланып, қызбалық, ашушаңдық, ұмытшақтық, ұстамсыздық секілді қылықтардан адам бойының таза болуы туралы да сөз етіледі.
Ізгі жанның ессіз болса бір ісі,
Болар ерсі – қылық, құлық-күлкісі...
Ізгі жанның құлқы да ізгі, кең бейілі,
Күйкілік пен өкпеге ерік бермейді,-
деп ойшыл жаман қылық, жат әдеттерден аулақ болуға жас ұрпақты үндеп, ортаға ең қадірлі адам – ол қайырымды, жаны мейірімге толы кісі екендігін айтып, «Ізгілік ісі – ақылдылық шынайы», «Кісі ізгісі – қайырымды кең кісі»,- деп сипаттайды. Шығармада адам бойындағы небір асыл қасиеттер де арнайы сөз етіледі. Мәселен, ақын сабырлылық туралы:

Сабыр – ақыл-парасаттың белгісі,
Ақылсыз жан хайуанмен тең кісі...
Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа,
Күйіп-пісіп, өзіңді отқа құлатпа!

Өкпелесең ашуланба, налыма,
Сабыр соңы – салқын сая жаныңа.
Ер ажары – сабырыңды сақтай біл,
Сабыр жолы көк төріне бастайды.-

десе, енді бірде адам мейірімділігіжөнінде:
Мейірлі жан сөзі майдай жағымды,
Құт дарытып, сылап-сипар жаныңды, -
деп жырлайды. Сол секілді ұлы ойшыл адам бойындағы арлылық, әдептілік, ар-ұят жөнінде де сөз етіп, осы қасиеттердің адамға рухани тазалық сыйлап, жаманаттан сақтайтыны туралы баяндайды.Әрине, осындай мораль, этика, әдептілік туралы айтылған өсиеттердің бүгінде ХХІ ғасырда тұлға болмысын қалыптастырудағы тәрбиелік рөлі ерекше екендігі даусыз. Сонымен бірге ақын адамды адамгершілік арнасынан шығарып, жұртқа әдепсіз, дөрекі етіп көрсететін кейбір мінез-құлықтарға да көркем сөзбен үйлесімді, жан-жақты сипаттама береді. Осы орайда, автор өз ойын адам мінезіндегі қызбалық, кісілік, мәдениеттілік туралы былайша жалғайды:
Қызбалық – сұм, ақыл-естен тандырар.
Қызбалық пен ашу жауың қордалы,
Бұл екеуді тұтқан анық сорлары.
Қызбалықтан абырой таппас дана да,
Ашу қысқан адамда ақыл қала ма?-
десе, адамның ұмытшақтық қасиеті туралы: «Ұмытшақтық – ессіздіктің елесі» деген тұжырым айтады.
Жүсіп Баласағұн дастанында кездесетін адамның адамшылығының шыңдарын көрсететін философиялық негізгі категориялардың бірі – кісілік. Ал, «кісілікті» нағыз адамдық белгісі ретінде шығармада мынадай өлең жолдарымен өрнектейді:
Ақылдылық – асылыізгі жандардың,
Кішілікте кісілік бар, аңғарғын...
Өзіңе деген кісілік – тірліктіңбелгісі,
Кісілерге кісілік – кісіліктіңбелгісі!...-
енді бірде:
Біліксіз тіл, жүрек неге жарасын,
Жанды судай біліктен күш табасың.
Қанша білсең, ізден тағы, тағы да,
Білікті адам жетер тілек, бағына,-
деу арқылы ұрпағын біліктілікке, сауаттылыққа, өз-өзін жетілдіру, тәрбиелеу жолында белсенділікке, ізденушілікке шақырады.
«Құтты білік» шығармасында ілім-білім, ғылым туралы да арнаулы тараулар бар (6, 10-тараулар). Ақын адам баласына игі қасиеттердің дені жан-жақты, терең білімділікпен, өз бетінше оқып, ізденумен, мақсатты танымдық еңбекпен келетіндігін былайша еске салады:

Ақыл – зерек ұстар істің құлағын,
Білім-зейін – кеудеңдегі шырағың.
Білім керек, ақыл керек кісіге,

Ақыл бастар – адамшылық ісіне.
Ақыл, білім – қос қанаты адамның,
Ісін білер, тілін білер ғаламның.-

деп, автор моральдық жағынан жетілуде адамның ақыл-ойының дамуына, терең білімділігіне, адамдық қасиетіне айрықша мән береді. Ол ақылдылықты адамның адам болуының, адамгершілік жағынан жетілуінің басты өлшемі деп, ақылдың көмегінсіз осы өмірде ешнәрсенің өз шешімін таппайтындығын ескертеді.
Сонымен жүргізілген талдауларосындай Жүсіп Баласағұнсынды өз заманындағы ілім-білімді жете игерген ұлы тарихи тұлғаның болмысы, қоғамдық-әлеуметтік ойлары мен тұжырымдарыбүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге, өсиетке толы екендігін аңғартты.
Қорыта айтқанда, қазақтың тәлім-тәрбие тарихында өзіндік орны бар, дәстүрлі педагогикалық мәдениеттен хабардар ететін, ұрпақ тәрбиесінде мәні зор ұлы ойшылдар шығармашылығын бүгінгі әлемдік білім кеңістігіне енудегі еліміздің білім беру жүйелерінің оқу-тәрбие процесінде пайдаланудың тиімділігін барынша арттыруымыз қажет. Оларға танымдық, тәрбиелік тұрғыдан талдау жасау арқылы, тәрбиеленушілердің жасы мен ақыл-ойының даму ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие міндеттеріне, меңгертілетін пәндердің білім мазмұндарына сай ұтымды пайдаланғанымыз жөн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   109




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет